Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3565 0 пікір 21 Мамыр, 2009 сағат 09:27

Түркі әлемін түлететін құбылыс – бабалар мұрасы

«Біздің бірлігіміз осындай қарым-қатынастың барысында қалыптасады».
Алматы қаласындағы Алатау шипажайына жиналған жұрттың ақжарылып айтақыны алдымен осы сөз болды.
Оқырманның қаперіне сала кеткеніміз жөн: сәуір айының 28-і мен 29-ында Мәдениет және ақпарат министрлігі, Түрксой халықаралық ұйымы, аталған министрлікке қарасты Мәдени саясат және өнертану институты «Өркениеттер диалогындағы түркі әлемінің рөлі» атты халықаралық симпозиум өткізді.

«Біздің бірлігіміз осындай қарым-қатынастың барысында қалыптасады».
Алматы қаласындағы Алатау шипажайына жиналған жұрттың ақжарылып айтақыны алдымен осы сөз болды.
Оқырманның қаперіне сала кеткеніміз жөн: сәуір айының 28-і мен 29-ында Мәдениет және ақпарат министрлігі, Түрксой халықаралық ұйымы, аталған министрлікке қарасты Мәдени саясат және өнертану институты «Өркениеттер диалогындағы түркі әлемінің рөлі» атты халықаралық симпозиум өткізді.
Симпозиумға сонау Түркиядан ЮНЕСКО-ның Түркия бойынша материалды емес мәдени мұра комиссиясының жетекшісі, профессор Метин Екижи, Ресейден Ресей ғылым академиясының Шығыстану институты директорының орынбасары Ильия Зайцев, Жапониядан профессор Хайоша Тоши сияқты бірөңкей ығайлар мен сығайлар қатысты. Қазақстан жағынан Алтай Аманжолов, Сейіт Қасқабасов, Мұрат Әуезов сынды тұлғалардың мінберге шығып сөйлеуі симпозиумның салмағын арттыра түскендей. Дегендей-ақ, симпозиумды ұйымдастырушылар түркі халықтарының ішкі бірлігін қамтамасыз етіп, ынтымағын арттыратын игі шараларды жиынның негізгі мақсаты етіп белгілепті. Ал шараларды «шарға салып» байқасақ,  түркі әлемінің түтіні түзеліп, бейдауа жылдарда жіберіп қойған есесін қайтарып, ес жияр ма екен дегенге саяды. Асырып айтсақ та алапатына шәк келтіруге болмайтын ақиқат: түркі жұрты тіз қосса, ақжал толқында аунаған кемеге көбірек ұқсап бара жатқан бүгінгі мынау әлемнің бойына   құрыштай қуат құйылар еді. Мағжан есіңізде ме?
«Тұранға жер жүзінде жер жеткен бе?
Түрікке адамзатта ел жеткен бе?
Кең ақыл, отты қайрат, жүйрік қиял,
Тұранның ерлеріне ер жеткен бе?» - деп еді ғой ақын. Мына замандағы түркі дүниесі - ақылы кемел, қайраты мол, қиялы жүйрік ерлердің отаны һәм қытайдың түстік бетінен бастап Орталық Азияны еркін жайлаған, Сібір мен Еділ бойын ендеп, Орал тауларында көсілген, Қапқаз, Иран, Кіші Азия арқылы Балқанға дейін бас қойған байтақ кеңістік. Симпозиумды ұйымдастырушылардың бірі Мәдени сясат және өнертану институтының директоры Ерлан Саировтың дерегіне жүгінсек, түркі жұрты айлапат кеңістікке қоныстанған жан санына да бай этно-әлем көрінеді. «Егер таза статистикалық көрсеткіштерге иек артсақ, онда түбі бір түркі тілдерінде сөйлейтін адамдардың жалпы саны 165 миллионнан асады», - дейді саясаттанушы ғалым Ерлан Саиров. Бұны айтасыз, БҰҰ-ның демография мәселелері туралы болжамдары көңіліңді тіптен бірлей түседі. БҰҰ мамандарының болжамынша ендігі бір 15-20 жылдың шегінде түркі жұртының саны 200-220 миллионнан асатынға ұқсайды. Алайда, мынау аласапыран дүниеде түркі тектестердің бауырынан сөгіліп, бауынан шығып маңдайына жер бетінен жойылып кетудің қасіретті тағдыры бұйырған елдер туралы езіліп ойланбасқа және амалың кем. «Өркениеттер диалогындағы түркі халықтарының рөлі» атты симпозиумда Рустам Мұстафаоғылы осы шындықтың бетін ашты. Мәскеуде басылатын «Консерватор» журналының бас редакторы, тегі азербайжан Рустам Мұстафаоғылы «задында Ресей Федерациясын түркі-славян мемлекеті деп атауға әбден болады» дей келіп мына бір жайттарға тоқталды:
- Түркі елдері бір-бірінің басындағы халге өте бей-жай қарайды, - деді бас редактор мырза. – Мысалы, Қытайдағы қазақтар мен ұйғырлардың қысымға ұшырап, өмір сүру құқығынан айрыла бастағанына алаңдап, тіс жарған бір түркі мелекеті болды ма? Жоқ, осы уақытқа дейін  болған жоқ. Ауғанстанда тұратын түркілердің мәселесімен шұғылданатан бірде-бір түркі ұйымы немесе түркі мемлекеті бар ма? Жоқ. Ирактағы Керкукеде тұрып жатқан түркілерді де ойлаған ешкім болған емес. Ресейдің аймақтарды ірілендіру саясатының салдарынан таяуда әлем картасының бетінен долган-ненец автономиялық округы мүлдем жойылды. Біз бұл сұмдықты тіпті байқамай да қалдық. Ресейде түркі елдерінің ішкі бірлігі барынша әлсіреп, қарым-қатынасы алшақтап барады. Түркілердің бір-бірінен алыстап, салқын тарта бастауы түбінде саяси-әлеуметтік сипат иеленіп, сойыл сұрап шыға келуі ықтимал. Неге десеңіз, қазірдің өзінде башқұрттар өзге түркі туғандардан, әсіресе, татарлардан ерекше болып көрінуге тырысып бағуда. Өкініштісі, осындай даңғаза-даңғойлыққа ресми Уфаның да бүйрегі бұратын сияқты. Ал Татарстанда Мәскеуге көп мойын бұра бермейтін дербес ұлттық ой-өрісі дамып келеді. Қарашайлар мен балқарлардың жігіне әкімішілік шекара бөлінісі сына қағып тұр. Хакастар ұлттық тұтсатықтан гөрі әкімшілік билікке қана мән беруде.
Шын мәнінде бүгінгі түркі мемлекеттерінде саяси ауызбіршілік қалыптасқан деп айту қиын. Мысалы, Қазақстан мен Өзбекстанның өзара барыс-келісінде бұлтсыз аспандай ашықтық бар деп айта аламыз ба? Түркияның жасыл алаңдағы аяқ доп ойнына ұқсайтын дипломатиясы Әзірбайжанға қатысты өзге түркі мемлекеттерінің бой тарта тұруына ықпал етпей қалмады. Ресейдің көз сұғында отырған татар мен башқұрт зиялылары да өзара қырбай. Жұмысшы күштерінің миграциясы, кедендік жүйедегі керағарлық, экономикалық-әлеуметтік, турасына көшсек, елбасшыларының қайсыбіріне біткен аяқапттай амбиция Орталық Азияда түркі бірлігін орнықтыруға барынша кедергі келтіруде.
Мәскеулік әріптесіміз Рустам Мұстафаоғылы тізіп шыққын мәселелер жиынтығынан ұққанымыз әзірге түркі жұртын бір тудың астында бас біріктіретін саяси одақ құрудың мүмкіндігі  ерте көрінеді. Әйткенменде тығырықтан шығудың сара жолы саяси одақта ғана ма? Барлық шаруа саясаттың шалғайынан өріп шыққанда ғана баракат таба ма? Қиындығы қылша шатқалдай осы сауалдарға біз бабаларымыздан қалған  сүрлеу-соқпақты қайта жаңғыртқанда барып жауап алтындаймыз. Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Арман Қырықбаев Алматы симпозиумында жасаған баяндамасында «Қазақстанда Еуразия құрлығындағы мәдени сан-алуандықтың дамуындағы түркі әлемінің рөліне көп көңіл бөлінуде» деді. ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас директоры Дүйсен Қасейінов болса 1993 жылы Алматыда ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының шаңырақ көтергенін, биылғы жылдың басында 15 жылдық мерейтойын атап өткен ұйымға 14 республика мүшелікке өткенін, ТҮРКСОЙ ұйымының қатарына қосылуға ынталы елдердің қарасы ай аунап, жыл жылжыған сайын  молайып жатқанын екпін түсіре айтты. 1993 жылы атлаған ұйымның аясына Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан және түркілердің КСРО ыдырағанға дейінгі жалғыз тәуелсіз мемлекеті, Анадолы жұртындағы Түркия тізе қосқан-ды. Міне, содан бері саны өсіп санаты кемелденуге бет бұрған ұйым өзінің сапына қандас бауырларын тартып бастаса, бұл жайтты еш шүбәсіз былайша бағалаған абзал: 21-ғасырда түркі әлемін қайта түлетіп төрткүл дүниенің кеңістігіне алып шығатын құбылыс – бабалар мұрасы. Алдымен бабалар мұрасын терең зерделегенде барып біз еншісі бөлінбеген біртұтас ел екенімізді қапысыз ұғатын боламыз. Қазақстанда президент Назарбаевтың пәрменімен еліміздің рухани әлеуетін арттырып, баябан даланың бағзы заманындағы балбалдар рухына тіл бітірген Мәдени мұра бағдарламасының да мұрат мақсаты сол ортақ еншімізді ортамызға оралтудың  қамынан туса керек.
- Аталған бағдарлама аясында түркі халықтарының тарихы мен материалдық емес мәдениетін зерттеу бойынша кең көлемді жұмыстар жүргізіліп, Қытай, Түркия, Моңғолия, Ресей, Египет, Өзбекстан, Армения және Батыс Еуропа елдеріне ғылыми-зерттеу экспедициялары ұйымдастырылды. Нәтижесінде түркі халықтарының тарихы, мәдениеті бойынша бұрын ғылыми ортаға белгізіс болып келген көптеген қолжазбалар табылып, алдырылды.
Әсіресе, шетелдерден табылған Орталық Азияның түркі халықтарының шаруашылық өмірі мен антропологиялық типіне, олардың өзара тілдік әсер етуіне қатысты этнологиялық деректер құнды болып есептеледі. Мысалы, Арменияға жасалған экспедиция барысында Хыпчахаванкта монастырынан 14-17 ғасырлардың мұрасы  «ТарихиНадири» (1700 ж), «Галмарин Габбаси» (1616 ж) сияқты керемет қыпшақ қолжазбалары табылды, - дейді Арман Қырықбаев.
Түркі елдерінің түгенделуге тиіс тағы бір мұрасы – теңдессіз сөз өнерінен тамыр тартады.
- Басты мақсатымыз – түркілердің мәдени ықпалдастығын үйлестіру, ортақ мұраларымыз бен қазіргі мәдениетімізді халықаралық аренаға, әлемдік деңгейге бірлесіп көтеру, бірігіп ұсыну. Мәселен, жақында 28 ақпан мен 5 наурыз аралығында біз түркі республикаларынан суырыпсалма ақындарды шақырып, Түркияның Анкара және Чорум қалаларында «Түркілердің суырыпсалма өнері» деген конференция өткізіп, бірнеше жерде «Түркі әлемінің ұзандары» атты концерт қойып, айтыс ақындарының, ашыктардың өнерін көрсеттік. Сөз өнерінің бұл ерекше үлгісі бұрын әлем халықтарының біразында болса да, бүгін тек түркі халықтарының арасында сақталып қалыпты. Әрине, суырыпсалма өнерінің сақталуы түркі елдерінің ішіне әртүрлі деңгейде, аталуы да әр басқа. Түрк пен әзербайжан «ашык» десе, қазақ пен қырғыз «айтыс», «айтыш» дейді. Біз осындай өнер иелерінің алғашқы бас қосуын Түркияда, ТҮРКСОЙ атынан ұйымдастырдық. Түпкі ойымыз – ЮНЕСКО ұйымының материалды мәдени мұралары мен материалды емес мәдени мұралары тізіміне «айтыс», «хоомей», «мугам» секілді түркі өнерінің ерекше түрлерін бірігіп ұсыну. Мәселен, «Көрұғылы», «Алпамыс», «Едіге» секілді түркі халықтарының көбіне ортақ эпостық жырларды неге бірігіп ұсынбасқа? Ортақ мұраларды әрқайсымыз жеке-жеке ұсынғаннан не ұтамыз? Біз ұлт мәдениеті мен өнерін, ғылымын биікке көтерген тұлғаларымыздың  мерейтойларын неге бірге атап өтпейміз? «Манас» эпосының, Махмұт Қашқаридың, Абайдың мерейтойларын бірігіп өткізгеніміз секілді болашақта да ортақ мұраларды, жеке тұлғаларды ұлықтауда да бас біріктіргеніміз аса қажет,- деді симпозиумда жасаған баяндамасында ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас директоры Дүйсен Қасейінов. Дүйсен Қорабайұлының бұл ұсынысы симпозиумды ұймдастырушы белсенді азматтардың бірі, Мәдени саясат және өнертану институтының директоры, Ерлан Саировтың баяндамасында айтылған «Осы бағытта біз «Түркі әлемінің 100 мәдени қайраткері» жобасын қолға алып жұмысты бастап кетсек» деген ізгі тілегімен жалғасты.
Тұлға дегеннен шығады, түркі шайырларынан қалған түпсіз дүние «Көрұғылы» жырынан түркілерге ғана  тән дүниені қабылдау бірлігі мен тұтастықты шабыттана баяндаған ғалым Метин Екижиді түрколг Алтай Аманжолов барынша тереңдетіп әкетті. Әйгілі ғалым ертедегі Месопотомия (Қосөзен) бойын жайлаған шумерлер жыры Гильгамешты мысал ете келіп, «Гильгамеш» аккад (семит) тілінде бұрмаланған адам есімі. Көне шумер тілінде ол «Бильгамес» болса керек» деп белгілі шумеролгтардың деректеріне сүйене отырып, «Бильгаместің» түркі қағаны Білге қаған лауазымына ұқсас тұлға болуы ықтимал» деген ойға берілетінін айтып барып тізгін тежеді. Бұл енді «мәдени 100 қайраткерге» дейінгі алыптарды бүгінгі ұрпақ жадысына оралтуды қажет ететін мазмұны бөлек тақырып. Симпозиумның қортындысында ғалымдар келесі жиында осындай сүбелі тақырыптарды кеңінен жайғасып талқыламасақ болмайды екен деп уәде байласты.
Қарындас халықты береке-бірлікке, келелі-кеңеске шақыратын ұлық жиынның қазақ жерінде кезекті рет аталып өтуіне жоғарыдағы жайттардан бөлек тағы бір мәселенің себеп болғанын іштей түйдік. Түркі жұрты өткеніне ғана қарайлап, кетеуі кеткен кер заманға ғана лағнет айтып отырымауы керек. Бүлінген дүниесін бүгіннен бастап бүтіндеуге кірісіп, алдыға ұмтылуға тиіс. Оның үстіне, 21 ғасырдың «жаралы» кезеңі болып қалатын қаржы дағдарысы кезінде жалпы түркі жұрты үшін «замананың беті қайда бұрылып кетуі мүмкін?» деп басталатын сұраққа сергек қарайтын сын сағаты туды. Өткен жүз жылдықта бір-бірінен адасып, бірін-бірі жоғалтып алған түркі жұмрияты жұмылып жұдырыққа айнала ала ма, әлде жыланбауыр жиҺан көшіне жұтылып кете бере ме? Саясаттанушы ғалым Ерлан Саировтың баяндамасындағы мына бір жолдарға назар аударып қараңыз:
«Бұдан бұрынғы 20 ғасырдың бас кезінде болған 1-ші дүниежүзілік соғыс бүкіл әлемді дүр сілкіндірді. Жаңа 21 ғасырдың басы бұрын-соңды болмаған ауқымдағы процесс - әлемдік қаржы дағдарысын туындатты. Осы қос құбылыстың да әркелкі екені қарамастан, екеуін біркітіретін ортақ нәрсе бар – бұлар «өркениеттер тартысының нәтижесінен туған жоқ. Бұл жойқын процестер Батыс өркениетінің ішінде пайда болған құбылыстар. Батыс мәдениеті өзін тудырған өркениетке, сондай-ақ басқа өркениеттерге қарсы шықты». Демек, «Өркениеттер диалогындағы түркі әлемінің рөлін» арттырып, орнын айқындау - қайраты тасып, ақылы асқан түркі жұртына ортақ міндет болып табыламақ. Алматы симпозиуымы осынадай оймен қортындыланды.

Дәурен Қуат.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5522