Керосин шам: Қараңғыны жарып өткен жарық тарихы

Керосин шам-шағын ғана жарық көзі. Бірақ оның жарығы кезінде тұтас ауылды, бүкіл елді жарықтандырып, адамзат өркениетінің бір кезеңін алға сүйреген болатын. Бұл қарапайым ғана құрылғы-тек от шығаратын құрал емес, ол-жады, сағыныш, тарих. Шам жанған сайын өткеннің үні естіледі.
Керосин шамының тарихы XIX ғасырдың ортасына қарай бастау алады. 1853 жылы поляк ғалымы Игнаций Лукасевич мұнайдан бөлініп алынған жаңа сұйықтық-керосинді (керосене) жарық көзі ретінде қолдануға болатынын дәлелдейді. Бұл-электрден бұрын, бірақ майшамнан кейінгі үлкен техникалық серпіліс еді.
Бұған дейін халық шыраққа, балауыз шамға, тіпті жануар майын пайдаланып, жарық шығаруға тырысқан болатын. Алайда олардың жарығы әлсіз, түтіні көп, ал қолдану мерзімі қысқа болды. Керосин шам болса, жарқын, ұзақ жанады, үнемді әрі қарапайым.
Керосин шамның құрылымы өте қарапайым: төменгі бөлігінде сұйық күйдегі керосин құйылады. Оған матадан немесе арнайы материалдан жасалған фитиль батырылады. Шамның үстіңгі бөлігіндегі әйнек колба желден қорғап, жалынның тұрақты жануына мүмкіндік береді.
Фитиль арқылы керосин жоғары тартылып, от берілгенде жану процесі басталады. Бұл-сол кездегі ең тиімді жарық көзі болды. Шамды бұрап қою арқылы жарықтың деңгейін де реттеуге болатын-бұл да өз уақыты үшін үлкен жаңалық.
Керосин шамдары қазақ жеріне XIX ғасырдың екінші жартысында, Ресей империясының отарлық әкімшілігі арқылы келді. Алғашында ол қалалар мен әскери бекіністерде, сауда керуендері арқылы таралды. Қаладағы байлар, оқымыстылар, әкімдер үйлеріне сәнді керосин шамдарын орнатса, ауылдарда ол ұзақ жылдар бойы басты жарық көзіне айналды.
Керосин мен шамдар Орынбор, Омбы, Троицк, Верный (қазіргі Алматы) қалаларынан әкелінді. Қазақтар оны «керосин шам», «шыны шам», «фитиль шам» деп атап кеткен.
Керосин шам-қазақ ауылдарының кешкі өмірінің бір бөлшегіне айналды. Түнде бүкіл үйдің шырайын келтіретін бір-ақ шам болатын. Ол ошақ жанында тұрып, әже ертегі айтатын, аналар жүн иіретін, балалар хат танып, кітап оқитын. Қай үйдің шамы көп болса, сол үй бай, білімді саналды.
-Ұстаздың шамы: Кеңес дәуірі басталған тұста ауыл молдалары мен мұғалімдері керосин шамның жарығымен талай балаға білім берген.
-Кино мен спектакль: Көшпелі мәдениет ошақтарында керосин шамның жарығымен қойылған алғашқы ауылдық қойылымдар мен концерттер халықтың мәдени өміріне жол ашты.
Керосин шамның ерекше иісі болады. Ол біреуге жағымсыз, біреуге балалықтың, нағыз ауыл өмірінің естелігі. Шам жанған кезде шығатын сәл ғана ызың-ауыл түнінің үндестігімен үйлесіп, тылсым тыныштық сыйлайтын.
Жарық өшкенде, бүкіл үй ұйқыға кететін. Ал бір шам жанып тұрса, демек біреу оқып отыр, біреу тігіс тігіп отыр, не хат жазып отыр деген сөз.
Бүгінгі таңда керосин шам сирек қолданылады. Электр қуаты оны біржола ығыстырғанымен, ол ностальгияның, қарапайым өмірдің, өткен күндердің символы ретінде қайта бағалана бастады.
-Мұражайларда, этно-фестивальдерде, кино түсірілімдерде-керосин шам қайта тіріліп, тарихи атмосфераны толықтырып тұрады.
-Кей үйлерде әлі де сақталып, құрметпен қойылады. Кей әжелеріміз әлі күнге дейін керосин шамды тазалап, шынысын сүртіп, «жарық өшсе керек болар» деп отырады.
Керосин шам-қазақ даласында ғасырдан астам уақыт бойы қараңғыны жарыққа бөлеген үнсіз дос болды. Ол тарихтың бір кезеңін сақтап қалды, сан мыңдаған адамның балалық шағын жарықтандырды, сағыныш пен махаббатқа куә болды. Бүгінде ол – тек құрал емес, жарыққа ұмтылған халықтың рухани символы.
Тілеуберген Балгүл «Анаға құрмет» музей экскурсия жетекшісі
Abai.kz