Жексенбі, 13 Сәуір 2025
Әне, көрдің бе? 1373 0 пікір 10 Сәуір, 2025 сағат 15:14

Ханшайым Динараның қой терісін жамылған қасқыр бизнесі

Сурет: persona.mail.kz сайтынан алынды.

Өткен ғасырдың 90 жылдарының ортасында Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-тың мұнай компаниясының бір өкіліне: «Мені отбасыңдағы балаларың бизнеске араласты деп кінәлайды», - деп мұңын шағып, қыздарының бизнеске бейімді екенін айтып, мақтауын жеткізе алмай біраз жерге барып қалған-тын.

Содан бері де 30 жыл өтіпті. Иә, тепсе темір үзер, аптал азаматтың жасы. Аптал азаматтың жасындай жасында Нұрсұлтанның іні-қарындастарын, күйеу баларын сөз етпей-ақ қоялық.

Ерке қыздарының бизнес-ледилігі төңірегінде тіл безеуді алға шығаратын болсақ, «Ауызы қисық болса да бай баласы сөйлесінің» керімен Дариға мен Әлия БАҚ-тан түспей, ұлттық һәм әлемдік жұлдыздарға айналды. Ал «Өнер алды арт қысқан» позициясын ұстанған ортаншы қыз - Динара күйеуі Тимурдың тасасында, ешікміге елеусіз күй кешкені жасырын емес.

Сондықтан мақтау мен сынаудан әпкесі мен сіңлісіне қарағанда адалау болды. Не істеп, не қойып жүргенін ешкім білмейтін жанға айналып та үлгерді. Бірақ БАҚ керек қылмағанымен, әкесінің басынан бағы тайып, дәурені келмеске кеткеннен кейін, бизнесі де белгілі болып, байлығы әпкесі мен сіңлісін шаң қаптыратын нағыз бизнес акула екені әшкере болып, жағасына жармасқан әлемдік заңның қолы әртарапқа сүйрей бастады.

Бұрынғыдай «Артымен диірмен тартқан» әкесінің алмас қылыш пәрмені жоқтықтан ішкен-жегені ел-жұртқа мәлім бола бастады. Біз оның тап осылай боларын біліп, көптеген активтерінен қалай құтылғанын сайтымызда жазған болатынбыз.

Отандық БАҚ-та жуырда: «Женева тергеушілері Динараның шашын ағартып, жүйкесін жұқартуда....», - деген айлаған тақырып пайда болды. Бақсақ бақа екен дегендейін, Швейцариядағы ешкімге елеусіздеу Рейл дейтін шағын банкте Назарбаевтың ортаншы қызы Динараның 166 млн доллары мұрты бұзылмай жатқанын халықаралық зерттеуші журналистердің OCCRP ұйымы анықтап хабарлады.

Бұл банктің атақ абыройы ұзақ жыл Орта Азиядағы жемқор биліктің туын желбіреткендердің туған-туысына адал қызмет көрсетуімен көкке өрлеп келді. Тышқан тірлікпен отыз жыл бойы Қазақстанның майшелпек «қызығын» Назарбаевтың қалған қыздарынан артық көрген Құлыбаева байлығының бір бөлігін өзіне тиесілі активтің есеп-қисабын жүргізген Банктің басқарушы директоры Франсуа Рейлдің көмегімен, оның әулеттік банкінде сақтап келгенінің дерегін OCCRP қолымызға ұстатты.

Ен байлықтан басы айналған Динара жиған-тергенін өз қызығына аямай жұмсаудың орына, аты аталған Рейлдің көмегімен 25 миллион еуро көлемінде несие алып, Франциядан зәулім сарай сатып алған екен. Рекең екеуі ырғалып-жырылғалып, жалғанды жалпағынан баса береміз деп жүргенде, дәл қазір Женева прокуратурасы Reyl банкінде жатқан 166 млн доллардың шығу тегін анықтап жатқан көрінеді.

Қазақ сотына пысқырып төбеден қарайтын, болмай қалған патшалықтың оңбай қалған ханшайымы Динара жан алқымға тығылып, Жан-Кристоф Хокты қорғаушылыққа жалдады. Іске жанын сала кіріскен Жәке-Кәкең «Мақтаған қыз тойда зеңберек атадының» керін келтіріп отырған Динара ханшайымда «мұншама алапат ақша қайдан келді, қайдан шықты?» деген сауалға төмендегідей:

«Мұның бәрі Динараның адал еңбегі, маңдайы тері. Клиентімнің капиталы Halyk Bank-тегі үлесінен алынған. Reyl банкінде сүрленіп жатқан ақшаның шығу тегі дәл осы жерден», - деп беті бүлк етпей жауап қатыпты.

Осылайша қазақ қоғамының құлағына шалынып, елең еткізіп, көз тіктірген аталған іс бойынша тергеу әлі жалғасып жатыр. Осындай боларын алдын ала тамыршыдай тап баса білген депутат Бапи күні кеше жыл сайын күреп табыс табатын банктердің акционерлеріне салық салуды ұсынған болатын.

Мылтықтың басуына құланның қасуы дегендей, енді Еуропада жәукемделген Динара ханшайымды қазақ еліндегі фемида жәукедей алар ма екен? Әлде «Жаңа Қазақстанды» жалаулатқан биліктегілер салықтың көрігіне салып, Үкіметтің балғасымен көкесін көзіне көрсетіп, көк шыбын үйрілте ме? Бұның бәрі уақыттың еншісінде десек те, Еуропада сөгілген сел тасқыны Қазақ жеріндегі «Ескі Қазақстанның» Динараш сияқты алпауыттарын топан судай басатын күн бар ма?

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Қайраулы қара семсер

Есболат Айдабосын 1826
Анық-қанығы

Еуропаға Ресей аумағынсыз шығу жолы

Асхат Қасенғали 4637
46 - сөз

Бізге беймәлім Барақ хан

Жамбыл Артықбаев 3675