Трамп пен Ши: Кім бұрын тізерлейді?..

Трамптың жаһан елдеріне ашқан тариф соғысы, айналып келіп әлемдік екі үлкен экономика - АҚШ пен Қытайдың өліспей-беріспейтін сауда соғысына айналды. Ақ үй қожайыны бірер күн бұрын Қытай билігіне өш алу сипатындағы 34 пайыздық салықты сәуірдің 8-іне дейін алып тастамаса, 9-шы сәуірден бастап тарифті тағы да 50 пайыз үстемелейтінін айтып ескерту жасаған еді. Қытай билігі оның сөзін сөз деген жоқ, АҚШ тауарына салынатын тариф мөлшерін 84 пайызға бір-ақ көтерді.
Оған жауап ретінде Трамп кеше Қытайға салынған тариф мөлшерін 125 пайызға көтерді. Ол сондай-ақ әлемнің 75 мемлекетінің өзімен келіссөзге кезекке тұрғанын ескеріп, оларға салынған салықты 10 пайыз деңгейіне түсіріп, 90 күн кешіктіретінін жариялады. Трамптың бұл шешімі демократтар жағынан да қолдау тапты. Сөйтіп АҚШ-тың апта басынан бері 12 пайызға құлдырап, коронавирус кезіндегі деңгейге түскен қор нарығы қайта көтерілді. Деседе сарапшылар қуануға әлі ерте дейді. АҚШ Қаржы министрі Бессент "коммунистік билік осымен тоқтамаса, шекті құны 1.1 триллион долларды құрайтын Қытайдың 286 компаниясын АҚШ биржасынан аластаймыз" деп қатаң ұстанымын білдірді.
Әлемдік БАҚ қазір "Трамп пен Шидің қайсысы бұрын келісімге келуге емеурін білдіреді?" деген мәселені талқылап жатыр. Американың солшыл басылымдары "Бәрі шыдамсыз Трамтың дегбірсіздіген болып жатыр" десе, Еуропаның беделді басылымдары Қытай билігінің Трамптың алдынғы сауда соғысынан көп тәжірибе жинағанын, экономикасын әртараптандырып үлгергенін жазуда. Осы арады айта кететін мәселе Қытайдың жан саны жарты миллиардқа жуықтағанымен тұтыну деңгейі әлем нарығында 8 пайыз ғана, ал АҚШ халқы Қытай халық санынан 4 есеге жуық аз болсада, тұтыну дейгейі, зат сатып алу қабілеті 30 пайыз, төрт еседей жоғары.
Трамп тарифтың қызығымен жүргенде, кеше Қытай басшысы арнайы жиналыс өткізіп, төңірегіндегі елдермен сауда байланысын жақсартуды басты нысана етуді тапсырған. Сондай-ақ жиналыстан соң Қытай басшысының алдағы апталарда Малайзия, Тайланд, Ветнамға қатарлы елдерге сапарлай баратыны мәлім болған.
Мұхиттың аржағындағы Американы айтпағанда, Қытайдың шығыс, оңтүстігінде Жапония, Корея, Ветнам, Индонозия қатарлы елдерді есептегенде 650 миллион адамдық үлкен нарық, қазіргі нөмірі бірінші одақтасы Ресейді, Иранды, Орта Азияны есептегенде 300 миллион адамдық нарық, Үндістанның өзінде 1 жарым миллиард адамдық нарық бар екені айдай ақиқат. Қытай билігінің алдағы уақытта төңірегіндегі елдерге басымдық беретіні тегін емес. Экономикасы қуатты Еуроодақ елдерінің де АҚШ-қа еріп Қытай нарығына қолды бір сілтей алмасы анық. Венгрия Қытай электравтосын өндіретін басты елге айналды. АҚШ Қаржы министрі Испания билігіне Қытаймен тым жақын болып бара жатқаны үшін ескерту жасады.
Сарапшылар Трамп пен Ши бір-біріне жол бермесе, сауда соғысы қаржылық дағдарыстарға әкелуі мүмкін, соның салдарынан экономика да ғана емес жаһандық геосаясатты да тұрақсыздық орын алуы мүмкін дейді.
Нақтылап айтқанда біріншіден әлемдік экономикалық сауда жүйесі қайта құрылмақ. Екіншіден экономикасы қуатты елдермен бірге шағын елдердің ішінде де саяси тұрақсыздық орын алмақ. Ақ үй мен Бейжиңді мысалға алсақ, сауда соғысының кесірінен зат бағасы күрт өсіп, халықтың сату алу қабілеті төмендеп, билікке бәсекелес күштердің ел ауанын өзіне бұруына әсер етуі мүмкін.
Үшіншіден әлемдік геосаясат қайтадан құрылымдалуы, жаңа геосаяси қақтығыстарға алып келуі мүмкін.
Жақындағы көршімізбен алыстағы Американың арасындағы экономикалық, саяси мұддеден туындағын сауда ойындары бізді айналып өтеді десек қазақы аңғалдық болар еді.
Қазірдің өзінде мұнай бағасы төрт жылдан бергі ең төменгі шекке жетті. Бізді қойып, Ресей жыл басынан бері мұнайдан түсетін табысының 15 пайызынан айырылған. АҚШ-тың мұнайы мен газін Еуропаға жеткізуді, Украинаның сирек металлдар қорын игеруді жоспарлап отырған Трампты біздің шикізат қорымыз қызықтырмасы анық. Қытай бұрынғыдай басты сауда әріптесіміз боп қала бермек.
Рубльге байланған теңгеміздің Путиннің "арнаулы әскери операциясының" кесірінен титықтағаны белгілі. Қазір доллар құны 500 ден қайта көтеріле бастады.Ши басшы Трамппен келісімге келмей, соңына дейін барса, доллардан бас тартып, өзге елдермен юанмен есеп айырыса бастайды. Бізді де бірге алып кетеді. Рубльдің әсері аздай, теңге қытай юаніне байланса, салдарының қандай боларын ойлай беріңіз.
Бір анығы еліміздің нарығын Қытайдың арзан тауары басқалы тұр. Соның әсерінен орта, шағын бизнес тұралап, кеше парламент мақұлдаған 16 пайыздық ҚҚС-ның жартысын да төлей алмайтын күйге түсуі мүмкін.
Есбол Үсенұлы
Abai.kz