Дүйсенбі, 18 Тамыз 2025
Аласапыран 161 0 пікір 18 Тамыз, 2025 сағат 13:16

Дрондар теңізді де, құрлықты да, шекараны да елемейді!

Сурет: Автордың жеке архивінен алынды.

Астрахань облысындағы Оля порты маңында Ираннан жүк тиеп келе жатқан Ресейдің «Оля-4» атты құрғақ жүк кемесінің суға кетуінен емес, соғыс географиясының тағы бір елі кеңейе түскенін байқадық.

Ресей тарабының мәлімдемесіне қарағанда, кемеге 14 дрон шабуыл жасаған, оның 10-ын атып түсіргенімен, қалған төртеуі нысанаға дөп тиген. Дрондардың Әзірбайжан бағытынан ұшып келгені айтылуда, бірақ бұл «ұшып келген жолы» ғана, негізгі ұшыру нүктесі, әрине, Украина болуы ықтимал. Өйткені Каспийге жету үшін Әзірбайжанның әуе кеңістігіне кіру – жалғыз қисынды маршрут.

Ираннан келетін жүк – Ресей үшін санкциялардан айналып өту жолдарының бірі. Каспий арқылы жүктер Астраханьға, одан әрі теміржолмен Ресейдің ішкі өңірлеріне жетеді. Демек, «Оля-4» секілді кемелердің көзін жою – тек әскери соққы ғана емес, экономикалық оқшаулауды тереңдетудің тәсілі.

Екіншіден, бұл дрондық соққы Каспий аймағының әскери қауіпсіздік архитектурасын шайқалтып отыр. Каспий – бес елдің (Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан, Иран, Түрікменстан) арасындағы саяси теңгеріммен басқарылады. Осы күнге дейін Каспийде әскери операциялар мейлінше шектеліп келген, әсіресе үшінші елдердің қарулы күші бұл аймаққа кірмейді деген жазылмаған қағида бар еді. Ал енді дрондардың әуе маршруты сол дәстүрлі «қызыл сызықтарды» айналып өтіп жатыр. Бұл жағдай, әсіресе, Әзірбайжан мен Ресей арасындағы сенімге сына қағуы мүмкін.

Үшіншіден, дрон соққыларының ауқымы мен дәлдігі – қазіргі соғыс технологияларының өзгеріп кеткенін тағы да дәлелдейді. 14 дронның бір уақытта аттануы – бұл жай ғана партизандық акция емес, нақты жоспарланған, көп векторлы операция. 10 дронды атып түсіргеннің өзі Ресейдің ПВО жүйесінің Каспийдегі шектеулі мүмкіндігін көрсетеді. Ал қалған төртеуінің нысанаға жетуі – су жолдарындағы қорғаныс шараларының әлсіз тұстарын әшкереледі.

Төртіншіден, мұның бәрі Қазақстан үшін де жанама тәуекелдерді арттырады. Каспий біздің теңіз шекарамыз, ал ондағы тұрақсыздық – тікелей біздің порттарымыздың, мұнай тасымалымыздың, жүк логистикамыздың қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін. Егер Каспий акваториясы дрондар үшін ашық нысанаға айналса, Ақтау мен Құрық порттарының да қауіпсіздігі өзекті мәселеге айналады.

Дрондар теңізді де, құрлықты да, шекараны да елемейді. Ал соғыс географиясы кеңейген сайын, оған тартылатын елдер мен аймақтардың саны арта береді. Каспийде болған соққы – соғыстың бізге қаншалық жақындап келе жатқанын және оның экономикалық, саяси, әскери салдарлары тек қақтығыс аймағымен шектелмейтінін айқын ескерту.

Нұрлан Жұмақанов

Abai.kz

0 пікір