Бейсенбі, 20 Наурыз 2025
Ғибырат 301 1 пікір 20 Наурыз, 2025 сағат 12:34

«Тәшеневті Шымкентте қалдырған - халықтың пейілі»

Сурет: wikipedia.org сайтынан алынды.

Биыл аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Ахметұлы Тәшеневтің туғанына 110 жыл толады. Осыған орай 20 наурызда Шымкент қалалық ардагерлер кеңесі мен Ж.Тәшенев атындағы университет ұжымының  ұйымдастыруымен айтулы мерейтойға арналған республикалық ғылыми-теориялық конференция өткізіледі.

Сонымен қатар Жұмекеңнің құрметіне қойылған кеудемүсін (бюст) жанында мерейтойлық митинг өтіп, соңынан ұлттық-мемлекеттік қайраткерге бағышталып ас беріледі. Осыған орай біз Ж.Тәшеневтің немере інісі, Шымкент қаласындағы Абай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ұлықпан Бәшеневпен сұхбаттасқан болатынбыз. Төменде сол сұхбатты сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмыз.


– Ұлықпан Мүсінұлы, сұхбатымызды Жұмекеңнің өмір жолы, өскен ортасы, еңбек  еткен орындары жайлы әңгімеден бастасақ дейміз...

– Немере ағам Жұмабек Ахметұлы Тәшенев  1915 жылы 20 наурызда Ақмола облысының Аршалы ауданына қарасты  Танакөл ауылындағы Бабатай қыстауында  дүниеге келген. Арғын тайпасынан тарайтын Қуандық руының Қареке бөлімінен шыққан. Ақмола құрылыс техникумын (1932), Кеңес Одағы Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің жанындағы Жоғары партия мектебін (1955) бітірген. Экономика ғылымының кандидаты (1962). Докторлық диссертациясын сәтті қорғағанымен, сан түрлі себептермен оны бекіттірмей қойған.

Еңбек жолын 1934 жылы Ақмола облысындағы Бейнетқор аудандық атқару комитетінің хатшысы, аудандық жер бөлімінің меңгерушісі қызметінен бастаған. 1939-1943 жылдары Ақмола облыстық жер бөлімі бастығының орынбасары; 1944-1947 жылдары Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитеті хатшысының орынбасары, мал шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі; 1947-1952  жылдары  Солтүстік Қазақстан облысы атқару комитеті төрағасының орынбасары, төрағасы; 1952-1955 жылдары Ақтөбе облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған.

Алматыға жоғары қызметке ауысып келгеннен кейін Ж. Тәшенев 1955-1960 жылдары Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Төрағасы болып қызмет істеген.  Сол тұста Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев Министрлер Кеңесінің Төрағасы, Леонид Ильич Брежнев Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіеің бірінші хатшысы еді. Үшеуі тонның ішкі бауындай араласқан.

1960-1961 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы лауазымын атқарған. Ж.Тәшенев саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссияның төрағасы ретінде ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың зайыбы Зылиха апайға, әдебиет, мәдениет, өнер саласының басқа да бірқатар өкілдеріне  пәтер әперген. Бұл үйлер күні бүгінге дейін «Қазақ ауылы», «Тәшенев үйі» деп аталып келеді. Абай даңғылы мен Абай ескерткішін ашуға себепкер болған жомарт жүректі жан.  Оның тікелей араласуымен Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіровтің шығармалары қайтадан жарыққа шыққан. 1958  жылы Мәскеуде қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігін жоғары деңгейде өткізуге, КСРО халық әртісі атанған - Қалибек Қуанышбаев, Роза Жаманова, Ермек Серкебаев, Шәкен Айманов, Мұқан Төлебаев сынды мәдениет майталмандарының ерен еңбегінің орынды бағалануына  белсене атсалысқан.

КОКП Орталық Комитеті «Қазақстанның  жерін бөлшектеу туралы» құпия қаулы қабылдаған екен. Сөйтіп, Д.А.Қонаев пен Ж. А.Тәшеневті жеке-жеке қабылдауына шақырған. «Теріскейдегі бес облысты Тың өлкесі ретінде Ресейге қосамыз», - дегенге иіні жұмсақ Димекең келісімін берген. Жұмекеңе: «Д.А.Қонаевтың келісімін алып,  осындай шешімге келіп  отырмыз.  Егер Сіз де келісетін болсаң, КСРО Жоғарғы Кеңесіің Төрағасы К.Е.Ворошиловтың орнын  ұсынамыз», - деген  көрінеді. Сонда Ж.Тәшенев: «Мен атамекен жерімді креслоға айырбастамаймын! Жер - халықтыкі, бұл мәселені  Д.А.Қонаев та, мен де шеше алмаймыз! КСРО Жоғарғы Кеңесі әр республиканың аумақтық мәселесіне өз бетінше араласатын болса, онда КСРО Конституциясына өзгерту енгізу қажет. Егер қолданыстағы заң талаптары өрескел бұзылатын болса, біз Біріккен Ұлттар ұйымына дейін шағымданатын боламыз», - деген екен.

Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаев кезінде: «Жұмеке, Сіз - шын мәнінде нағыз батырсыз! Сізде арыстанның жүрегі бар екен!» - дегенде,  Ж.Тәшенев оған: «Туған халқым үшін тозаққа да түсуге әзірмін», - деп жауап қайтарған екен. Бір қарағанда ол Димекеңді де қолдап, қорғап отыр ғой.

Осылайша  Ж.Тәшенов «ұлтшыл» ретінде   айыпталған.  Кеңес Одағы Коммунистік партиясы  Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Никита Сергеевич Хрущевтің нұсқауымен қызметінен негізсіз босатылған.

1961-1975 жылдары  Шымкент (қазіргі Түркістан) облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары лауазымын атқарған. Бір ғажабы, Н.С.Хрущев тағынан түсіп, оның орнына Л.И.Брежнев келгенде де жағдай оншалықты өзгере қойған жоқ. Д.А.Қонаевты қайтадан жоғары ауазымды қызметке жайғастырған. Кезінде үшеуі тонның ішкі бауындай отбасыларымен бірге араласқан Тәшеневтің ерен еңбегін елеместен,  ұмыт қалдырған.  Әйтпесе оны тым болмаса кез келген  облысқа бірінші басшы етіп жіберуге болатын еді ғой. Сол себепті де болса керек, Димекең Шымкентке келгенде  Жұмекең «ауырып қалатын» немесе қызметіне келмей қалатын.

Облатком төрағасының бірінші орынбасары Айтбек Бердалин екеуінің қабылдау бөлмелері қатар болғанымен, өтініш айтып келген жұртшылық көбінше бірінші орынбасарға емес, қатардағы орынбасардың қабылдауына сұранады екен. Өйткені, Жұмекең алдына келген кісілердің түйткілді мәселелерін тыңғылықты шешіп беріп отырған.  Сөйткен еңбекқор жан  1975 жылы Одақтық дәрежедегі дербес зейнеткерлікке шыққан. Ал А. Бердалин жасы 63-ке келгенше қызмет істеген. Ж.Тәшенев өмірінің соңғы кезеңінде «Қаракөл» ғылыми-зерттеу институтында директордың орынбасары , республикалық Мемлекеттік жоспарлау комитетіне қарасты  талдау-есептеу орталығының Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда облыстық филиалының директоры  қызметін  атқарған. Арасында жұмыссыз қалып, мұңға батып, көңілсіз жүрген  кездері аз болмаған. Әрине, мұның бәрі жүрекке ауыр салмақ салғаны айтпаса да түсінікті шығар.

Сондай қызметсіз қалған күндерінің бірінде шахтерлер қаласынан  келген қадірменді қонақтар оған Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры Евней Букетовтің: «Жұмекең Қарағандыға көшіп келсін, қалаған кафедрасынан қызмет  береміз, баспана мәселесін шешеміз. Тек біздің ортамызда жүрсе болғаны», - деген сәлемдемесін жеткізген. Бұдан бөлек Ақмола (қазіргі Астана) мен Алматыға барғысы келмеген. Сөйтсек, оны Шымкентте мәңгілікке қалдырған - күншуақты өңір тұрғындарының ыстық ықыласы мен мейірімге толы пейілі екен ғой.

Әрине, Ж. Тәшеневтің елі үшін еткен ерен еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол Ленин, «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.

Зейнеткерлікке еріксіз шығарып жібергендіктен, алпыс жасын тойлаған жоқ. Жетпіс жасқа толғанда өзі дастарқан жайып, атап өткен. Сексен, тоқсан, жүз жылдық мерейтойлары Шымкент, Астана, Қарағанды қалаларында тойланған. Ондаған естелік кітаптар жарық көрген. Кеудемүсіні (бюст) орнатылған.

– Жұмекеңнің қайраткерлік қарым-қабілет, қасиеті  жайлы не айтасыз?

– Ж. Тәшенев - республиканың саяси, экономикалық, мәдени дамуына басшылық жасаған жылдары қазақ мемлекетінің аумақтық тұтастығының сақталуына орасан зор еңбек сіңірген тұлға. Маңғыстау облысын мұнаймен айналысатын Түрікменстанға қосу жөніндегі солақай ұсыныстарға тойтарыс берген. Тың өлкесіне біріктірілген  Ақмола, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарын Ресейге, мақта шаруашылығын өркендетеміз деген сылтаумен  Оңтүстік Қазақстанның мақта егетін аудандарын Өзбекстанға беруге түбегейлі қарсы шыққан. Қазақстан жерінде ядролық жарылыстар жасауға қарсылық білдірген.

Ж. Тәшенев жоғары қызмет бабына орай бір мезгіл Мәскеуде де басшылық қызметтер атқарған. Сол кездегі тәртіп бойынша Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы құрамындағы 15 одақтас республика Жоғарғы Кеңестерінің Төрағалары КСРО Жоғарғы Кеңесі Төрағасының орынбасарлары болып есептелетіндіктен «Мәскеулік төраға» демалысқа шыққанда бір ай бойы Мәскеуге барып, КСРО Жоғарғы Кеңесі Төрағасының қызметін уақытша өтеген.

Мәскеуге барар сондай бір сапарының  қарсаңында Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсірепов Жұмабек Тәшеневтен Бауыржан Момышұлын екі рет Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылып, өтпей қалғанын, сол атақты алып беруге араласуын өтінген. Ж. Тәшенев Мәскеуге барысымен мұрағаттан Б.Момышұлының құжаттарын алғызып, танысқан. Батырлыққа екінші рет ұсынылған құжаттың қорытындысында соғыс кезіндегі кейбір қылықтары кеңес офицерлерінің ар-ожданына қайшы келгендіктен Б.Момышұлына мұндай жоғары атақты беруге болмайды деп маршал Иван Степанович Конев қол қойған. Ж.Тәшенев КСРО Жоғарғы Кеңесінің атынан маршалды шақырып алып, мәселені түсіндірген. Маршал И.С.Конев «Бұл туралы  пікірімді білмек болсаңыз,  өз өмірімде ешқашан бір айтқан пікірімді өзгерткен адам емеспін. Бұл жолы да солай қаламын», - деп көнбей қойған екен.

Мәскеудегі кезекті қызметін атқару кезінде украиндық бір ғалымның «қылмыстық ісі» алдына келген. Қарт ғалымға  бір жауапты қызметкерді өлтірді деген айып тағылып, өлім жазасына кесіліпті, кешірім жасау туралы өтініші қабылданбаған. «Мәскеулік төраға» - Климент Ефремович Ворошилов  демалыста болғандықтан оның орынбасары Ж.Тәшенев қол қоюға тиісті болған. Жоғарғы Кеңес қызметкерлерінің бұл мәселе К.Е. Ворошиловпен келісілген деген қарсылықтарына қарамастан, адам тағдыры болғандықтан Ж.Тәшенев өлім жазасы туралы үкімге қол қоймай түрмеге өзі барып, қарт ғалымға жолыққан. Кінәсіз екеніне көзі жеткен соң қайта тергеуге  жіберіп, оны ақтап қалған.  Кейін кісі өлтірген қымыскер де анықталып, жазасын тартқан.

КОКП Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы Никита Сергеевич Хрущев республикамыздың солтүстігіндегі бес облысын (Ақмола, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан) біріктіріп,  Тың өлкесі деген аймақ құрып, оны Ресейге қосуды жоспарлаған. Өлкенің басшылығына  Мәскеуден Т.И.Соколов  деген өз адамын жіберген. Ол Тың өлкесін Ресейге өткізуге бейімдеп, Қазақстан басшылығына бағынудан бас тарта бастаған. Бұл теріс әрекетті білген Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы Ж.Тәшенев 1960 жылы күзде Тың өлкесінің орталығы болған - Целиноград (қазіргі Астана)  қаласына шұғыл түрде ұшып барып, республикалық Жоспарлау комитетіне келесі жылдың бюджетіне қажет мәліметтерді әдейі бермей бассыздық жасағаны үшін Т.И.Соколовты қызметінен алатынын,  24 сағаттың ішінде Қазақстаннан қуып жіберетінін және Тың өлкесі ешқашан Ресейге берілмейтінін қадап тұрып айтқан.

Одан кейін Алматыда Үкімет мәжілісінде келесі жылдың халық шаруашыық жоспары қаралған кезде мінбеге көтерілген Тың өлкелік атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары А.И.Козлов: «Жұмабек Ахметұлы! Біз Сіздерден ештеңе сұрамаймыз, тек Мәскеудің бергеніне тимесеңіздер болғаны», - деп қыр көрсеткен. Мұндай жүгенсіздікке төзбеген Ж.Тәшенев оны тоқтатып қойып: «Тың өлкесі - Қазақстанның құрамында, ал Қазақстанды оның Орталық партия комитеті мен Үкіметі басқарады. Сіз сол партияның мүшесісіз. Мынадай қыңыр мінез бен істі қоймайтын болсаңыз, партиядан шығарып, орныңыздан аламыз. Содан кейін баратын жеріңізге барып, арызыңызды айта беріңіз», - деп қадап айтқан. Н.С.Хрущевтің қырына ілігіп, қызметінен төмендетіліп, Мәскеуден Қазақстанға жіберілген А.И.Козлов зәресі ұшып, сол жерде кешірім сұрауға мәжбүр болған. Осылай Ж.Тәшенев Мәскеудің жіберген кеудемсоқ адамдарын тәубесіне келтіріп, республикамыздың бес облысының Ресейге берілмейтінін ашық мәлімдеген.

Еркінбек Тұрысов пен Жолдыбай Базаровтың былай деп жазғаны бар: 1959 жылы 1 қазанда Қытай Халық Республикасының 10 жылдық мерейтойына орай КСРО басшысы Н.С.Хрущев бастаған делегация барған. Оларды ҚХР басшысы Мао Цзедун өзі қарсы алған. Әңгіме үстінде Мао Цзедун: «Кеңес Одағы сөз жоқ ұлы ел, ал біз Ұлы Қытаймыз!» - деген. Ал Н.С.Хрущев: «Солайы солай ғой, бірақ КОКП - дүниежүзілік коммунистік қозғалыстың  авангарды болып келеді», - деген.  Мао Цзедун: «Бірақ Қытайда коммунистер КСРО-ға қарағанда көп қой», - дегенде Н.С.Хрущев сөзден тосылып қалған. Сонда Ж.Тәшенев: «Революцияны кеңес коммунистері жасада емес пе? Олар кейін қытай коммунистеріне көмектесті ғой», - деп тығырықтан жол тауып кеткен. Бұл уәжге қытай жағы жауап бере алмай қалған. Н.С.Хрущев  әңгіме біткеннен кейін риза болып Ж.Тәшеневке: «Сен өзің марксист екенсің ғой», - деген екен.

Келесі күні Кеңес делегациясының құрметіне қонақасы берілген. Сонда араққа қызып алған Н.С.Хрущев өзін бәрінен  жоғары санап, орынсыз лепірген. Онымен Қытайға бірге барған Ж.Тәшенев ыңғайсызданып, Н.С.Хрущевті шынтағынан түрткен. Ол ызғарланып «тише» деп алып, лепіруін жалғастыра берген. Мұны байқап қалған Мао Цзедун аудармашыға  әлдене деп тіл қатқан. Тәржіман Ж.Тәшеневке сыбырлап: «Сіз ұялмай-ақ қойыңыз», - деген. Осы жәйттен кейін Мао Цзедун Кеңес делегациясын шығарып салуға келмеген. Қайтар жолда Н.С.Хрущев: «Әлгі Мао Цзедун кеше саған не айтты?» - деп сұраған. Сол оқиғаға зығырданы қайнаған Ж.Тәшенев: «Мынауыңа айт, көп ойлап, аз сөйлесін деді», - деп жауап берген. Сонда Н.С.Хрущев қызараңдап Ж.Тәшеневке  сұқ саусағын безеген екен.

Садықбек Адамбеков пен Жолдыбай Базаровтың  былай деп жазғаны бар: 1958 жылы 28 шілдеде Қазақстан Коммунистік партиясы  Орталық Комитетінің бюросында «Қазақ әдебиеті» газетінің саяси бағыт-бағдарының коммунистік идеологияға сай келмейтіні, «озық ойлылардың» ойлап тапқан пролетариат мәдениетіне, талабына жат дүниелерді аңсап «ауруы», қазақ ұлтшылдарын төңірегіне топтастыру, «адам айтқысыз қателікке ұрындырғаны» газеттің жабылып-жабылмауы талқыға түседі. Мінбеге сөйлеуге шығып бара жатқан газеттің Бас редакторы Сырбай Мәуленов Қазақстанның бірінші басшысы Иван Дмитриевич  Яковлев бастаған топтың мысынан аяғын сылбыр басып, түсі қашып бара жатқанда ешкімді көзге ілмей орынсыз ілік тауып,  «Қазақ әдебиетін» тұқыртып немесе жауып тастағалы келіп отырғандарға ызаланған Жұмабек Ахметұлы: «Тайсақтамай батыл сөйле!» - деп жігер береді. Жұмекеңнің әлгі сөзі С. Мәуленовті сескенбей сөйлеуге итермелеп, қорытынды сөзінде былай дейді: «Қазақ халқының басынан шойындай қара бұлт кетпей-ақ қойды. Арал маңындағы Бетпақдалада оба ауруына қарсы бекет бар. Ал Алматыда ұлтшылдарды қолдан жасайтын «фабрика» жұмыс істейді», - деген екен.

Ж. Тәшеновтің бір ауыз сөзі «Қазақ әдебиеті» газетін жақтаушыларды бір көтеріп тастап, мәжіліс залындағы қарсылас топты жеңіп шығуына жол ашып бергендей болған. Жұмабек Ахметұлы бірінші басшыға: «Иван Дмитриевич, қазақ тілінде шығатын «Қазақ әдебиеті» газеті туралы мәселе қаралып жатқанда осы бөлімде жұмыс істейтін қазақ жолдастар неге бюроға қатыспайды?», - дейді. Оның сұрағына жауап беруді И.Д.Яковлев Қ.Оспановқа ысырады. Қ.Оспановтың орнына жауап берген Н.Иванов: «Жандосов демалыста, Ысмағұлов іссапарда, А. Шалабаев...», - дейді. И.Д. Яковлев: «Сіз бен біз қазақша білмейміз, сонда бұл мәселені бюроға кім әзірлеген?» - деп сұрайды. Н.Иванов: «Басқа сектордағы жолдастарды пайдаландық», - дейді. С. Мұқанов: «Сонда Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінде қазақ жігіттеріне сенім жоқ деп түсінеміз бе? Осы жаңа ғана Ысмағұловты да, Шалабаевты да көрдім ғой», - дейді. И.Д. Яковлев ойланып қалады. Өз кезегінде Сақтаған Бәйішев газеттің ұлтшылдығын 1913 жылы шыққан «Қазақ» газетімен салыстырып, «Ахмет Байтұрсыновтың «Қазақ» газетінің лебі аңқып тұр», - деп сөгеді. Осы мәселеге байланысты «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің редакторы Қасым Шәріпов: «Қазақ әдебиеті» газетін жабу керек, ал басқа қазақтілді газеттерді аудармаға айналдырмаса болмайды. Егер «Социалистік Қазақстан» газетін «Казахстанская правдадан» аударып,  редактордың орынбасары ретінде  қол қойсам, өзіме үлкен бақыт санар едім», - дейді. Сонда Ж. Тәшенов: «Социалистік Қазақстан» газетін ашқан да сен емес, жабатын да сен емессің, не деп отырсың өзің?!»  - деп тыйып тастайды. Сөйтіп, Қазақстан Коммунистік партиясы  Орталық Комитетінің бюросындағы талқылауда «Қазақ әдебиеті» газеті жабылудан аман қалып, газетті жақтаушылардың пайдасына шешіледі.

Академик Шапық Шөкиннің айтуынша, Ж. Тәшенов Үкімет басшысы болған кезінде бірінші қазақ-орыс сөздігін құрастырған филолог-ғалым Хайрулла Махмудов қабылдауына кіріп, өзінің жай-күйін айтып, пәтер алуына көмек сұраған. Сонда Жұмекең: «Мұндай адам қалай үйсіз жүр, қаладағы салынып жатқан үйлерден қалаған пәтеріңізді алыңыз, сол Сіздікі болады», - дейді. Х.Махмудов қаланың у-шуы аз бұрышынан пәтер алады. Бірақ ол жердегі салынған үйлер екі бөлмелі екен. Екі пәтерді қосуға рұқсат етілмейтін. Сонда  Ж. Тәшенов: «Қабырғаны бұзып, біріктіріңдер, өзім жауап беремін», - деп бұйрық берген екен.

«Соғыстан кейін Солтүстік Қазақстан облыстық комсомол комитетінің хатшысы қызметін атқарып жүргенмін. Үйленгенмін, зайыбымыз екеуміз қарт әке-шешемізбен тар үйде тұруға мәжбүр болдық. Бұл жағдайды кездейсоқ білген Ж. Тәшенов маған төрт  жыл соғыста болған майдангер ретінде кезексіз үй бергізді», - дейді  профессор Мұқаш Елеусізов.

– Жұмабек Тәшенев жайлы танымал тұлғалар не айтты екен?

– «Әр уақытта жүрегімнің төрінен орын алатын  ер інім – Жұмабек Тәшенев» (Ғабит Мүсірепов, жазушы).

«Жұмабек Тәшенов қандай қызметте болса да ең алдымен өз елінің мақсат-мүддесінен шығатын, халықтың жағдайын ойлайтын, ұлттық мәселелерді КСРО басшыларының алдында тайсалмай қоятын, жүрегі қазақ деп соғатын біртуар азамат еді» (Сағадат Нұрмағанбетов, генерал, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның Халық Қаһарманы).

– Жұмабек Тәшенев айтты деген қандай сөздер жадыңызда жатталып қалған?

– «Біз броньмен соғысқа бармай қалдық қой. Қабылдауымызға келген соғыс ардагерлерінің өтініш-тілегін жерге тастамайық, олар от пен оқтың астынан келді».

«Никита Сергеевич, егер Жоғарғы Кеңес әр республиканың жерін жергілікті органдарынсыз шеше беретін болса, КСРО-ның және ұлт республикаларының Конституциясын жою керек қой. Ал ол Конституциялардың баптарында әр ұлт республикасы өзінің тарихи жеріне, ондағы байлығына өз меншігім деп пайдалануға құқы бар. Оны өзгертуге ешкімнің, ешбір органның құқы жоқ», -делінген».

«СОЦИАЛИСТІК ҚАЗАҚСТАН» ГАЗЕТІН АШҚАН ДА СЕН ЕМЕС, ЖАБАТЫН ДА СЕН ЕМЕССІҢ!».

– Шымкенттегі өмірі туралы сыр шертсеңіз.

– Ж. Тәшенев алдымен«Пионерский парк» (қазіргі Кеңбаба) саябағының маңындағы көпқабатты үйлердің бірінде тұрған. Өзі қайтыс болғаннан кейін бұл үй сатылып кеткен. Зайыбы Алматыдағы перзенттерінің қолына барған. Бірақ, «Мені әкелеріңнің жанына жерлейсіңдер, - деп өсиет айтқан.

Политехникалық техникумның (қазіргі колледж) маңындағы кейін алған үйінен жұмысқа жаяу келіп, жаяу қайтатын. Сондай күндердің бірінде үйіне жақындағанда жүрек талмасы ұстап қалған. «Жедел жәрдем» шақырып, қан қысымын өлшеп көргенде тым төмен түсіп кеткені анықталған. Осылайша 1986 жылы 18 қарашада Шымкент қаласында бақилық болған. Жұмекең және зайыбы Бәтес Ыдырысқызы Шымкенттен Ташкентке қарай шығатын күре жолдың бойындағы  «Қасқа» зиратында жерленген.

– Ел есінде қалған игі істері жайында да білсек дейміз.

– Тың игеру кезінде Көкшетау облысында кеңшар директоры болған Ф.Моргун 1957 жылы тұрғындар жер астында тұщы су болса да қажетті құрал-жабдықтардың болмағанынан 20 шақырым жерден суды тасып ішкен. Осылай қиналған кезде Ж. Тәшенев келіп, бір аптаның ішінде Армениядан скважина арқылы су тартатын компрессор алғызып беріп, су мәселесін шешкенін ризалық сезіммен жазған.

Ж. Тәшенев Шымкент облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарған кезінде, күзде Түркістан аймағының мақташылары мақта тазарту зауытында су мақтаны кептіруге отын таба алмай қиналғанда сол ауданға уәкіл болып барған  Ж. Тәшенев Қарағанды облысының басшылығымен хабарласып, қажетті біржарым мың тонна көмірді жеткізіп берген. Соның арқасында аудан мақта дайындау жоспарын 102,7 пайыз орындаған. Сонымен қатар  Жұмакең Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің  жанында топырақпен көмілген Шығыс моншасын қалпына келтіріп, іске жаратуды іске асырған.

Кезінде Ж. Тәшеневтің іскерлігін, қабілетін Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы В.А.Ливенцовтың өзі мойындауға мәжбүр болған. Ол 1964 жылы Мәскеудің өкілі қатысып отырған Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетіндегі мәжілісте «Никита Сергеевич Хрущев Жұмабек Ахметұлы Тәшеневтің намысына тиіп, қызметінен төмендетіп, бізге облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары етіп жіберсе де ол өзінің таңғажайып қабілетінің арқасында Оңтүстік Қазақстандағы ең құрметті адам болып отыр», - деп мәлімдеген.

Экономист, профессор Ғарай Сағымбаевтың Жұмабек Тәшенев республика басшылығында болған алты жылда Қазақстанның экономикасы мен мәдениеті қарыштап алға басқанын төмендегідей дәйек-деректермен көрсетеді: электр энергиясы қуатын өндіру – 2 есе, мұнай өндіру - 1,6 есе, көмір өндіру – 2 есе, цемент шығару – 15 есе, мақтадан мата тоқу – 5 есе, тоқыма сырт киім шығару – 3 есе, минералды тыңайтқыш өндіру – 2 есе, аяқ киім тігу – 4 есе, ет өндіру – 2 есе, қант өндіру - 1,5 есе, мал майын шығару - 1,4 есе, өсімдік майын шығару – 2 есе өскен. Егіс көлемі – 6 миллионнан 22 миллион гектарға, ірі қара мал саны - 5,5 миллион, қой мен ешкі - 28,5 миллион басқа дейін өскен. Халық шаруашылығында 125 мың жоғары білімді, 215 мың арнаулы орта білімді мамандар қызмет еткен. Бес жылда 690 мың пәтер салынып, 2,4  мың мекеме мен кәсіпорын іске қосылған. 6140 кітапхана, 5140 клуб, 4777 киноқондырғы, 25 музей, 19 облыстық театр жұмыс істеп тұрған. Сөйтіп, халықтың әлеуметтік жағдайы мен тұрмыс мәдеиеті айтарлықтай жақсарған.

– Жұмабек Тәшеневтің қандай тәлім-тәрбиесін көріп өстіңіз?

– Немере ағам - өміріме, тағдырыма үлкен әсер еткен жомарт жүректі жан болатын. Сол кісінің ықпалымен Шымкенттегі педагогикалық институтқа (қазіргі Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті) оқуға түстім. Жұмекеңнің  атына кір келтірмейін, шаң жуытпайын деп жоғары оқу орнын үздік бітіріп шықтым. Одан  адалдықты, туралықты, еңбекқорлықты  үйрендік. Шымкент облыстық,  Келес аудандық комсомол комитеттерінде қызмет істеп, шыңдалу мектебінен өттім. 42 жылдық еңбек өтілімнің 35 жылында білім саласында бірінші басшы болып, абыройлы қызмет істедім. Міне, осының бірі Жұмекеңдей жақсы адамның, асыл азаматтың жанында жиырма жылға жуық жүргенімнің арқасы деп білемін.

– Жұмекеңнің отбасы, ұрпақтары жайлы да білгіміз келеді.

– Немере ағамның төрт ұл, бір қызы болған. Үлкен ұлы - Саян Алматыдағы политехникалық институтта (қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы зерттеу университеті) қызмет істеген. Техника ғылымының кандидаты. Қазір көзі тірі. Жасы - сексен үште. Екінші ұлы - Саяттың мамандығы экономист тұғын. Ол ертеректе қайтыс  болып кеткен. Болаты - облыстық білім беру басқармасында қызмет істеп, зейнетке шыққан. Кенжесі - Мұрат Қазақ мемлекетік университетінде (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) кафедра меңгерушісі болып қызмет істеген. Тарих ғылымының докторы. Соңғы екеуі былтыр бақилық болған. Мәскеудегі жоғары оқу орындарының бірін бітіріп, экономист мамандығын алып шыққан  Алласы тұрмыс құрып, сонда қалып қойған. Немерелерінің үлкені - Арман Саянұлы Мәскеу мемлекеттік университетінің түлегі. Бүгінде Америка Құрама Штаттарындағы Калифорния университетінің профессоры. Шыңғыс Саятұлы - Шымкенттегі қаржы бақылау саласында қызмет істеген. Бүгінде -  Алматыда қаржы басқармасының басшысы. Бэлла Мұратқызы да жоғары білімді маман.

– Жұмабек Тәшеневтің есімін мәңгілікке қалдыру мақсатында қандай жұмыстар атқарылуда?

– Құдайға шүкір. Халқын сүйген, халқы сүйген Жұмекеңнің есімі ұмытылмақ емес.  Ж.Тәшенев атындағы университетте 100 жылдық мерейтойына арналған ғылыми-теориялық конференция өтеді. Түс қайта мерейтойлық митинг болады. Кешқұрым қасиетті Рамазан айындағы ауызашарда оның рухына арнап ас беріледі.

Шымкентте Ж.Тәшенев университеті, көшесі бар, кеудемүсіні (бюст) орнатылған. Тәшеневтану пәні оқытылады. Аталмыш жоғары оқу орнының құрылтайшысы әрі президенті Оңалбай Аяшевтің айтуынша, университеттің жаңа заманауи ғимаратын салу үшін жер телімі сатып алынған. Құрылыс аяқталған кезде оның алдына Ж.Тәшеневтің еңселі ескерткіші орнатылатын болады. Арыс қаласындағы, Түркістанның маңында жаңадан құрылған Сауран ауданындағы мектептерге есімі берілген. Астанадағы Республика және Бараев көшелерінің қиылысында биіктігі сегіз метрлік еңселі ескерткіші орнатылған. Үлкен даңғыл мен мектеп-гимназия Ж. Тәшеневтің атымен аталады. Қарағанды, Теміртау, Петропавловск қалаларында мектеп, Алматыда көше бар.

– Ұлықпан аға, Ж.Тәшеневтің  мерейтойы құтты болсын! Тойдан тойға, қуаныштан қуанышқа жете беріңіздер!

– Рақмет!

Сұхбаттасқан Әбдісаттар Әліп, 

журналист, ақын, аудармашы, Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі, республикалық «Шымкентім, шырайлым!» әдеби-көркем альманағының Бас директоры – Бас редакторы.

Шымкент қаласы.

Abai.kz

1 пікір