Трамптың ультиматумына 2 күн қалды

АҚШ президенті Дональд Трамптың Ресей президенті Владимир Путинге қойған ультиматумы аяқталуына екі күн қалғанда, оның арнайы өкілі Стивен Уиткофф Мәскеуге келді.
Внуково әуежайына қонған Уиткоффты Ресей тікелей инвестициялар қорының басшысы Кирилл Дмитриев күтіп алды. Бұған дейін Трамп Уиткоффты Мәскеуде көргісі келетіндерін айтқан еді. Стивен Уиткофф Ресей Федерациясы басшылығымен келіссөздер жүргізу үшін Мәскеуге келді.
Уиткоффты күтіп алған Кирилл Дмитриев бұған дейін АҚШ-пен Украинадағы соғысты тоқтату жөніндегі келіссөздерге қатысқан ресейлік делегация құрамында болған.
АҚШ президенті Дональд Трамп Уиткоффтың Ресейге сапарын алдын ала жариялаған. Ол Ресей басшысы Владимир Путинге Украинадағы соғысты аяқтау бойынша нақты қадам жасау үшін 10 күн уақыт берген. Трамптың айтуынша, Мәскеу тарапынан Уиткоффпен кездесуге ниет білдірілген.
Олар оны кездесуге шақырды. Не боларын көре жатармыз, – деді Трамп.
Қойылған мерзімнің аяқталуына екі күн қалды. Журналистер Украинадағы бейбіт келісім орындалмаған жағдайда не болатынын сұрағанда, Трамп:
Онда санкциялар енгіземіз. Бірақ олар (Ресей) бұл санкцияларды айналып өтуге шебер. Сондықтан не боларын уақыт көрсетеді, – деп жауап берді.
Еске салайық, АҚШ президенті Дональд Трамп Украинадағы жағдайды реттеуге қатысты Ресейге қойған ультиматум мерзімін 10 күнге дейін қысқартып, Мәскеуден ешқандай жауап алмағанын мәлімдеген еді.
Путин Трамптың соғысты тоқтату туралы ультиматумына көнбейтіні туралы жаздық. Нақтырақ айтар болсақ, АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинге Украинадағы соғысты тоқтатуды талап етіп, кері жағдайда Ресейге жаңа санкциялар салатынын және оның мұнайын сатып алатын елдерге 100%-дық баж салығын енгізетінін ескерткен. Бірақ Ресей көшбасшысы бұл талапқа көнбей, әскери әрекеттерін жалғастыруға ниетті.