Цифрлық дәуірдегі журналистика: жаңа сапа мен жаңа мүмкіндіктер

Заңнамалық негіз және мемлекеттік реформалар
Қазақстанда медиа саласы соңғы жылдары түбегейлі өзгерістер мен реформалар кезеңіне қадам басты. Ақпараттық қауіпсіздік, цифрлық ортадағы дерек ағыны, фейк ақпаратпен күрес сияқты мәселелер қоғамды алаңдата бастаған шақта, бұқаралық ақпарат құралдарын дамытуға бағытталған нақты саяси шешімдер қабылдануда. Бұл реформалардың түпкі мақсаты – медиа саласының тиімділігі мен сапасын арттыра отырып, оны демократиялық қоғамдағы жауапты институт деңгейіне көтеру.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ақпарат саласындағы саясатты жаңғырту қажеттігін бірнеше рет атап өтті. Соның нәтижесінде 2024 жылы қабылданған «Масс-медиа туралы» заң саланы жүйелі реформалауға негіз болды. Заң алғаш рет интернет-ресурстарды қамтитын «масс-медиа» ұғымын енгізіп, ақпарат құралдарының аясын кеңейтті. Журналистерге «ерекше мәртебе» беріліп, олардың ақпарат алу мен тарату құқықтарына қосымша кепілдіктер бекітілді. Ақпарат сұрату мерзімі 7 күннен 5 жұмыс күніне қысқарып, редакция жұмысының тиімділігі артты.
2025 жылдан бастап мемлекеттік тілдегі теле-радио өнімдер үлесін 55%-ға, 2027 жылдан 60%-ға жеткізу міндеті қойылды. Ал шетелдік бағдарламалар үлесі 20%-дан 10%-ға дейін қысқартылатын болды. Сонымен қатар, қоғамдық-кәсіптік кеңестер құру, гранттық қаржыландыру мен өзін-өзі реттеу тетіктері енгізіліп, саланың сапалы дамуына негіз қаланды. Осылайша, Қазақстан алғаш рет медианы цифрлық трансформация жағдайында реттеуге бейімделген заңнамалық негіз қалыптастырды.
Халықаралық үрдістер және медиа кеңістіктегі трансформация
Мемлекет басшысы таяуда журналистермен кездесуде медиадағы жаңашылдықтарға, жаңа өзгерістерге ерекше тоқталып өтті.
«Жасанды интеллектінің кеңінен таралуы кез келген мамандыққа, соның ішінде сіздердің кәсіптеріңізге де мүлдем жаңа талаптар қояды. Көптеген сарапшылар келешекте адам еңбегін алгоритмдер алмастыратынын айтып жүр. Алайда бұл өзгерістер журналистиканың жаңа мүмкіндіктерін, шын мәнінде екінші тынысын ашуы әбден мүмкін», – деді Президент.
Бүгінгі медиа нарығы – тек ішкі реттеумен шектелмейтін, жаһандық трендтер мен технологиялармен біте қайнасқан ауқымды кеңістік. Әлемдік медиасалада соңғы онжылдықта орын алған басты бетбұрыс – журналистиканың цифрлануы мен ақпарат өндірушілердің кәсіби статусының әлсіреуі. Әлеуметтік желілер мен жеке блог платформалар арқылы кез келген адам «контент жасаушыға» айналды. Бұл – бір жағынан, пікір плюрализмі мен ақпарат қолжетімділігін арттырса, екінші жағынан, фейк жаңалықтардың, манипулятивті контенттің таралуына кең жол ашты.
Халықаралық тәжірибеде журналистиканың қазіргі бағыты деректер журналистикасы (data journalism), мультимедиалық форматтар, подкастинг пен сторителлинг, жасанды интеллектті қолдану сияқты жаңа формалармен сипатталады. Мәселен, BBC, The New York Times немесе Al Jazeera сияқты алпауыт медиа ұйымдар AI құралдарын жаңалықтар жинау, талдау, мәтін генерациясы мақсатында қолдануда. 2023 жылғы Reuters Institute баяндамасына сәйкес, әлемдегі жетекші медиалардың 60%-ы контент өндірісінде жасанды интеллект элементтерін тұрақты пайдаланады.
Дамыған елдердің тәжірибесі медиа саласын тұрақтандыру үшін мемлекеттік реттеу мен кәсіби өзін-өзі реттеудің тиімді тепе-теңдігін табуға тырысып отырғанын көрсетеді. Германияда 2021 жылдан бері Digital Services Act аясында жалған ақпарат таратқан әлеуметтік желілерге айыппұл салу тәжірибесі енгізілген. Скандинавия елдерінде журналистік өзін-өзі реттеу жүйелері арқылы редакциялық этика мен фактчекинг жоғары деңгейде жолға қойылған.
Қазақстан үшін де бұл тәжірибе маңызды. Өйткені фейк ақпаратпен күрес бір ғана мемлекеттік шаралармен шешілмейді. Internews-тің 2023 жылғы зерттеуіне сәйкес, Қазақстанда әлеуметтік желілердің басымдылығы байқалса да, медиасауаттылық орта деңгейде қалып отыр. Телеарнаға сенім жоғалмаған, алайда фактчекинг дағдылары көңіл көншітпейді. Респонденттердің көпшілігі медиада сыни тұрғыда қарай алатынын айтса да, фейк ақпаратқа саналы қарсы тұру мүмкіндігі әлсіз екені белгілі болып отыр.
Зерттеу Қазақстандағы азаматтардың едәуір бөлігі қарама-қайшы ақпаратты жиі кездестіретінін көрсеткен: респонденттердің 46 %-ы саяси оқиғаларды әртүрлі БАҚ түрліше беретінін атап өткен. Бірақ олардың 42 %-ы мұндай жағдайда ешқандай әрекет жасамайтынын айтқан. Бұл – ақпаратты сыни қабылдау мен тексеру дағдыларының әлі де әлсіз екенін аңғартады.
Зерттеуше сүенсек, Өзбекстан мен Тәжікстанда медиасауаттылық деңгейі Қазақстанмен салыстырғанда төмен. Өзбекстанда халықтың жартысына жуығы (46 %) өздерін төмен деңгейлі медиасауатты деп бағаласа, Тәжікстанда бұл көрсеткіш 54 %-ды құрайды. Дегенмен, бұл елдерде қазіргі кезде оң өзгерістер байқалады.
Ақпаратты тұтынатын аудиторияның медиа сауаттылық деңгейі төмен болса, жалған деректерге сену, эмоциялық манипуляцияға бой алдыру, теріс ақпаратты тарату қаупі ұлғая береді. Осы орайда елімізде соңғы жылдары медиа сауаттылыққа мән беретін бастамалар – мектептер мен ЖОО-ларда енгізіліп жатқан пәндер, қоғамдық ұйымдардың тренингтері, цифрлық гигиенаға арналған жобалар – маңызды қадам саналады.
Кәсіби стандарттар және журналист кадрларын дамыту
Қазақстанда медиа саласының сапалы дамуы үшін ең алдымен журналист кадрларын жаңаша даярлау мен қайта даярлау жүйесін жолға қою қажет. Қазіргі кезде отандық журналистика мамандары мультимедиалық құралдармен жұмыс, деректерді визуализациялау, цифрлық қауіпсіздік, аудитория аналитикасы секілді жаңа дағдыларға жіті көңіл бөлінуі керек.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, өткен жылы онлайн-платформаларда заңнаманы бұзған 67 мыңнан астам факті анықталып, 18 мыңнан астам материал жойылған екен.
Қазірдің өзінде TikTok, YouTube, Telegram сияқты трансшекаралық платформалар отандық аудиторияның негізгі ақпарат көзіне айналған. Datareportal есебіне сүйенсек, 2024 жылы қазақстандықтардың 77%-ы ақпаратты алдымен әлеуметтік желіден алады. Бұл – контент өндіру ғана емес, ақпараттық тәуелсіздік мәселесі.
Ақпарат саласындағы реформалар тек кәсіби орта үшін емес, тұтас қоғам үшін қажет. Өйткені медиа – қоғамдық санаға әсер ететін негізгі құралдардың бірі. Ол мемлекеттік идеологияның өзегі ғана емес, сонымен бірге қоғамдық пікір мен азаматтық белсенділіктің айнасы. Мемлекет пен қоғам арасындағы диалогты орнықтыру үшін сенімді, сапалы, кәсіби журналистиканың болуы – маңызды шарт. Бұл міндетті тек заң арқылы шешу мүмкін емес. Ол үшін медиа экожүйесі тұтас жаңғыруы қажет – кәсіби стандарттар мен этика күшейіп, цифрлық қауіпсіздік мәдениеті қалыптасуға тиіс.
Мемлекет тарапынан журналистердің біліктілігін арттыруға арналған арнайы бағдарламалар, медиа саласына бағытталған гранттар мен стипендиялық жүйелер, салалық журналистиканы дамыту жобалары іске асырылып келеді.
Ауыл шаруашылығы, медицина, экология, құқық, экономика сияқты тақырыптарда терең сараптамалық материалдар даярлайтын салалық журналистиканың дамуы – қоғамның ақпараттық сұранысына сапалы жауап берудің бір жолы. Бұл бағытта азаматтық қоғам институттары мен кәсіби қауымдастықтардың белсенділігі ерекше рөл атқарады.
Түйін
Президент атап өткендей, бүгінгі ақпараттар тасқынында сенімді дерек, дәйекті талдау ұсынудың мәні мен маңызы арта түсті. Журналистикаға қойылатын талап та, сенім де ұдайы жоғары. Сол сенім үдесінен шығу – кәсіби орта мен мемлекеттің ортақ міндеті.
Медиа – жай ғана жаңалық жеткізуші емес, қоғамдық пікірдің бағыт-бағдарын қалыптастыратын стратегиялық құрал. Сондықтан Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдарының болашағы кәсіби біліктілікке, дербес редакциялық саясатқа, технологиялық бейімділікке және қоғам алдындағы жауапкершілікке тікелей байланысты.
Сапалы медиа – тек журналистердің емес, бүкіл қоғамның ұстанымы мен талғамына тәуелді. Сондықтан мемлекет, кәсіби орта және азаматтық қоғам өзара сенім мен жауапкершілікке негізделген ортақ медиа экожүйе қалыптастыруы қажет. Уақыт талабына сай бейімделе алатын, әділ әрі сенімді ақпарат ұсынатын медианың күшеюі – еліміздің демократиялық дамуының да алғышарты.
Abai.kz