Баку батыл айтты: Мединский, орныңды біл!

Ресейде Владимир Мединский деген бар. Украина бойынша Ресейдің екі кезек «бас келіссөзшісі». Сол әлгінде Украинамен келіссөз һәм келісім туралы сөйлеп отырып, Әзербайжанның Қарабағын тілге тиек етті.
Мединский: «Шынайы бітімге қол жеткізбестен, уақытша атысты тоқтатудың соңы Армения мен Әзірбайжан арасындағы даулы өңір — Қарабақ сияқты болады. Ол кезде бүкіл аймақ ауқымды бір Қарабаққа айналады.
Уақыт өте келе Украина НАТО-мен және одақтастарымен бірге Альянсқа мүше болып, бұл жерлерді кері қайтаруға тырысады. Мұның салдары — Жер планетасының ақыры, яғни ядролық соғысқа әкеліп соқтырады.
Мәскеу «ешкім мойындамаған, алайда ядролық соғысқа себеп болуы мүмкін ауқымды бір Қарабақтың» пайда болуын қаламайды», - деді көпіріп отырып.
Анығы:
Ресейдің Украинадан тартып алған аумақтары – әлем мойындамаған, оккупацияланған, аннекцияланған, басқыншылық соғыспен алынған аумақтар.
Ал Қарабақ – бұл Әзірбайжан заңды жері. БҰҰ шеңберінде мойындалған аумақ. Тіпті, 44 күндік соғыстан соң, Арменияның өзі «мойындаған» аумақ.
Алайда, «плагиатчик» Мединский бұл екеуінің айырмасы жер мен көктей екенін ажырата алмай, сауатсыз салыстыру жасады. Сәйкесінше, жауабы көп күттірмеді.
Әзірбайжан СІМ-і Ресей Президентінің көмекшісі Владимир Мединскийге «өз құзыретіне кірмейтін мәселелерге араласпау» жөнінде ашық түрде ескерту жасады.
«Еске салғымыз келеді: Қарабақ — ежелден Әзірбайжан жері. Ресей Қарабақты Әзірбайжан аумағы ретінде бұрын да мойындаған, қазір де сол ұстанымда. Бұл ретте Минск тобының тең төрағасы болған елдің президентінің көмекшісі өз мемлекетінің ұстанымын не түсінбей отыр, не түсінгісі келмейді деген сұрақ туындайды.
Ресей Президентінің көмекшісі Ресей мен Украина арасындағы соғысты Қарабақтағы жағдаймен салыстырып отыр. Мұндай салыстыру орынсыз, себебі Әзірбайжан ешқашан өзге мемлекеттердің аумақтық тұтастығын бұзған емес және ешбір елге қарсы басқыншылық соғыс жүргізбеген. Мединский мырзаға өз құзыретіне жатпайтын мәселелер бойынша жаңсақ пікір білдіріп, мемлекетаралық қарым-қатынасқа нұқсан келтірмеуді ұсынамыз», - деді төтесінен.
Abai.kz