Тұлғатанудың ғылыми мектептерін жіктеу

Тың көзқарас
Тарих ғылымдарының докторы, профессор Хазретәлі Маханұлы Тұрсұн және жас тарихшылар Бекзат Мәмбетов, Ақмарал Сундетова бірлесіп жазған мына ғылыми мақала тақырыбының сонылығымен, зерттеу нысанына жаңаша көзқарас тұрғысынан келуімен ерекшеленіп тұрғандықтан, көпшілік назарына ұсынғанды орынды көрдік.
ОТАНДЫҚ ТАРИХТАҒЫ ТҰЛҒАТАНУДЫҢ ҒЫЛЫМИ МЕКТЕПТЕРІН ЖІКТЕУ
Аңдатпа. Мақала отандық тарихтағы тұлғатану ғылыми бағытының мектептерін тарихнамалық талдау арқылы жіктеуге арналған. Тұлғатанулық зерттеулер қатарының көп болуы және ол зерттеулерде түрлі әдістердің қолданылуымен бірге жанрлық тұрғыда әралуандылығын жіктеп, жүйелеудің қажеттілігі тақырыптың өзекті екендігін танытады. Осы бағытта С. Бәйішев, М. Асылбеков, К. Нұрпейіс, Б. Қойшыбаев және т.б. ғалымдардың тұлғатану бағытындағы зерттеулері талданып, олардың методологиялық ұстанымдарына баға беріледі. Мақсаты мен міндеттері. Зерттеудің басты мақсаты тұлғатанулық зерттеулердің методологиялық ұстанымдарын айқындау болып белгіленді. Осыған сай отандық тарихшылардың тұлғатанулық зерттеулерін тақырыбы, қолданған әдіс-тәсілдері және шығармашылық стилі бойынша жіктеу міндеттерді іске асыру қарастырылды. Жұмыстың ғылыми және тәжірибелік маңыздылығы. Мақалада жасалған ғылыми тұжырымдар отандық тарихтағы тұлғатану ғылыми бағытына тарихнамалық, методологиялық және эпистемиологиялық талдаулар жасауға қатысты зерттеулерге бағдар болады. Сонымен бірге тарихи таным қалыптастыруда тұлғатанулық мәселелерді оқыту үдерісінде қолдануға әдістемелік көмекші материал болады. Нәтижелер. Зерттеу барысында тарихшы-ғалымдардың тұлғааралық байланыстары, олардың шығармаларына идеологиялық ұстанымдардың ықпал-әсері туралы тың тұжырымдар ұсынылып, тұлға қызметін бағалаудағы қолданған әдіс-тәсілдері туралы ұғымдар қалыптасты. Сол сияқты Отан тарихындағы тұлғатану ғылыми бағыты мектептерінің сұлбасы анықталды.
КЛАССИФИКАЦИЯ НАУЧНЫХ ШКОЛ ПЕРСОНАЛИСТИКИ В ОТЕЧЕСТВЕННОЙ ИСТОРИИ
Целью статьи является классификация школ научного направления изучения личности в Отечественной истории посредством историографического анализа. Наличие большого количества антропологических исследований и использование в них различных методов, необходимость классификации и систематизации их жанрового разнообразия показывает, что тема актуальна. В этом отношении проанализированы работы С. Баишева, М. Асылбекова, К. Нурпеиса, Б. Койшибаева и других ученых в направлении исследований персоналистики оценивание их методологических позиций. Цель и задачи. Основной целью исследования является определение методологических позиций изучения персоналистики. В соответствии с этим рассматривалась задача классификации тематики исследований по персоналистике отечественных историков, применяемым методам и творческому стилю. Научная и практическая значимость работы. Сделанные в статье научные выводы послужат руководством для исследований, связанных с историографическим, методологическим и гносеологическим анализом научного направления изучения персоналистики в Отечественной истории. В то же время, при формировании исторических знаний появится методический вспомогательный материал для использования персоналистики в учебном процессе. Результаты. В ходе исследования были представлены новые выводы о межличностных отношениях историков-ученых, влиянии идеологических позиций на их работы, сформированы представления о методах, используемых при оценке деятельности личности. Так же были определены очертания направлений научных школ персоналистики в истории Казахстана.
Кіріспе. Отандық тарих ғылымында тұлғатану бағыты бойынша зерттеулер аса қомақты. Осы тақырыптағы жарияланымдардың жанры барынша алуан түрлі болып келеді. Сонымен бірге зерттеулер қолданылатын әдіс-тәсілдері бойынша да әртүрлілігімен ерекшеленеді. Ең бастысы, тұлғатанулық зерттеулердің методологиялық ұстанымдары олардың жетістігі немесе кемшілігін айқындайды. Бұл мәселе тұлғаның қоғамдық-саяси қызметін бағалау өлшемдерін қолдану мен тарих мазмұнынан алатын орнын анықтауға тікелей қатысты болғандықтан да біз зерттеуіміздің басты ұстанымы ретінде тұлғатанулық зерттеулерді методологиялық тұрғыда зерттеу деп айқындадық. Тақырыпты барынша жинақы етіп қарастыру үшін отандық зерттеулердегі тарихшы-ғалымдардың тұлғалануы мәселесін басты насанаға алдық. Отандық тарихшы ғалымдардың және тарих ғылымының дамуына ықпал жасаған қоғам қайраткерлерінің тұлғалануы желісі арқылы бүкіл тұлғатану бағытын жіктеу барынша толық тұжырым жасауға жеткіліксіз болар еді. Дегенде, бір мақаланың көлемінде мәселеге талдау жасау барысында ауқымды тақырыптың жекелеген қырын ашып көрсетуге болады деп есептейміз.
Зерттеу әдістері. Аталған зерттеу аясында тарихи тұлғатану бағытын зерттеуге тікелей қатысты болып саналған тарихнамалық талдау тәсілі қолданылды. Тұлғатанудың ғылыми мектептерінің ортақ белгілері мен ерекшеліктерін жіктеуде методологиялық тұрғыда тарихи салыстырмалы тәсілдің мүмкіндіктері пайдаланылды.
Талқылау. Отандық тарихшылардың арасында тәуелсіздік жылдары тұлғатануға қатысты зерттеулерінде методологиялық ұстанымдар қалыптастырған тарихшылардың бірі – Манаш Қозыбаев болатын. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жарық көрген зерттеу еңбегінде [1] тарихшы М. Қозыбаев елімізде билік тұтқасын ұстаған Ф.И. Голощекин, Л.И. Брежнев және Қазақстандағы қоғамдық-саяси процестерді барынша ушықтыруымен ерекшеленген Н.С. Хрущев сияқты партиялық басшылықтың тарихи портреттерін жасаған еді. М. Қозыбаев үшін еліміздің тарихы мен тағдырында қасіретті қолтаңбасы қалған тұлғалар сірескен партиялық-мемлекеттік номенклатура өкілі ғана емес, олар да ет пен сүйектен жаратылған адамдар ретінде қарастырылады.
Белгілі жазушы К.И. Чуковский Е.В. Тарле үшін тарихи тұлғалар «қуыршақ та, елес те, әлдебір әлеуметтік топтың дерексіз өкілі де емес, олар тірі адамдар» [2, С.95-96] деп тарихшының ұстанымына нақтылық берген. Бұндай ұстаным тарихи тұлғатануда қорытынды жасау, баға беруде аса қажетті зерттеу тәсілі екендігі белгілі. Тарихшы-ғалымның өз зерттеулерінде қолданған стиліне қарап жіктеуге орай Л.А. Сидорованың: «Кеңестік тарихнамада көркемдік бейнелерді пайдалану көбіне жеке тұлғалық фактормен байланысты. Тарихшының даралығын оның қай кезеңге тиесілі екендігі және қандай да бір методологияны қуаттайтындығы емес, ғалымның стилі және зерттеушілік қолтаңбасы анықтайды» [3, С.54] деген тұжырымы да назар аудартады.
Ғылыми мектептердің қалыптасуына қатысты ой-пікірлердің қатарында тарихшылардың арасында ғылыми көзқарас, методологиялық ұстанымдардың сабақтастығы, олардың арасында ерекше үлгідегі өзара қарым-қатынас орнықпай ешқандай да ғылыми мектептің болуы мүмкін емес деген тұжырым орныққан. Бұл қарым-қатынастар ұстаз бен шәкіртті ғылыми ізденіс жолында ғана емес, сонымен бірге белгілі бір ғылыми мәдениет тұрпаты да біріктіреді. «Ғылыми мектепті анықтайтын өлшемдер тізбесінде қазіргі заманғы зерттеушілер мектептің негізін қалаушы мен оның шәкірттері арасындағы педагогикалық қарым-қатынасты алдыңғы орынға қояды» [3, С. 170]. Демек, әзірге отандық тарих ғылымдағы тұлғатану бағыты мектептерінің ара-жігі толық ажыратылмаған жағдайда олардың ортақ белгілері мен ерекшеліктері бойынша жіктеудің алғашқы тәжірибесі ретінде осы зерттеуімізде тарихнамалық талдауды қысқаша шолумен шектейміз.
Нәтижелер. Кеңестік қоғамда тарих ғылымының дамуына ықпалы болған қайраткерлерді тұлғаландыру арқылы отандық тарих ғылымының қалыптасуына қатысты оқиғалар мен көзқарастар жүйесін талдау және бағалау дегенді танытады. Осы тұрғыда біз Қазақ КСР Ғылым академиясының қоғамдық ғылымдар саласы бойынша вице-президенті, Академик С.Б. Бәйішевтің тұлғасына тоқталамыз. Ғалым-қайраткердің Қазақстанның гуманитарлық ғылымының дамуына қосқан үлесі мен атқарған рөлі туралы С.Ф. Мажитов «Қазақстанның тарих ғылымы С.Б. Бәйішевті оның қазақ халқының әлеуметтік-экономикалық тарихы бойынша жазған еңбектері республика тарихшыларының арасында ғана емес, сонымен бірге оның аумағынан да тыс жерлерде қызығушылық тудыруымен оны өздерінің мақтанышы санайды» [4, Б.25] деген баға береді. Өйткені қазіргі жаңа тарихи даму жағдайында С.Бәйішевтің қызметі мен ғылыми мұрасы ерекше назар аударуып, қайта бағалауды керек етеді.
С.Бәйішев 30-жылдардағы қазақ кеңестік интеллигенциясының алғашқы буынының өкілі болды. Бұл буынның басты ерекшеліктерінің бірі туған халқының тарихи жады мен көптеген дәстүрлерін сақтап қалуымен ерекшеленетін. Осы буын өкілдеріне қатысты Б.А. Төлепбаев пен И.В. Якунин қызықты әлеуметтік-психологиялық феномен туралы тұжырым ұсынады. Оның мәнісі, қоғамдық ғылымдарда қазақ ғалымдарының қазақ тарихы туралы патриархалдық, фольклорлық ұғымдардан арылу кезеңі болғандығы екен [5, С.98]. Бұл феноменнің басты белгісі «ескі экономикалық уклад пен тұрмысқа деген ностальгия» еді. С.Бәйішев «қызыл профессура» өнегесімен бұл психологиялық кедергілерден тез арылып, бірыңғай маркстік-лениндік методологияның қалың ортасынан орын алды. Саяси бітімі осы бағыттағы ұстанымдарын қалыптастырса, атқарған қызметтері ол ұстанымдарды тәжірибе жүзінде орнықтырды. Ғылымдағы бұндай ұстанымдар ғалым шығармашылығының әдіс-тәсілдеріне негіз қалап, жұмыс дағдыларын ұштай түсті.
Осы тұжырымға нақтылық беру үшін ғалымның негізгі зерттеу еңбектерін атап көрейік. Әр жылдары С.Бәйішевтің «Коммунизм және экономика», «В.И. Ленин и Советский Казахстан», «Социально-экономическое развитие Казахстана», «Великая социалистическая преобразования в Казахстана», «Очерки экономической истории Казахской ССР», «Развития народного хозяйства Казахстана за 50 лет Советской власти», «Материальная, техническая база коммунизма и ее эконмические проблемы в Казахстана» деп келеді. 1962 жылы қорғаған докторлық диссертациясы да «Победа социализма в Казахстане» деп аталады. Академиктің басты зерттеу еңбектерінің тақырыптарының өзі оның кеңестік идеология тапсырысына сай орындалған, коммунистік идеяға қызмет еткендігі көзге ұрып тұрғаны белгілі. Солай дегенмен, белгілі бір кезеңдегі қазақстандық ғылыми ойдың биік жетістігі болып саналған еңбектер қазіргі қоғам талаптарымен ой елегінен өткізіп, ғылыми талдауға лайық деп айта аламыз. Солай дейтініміз, академиктің соңына қалдырған ғылыми мұрасы ғылыми ойдың жетістігі болуымен бірге еліміздің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуының баға жетпес дереккөзі болып саналады. Өйткені ол зерттеулер кабинеттік жағдайда емес, автордың куәгер болып, тікелей араласқан іс-тәжірибелері мен теориялық ізденістерінің жемісі еді.
Айталық, ғалымның Батыс Қазақстанның мұнай және газ кен орындарында геологиялық барлау жұмыстарын жүргізудің тәсілдерін ұсынуы, Ақтөбе облысында фосфорит, сары фосфор және минералды тыңайтқыштар өндірісін кеңейтуге қатысты талдаулары Қазақ КСР-нің 1970–1980 жылдардағы экономикалық дамуының стратегиялық жоспарына енген еді [5, Б. 28–29].
С.Б. Бәйішевтің 100 жылдығына арналған республикалық ғылыми-практикалық конференцияда жасаған баяндамасында сол кездегі Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы С.Ф. Мажитов Б. Бәйішевтің ғылыми бағытын қалыптастырудың міндеттеріне арнайы тоқталған болатын. Қазіргі кездегі қоғамдық ойда С.Б. Бәйішевтің тарихи көзқарастарына талдау жасап, оның Қазақстан тарих ғылымының дамуындағы және кәсіпқой тарихшы кадрлар қалыптастырудағы үлесіне баға беру. Солай дегенмен де зерттеу барысында көзіміз жеткен ақиқат – С.Б. Бәйішевтің есімін ұлықтаудағы ең бастысы – оның ғылыми мұрасы десек, сол ғылыми мұраны және азаматтық өнегесін бір мақаланың ауқымында түгел және толық қарастыру мүмкін емес екендігі. Демек, бәйішевтану бағытының бастапқы міндеттерін ғана шеше аламыз, ал оны тыңғылықты және тиянақты зерттеу алдағы уақыттың, сонымен бірге жаңа буын қоғамтанушылардың үлесі болмақ деп ойлаймыз.
С.Б. Бәйішевтің шәкірті М. Қозыбаев ұстазы туралы «Сәкең ғылым идеологияландырған кезде ғылыми жұмыс жазды. Солай бола тұра ол нақты экономика жағына ойыса беретін, заманына, талабына сай проблемаларды көтеретін» [4, Б. 59] деп жазады.
Партиялық-мемлекеттік номенклатураның тұрпатты өкілі ретінде ғалым-қайраткердің биліктің алдында алған міндеттемелері болғаны белгілі. Осы жөнінде М. Қозыбаев «Партияның тапсырмасын орындатушы комиссарлық миссияға байланысты өз еңбегінде идеологияға негізделді. Орталық Комитеттің нұсқауымен рецензиялар жазып, атақты замандастарына сөзі тиген кезі де болды» [4, 59] деп еске алады. Солай дегенмен де, С.Б. Бәйішұлы кеудемсоқтық жасап, өз замандастарын көзге ілмей, алға шығуға ұмтыла бермегені аңғарылады.
С.Б. Бәйішевтің партиялық қызметінде бойына сіңген осы қасиеті туралы оның шәкірттерінің бірі А.К. Қошанов «Сәкең социализмнің негізгі ұлы қағидаларын өзінің өмірлік мақсатына айналдырып баққан, осы ұстанымын дәуір шындығы деп иланып өткен еді. Сәкең өз заманының перзенті, ұлы дүрбелең, жеңіс пен трагедияға толы ғасырдың өкілі еді» [4, Б.60] деп баға береді. Шындығында, С.Б. Бәйішев коммунизмді шын жүрегімен, нанымымен қабылдап, оны халқына бостандық, бақыт әкелетін жол деп сеніп өткен аға буынның өкілі болатын.
Солай дегенмен, ұстазы шәкірті алдында кейінгі ұрпаққа аманаттағандай болып, «Социалистік Қазақстанда» редактор болып жүргеннің өзінде талай қыспаққа түскенімде мен ешкімнің үстінен домалақ қағаз жазбаған адаммын» [4, Б.61] деп ағынан ақтарылған екен. С.Б. Бәйішевтің өткен ғасырдың 60–70-жылдары экономика саласындағы жоғары дәрежедегі ғалымдарды дайындаудағы әсері, басшылығы, тікелей қызметі ерекше [4, Б.64] екендігін шәкірттері атап көрсетеді.
С.Б. Бәйішевтің Ғылым академиясындағы қызметі туралы академик Салық Зиманов «Сәкең өмірінде Академияның қақ төріне қағылған шындықтың алтын қазығы еді» [4, Б.68] деп жоғары баға беруі қайраткер-ғалымның биік азаматтық ұстанымының негізгі лейтмотиві деп білеміз.
Тарихи тұлғатану бағытында өнімді еңбек еткен тарихшылардың бірі – академик М.Х. Асылбековтың шығармашылығындағы тұлғалар галереясынан тарихшы-ғалымдарға қатысты зерттеулерін ғана бөліп қарастырамыз. Академик тарихшының Қазақстан тарихының дамуы мен қалыптасуына үлкен үлес қосқан А.Н. Панкратова жайлы зерттеулерінде еліміздің тарих ғылымының даму процесін жекелеген тарихи тұлғалардың қызметі мен шығармашылығы арқылы тұлғаландырады. Айталық «саяси қуғын-сүргінге ұшыраған, кәсіби дайындықтары болмаған кеңес тарихшыларның алғашқы буыны» [6, Б.106] өкілдері қатарында С. Асфендиаров, Т. Рысқұлов, Ғ. Тоғжанов, П.Г. Галузоларды атайды. Олар саяси қуғын-сүргінге ұшырағаннан кейін қалыптасқан екінші буын тарихшылар легінің өкілдері қатарында Ә.Х. Марғұлан, А.Н. Нүсіпбеков, С.Б. Бейсенбаев, Б.С. Сүлейменов, Е. Бекмаханов, А.Б. Тұрсынбаев, Б.А. Төлепбаев, Н.К. Киікбаев, Г.Ф. Дахшлейгер, Т.Е. Елеуов және т.б. атайды. Өмірі мен шығармашылығын Отан тарихымен байланыстырған ғалым Кеңес тарихшыларының екінші және үшінші буыны бүгінгі кезде табысты еңбек етіп жатқан жоғары білікті мамандарды даярлап шығарғандығын, олардың жекелеген өкілдерін атап айтады және әрқайсының ғылыми қызметіне баға береді.
Салалық тарих инстутын ширек ғасыр басқарған (1956–1982) академик А. Нүсіпбековты ғылыми тұлғаландыруға қатысты бірнеше очерк арнаған М. Асылбеков кеңестік билік кезеңдегі ғалымның азаматтығын және саяси ұстанымы туралы «Ақай Нүсіпбекұлының ғылымдағы қызметін оның қоғамдық жұмыстарынан бөліп қарауға болмайды, себебі өз заманының ағымымен өмір сүрген азамат шығармашылық жұмысына да, саяси белсенділігін де бір мақсатқа сай жүргізуге ұмтылады» [6, Б.135] деген тұжырыммен түсіндірді.
Бегежан Сүлейменовке қатысты зерттеулерінде бір назар аударатын жай бар. Ол отандық тарихшылардың тұлғааралық байланыстарына қатысты. Б. Сүлейменов пен Е. Бекмұқанов арасындағы 1948 жылдың шілде айында болған пікірталас жеке бас араздығынан бұрын отан тарихының күрделі мәселелері бойынша методологиялық тұрғыдағы пікірталас еді деген қорытынды жасайды [6, Б.169-172].
М. Асылбеков сомдаған тарихи тұлғалар портреттерінің арасында Б.А. Төлепбаев, Ф.Г. Дахшлейгер, Р. Сүлейменов, К. Нұрпейісов, Х. Алпысбаев, О. Смағұл, Т. Тұрлығұл, Ә. Дәулетхан, Ө. Өмірзақов, М. Сыдыков сияқты тарихшылар бар. Ғалым өз әріптестерінің қоғамдық-саяси қызметін талдаумен шектелмей, олардың отандық тарих ғылымының көкжиегін кеңейтудегі шығармашылық ізденістеріне баға беруді басты мақсат тұтқандығы аңғарылады. Қалай дегенде де еліміздегі тарих ғылымының дамуында тарихшы ғалымдардың тұлғааралық қатынастарына талдау жасау арқылы олардың саяси-идеологиялық пікірталастардағы азаматтық позициясы айқындала түсетіндігіне көз жеткіземіз.
Академик М. Асылбековтың зерттеулерінде тарихи тұлғатану бағытының қазіргі заманғы методологиялық ұстанымдары жайлы маңызды болып саналатын ғылыми тұжырымдар орын алған.
Тәуелсіздік кезеңінде, әсіресе оның алғашқы жылдарында десоветизация ықпалымен Кеңес дәуірін бірыңғай қара бояумен суреттеу орын алғаны белгілі. Осы мәселеге назар аудара отырып, М. Асылбековтің: «Әрбір саяси, экономикалық және әлеуметтік өзгерістерді, оның себептерін, нәтижелерін және сапаларын объективтік, жан-жақтылық, тарихилық және басқа ғылыми-методологиялық принциптер негізінде ғана зерттеп, айқындауға ұмтыламыз... Жеке тұлғалардың өмірі, саяси-қоғамдық қызметі мен мұрасы зерттелгенде, біз олардың өзара қатынасына, бас араздығына, яғни бақталастығына көп көңіл бөлмей, тек олардың ұлт мүддесіне істеген қызметін көрсетуге ұмтыламыз» [7] деген тұжырымы мемлекет басшысы Қ.Ж. Тоқаевтың Атырау Ұлттық құрылтайында тұлғатануға қатысты жасаған тұжырымының барынша өзекті екендігінің тағы бір айғағы деп қабылдаймыз.
Отандық тұлғатануда өнімді еңбек еткен тарихшы академиктеріміздің бірі – Кеңес Нұрпейіс. Кеңестік қоғамда туып-өскен, шығармашылығы коммунистік идеологияның аясында қалыптасқан тарихшы тәуелсіздік кезеңінде қайта түлеп, кезінде айта да, жаза да алмаған «ақтаңдақ» тақырыптарды алғашқылардың бірі болып көтерген еді. Оның осы көлемді шығармашылық мұрасының арасынан біз зерттеу ұстанымдарымызға сай тек тарихи тұлғаларға қатысты зерттеулеріне талдау жасайтын боламыз.
К. Нұрпейіс Отандық тарихшылардың алғашқы буыны өкілдерінен Х. Досмұхамедұлы мен М. Тынышпаевтың өмірбаянымен бірге олардың шығармашылығына алғашқылардың бірі болып тәуелсіздік кезеңінде ғылыми баға берді. Айталық, Алаш партиясы мен Алаш Автономиясының үкіметі тарих сахнасынан кетіп, олардың халық таныған көсемдері саяси күрес пен қызмет аясынан күштеп қуылған соң Халел Досмұхамедов «табиғат берген дарынының арқасында өз халқына оқу-ағарту, ғылыми ұйымдастырушылық салалары арқылы білек сыбана қызмет етуге кірісті» [8, Б.133] деген тұжырым жасайды. Халелдің бұл қызметі оның өмірбаянының Ташкент кезеңімен (1920–1924 жж.) байланысты болатын.
Ал Мұхаметжан Тынышпаевқа қатысты зерттеуінде («Мухаметжан Тынышпаев – видный общественно-политический деятель») қайраткерді: «Туған халқының тарихы, қазақ рулары мен тайпаларының генеологиясы туралы қызықты зерттеулер қалдырған қазақ тарихы, мәдениеті, тұрмыс-тіршілігінің үлкен білгірі» [8, С. 334] деп баға береді. Сонымен бірге қайраткердің Түркістан Мұхтариаты қуып таратылғаннан кейінгі кезеңде Жетісудағы саяси қызметі (1918–1919 жж.) деректік негізде тұлғаланған.
Өте қарқынды қоғамдық-саяси қызметіне қарамастан саяси тарих саласы бойынша соңына біршама мұралар қалдырған Т. Рысқұлов туралы зерттеуінде («Турар Рыскулов и его время». В.К.Григорьевпен бірге жазған) қайраткердің тарихшылығына тоқталады. Т. Рысқұлов 1924 ж. Мәскеуге Коминтерн Атқару комитетінің Орта-шығыс бөлімі аппаратына қызметке ауысқан кезінде: «Ол деректі тарихшы қызметін атқарып, бұл жолы 1917–1920 жылдардағы өлкенің негізгі саяси күштерінің күресін, бұл күрестегі ауыл және қыстақ еңбеккерлерінің орны мен рөлін сипаттайтын материалдарды көпшілікке ұсынады» [8, С. 156-157] деп, оның шығармашылық кредосынан хабар береді. Т. Рысқұлов осы кезде «Революция и коренное население Туркестана» деген жинақ шығарған. Осы және одан кейінгі еңбектерінде Т. Рысқұлов шығармашылығында маркстік-лениндік ұстанымдарды, таптық-партиялық қағидаларды басшылыққа алды. Ол тарихшылардың «қызыл профессура» легінің өкілі болып саналмағанымен де методологиялық ұстанымдары бойынша олардан алшақ кете қойған жоқ еді. К. Нұрпейістің Т. Рысқұловты өмірбаяндық тұрғыда тұлғаландыруымен бірге оның тарих саласындағы ізденістерін атап өтуінің маңызы ерекше.
К. Нұрпейіс тұлғаландырған қайраткерлердің бірі – Ораз Қиқымұлы Жандосов. Қоғамдық-саяси өмірбаянын ғылыми қалпына келтірген ғалым қайраткердің тарих саласындағы қызығушылығын былай талдайды: «О.Қ. Жандосов Қазақстан тарихының жеке мәселелерін зерттеумен шындап айналысты: оны Қазақстанның Ресейге қосылуы, тарихи демография, қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалыстары, 20–30-жылдардағы Қазақстанның ауылы мен деревниясының саяси өмірі және әлеуметтік-экономикалық дамудың жекелеген аспектілері қызықтырды» [8, С. 273–274]. Сонымен бірге ол зерттеулерінде алғашқылардың бірі болып әлеуметтану мен статистикалық тәсілдерді қолданғандығына назар аударады. К. Нұрпейістің сомдаған тұлғалар галереясында А. Байтұрсынов, М. Әуезов, Қ. Сәтпаев, М. Шоқай, Ш. Есенов және т.б. қайраткерлер бар.
К. Нұрпейіс отандық тарих ғылымының дамуы мен қалыптасуында тарихшылардың өзара қарым-қатынасы да көп рөл атқарғандығын айта келіп, А.М. Панкратованың қызметін жоғары бағалайды. Оның ғылыми-ұйымдастырушылық және зерттеушілік өмірінің Алматы қаласында болған эвакуациялық кезеңі (1941–1943 жж.) барынша жемісті болғаны аңғарылады. Ол А.М. Панкратова «отызыншы жылдардың өзінде Қазақстанның ХVІІІ–ХІХ ғасырлардағы тарихын зерттеп жүрген профессорлар С.Ж.Асфендиаров пен М.П. Вяткинге методологиялық және нақтылы ақыл-кеңестер берген» [9]. Осы мақаласында С. Асфендиаровтың тарих ғылымындағы үлесі ретінде «Қазақстан тарихын дәуірлерге бөлудің негізінен өмір шындығына сай үлгісін жасағандығы» екендігін атап көрсетеді.
ХХ ғасырдың 20–30-жылдардағы қазақ қайраткерлерін тарихи тұлға ретінде тұлғаландырудың мәселесі кеңестік тарихнамада таптық-партиялық тұрғыда сыңаржақ бағаланып келді. Бұл ұстаным тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде кері бағытта өрбігені тағы белгілі. Яғни кеңестік қоғамдағы партиялық-мемлекеттік номенклатура «жағымсыз» кейіпкерлерге, ұлтшыл элита өкілдері «жағымды» кейіпкерлерге айналдырылды. Олар бір-біріне қарсы қойылу арқылы тұлғаландырылды. Бұл отандық тарихи тұлғатану методологиясының «балалық ауруы» деп бағалауға болатын құбылыс еді. Бұл құбылыстың бүкіл посткеңестік кеңістікте өріс алғандығын ескерер болсақ, сонда оның себебін алыстан емес, кеңестік тарих методологиясына балама іздестірген тарихшылардың уақытша қолданысқа алған ортақ әдіс-тәсілі ретінде қарастырамыз. Осы түйінді мәселеге алғашқылардың бірі болып назар аударған К. Нұрпейіс Ә. Бөкейханов бастаған арыстардың заман талабын абыроймен атқарғандығын, олармен идеялық айтыста болған, социализм жолын таңдап алған Т. Рысқұлов, О. Жандосов, С. Сейфуллин сияқты интеллигенция өкілдері қазақ халқының жақсылыққа жетуін ойлады. «Бұлар бір-бірімен айтысып, өкпелескенімен, бір-бірін өлімге қиған жоқ. Бірі – «қазақ халқын эволюция жолымен өркениетке жеткіземіз» деді. Енді бірі – «реформа емес, революция жолымен, яғни тез қарқынмен өркениетке жеткізу керек» деді. Түпкі ойлаған мақсат-мүдделері бір болды да, осы мүддеге жету жолын, тактикасын олардың әрқайсысы өздерінше таңдап алды» [10] деген тұжырым жасайды. Бұл тұжырымды тұлғалар шоғырының саяси қызметін бағалаудағы өлшемдердің бірі ретінде қабылдауымызға болады.
Тұлғатану бағыты методологиясының қалыптасуы да аз ба, көп пе, алыс па, жақын ба – әйтеуір бір эволюциялық даму жолынан өтуі керек екендігін аңғарамыз.Тарихи тұлғатану бағыты тек академиялық үлгіде қалыптаспайтындығы белгілі. Оның үстіне осы бағытта зерттеу жүргізетін ғалымдардың қолданған өзіндік зерттеу әдіс-тәсілдері, ұстанған методологиялық ұстанымдары, саяси позициясы, соңында олардың өздеріне тән стилі болатындығын да ескеруіміз керек. Тарихи тұлғатануда тұрақты және барынша өнімді еңбек етіп жүрген ғалымдардың бірі – Бейбіт Қойшыбаевтың шығармашылығына арнайы талдау жасау қажет деп білеміз. Өйткені тарихшы (тарих ғылымдарының кандидаты), жазушы (Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі), саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға қатысты құрылған республикалық «Әділет» ағартушылық қоғамы басшыларының бірі болған Б. Қойшыбаевтың тұлғатану бағытындағы зерттеулеріне осы кезге дейін назар аударылмай келеді. Оның себебі, біріншіден, тарихшылар қауымы Б.Қойшыбаевты әдебиетшілер санатына қосса, әдебиетшілер қауымы оны тарихшы деп қабылдайды. Оның мәнісі ғалымның тарих ғылымы мен көркем әдебиеттің танымдық мүмкіндіктерін пәнаралық байланыстар тоғысында қолданған стилінен туындап отырғандығын атап айта аламыз. Тарихи танымға ғылымилық та, көркемдік-образдық та бейнелер жат емес. Мәселе ғылыми және көркемдік ақиқаттың арақатынасына байланысты болып тұр. Сонымен, ғылыми дерегі көркемдік образға ұласқан Б. Қойшыбаевтың отандық тұлғатанудағы үлесі қандай, осы бағытқа қандай танымдық және ғылыми жаңалықтар ұсына алды, кімдерді және қалай тұлғаландырды деген сауалдарды алға тарта отырып, оның шығармашылығына талдау жасап көрейік. Кеңестік тарих ғылымында тарихи нарративтің көркемдігі мәселесі бірнеше рет көтерілген. Шұрайлы тілмен жазылған зерттеу еңбектерді қолдаушы М.Н. Тихомиров көркемдік тәсілмен жазылған тарихи кітаптарға сыни баға беріп, «Қазіргі кездегі тарихи еңбектер «ұқыпсыз және қызықсыз жазылады» дей келіп, «Тарихшы өз шеберханасынан қажетті өнімді шығаратын жай ғана зерттеуші емес, «тарихшы дегеніміз – ол жазушы» [3, С.55] деген тұжырым жасаған екен. Осы ұстанымды басшылыққа алған Б. Қойшыбаевтың ұзақ жылдарғы зерттеулерінің қорытындысы ретінде «Түнектен оралған есімдер» атты көптомдық еңбегі [11] жарық көрді.
Осы көптомдықтың алғашқы кітабы «Төрт күлік» [12] деп аталады. Осы кітапта ғалым Ә. Бөкейханов, Ж. Досмұхамедов, М. Шоқай және Н. Төреқұловтардың тарихи бейнесін тұлғаландырған. Ғалымның ғылыми айналасындағы дереккөздерді түсіндіруде қолданған тәсілдерінің бірі, естеліктермен бірге мемуарлардың да мәліметтерін қиюластырып қолдануы деп білеміз. Айталық, осы кітаптағы Н.Төреқұловқа қатысты зерттеулерінде құпия қорлардағы архив деректерін С. Бейсембаевтың «Ленин және Қазақстан» атты монографиясының және қайраткердің өнегесін көріп өскен Ж. Арыстановтың «Таң жұлдызы» романындағы естеліктерімен салыстыра отырып пайдаланып, өз топшылаулары мен болжамдары арқылы тарихи оқиғаның ақиқатына көз жеткізуге ұмтылады [12, Б.221–236].
Тұлғатануда өзге бағыттардағы сияқты «ізашар» деген ұғым қолданылады. Оның мәнісі – ғылыми танымда бұрын тұлғаланбаған тұлғаны алғаш рет тұлғалап, ғылыми айналымға ұсынушылық. Б. Қойшыбаев та осы тұрғыда есімі елеусіз болып келген тұлғаларды алғаш рет айналымға ұсынған тарихшы. Сондай тұлғалардың қатарында Сералы Лапин, Қоңырқожа Қожықов, Ораз Жандосовтарды атауға болады [13] бұл қайраткерлер жайлы қазіргі кезде жарық көрген ғылыми, танымдық еңбектердің бастауында Б. Қойшыбаевтың тұрғандығын аңғарамыз.
Б. Қойшыбаев республикалық «Әділет» ағартушылық қоғамы басшыларының бірі ретінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселесіне белсене араласты. Бұл мәселе қайта құру кезеңінде және тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «Саяси қуғын-сүргінге кім кінәлі?», Ә.Тәжібаев айтқандай, «Атқызған кім, атқан кім?, Қаным қайда төгілген, тәнім қайда көмілген?» деген сауалдарға жауап іздеген барынша қытықты және шамшыл тақырыпқа айналған еді. Ғалым осы мәселеге қатысты методологиялық ойларын аталған жинағының 3-кітабында қозғайды.
Пікірін таратар болсақ, саяси қуғын-сүргін туралы сөз қозғағанда алғашқы кезекте жазықсыз жапа шеккендер, құрбандар жайлы айтылады. Негізінен, тек соларды еске алу, есімдерін ұлықтауға қатысты мәселелер ғана көтерілді. Бірақ осы қуғын-сүргінге себеп болған, осы қуғын-сүргінді іске асырған билік пен орындаушылар жайлы әңгіме қозғалмайды. Оның себебі мемлекеттік террор жасағандар, мемлекеттік қылмысқа жол берген тұлғаларды айыптайтын сот процесінің жүрмегендігі, тиісті заңнамалық акт қабылданбағандығы зерттеушілердің ізденістеріне қолбайлау болатындай. Осы тұрғыдан қарастырғанда отандық тұлғатанудың да ұстанымдары қайта қаралуы керек сияқты. Осыған байланысты Б. Қойшыбаев «мұрағаттардан алынған жаңа деректер (Рысқұловтың Сталинге хаттары) негізінде кейінгі уақыттарда баспасөзде жария болған жаңалықтар мәселеге жеке тұлға аумағынан асып, кең көлемде қарауға, идеологиялық күрес шындықтарын тануға ұмтылдырды» [14, Б.16] деген тұжырым жасайды. Архив қорларынан табылып, айналымға ұсынылып жатқан «деректер осынау тұлғалар арасында елеулі күрес жүргенін көрсеткенімен, олардың еңбектерінің мән-маңызын жоққа шығара алмайды. Бірақ бұл олардың арасындағы айтыс-тартысты мүлдем елемеу керек деген сөз емес, керісінше, бізге олардың сонау күрестерінің мән-жайын, туу себебін, салдарларын ажырата білу ләзім» [14, Б.17] дей келіп, бұл мәліметтердің жақсыдан үйреніп, жаманнан жирену үшін, болашағымызды айқын түсінуіміз үшін, тіпті тарихтан сабақ алуымыз үшін керек екендігіне назар аудартады. Шындығында, топтық, жершілдік мүдделер кейбір жекелеген қайраткерлердің төңірегінде оның қызметі мен рөлін мифтендіру тенденциясы орын алып отырғаны жасырын емес. Т. Рысқұловтың 1924 жылы И. Сталинге жазған құпия хаттарының жария болуы қоғамдық пікірде резонанс тудырғаны белгілі. Осыған байланысты Б. Қойшыбаев «Оларды жасыруға болмайды, біздің демократиялық қоғамда жабық тақырып болмауға тиіс, қайта бәрін ғылыми айналымға түсіріп, талдау жөн: ...есте ұстауға тиіс жайт сол, мұндай шаруа ұлттық мақтаныштарымызды тұғырдан тайдыру үшін жасалмауы керек, ...бүгінгі күннің пайдасына, яғни жан-жақты да адал азаматтарды тәрбиелеу ісіне жұмсау үшін атқарылуы тиіс» [14, Б. 21] деп, жүргізілетін зерттеудің мақсаты мен міндетін айқындайтын методологиялық өлшем ұсынады. Шындығында қоғамды топтық қағидамен бір-біріне бітіспейтін екі жікке бөліп тастаған кеңестік идеологияның стереотипі өміршең екендігін тарихи танымдағы тұлғаларға қатысты «қимастық пен жеккөрушілік сезімдердің бірін-бірі оңай алмастыратындығынан айқын көреміз. Осыларды ескере отырып, тарихи танымды қалыптастыратын тұлғатанушылардың алдына «бізге ұлттық ымыра қажет», оны жай ұранмен, яки әлдебір тиым салумен орнатам деу қате, оған тек қана ашық талқылау, мәселені айқын түсіну, жақсыдан үйреніп, жаманнан жирену арқылы қол жеткізуімізге болады» [14, Б.21] деген ұсынысы да қолдауға лайық. Б. Қойшыбаев бұл кітабында Т. Рысқұлов, С. Қожанов, С. Садуақасовтарды тұлғаландырады. Өзіне оңтайлы зерттеу әдісіне сай айналымдағы архив деректерін естеліктермен салыстыра отырып пайдаланатын тарихшы С. Қожановқа қатысты зерттеуінде оның өмірлік жары, АЛЖИР тұтқыны Гүландам Қожанова-Лапинаның қызы Зиба Қожанованың естеліктерін шеберлікпен қолданады.
Ғалым-жазушы төрт томдық кітабының соңғы кітабында [15] ұлт қайраткерлері О. Исаев, С. Асфендияров, М. Жұмабаев, Қ. Кеменгеров, Д. Әділов, С. Сегізбаев, Ж. Садуақасов, Л. Мирзоян, Ғ. Бөкейханов, Т. Жүргеновтерді тұлғаландырған. Осы кітаптан Л. Мирзоянға қатысты зерттеуіне ден қоюымызға тура келеді. Оны тұлғаландыруға қатысты зерттеулері мен ғылыми көзқарасынан эволюциялық жолын аңғаруымызға болады.
«Тағы да Мирзоян жөнінде» деген мақаласындағы «Л.Мирзоян жайында мен қайта құру жылдары жазған едім. 32-нің қасіретінен кейін оның қазақ еліне тигізген шарапатына сүйсініп, өткерген революциялық жолын сүйсіне жаңғыртқан мақаламды 1988 жылы жазыппын. Алайда сондағы шалқыған сезімім тым біржақты болған екен» [15, Б.174] деген тұжырымынан тарихшының қарастырған мәселеге қатысты көзқарас эволюциясын танимыз.
Бұл жердегі мәселенің түйіні қазақ халқының ашаршылыққа ұшыраған кезінде, Қазақстанның басшылығына тағайындалып, тоталитарлық билік реформаларының апатты салдарларын жоюға күш салған Л. Мирзоянның 1937 ж. желтоқсанда Сталинге жолдаған құпия хатына қатысты туындап отыр. Мирзоян осы күні республика бойынша репрессиялауға тиіс адамдардың санын 1-категория бойынша – 100, 2-категория бойынша 1000 адамға көбейту жөнінде ұсыныс берген. Саяси Бюро ұсынысты 3-желтоқсан күні бекіткен [15, Б.177-178]. Әлемторға тарап кеткен осы құжат саяси қуғын-сүргін құрбандары ұрпақтары тарапынан «ашу-ыза тудырғандықтан «Әділет» ағартушылық қоғамы мәселені бірнеше рет талқылаған. Осыған байланысты Б.Қойшыбаев «Еліміздің тізгінін ұстаған жанның ел мүддесіне кереғар жасаған, қоғамымыздың қаймағынан айрылуға апарған мұндай әрекеттерін қалай бағалауға болады?» [15, Б.180] деген сауалға «Мәселе сананы ағартуда, азаматтарды шыншыл тарихпен тәрбиелей түсуде жатыр» деген тұжырым ұсынады.
Тарих ғылымының бір миссиясы – ақиқатты айту деген ұстанымды басшылыққа алған тарихшылар архив қорларынан табылған құжаттарды айғақ-дәлел ретінде археографиялық өңдеуден өткізіп, осылайша тарихи ақиқаттарды ғылыми қалпына келтіруге үлес қосатын болады. Тұлғаларды танудағы әрекеттің алтын арқауы, жібек желісі – ұлттық мүдде болуы керек. Яғни, мәселе тура мағынасында қойылғанда – ол тұлға ұлты үшін не істей алды? деген сауалға жауап беруді қажет етеді. Сол сияқты, кейбір зерттеулерде кеңестік дәуірдегі партия-кеңес қайраткерлерін біржақты айыптау тенденциясы да жоқ емес. Ал саяси қайраткер ретіндегі қызметіне берілер баға да олардың қызметінен ұлт тағдырына қандай және қаншалықты зиян келді? деген сауалдың жауабымен айқындалады.
Қорыта айтқанда, отандық тарихтың тұлғатану бағытындағы мектептерінің ерекшеліктері мен ортақ белгілеріне қарай жіктеу тақырыпқа қатысты мәселелерге айқындық берді. Зерттеу барысында отандық тарихи тұлғатану бағытының тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде методологиялық және құндылықтық ұстанымдары қарама-қайшылықты көптүрлілігімен және саяси-идеологиялық сипатымен ерекшеленген болатын. Соңғы зерттеулерде мәселенің ғылыми негізі қалыптасып келе жатқандығына көз жеткіздік. Солай дегенмен әзірге тарих ғылымында тұлғатануды зерттеудің ортақ методологиялық ұстанымдары орныға қоймағандығы да анықталды. Алдағы уақытта тақырыпқа қатысты кешенді зерттеулер жүргізудің қажеттігі болады деп ойлаймыз.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1 Қозыбаев М. Ақтаңдақтар ақиқаты //М. Қозыбаев. – Алматы: Қазақ университеті, 1992. – 272 б.
2 Е.В. Тарле и К.И. Чуковский. Переписка // Вопросы истории. 2006. №1.
3 Сидорова Л.А. Советские историки: духовный и научный облик. Институт российской истории Российской академии наук. – М.: 2017. 248 с.
4 Күрескер-ғалым, академик С.Б. Бәйішевтің 100 жылдығына орай /Жауапты ред.: О.Сәбден. – Алматы, ҚР БҒМ ҒК (эл.нұс.), 2011. – 224 б.
5 Тулепбаев Б.А., Якунин И.В. Организация исторической науки и основные направления исследований //Историческая наука Советского Казахстана. Алма-Ата, 1990. С. 94–129.
6 Асылбек М. –А.Х. Тұлғалар мен тарих туралы (мақалалар жинағы). – Алматы: Абай атындағы ҚазҰПУ, «Ұлағат» баспасы, 2014. – 480 б.
7 М.Асылбеков. Шерханға хат// Жас қазақ. 2008 ж. 8 тамыз
8 Нұрпейіс К. /Бас ред. Б.Аяған. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, 2007. –376 б.
9 К. Нұрпейіс. Тарихи шындықты аттап өте алмаған //Егемен Қазақстан, 1997 ж. 8 ақпан.
10 К. Нұрпейіс. Тәуелсіз Қазақстан шындық тарихын жазу үшін руссоцентризм идеясынан толығымен арылу қажет... Әңгімелескен Шолпан Құрманбай //«Айқын», 2006. – 23 мамыр №91 (543)
11 Қойшыбаев Б. Түнектен оралған есімдер: Тұлға және тарих. – Алматы: «Рух-БГ» баспасы, 2016. Көптомдық
12 Қойшыбаев Б. Түнектен оралған есімдер: Тұлға және тарих. 1-кітап. Төрт күлік. – Алматы: «Рух-БГ» баспасы, 2016. – 240 б.
13 Қойшыбаев Б. Түнектен оралған есімдер: Тұлға және тарих. 2-кітап, Іргетас. – Алматы: «Рух-БГ» баспасы, 2016. – 192 б.
14 Қойшыбаев Б. Түнектен оралған есімдер: Тұлға және тарих. 3-кітап. Үш пері. – Алматы: «Рух-БГ» баспасы, 2016. – 248 б.
15 Қойшыбаев Б. Түнектен оралған есімдер: Тұлға және тарих. 4-кітап. Қабырға. – Алматы: «Рух-БГ» баспасы, 2016. – 248 б.
Бекзат Мәмбетов,
Шымкент университетінің аға оқытушысы, (Қазақстан, Шымкент қ.);
Хазретәлі Маханұлы Тұрсұн,
т.ғ.д., Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры (Қазақстан, Түркістан қ.);
Ақмарал Сундетова,
М.Оспанов атындағы Ақтөбе медициналық университетінің оқытушысы (Қазақстан, Ақтөбе қ.).
Abai.kz