Рафаэль Санти және оның Мадонналары

Атақты Эрмитаж көркем сурет мұражайы - Ресей еліндегі Санкт-Петербург қаласының, тіпті тұтас мемлекеттің мақтанышы деуге болады. Осы мұражайдағы мыңнан астам залдардың біреуі, Ұлы Италия суретшісі Рафаэль Санти (1483-1520) туындыларына арналған.
Ұлы Суретшінің Отаны – Урбино қаласы, кезінде Италиядағы Өркендеу мәдениеті мен гуманизм орталықтарының бірі саналған болатын. Жас суретшінің тұңғыш ұстазы өз әкесі Джованни Санти болды. Осы кісінің шеберханасында енді қанаттанып келе жатқан суретші Рафаэль, өзінің антикалық дәуір тарихына байланысты «Серінің түсі», «Үш грация» деген шығармаларын жазады.
Суретшінің отандастары, Леонардо да Винчи және Фра Бартололио, енді ғана қалыптасып келе жатқан, Рафаэль шығармашылығына өте үлкен әсерін тигізді. Леонардоның анатомияға арналған еңбектері мен гармония туралы қағидалары, жас шебердің іздену бағытына тың өзгерістер кіргізді. Енді, ертеректегі лирикалық әуенді суреттердің орнына, драматизм мен қимыл көбірек орын алатын шығармалар жазыла бастайды. Солардың бірі - «Әулие Георгий». Ауыздықпен алысқан ат үстіндегі сері тұлғасы кімді болсын сүйсіндірерліктей, тұяғынан жалын шашқан сымбатты арғымақ ешқандай бөгетті елейтін емес секілді.
Сонымен қатар, суретші дәл осы жылдары, өнердегі мәңгі тақырып - Ана тақырыбына арналған бірқатар әйгілі шығармаларын жаза бастайды. Соның бірі, мысалы: «Мадонна Грандука», «Мадонна Коупер», « Құс ұстаған Мадонна», тағы басқа да көркем шығармалары дүниеге келді.
1508 жыл - Рафаэль өміріндегі жаңа кезең болып саналады. Осы жылы ол Римге шақыртылады. Папа II Юлий, одан соң Х Лев, суретшіге Ватикандағы ең салтанатты залдарды көркемдеуге тапсырыс береді. Аты әлемге әйгілі «Диспут», «Афины мектебі», «Парнас», «Юриспруденция» деген шығармалары осы кезеңде жазылды, негізгі тақырыбы - гуманизм идеялары, адамның әлі ашыла қоймаған рухани күштерін жырлау болып табылды.
Өмірінің соңғы бес жылы ішінде (1515-1519) Рафаэль өз шығырмаларындағы сарқылмас тақырып - Ана тақырыбына қайта айналып соғып, өзінің ең ұлы, ең әйгілі шығармасын - «Сикст Мадоннасын» жазуға кірісті.
«Сикст Мадоннасы» бес ғасыр уақыт өтсе де кереметтей шығарма. Көрермендерді осы уақытқа дейін толқытып та, тебірентіп те келеді. Дегенмен, қандай сыр бар онда? Әрқашан да әсемдікті аңсаған адамзат неге өз арманын дәл осы шығармадан іздейді? Бұл сұрақтарға жауап беру оңай емес шығар!
Бұлт үстінде самғаған уыздай жас Ана өзінің сүйікті перзентін бауырына қыса түскен. Бар ықыласын сәбиге арнаған албырт ана жүзінде, сабырлылық пен қасірет ізі бар. Анау үлкен, қайғылы көздерден барлық аналардың махаббаты мен мұңы, нәзіктігі мен шексіз мейірбандығы көрінгендей. Мадоннаға қарағанда жанарың жасқа толып, еріксіз толқисың. Ғажап - ау өнер құдіреті.
Кезінде, сонау 1912 жылы қазіргі аты әлемге әйгілі Нефертити мүсіні табылған күні, неміс археологы Людвиг Борхардт жұмыс күнделігіне төрт-ақ сөз жазған екен: «Суреттеу пайдасыз, көру керек!».
Демек, біздің де айтпағымыз, Рафаэль қылқаламынан туған ұлы шығармаларды мүмкіндігінше барып көру керек шығар. Көптеген ұлы шығармалардың авторы, теңдесі жоқ шебер суретші Рафаэль Санти 1520 жылы кенеттен дүние салған екен. Дәл сол күні осы әйгілі адам отыз жеті жасқа ғана толыпты.
Бейсенғазы Ұлықбек
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Abai.kz