Абай әндерінің тағдыры...

Ұлттық поэзиямызға жаңа мазмұн, жаңа түр беріп, қазақ халқының дүниетанымын кеңейтіп, ақыл-ой санасын тереңдетіп, жаңа өріске бастаған ұлы ақын, қазақ музыка өнерін дамытуда да асқан жаңашылдық әкелді.
Өзінің заманында-ақ, Абайды алыс-жақыннан ақындар, әншілер, жыршылар іздеп келетін болды. Даңқты Біржан, күйші Тәттімбет, соқыр ақын Ажар, Қуандық, Зейнеп, т.б. өнерпаздар Абайдың өлеңдері мен әндерін орындап, бүкіл кең далаға таратты.
Мұқа, Ақылбай, Кәкітай, Мағауия, Әсет, Әріп, Әлмағамбет сияқты жас талантты ақындар, әншілер Абайдың төңірегіне топталды. Олар Абайдан үлгі алып, өздігінен орыс әдебиетін оқып үйреніп, тарихи романдар мен поэмалар жазды. Абайдың маңына тек қазақтар ғана емес, қуғынға ұшыраған татар жастары, озық ойлы адамдар жинала бастады. Сібірдегі ссылкадан өз еліне қашып бара жатқан кафказдықтар Абай ауылында айлап жатып қонақ болып, бірте-бірте бес уездің ойдағы, алдыңғы қатарлы орталығына айналды. Абайдың талантын бағалаушылардың саны жыл сайын молайып, тек, ақынның өз өлеңдерін ғана емес, сонымен бірге достарының да шығармаларын ел ішінде жаттап, көшіріп алып, әнге қосып айтатын болды. Осылайша Батыс және шығыс әдебиеті мен мәдениетін, романдарын білген тыңдаушылар естігендерін ауызша түрде елге таратты.
«Алты әнмен білдірген әннің жайын» деп өзі айтып кеткен Абай музыка әлемінің бұл қарапайым да күрделі, нәзік те қайсар, шағын да көлемді, сұлу да сымбатты, мұңлы да қуанышты, қайғылы да қастерлі, өміршең де өрелі, уағызды түрін ерекше бағалап, аса құрмет тұтты.
Абайдың; «Сегіз аяқ», «Көзімнің қарасы», «Қор болды жаным», «Айттым сәлем, қалам қас», «Сұрғылт тұман дым бүркіп», «Желсіз түнде жарық ай», «Мен көрдім ұзын қайың қүлағанын», «Қараңғы түнде тау қалғып», «Амал жоқ қайттым білдірмей» («Татьяна хаты») тағы басқа 30-дан аса музыкалық шығармалары қазақ халқының ән жанрындағы алтын сандығын толтырып, оған ерекше серпінді әуез, бай мазмұн, жаңа ырғақ, түр беріп, қазақ өнерінің шығар биігін аспандата түсті.
Бір өкінішті жері Абай әндерінің туу, таралуы, орындалуы жайы әлі күнге дейін өзінің тиянақты зерттеушісін тапқан жоқ. Абайдың «ақындық мектебі» болғанын білгенімізбен, «әншілік мектебі» болды ма деген сұрауға келгенде мүдіретініміз рас.
Шындығында, ел аузынан жиналған ақын замандастарының естеліктерінде Абай әндерінің шығу төркіні мен орындалу, таралу жолдарында әнші шәкірттерінің есімдері кездесіп отырады. Бұл қатарда Абайдын ақын шәкірті Көкбай әншінің, Әсет, Әріп, кейіннен Абай қолына келіп тұрақтап қалған Мұқа, Уәйіс, өзінің аталас жақыны Майбасардың Мұхаметжаны, кейіндеу Әлмағамбет, Әмір, өз баласы Акылбай, немересі Әубәкір болып жалғаса береді. Осылайша Абай әндері мен өлеңдері төңкеріске дейін-ақ ел арасында ауыздан-ауызға кеңінен таралып, той-думан, жастар кештері, дастарқан қуаныштарының көркіне айналады. Абай шығармаларының құнын білетіндер ақынның өлеңдері мен қара сөздерін хат танитындарға арнайы ақы төлеп көшіртіп, ұзатылған қыздың жасауына қосып беретін болды.
1914 ж. 26 қаңтарда Ұлы ақынның қайтыс болғанына 10 жыл толуына орай Семейде өткізілген этнографиялық әдеби-музықалық кеш Абай шығармаларына арналды. Ақын, композитордың өмірі жайлы Н.Құлжанова баяндама жасап, әнші Әлмағамбет Қапсалямұлы «Татьянаның Онегинге жазған хаты», «Айттым сәлем қалам қас», «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» әндерін тұңғыш рет үлкен сахнада орындайды. Кәсіпқой және әуесқой әншілерден Абайдың музыкалық мұрасын жазып алудың алғашқы қадамдары сол жылдардан басталады.
1919 ж. А.Э.Бимбоэс Назипа Құлжановадан «Татьянаның Онегинге жазған хаты» әнін, Мұстафа Нұрбаевтан «Сегіз аяқ» әнін нотаға түсіріп алады.
1920-23 ж. А. В. Затаевич - Осман Қашағановтан «Татьянаның Онегинге жазған хаты», Жүсіпбек Аймауытовтан «Абайдың әні», Ескендір Дайырбаевтан «Қор болды жаным», Мұсылманқүл Әбсалықовтан «Өзгеге көңлім тоярсың», Серғазы Тамтаевтан «Көзімнің қарасы», Кәрім Қашқынбаевтан «Сегіз аяқ», Шәріп Медетовтан «Абай», Сәбит Мұқановтан «Татьянаның Онегинге жазған хаты» сияқты сегіз әнді нотаға түсіреді.
Бірақ, бұдан кейін әдебиет және ғылым мен өнер қайраткерлеріне байланысты өріс алған теріс саясаттың салдарынан қонцерттерде Абай әндерін орындауға тыйым салынғандықтан 1931-38 ж. Абай әндері қазақ радиосы арқылы берілмеді. Сондықтан ақынның музыкалық шығармалары «Қазақтың 500 ән-күйі» жинағына енгізілген жоқ. Сонда да, сүйіп тыңдайтын халқы бар әншілер Абай әндерін мұқият сақтап қалды. Қазақтың әйгілі әншісі Ә. Қашаубаев қайтыс боларынан аз уақыт бұрын өз ұсынысымен Е. Г. Брусиловскийге Абайдың «Біреуден біреу артылса» және «Қор болды жаным» әндерін жаздыртып, ақын мен әншінің тағдырының тоғысқан тұсында жазықсыз жапа шеккен шағында Абай әндерінен көңіліне жұбаныш іздеді. Концерттік сапармен Франция мен Германияға барып қайтқан әнші жазықсыз жалаға ұрынып, өмірден күйзеліп өткені белгілі.
1935 ж. М. Әуезов Семейде Абайдың музыкалық бай мұрасын сақтап қалу мақсатында алғаш рет әндерін толық жинап, нотаға түсіруді қолға алды. Компзитор Л. Хамиди осы жылғы сәуір айында Әрхам Ысқақұлынан Абайдың: «Біреуден біреу артылса», «Желсіз түнде жарық ай», «Ішім өлген сыртым сау», «Сегіз аяқ», «Қор болды жаным», «Сен мені не етесің», «Айттым сәлем, қалам қас», «Татьянаның Онегинге жазған хаты», «Татьяна сөзі», «Көзімнің қарасы», «Сұрғылт тұман дым бүркіп», «Бойы бұлғаң», «Көңіл құсы құйқыл жыр шартарапқа», «Тәңірі қосқан жар едің сен», «Қарашада әмір тұр», «Өлсем орным қара жер, сыз болмай ма», «Қараңғы түнде тау қалғып» әндерін жазып алды. Дегенмен, бұл шығармалар ол кезде жарық кере қойған жоқ. Л. Хамиди Москва консерваториясының жанындағы Татар опера студиясына оқуға кетті де, асыл қазына болашақ композитордың жеке архивінде қалды. 1939 ж. Әуезовтың ұсынысымен Алматыда Абай әндерін нотаға түсіру қайтадан қолға алынып, Л. Хамиди әнші Жүсіпбек Елебековтың орындауында «Қарашада өмір тұр», «Сегіз аяқ», «Қараңғы түнде тау қалғып», «Көзімнің қарасы», М. Әуезовтен «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» әндерінің жаңа нұсқаларын жазып алды. Сол жылы Әуезовтың көмегімен Б.Г. Ерзакович Қуан Лекеров, Темірболат Арғынбаев, Ж.Елебековтен: «Айттым сәлем, қалам қас», «Ата-анаға көз қуаныш», «Бойы бұлғаң» әндерінің басқаша нұсқаларын нотаға түсірді. 1953 ж. Әуезов өз орындауында «Сүйсіне алмадым, сүймедім» әнін нотаға түсіртті.
Неше түрлі қилы заманды басынан өткізген қазақ халқының көптеген фольклорлық мұрасымен қатар Абай әндері де тағдыр талқысына түсті. Оның үстіне ауызекі тараған ән-әуеннің авторлық нұсқасы толық сақталмай, кейінгі орындаушылардың әншілік шеберліктеріне, олардың нақты музыкалық шығарманы игеру, үйрену, жеткізу қабілеттеріне қарай алуан түрлі өзгерістерге ұшырады. Сондықтан да ел арасында Абай әндерінің әр түрлі нұсқалары кездеседі. Десе де, аса дарын иесінің негізгі әуені өзінің алғашқы түпнұсқалық арқауын толық сақтап қалды.
Замандастардың естеліктеріне сүйенсек, Абай домбыраны жақсы тартып, өз әндерін айтқан әншілерді сүйемелдеп отыратын әдеті болған. Ақын бірнеше күй де шығарған. Бір өкініштісі композитордың ел арасына тараған күйлері әлі күнге жиналып, зерттелген жоқ. Абай күйлері ішінен тек үшеуі ғана белгілі. Оның екеуін - «Торжорға» мен «Май түнін» 1983 ж. У.Бекенов Ғайса Сармурзиннен, «Абай желдірмесін» ШҚО Катонқарағай аулының тұрғыны Хамза Демшіновтен Қ. Жүзбасов нотаға түсірген. Бірақ, Абайдың бізге жеткен шығармалары өз тұсында қағазға түсірілмей, тек ауызша, біреуден-біреудің үйренуі арқылы ғана жеткендіктен, оның аса бай музыкалық мұрасы толық қамтылмай келеді.
Қазіргі уақытта ақын-композитордың 30-дан аса әні және оның ел аузындағы түрлі нұсқаларын қосқанда 40-қа жуық әндері нотаға түсірілген.
1948 ж. Ерзакович Семей облысы, Жарма ауданы «Октябрьдің 15 жылдығы» колхозында тұратын ақын Көсембек Байғұтдиновтан Абайдың «Қарға мен бүркіт» әнін жазып алған болатын. Бірақ, әлі күнге дейін бұл әннің орындаушысы табылған жоқ.
Абайдың музыкалық мұрасын жинауға ақынның Тұрағұлдан туған немере қызы Мәкен Мұхаметжанова да көп үлес қосты. Ол атасының әндерін тікелей өз әкесі мен әкесінің замандастарынан үйренген. 1939 ж. Мәкеннің орындауындағы Абай әндерін композиторлар А.Жұбанов пен А.Серікбаев жазып алған болатын. Бірақ сол әндерден Жұбанов нотаға түсірген «Онегиннің Татьянаға хатынан» басқасы сақталмаған.
1984 ж. ҚазССР ғылым академиясының Әдебиет және өнер институтының өтінішімен Мәкен Тұрағұлқызы Абайдың 16 әнін магнитофон таспасына жаздырды. Мұның 11-і композитордың бұрын белгілі әндерінің жаңа нұсқасы да, алтауы: «Онегиннің Татьянаға жауабы», «Онегиннің өлердегі сөзі», «Жарқ етпес қара көңлім не қылса да», «Әбдірахманның әйелі Мағыштың жоқтауы», «Теректің сыйы», «Есіңде бар мажас күнің?» алғаш рет нотаға түсірілді. Мәкен орындаған бұл әндерді музыкалық зерттеушісі Қ. Жүзбасов жазып алды.
Бүгінде Абайдың музыкалық шығармалары қазақ руханиятының аса құнды бөлігіне айналды. Оның әндерін кәсіпқой әншілер домбырамен де, фортепианоның сүйемелдеуімен де, көптеген аспаптық ансамбльдер мен оркестрлердің репертуарларында да орындалып келеді. Абай әндері ақынның музыкалық ғылыми жаңа саласын тудырып, көптеген опералық, симфониялық, камералық және хорға арналған шығармалардың өзегіне айналды.
Алмахан Мұхаметқалиқызы
Abai.kz