Сәрсенбі, 16 Шілде 2025
Білгенге маржан 227 0 пікір 16 Шілде, 2025 сағат 14:41

Құйрық-бауыр кімнен қалды? Арабтан ба, Алаштан ба?

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Күні кеше қазақтың рухани тірегі Абайдың әруағын әжуалап, дүйім жұртты дүр сілкіндірген Әлия Әшім енді қазақтың құйрық-бауыр асату дәстүрін арабтан көшіріп әкепті, тіпті Хазіреті Әлиден қалған деп видео жасап, жұртты екіге жарғанын көріп шыдамадым, тақырыпқа зерттеу жасап, мәлімет жинамауға болмады.

Бір қарағанда мұндай пікір елеусіз, «пікір еркіндігі» тәрізді көрінгенімен, тарихи сана мен ұлттық болмысты бұрмалаудың бір мысалы екені анық. Себебі салт – жай ғана рәсім емес, ол – ұлттың жадындағы ең көне код.

Бүгін осы мәселені байыппен, байсалды түрде журналист ретінде емес, ұлт перзенті ретінде бірге саралап көрейік.

Қазақтың құдасына құйрық - бауыр асату дәстүрі - «енді біз туыспыз», «арамызда сыр жоқ», «бауырдай болдық» деген таза символикалық ритуал.

Мұның негізінде:

Құйрық май – қазақтың дәстүрлі дүниетанымында берекенің, байлықтың, молшылықтың белгісі.

Бауыр – қазақ үшін жақындықтың, туыстықтың, сенімнің нышаны. «Бауыр басу», «бауырына тарту», «бауырмал болу» деген ұғымдар – бекер емес.

Енді бұл салт қайдан шыққан деген мәселеге келейік.

Құйрық-бауыр асату дәстүрі арабтардан немесе исламнан келген деген мәліметті ешбір тарихи деректерден таба алмадым.

Ең беделді қазақ этнографтары:

С. Мұқанов («Халық мұрасы»),

Х. Арғынбаев («Қазақтың отбасылық дәстүрлері»),

Е. Тұрсынов, Ә. Төлеубаев, Ж. Артықбаев - бәрі бірауыздан: бұл салт көшпелі түркі-монғол халықтарының архаикалық дәстүрінен қалған, исламға дейін де болған, мал шаруашылығымен тікелей байланысты ұлттық ырым-нышан дейді.

«Бауыр жеу – бауырлас болудың белгісі» — мұндай түсінік ежелгі түркілерде де, кейбір моңғол, қырғыз, алтай халықтарында да кездеседі.

Ал, ислам не дейді?

Исламның неке дәстүрінде (никах) Әлия Әшім айтқандай, құйрық-бауыр асату, бетіне ұн жағу деген рәсім атымен жоқ.

Хадистерде де, Хазіреті Әлидің өмірбаянында да құйрық-бауыр тарту, жегізу, жақын болу туралы нақты мәлімет жоқ.

Араб елдерінде етке символикалық мән беру дәстүрі сирек, ал мал етін мүшелерге бөліп құрмет көрсету – жалпы араб дәстүріне тән емес.

Шариғатта үйлену рәсімі — дұға, мәһр, куә, уағыз, ниет пен жауапкершілікке негізделген. (Әлия мәһр деген арабтан кірген рәсім десе қос қолымды көтеріп келісемін).

Ал, құйрық-бауыр асату дәстүрі Әзіреті Әлиден қалған деген әңгіме ғылыми дәлелге емес, ойдан құралған аңызға ұқсайды.

БҰЛ ПІКІР ӨТЕ ҚАУІПТІ!

Неліктен екенін айтайын.

Ұлттық дәстүрді өзінен айыру – сол ұлтты ТАМЫРЫНАН ҮЗУ деген сөз. Қазақтың мың жылдық салтын «біреуден алған» деп көрсету – МӘДЕНИ МЕНМЕНДІКТІҢ бір түрі.

Мұндай көзқарас — дінді фольклорға айналдырады, ал дәстүрді дінмен шатастыру — екі ілімнің де қадірін кетіреді.

Ертең басқа біреу «беташар парсыдан қалған», «тұсаукесер үнділерден шыққан» десе, оған да сене бермекпіз бе?

Бүгінде бізге ұлттық пен діни мұраны шатастырмай, әрқайсысының орнын танитын парасат керек.

ҚЫСҚАСЫ, құйрық-бауыр асату — қазақтың өзінен шыққан, өзіне ғана тән, тарихи-мәдени тамыры терең салт. Ол біреуден енген немесе сырттан сіңген емес, жаратылысы көшпелі, рухани-әлеуметтік мазмұны түркілік дәстүр.

Әр дәстүрге өз көзқарасымыз болуы мүмкін. Бірақ жалған дерекке сүйеніп, жұртты шатастырып, дінді де, дәстүрді де саясиландыру — тарихқа опасыздық, халыққа қиянат.

Салт жайлы айтсақ — дерекпен сөйлейік.

Дін туралы айтсақ — іліммен сөйлейік.

Ұлтқа қызмет еткіміз келсе — жалғанды жарнамаламайық.

Өз түбірін танымайтын халық – тамырынан ажыраған бәйтерекке ұқсайды.

Ұлттың жадын жалған аңызбен емес, ақиқатпен суарайық!

Гүлмәрия Барманбекова

Abai.kz

0 пікір