Жұма, 21 Наурыз 2025
Әріптестің әңгімесі 196 0 пікір 20 Наурыз, 2025 сағат 21:22

Үкімет тәуекел менеджментіне қалай келді?

Сурет: mtrk.kz сайтынан алынды.

Олжас Бектенов - бюджеттік кризис мәселесімен айналысқан ең алғашқы Премьер-Министр. Бұған дейінгі Үкімет басшылары бюджеттік дефициттің жыл санап ұлғайып келе жатқанын маңызды мәселе деп санамаған болатын. Мұндай позиция мемлекеттік қаржы мәселесінде катастрофалық жағдай туғызып, барлық институттардың өз болашағына алаңдай бастауына алып келді.

Салықтың жиналмауын жабу үшін Ұлттық қор қаржысын шамадан тыс пайдалану әдеті пандемиядан басталды. Және одан кейін тіпті күшейіп кетті. Мысалы, 2024 жылғы республикалық бюджеттің алғашқы нұсқасына сәйкес, Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт ретінде 3,6 триллион теңге алу жоспарланған еді. Алайда 2024 жылы трансферт іс жүзінде 5,6 триллион теңгеге дейін өсті. Және онымен тоқтамай, ұлттық компаниялардың акцияларын алып-сату арқылы тағы 500 миллиард теңге тартылды. Сонымен былтыр Ұлттық қордан рекордық қаржы – 6,1 триллион теңге алынған. Бұл қаржы бюджет шығындарының 20 пайызын жапты.

2024 жылы мемлекеттік бюджет (республикалық бюджет пен жергілікті бюджеттерді қоса алғанда) 30,7 триллион теңге шығындады.

Оның 85 пайызы - жалақы, әлеуметтік төлем, жөндеу сынды күнделікті айналымдағы шығындар. Қалған 15 пайызы ғана дамуға, яғни инфрақұрылымды дамыту, өндіріс ашу, нысандар салуға жұмсалды. Ал сол кезде республикалық және жергілікті бюджеттер салық (КПН, ИПН, НДС, НДПИ) пен басқа да түсімдерден (айыппұл, дивидендтер, мемлекеттік меншікті сату) 21,5 триллион теңге жинады. Оған Ұлттық қордан келген 5,6 триллион теңгені қоссақ, мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігі 27,1 триллион теңгеге шыққан.

Сонда кіріс пен шығыс арасындағы дефицит 3,6 триллион теңге болды.

Осы дефицитті Үкімет 7,5 триллион теңге қарыз алу арқылы жапты. 7,5 триллион теңгенің 3,6 триллионы дефицитті жабуға, ал қалған 3,9 триллион теңгесі бұған дейін алынған қарыздарды өтеуге кетіп отыр. Сонда жыл сайын біздің қарызды өтеуге деген шығындарымыз ұлғая бермек. Мысалы, 2024 жылы мемлекеттік қарыз көлемі 31,8 триллион теңгеге жетіп, сол жылы қарыздарды өтеуге 5,9 триллион теңге жұмсалды.

Олжас Бектенов осы проблемаларды қалай шешеді?

Жалпы бұл мәселені шешудің жағымды кейсі, немесе отандық тәжірибесі жоқ. Себебі Бектеновке дейін онымен ешкім айналыспаған болатын. Енді Үкіметтің қосымша құн салығын бюджетті толтырудың негізгі құралына айналдырып, 2026 жылдан бастап салықтың жоспардан аз жиналу мәселесін шешуге қадам басқанын байқаймыз. Және бюджеттік ережені қатаңдату арқылы, Ұлттық қордан алынатын трансферт көлеміне шектеу қоятын болады. Онымен бірге сыртқы қарыздың ішкі жалпы өнімнің белгілі бір үлесінен асып кетпеу мәселесі бұрынғыдан жіті бақыланатын сияқты.

Алғашында Үкімет осы қадамдардың бюджеттік кризисті шешуге жеткілікті, әлде жеткіліксіздігін байқап көреді. Оған кемінде бір жыл керек. Демек, 2026 жылдың аяғында көре аламыз. Егер жеткіліксіз деп танылса, онда ең ауыр артиллерия – бюджеттің шығысын аямай қысқарту сценарийін іске асыратыны анық. Оның өзі жұмсақ және қатаң деп екіге бөлінеді. Жұмсағы - шығыстың жыл сайын өсуін тоқтату. Ал қатаңы – шығыстарды кәдімгідей 3-4 триллион теңгеге кесіп тастау.

Не болса да, Олжас Бектенов өз командасымен ең ауыр реформаны атқарайын деп тұр. Ойдағыдай істеп, елді бюджеттік кризистен алып шығуы үшін оған кемінде 2027 жылдың аяғына дейін өз өкілеттілігін сақтау қажет. Сол жағалау да осындай тұжырымға келіп отырған сияқты.

Дереккөзі: DALA INSIDE телеграм арнасы

Abai.kz

0 пікір