Бейсенбі, 7 Тамыз 2025
Әне, көрдің бе? 351 0 пікір 7 Тамыз, 2025 сағат 15:07

Путиннің кезекті уақыт созу тактикасы

Сурет: Единая Россия сайтынан алынды

"Ресейліктер президент Трамппен кездесуге ниет білдірді және президент Путинмен де, Зеленскиймен де кездесуге ашық" деді Ақ үйдің баспасөз хатшысы Каролайн Ливитт.

Fox News тілшісі Питер Дусидің сөзінше, Путин Кремльде болған АҚШ-тың арнайы уәкілі Стив Уиткоффқа Трамппен кездескісі келетінін айтқан, Уиткофф мұны АҚШ президентіне жеткізген.

Трамптың өзі Ақ үйдегі брифинг кезінде "кездесу жақында өтуі әбден мүмкін" деді. Ол Украинадағы соғыс қалай аяқталуы мүмкін деген сұраққа нақты жауап бермеді. Трамптың сөзінше, Ресей мұнайын сатып алатын Үндістан мен өзге елдерге қарсы жанама санкция салынуы мүмкін. Арасында Қытай да бар.

"Менің арнайы уәкілім Стив Уиткофф қазір ғана Ресей президенті Владимир Путинмен өнімді кездесу өткізіп келді. Едәуір ілгерілеушілік бар. Осыдан кейін мен Еуропадағы кейбір әріптестеріме хабар бердім. Барлығы соғыс аяқталғанын қалайды және алдағы күндері мен апталарда соған күш саламыз" деп жазды Трамп сәрсенбі күні Truth Social желісінде.

Дереккөздерге сүйенген NYT та мұндай кездесу "келесі аптада өтуі мүмкін" деп жазды.

Трамп пен Путиннің кездесу орны әзірге белгісіз. Олар Катар немесе Швейцарияда кездесуі мүмкін. CNN дереккөздері екі басшының саммитін қысқа уақыт аралығында ұйымдастыру салу оңай емес деп санайды.

AFP-дің жазуынша, Путин мен Уиткоффтың кездесуіне арналған әңгімеге Трамп пен Зеленскийден бөлек НАТО бас хатшысы Марк Рютте, Германия канцлері Фридрих Мерц, Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер және Финляндия президенті Александр Стубб қатысқан.

NYT жазуынша, Путинмен кездесуден кейін Трамп Путин және Зеленский қатысатын үшжақты кездесуді де өткізуді жоспарлап отыр. Бұл кездесуге Еуропа елдерінің басшылары қатыспайды деді басылым дереккөзі. НАТО және Украина өкілдері бұл мәліметті растаудан бас тартқан.

Ресей президентінің сыртқы саясат жөніндегі көмекшісі Юрий Ушаков Мәскеу мен Вашингтон алдағы күндері "жоғары деңгейдегі кездесу өткізуге" келіскенін мәлімдеді. Қазір саммитке дайындық жүріп жатыр, орны таңдалған деді ол.

Путин мен Трамптың кездесуі мүмкін екені АҚШ президентінің арнайы уәкілі Стив Уиткоффтың Мәскеуге сапарынан кейін айтыла бастады. Америка ақпарат құралдары дереккөздерге сүйене отырып, кездесу келесі аптада өтуі мүмкін екенін жазған.

Ушаковтың сөзінше, саммитті өткізуді Америка жағы ұсынған. Ал Америка дереккөздері бұған лейін Путин мен Трамптың кездесуін Кремльдің өзі ұсынғанын жазған. АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио бейсенбі күні Fox News арнасына саммит алдында Вашингтон мен Мәскеу "позицияларын толық пысықтап алуы керек" деді.

Ушаковтың сөзінше, Мәскеу әзірге үшжақты кездесуге – Путин – Трамп – Зеленский кездесуіне дайындалып жатпағанын айтты.

"Бұл нұсқа нақты талқыланған жоқ. Ресей жағы бұған түсініктеме бермеді" деді дипломат.

Abai.kz

0 пікір