Жексенбі, 15 Маусым 2025
Ақмылтық 421 0 пікір 14 Маусым, 2025 сағат 15:27

Уашингтонға сапар: Канделаки тағы да тулайтын болды

Сурет: ertenmedia.kz.

Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің келуіне санаулы күн қалғанда, Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу күтпеген жерден Уашингтоннан бір-ақ шықты.

Мұның астарында не жатыр? "Бұл жолғы Уашингтон сапарының саяси салмағы бұған дейінгі жүздесулерден бөлек", - деп пайымдайды Ertenmedia.

Нұртілеу Әмірика астанасында бірден үш бағытта келіссөз жүргізді. Сенат, сауда саласы және қауіпсіздік мәселесіне жауапты ықпалды тұлғалармен жүздесті.

Алдымен Сенаттың халықаралық іс комитетінің төрағасы Жейміс Риштің алдынан өтті. Әңгіме кәкір-шүкір емес, нақты заңдық кедергілерді жою төңірегінде өрбіді.

Әсіресе, Кеңес дәуірінің сарқыншағы саналатын, АҚШ-пен тұрақты сауда жасауға кедергі жасап келе жатқан «Джексон-Вэник» түзетуін алып тастау ашық талқыланды. Ақ үй әлгі шектеудің көзін құртуға дайын екенін аңғартты. Бірақ, бартер сұрады. Орнына құрылымдық деңгейдегі жақындасуды, сөз жүзінде емес, нақты, заңдық әрі саяси тұрғыда орнықтыруды талап етті. Келесі кездесу АҚШ-тың сауда өкілі Жеймисон Грирмен өтті. Келіссөзде қатардағы алыс-беріс емес, "high high value-added manufacturing", қазақша айтқанда, шикізатты қарапайым күйде сатпай, одан сапасы жоғары, дайын өнім немесе жартылай дайын өнім жасау мәселесі талқыланды.

Әмірика бізден жай ғана шикізат (соның ішінде сирек минерал) сатып алғысы келмейді. Астананы жоғары технологиялық өндіріс тізбегіне тартып, Бейжіңнің ықпалынан шығарып әкетуді қалайды. Мұның ішінде логистиканы әртараптандыру мәселесі бар.

Уашингтон Қазақстан арқылы Қытай мен Ресейді айналып өтетін балама тасымал жолын қалыптастыруға мүдделі. Үшінші әрі аса маңызды кездесу Мемхатшы Марко Рубиомен болған жабық есік форматындағы пікір алмасу. Рубио Мәскеу мен Бейжіңді суқаны сүймейтін саясаткер. Маркомен мәмілеге келу формалды протокол емес.

Демек, Қазақстанға геосаяси таңдау ұсынылып отыр. Рубионың сөзінен ұққанымыз, Астана әмірикалық технология мен инвестицияға, бейресми дипломатиялық арналар мен саяси кепілдікке жол ашатын стратегиялық әріптестікке батыл баруы тиіс.

Тоқаевтың төңірегі бұл ұсынысқа кет әрі емес тәрізді. Тоқ етерін айтқанда, Нұртілеудің Уашингтон сапары, бір шәугім шәйді тауысып қайтқан, іш пыстыратын іссапарға ұқсамайды. Үстел үстінде тұрақты сауда партнерінің мәртебесі, уран, сирек металды өңдеуге қажетті инвестиция, логистиканы қайта құру, қауіпсіздік саласындағы тығыз әріптестік секілді маңызды құжаттар тізіліп жатыр.

Әмірикаға Қытайдың сөзін сөйлеп, Мәскеудің сойылын соқпайтын сенімді серіктес керек. Айтқандай, екі-үш күннен кейін Астанаға Бейжің басшысы келеді. Нұртілеудің Уашингтон сапарынан кейін Ақорданың қолында көзір пайда болды. Тоқаев осы арқылы екі алпауытқа: "Сіз-біз десіп, сыйласуға дайынбыз. Бірақ бізбен өктем сөйлесуге тырыспаңдар" деген сигнал беріп отыр. Осы жолғы ойынның ставкісі жоғары.

Abai.kz

0 пікір