Бейсенбі, 8 Мамыр 2025
Аймақ 602 0 пікір 7 Мамыр, 2025 сағат 18:45

Жетісу облысында Отан қорғаушыларды құттықтады

Фотосуреттерді түсірген: Жеңіс Ысқабай, Олжас Құрмашев7

Бүгін Жетісу облысында Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты шара өтті. Осы жиында Астана қаласында Қазақстан Республикасының Президенттің қатысуымен өткен бас әскери шерудің тікелей эфирін жетісулықтар Талдықорғанның орталық алаңында LED экран арқылы тамашалады. Сол сияқты облыс күні 30 жас сарбазды салтанатты жағдайда әскер қатарына шығарып салды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Мерекелік шараларға облыс әкімі Бейбіт Исабаев, тыл еңбеккерлері, ҚР Қарулы Күштерінің ардагерлері, облыстық, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері, Ауған соғысының ардагерлері, Чернобыль апатының зардабын жоюға қатысқандар мен Семей полигонының ардагерлері және тжалпы саны 200-ге жуық адам қатысты.

Жиналған көпшілік алдында облыс әкімі Бейбіт Исабаев сөз сөйлеп, Отан қорғаушылар мерекесімен құттықтады.

- Бүгінгі 7 Мамыр – Отан қорғаушылар күнімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын. Биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл толып отыр. Біз аға ұрпақтың асқақ рухына бас иеміз. Барша майдангерлердің есімі мен ерлігі халықтың есінде мәңгі сақталады. Отан – қастерлі ұғым. Оны қорғап, тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – біздің армия мен басқа да күштік құрылымдардың басты міндеті. Бүгін даңқты бабаларымыздың берік дәстүрін жалғастырған жас сарбаздарды салтанатты жағдайда әскер қатарына шығарып салып тұрмыз. Сарбаздардың әскери қызметіне табыс, баршаңызға мықты денсаулық, бейбіт те берекелі ғұмыр тілеймін! – деді Б. Исабаев.

Мұнан соң жас сарбаздар әскер қатарына жөнелтілді. Бұдан әрі мереке әскерилердің қойылымымен және Отан қорғаушылар күніне арналған мерекелік концертпен жалғасты.

Осы күні Талдықорған әскери гарнизонының № 21751 әскери ұшқыштар бөлімшесінің «Жетісу барысы» ұшқыштары орталық алаңның әуе кеңістігі арқылы ұшып өтті. Атап өтсек, ұшқыштардың осы құрамы Астана қаласында өткен бас әскери шеруде де өнер көрсеткен болатын.

Мерекелік әс-шараларды тамашалағандардың ішінде Талдықорған қаласының тұрғыны Айтбек Әубәкіров те бар.

- Мен Семей сынақ полигонының ардагерімін. Бүгінгі мерекелік шараларды көруге әскерде бірге болған бірнеше жолдасыммен бірге келдік. Астанадан тікелей эфирд арқылы берілген парад, Талдықорғандағы сахнадан көрсетілген отаншылдыққа үндейтін тамаша көріністер өте әсерлі болды. Жергілікті күштік құрылымдардың әскери дайындығына куә болдық. Өскелең ұрпақ біз көрген қиындықтарды көрмей, елімізде әрқашан бейбіт өмір болсын. Бұл мереке жастардың елжанды болып өсуіне, қажыр-қайратын шыңдауға ықпал етеді деп ойлаймын, - дейді ол.

Бүгін Орталық алаңға Талдықорғандағы Бақтыбай Жолбарысұлы атындағы № 18 мектеп-лицейдің кадет сыныбының оқушылары да арнайы келген. Солардың бірі 7 «б» сынып оқушысы Аяулым Ақмолдаева:

- Кадет сыныбында оқып жүргенімді мақтан тұтамын. Біз пайдалы білім алып, физикалық дайындығымызды жақсы шыңдап жатырмыз. Маршпен жүруді, автомат құрылымын, ату дайындығын, басқа да қажетті машықтарды меңгеріп жүрміз. Алдағы уақытта болашағымды әскери саламен байланыстырғым келеді. Бүгінгі меркелік шараларда әскери бөлімдердің кәсіби өнерін көріп, өзімнің болашақ таңдауыма деген сенімім еселене түсті, - дейді ол.

Еске салсақ, Талдықорғанда Отан қорғаушылар күніне арналған мерекелік концерт кешкі уақытта да жалғасады.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Алтын сандық

Бауыржан Омарұлы 1924
Білгенге маржан

Сертіне берік самурай...

Бейсенғазы Ұлықбек 2551