Бейсенбі, 22 Мамыр 2025
Аңыз Абай 204 0 пікір 22 Мамыр, 2025 сағат 14:34

Хәкім Абайдың діни ой пікірлері

Сурет: GOV.KZ сайтынан алынды

Қоғамдағы діни экстремизм көріністері, дәстүрлі емес діни ағымдардың қауіп-қатерінен сақтану өзекті мәселелердің бірі. Сондықтан ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі діни танымды арқау етіп, дін мен дәстүр бірлігіне негізделген еліміздің жастарына рухани иммунитет қалыптастыру –  заман талабы.

Қазақ қоғамы жастарға діни білім беру мен діни санасын қалыптастыру барысында дана Абайдың мұраларынан алары мол. Бұл тақырыпқа келгенде ұстанар негізгі темірқазығымыз  Абай  ілімі болса адаспаймыз. Абай Құнанбайұлы – қазақ халқының ұлы ақыны, ойшылы әрі рухани ұстазы. Ол өз заманында елінің мәдени, рухани және әлеуметтік өміріне үлкен ықпал еткен тұлға болды. Хәкім Абай өзінің шығармаларында дін тақырыбына ерекше көңіл бөлді. Қазіргі таңда қоғамда діни мәселелер ушығып тұрған кезде осындай  дана ойшылдарымыздың сөзіне құлақ түрмеске болмайды. Себебі, олардың сөзі «өлмейді», қашан да құнды.

Ойшыл Абай тек діни сана қалыптастыруға, діни адам тәрбиелеуге ұмтылған емес, ол адамгершілікті адам, толық адам, камили инсан моделін жасауға, тәрбиелеуге талпынған тұлға. Хәкім Абай – кәміл, жан-жақты үйлесімді жетілген толық мұсылман. Десек те, Абайдың дінге деген көзқарасы өте күрделі. Абайдың діни көзқарастарының біздің кәміл дінімізге туралығы, сәйкестігі жөнінде дінтанушы ғалымдар айтып жазып жүр. Абайдың хәкімдік биігіне көтерілуіне және қазақтың бас ақыны атануына білімдердің түп атасы Құран Кәрімнің  рөлі жоғары болған.

«Алла мінсіз әуелден, пайғамбар хақ,

Мүмин болсаң, үйреніп сенде ұқсап бақ.

Құран рас, Алланың сөзі дүр ол,

Тәуилін білерлік ғылымың шақ» - деп 1902 жылы жазылған  «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген өлеңінде бастан аяқ Алланың бірлігін, Құранның шындығын, Пайғамбардың хақтығын терен айтып өтеді. Мұндағы «тәуил» деген сөз Құран аяттардың сырларына көз жүгіртіп, олардың түпкі мағынасы мен мәнін ашу әрі анықтау дегенді білдіреді. Демек, аталған терминді дінтанушы ғалымдар терең түсіне алады.

«Көп кітап келді Алладан. Оның төрті,

Алланы танытуға сөзі айырмас» - деп Алла тарапынан келген төрт кітапты айтады. Мұса пайғамбарға –Тәурат, Дәуіт пайғамбарға –Зәбур, Иса пайғамбарға – Інжіл және Мұхаммед пайғамбарға түскен қасиетті Құран кітабын айшықтап тұр.

Хәкім Абай ислам дінін сыртқы формасын емес, рухани және ақыл-ой тұрғысынан қабылдады. Демек, адамды кемелдікке жетелейтін, жол ретінде қарастырып, Алланы тану, адамды сүю, ғылымды меңгеру, еңбек ету және жүрек тәрбиесін ең басты құндылықтар деп білді. Оның дінге көзқарасы қазақ халқының ұлттық болмысымен тығыз байланысты, әрі бүгінгі заман үшін де өзекті.

М.Әуезовтің: «Абайға Шығыстан дарыған құндылықтардың басы – ислам діні. ...Абай – анық діншіл ақын. Дін-исләмият жолының қағидаларына табынған, мұсылманшылықтың Алласын, пайғамбарын, иманын үнемі ауызға алып отырғаны дін ұстазының ұғым-нанымын көрсеткендей. Тілде де, ақындық сөздікте де, құранның аятынан алынған әрбір діндар мұсылманның аузында жүрген дұғалықтың, тағат-ғибадаттың сөздері бар» - деп айтқаны бекер емес. Демек, Хәкім Абай 12-қарасөзінде иман мен ақылдың байланысын атап: «Иман деген – Алланың бірлігіне, Пайғамбардың хақлыгына, ахиретке, Құран мен шариғатқа сену… бірақ бұлардың бәрін терең ақылмен ұғып, шын көңілмен сену керек». Яғни Абай дінді соқыр сенім деңгейінде қабылдауға қарсы болды. Оның ойынша, адам баласы ғылым мен білім арқылы Алланы тануға ұмтылуы тиіс. Осы тұста Абайдың ағартушылық ұстанымы да көрініс табады. Абайдың дінге көзқарасында «Үш сүю» концепциясы ерекше орын алады. Ол адамның ең басты парызы ретінде: Алланы сүю, адамзатты сүю және хақ жолы әділетті сүюді атап өтеді. Құран Кәрімнің «Шұғара» сүресі 88-89 аяттарда: «Ол күні (қиямет күні) мал да, бала-шаға да пайда бермейді. Тек, кімде-кім Алланың құзырына қалбун салиммен, яғни сау жүрекпен келсе, сол адам ғана пайда табады». Бұл – ислам дінінің нағыз гуманистік, рухани тереңдігін көрсететін тұжырым.

Абайдың қарасөздеріндегі дін туралы пікірлері оның діни білімі мен танымын аңғартады. Ақынның 45 қарасөзінің он бірі дін тақырыбына арналған. Олардың ішінде кейбір қарасөздері тек діни мәселелерді қозғайды. Мысалы, «13-қарасөзінде» иман мен ғибадат, «27-қарасөзінде» құлшылық, хикмет, ақыл жайында, «28-қарасөзінде» тағдыр, иман, ақыл, ғибадат, «34-қарасөзінде» ақырет, иман, дүниелік өмір, «43-қарасөзінде» жан мен тән, ақыл, талап, қуат, «45-қарасөзінде» Алла Тағаланың барлығына дәлел келтіріп, әділет, махаббат туралы баяндайды. Қарасөздерінің ішіндегі ең көлемдісі – «38-қарасөзі». Хәкім Абай өз заманындағы діннің дұрыс түсіндірілмеуі, діндар адамдардың халықты адастырып, дінді пайда көзіне айналдырғанын қатаң сынға алды. Ол 27-қара сөзінде: «Жас балаға оқу үйреткенде, бұрынғы молдалар қорқытып, ұрып-соғып, оқытады, не жаттатып қояды... Бұлай болған соң, оқыған нәрсесі көңілге ұйымай, көңілсіз нәрсе болып қалады» деп жазады. Бұл – Абайдың діни білім беру жүйесіне айтқан өткір сыны ғана емес, діннің шынайы мақсатына жетпей жатқанына деген жан айқайы. Ол дінді құр мәтін жаттау немесе сыртқы әрекеттерге шектеу емес, оны жүрекпен түсініп, адам бойына сіңіру қажеттігін айтты.

Соңғы жылдарға дейін Абайдың әдеби мұрасын танып білу, оны насихаттау жұмысының бәрі де материалистік, атеистік дүниетаным негізінде зерттеліп насихатталып келгенін ешкім де  терістей алмас. Өйткені шындық осылай болып тұр. Ғалым Ғ.Есімов «...ислам философиясына  үңілмей Абайдың көзқарастарын талдау өте қиын шаруа» - деп  дұрыс пікір айтқан болатын.  Абай дүниетанымының қалыптасуында шығыстық рухани қазына көздерінің  өзіндік қайталанбас орны барын таза материалистік атеистік ұстанымдағы кеңестік идеология терістеп келді.

Абайдың исламды тануына көз жіберейікші. Біздің даламызға Ислам діні сопылық ілім негізінде таралған болатын. Және бір қызығы, әлемдегі ең ұлы классик ақынның бәрі сопылық ілімнен сусындағандар. Абайды да солардың қатарына жатқызуға болады. Асып түспесе, кем емес. Толық адам туралы ілімі де осы сопылық іліммен ұштасады. Алайда мұны философтар әлі толық ашып бере алмады. Өйткені философияның тірелетін жері - материя. Ал Шығыстың фәлсафасының қайнары – сана. Біз өзіміздің фәлсафамызға түспейінше, Абайдың Шығысын толық ұғына алмаймыз. Бұл – болашақтың еншісіндегі дүние. Біз Абай Шығысының есігін ашқанмен де, бірақ әлі ішіне кіре алмай жүрміз.

Бақтияр.Алпысбаев

Дінтанушы

Аbai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Алтын сандық

Бауыржан Омарұлы 2800
Білгенге маржан

Сертіне берік самурай...

Бейсенғазы Ұлықбек 4531