Астанадағы парад: «Жеңіс күні» Кремльдің жеке меншігі ме?

2022 жылы 24 ақпанда Путин Украинаға соғыс ашқаннан кейін Еуропа бастаған әлем елдерінің қатаң қарсылығына ұшырап, санкция астында қалып, халықаралық қауымдастықтардан шығарылып, мүлде оқшауланып қалғаны белгілі.
Биыл қаңтардың 20-сы күні Трамп Ақ үйге қайта оралғаннан кейін, Еуропалық әріптестерінен басқаша жол ұстанып, Кремльмен қатынасын қайта қалпына келтіруге жол ашты. Сол дем бергендей қазір Кремль стратегтері Жеңістің 80 жылдығын саяси құралға айналдырып, әлем басшыларын Мәскеуге жинап, үш жылдан бергі жоғалтқан абыройларын орнына келтіріп, ұпай жинауға тырысып жатыр.
Қазіргі күнге дейін Қызыл алаңда өтетін әскери парадқа Орта Азия басшыларынан бөлек, Қытай басшысы Сидің қатысатыны анық болды. Ол 7 мамыр мен 10 мамырда Ресейде ресми сапармен болатыны нақтыланды.
Орыс тілді қазақ ақыны Олжас Сүлейменовтің Екінші дүниежүзілік соғысты –«Еуропалықтардың соғысы» деп бағалағаны белгілі.
Кремльдің «Жеңіс күнін» жекешелендіріп алғаны сонша, Дүниежүзілік соғыстың 80 жылдығын өзге елдердің де атап өтуіне бір жолата тыйым салғысы келіп, екіленіп отыр. Мәукеу дүниенің орталығындай, соғысқа өзге елдер үлес қоспағандай кейіпте отыр.
Германия Федералды парламенті Мамырдың 8-і күні Дүниежүзілік соғыстың 80 жылдығын атап өтуге, елінде орналасқан Украина бастаған шетел дипломаттарын шақырған. Ресей мен Беларусь елшілерін ғана шақырусыз қалдырған. Соған Кремль тарабы бұлқан-талқан болып жатыр.
Медведов оны «отпен ойнау» деп бағалап, «кезінде нацистік Германияның одақтасы болғандарды шақырып, фашизмды жеңген бізді шақырмағаны несі?» деп жынданардай болып жүр.
Биыл 80 жылдыққа орай Берлинде 8 мамыр демалыс күні болып жарияланды.
Біздің елімізде де 1992 жылы 7 мамырда экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен ҚР Қарулы Күштері құрылды. 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні болып бекітіліп, Мемлекеттік демалыс күні болып аталып келеді.
Биыл 80 жылдығы аталып өтілетін «Жеңіс күнінің» жақындауына 1 миллион 200 мың адамы қатысқан, қойнауы қазынаға толы Қазақстанның да үлесі зор екені айтпаса да түсінікті.
Жеңісті еуропалықтардан қызғанып отырған Кремль бүгінгі бейбіт өмір үшін жанын пида еткен аталарымыздың ерлігін әділ бағалады деп айта алмаймыз. «Қазақстанда әскери парад не ұшін 9 мамырда, емес, 7 мамырда өтеді?» деп ақпараттық қысым жасағысы келеді.
Қалай десек те, Еуропа мен АҚШ-тан бір күн бұрын, Кремльден екі күн бұрын бабалар ерлігін ұлықтағанымыз қай жағынан болса да оң шешім екені анық.
Abai.kz