Астанада ТҮРКСОЙ Музейлер бірлестігінің отырысы өтеді

2025 жылғы 19 мамырда Астана қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің қабырғасында ТҮРКСОЙ Музейлер бірлестігінің үйлестірушілері арасында музейлік жәдігерлерді реставрациялау және консервациялау мәселелеріне арналған отырыс өтеді. Іс-шара сағат 14:30-дан 17:00-ге дейін ұйымдастырылады. Жиынға түркітілдес елдердің жетекші музейлерінің өкілдері қатысады.
2025 жылы Ұлттық музей директоры Берік Әбдіғалиұлы ТҮРКСОЙ-ға мүше елдердің мемлекеттік музейлері директорлары кеңесінің төрағасы қызметін атқарады. Осыған орай, Ұлттық музей алаңында Ақтау қаласының түркі әлемінің 2025 жылғы мәдени астанасы болып жариялануына байланысты әзірленген мәдени бағдарлама аясында арнайы отырыс ұйымдастырылып отыр.
Жиын жұмысына қатысатындар:
- Джавид Мовсюмлю – ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының түркітілдес қауымдастықтармен байланыс департаментінің басшысы, ТҮРКСОЙ Музейлер бірлестігінің бас үйлестірушісі (Түркия);
- Азамат Белқайыров – ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының мәндетін атқарушы;
- Түркия, Түрікменстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Молдова (Гагаузия) және Солтүстік Кипрдің музей өкілдері
- Қазақстанның республикалық және өңірлік музейлерінің басшылары
Кездесу барысында 2024 жылғы жұмыстардың қорытындысы жасалып, 2025–2026 жылдарға арналған негізгі бастамалар таныстырылады. Ерекше назар музейлік артефактілерді сақтау және қалпына келтіру мәселелеріне аударылады. Осы бағытта «Остров Крым» зертханасының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қырым Алтынбеков баяндама жасап, реставрация саласындағы практикалық тәжірибесімен және табысты жобаларымен бөліседі.
ТҮРКСОЙ елдерінің өкілдері өз мекемелерінің тәжірибесін ортаға салып, музей саласындағы өзекті мәселелерді талқылайды және кәсіби ынтымақтастықты одан әрі дамыту жолдарын айқындайды.
Күн тәртібіндегі негізгі ұсыныстар: бірлескен көрмелер ұйымдастыру, реставрациялық мектептер мен мамандар алмасу бағдарламаларын өткізу, ғылыми басылымдар шығару, мәдени мұраны сақтау мен дәріптеу үшін цифрлық технологияларды пайдалану.
Жиын соңында қорытынды жасалып, негізгі келісімдер мен ұсыныстар бекітіледі, сондай-ақ бірлескен жобаларды іске асыруға жауапты тараптар айқындалады.
Abai.kz