Дүйсенбі, 25 Тамыз 2025
Мәдениет 202 0 пікір 25 Тамыз, 2025 сағат 13:45

Тума дарын иесі

Сурет: Kazgazeta.kz сайтынан алынды.

Дауылпаз диктор Әнуарбек Байжанбаев (1923-1989) жайлы естелік...

Қазақ радиосының 100 жылдық тарихында маңдай терін төгіп, адал еңбек еткен небір ардагерлерімізді білеміз. Солардың ішінде шоқтығы биік, ел-жұртқа сыйлы бола білген дикторымыз Әнуарбек Байжанбаевтың есімі – Қазақ радиосы десек еріксіз ойға оралады. Әнағаңның есімі – Қазақ радиосымен біртұтас есімге айналған. Қазақ радиосы десе Байжанбаев деген фамилия қатар айтылады. Бетке ұстар атақты дикторларымыз – Әнуарбек Байжанбаев пен Сауық Жақанова ғой. Ол кісілер Қазақ радиосы арқылы көпшіліктің сүйіспеншілігі мен құрметіне бөленіп, аттары аңызға айналды.

Әрине Қазақ радиосы радио болғалы алғашқы әрі соңғы Қазақстанның халық әртісі де Әнуарбек Байжанбаев екенін ерекше атау абзал.

Өнерге деген құштарлық Нығметжан әкенің ақындығы мен Бәтиха анасының әншілігінен бастау алғаны сөзсіз. Өзі өскен үйде болатын қонақтар Нығметжан мен Бәтиханың өнерлеріне тәнті болушы еді. Өздері де ән салып, жыр толғайтын. Шыңғыстаудың баурайында өскен бала білсем, үйренсем деп талпынып, мектепте жүргенде көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, концерт жүргізіп, жыр оқып ауылдастарының қошеметіне бөленеді. Жеті жасында байдың баласының ролін ойнап, спектакльге қатысқаны бар. Сонда мұғалімдер жас баланың сөз саптасына қайран қалған екен. Бала кезінен зеректігінің арқасында батырлар жырын жатқа айтады екен. Суретті де жақсы салған екен. Сәкен Сейфуллинның жырларын жатқа айтыпты. Әнуарбектің Бейімбет Майлинның «Шұғаның белгісі» повесін жатқа айтуы ауылдастарын таңғалдырған. Тыңдаушының кейбіреуі жылап, кейбіреуі кемсеңдеп отыратын.

Мектеп директоры Кузиннің өзі мақал-мәтелдеп сөйлейтін. Әнағаңды орысша сөйлеуге үйреткен сол кісі еді.

Әнуарбектің төрт жасында ата-анасы қайтыс болып,  үлкен ағасы Ризахметтің қолында өседі. Ол кісі  Қызылорда қаласындағы станцияның бастығы болып, кейін Отардағы Мәтібұлақ ауылына көшіп келеді. Он жасынан Кенен ауылында өскен Әнуарбек ауылдағы өнер адамдары, ақындарды тыңдап өседі. Сөз өнеріне қызығушылық ертеден басталған екен.

Кейін есейген соң Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, жаралы елге қайтқанда сол кездегі төраға Омарғазы – Ғазиз Оспанов Әнағаңның поэзияны шебер оқитынын естіп, Қазақ радиосына дикторлыққа шақырыпты.

Сол кездегі дикторларды қабылдаған атақты дикторымыз Мина Сейітова осы мамандыққа баулып, Әнағаңдың шеберлігін шыңдайды.

Ұлы Жеңісті радиодан хабарлап, халқын қуанышқа бөлеген де – Әнуарбек Байжанбаевтың өзі еді.

Әнағаң сөз өнерін жете меңгерген, оқып отырған мәтіннің әр сөзіне жан кіргізіп, тыңдаушының жан дүниесіне әсер ететіндей ерекше толғаныста оқи білген майталман еді. Көңілді характердегі  мәтінге әр беріп, мағынасын ашқан, мұңды дүниені өз мәнінде жеткізе білген, әр мәтіннің табиғатына ерекше көңіл бөліп, аша білген өз ісінің шебері еді. Және шәкірттеріне «сенің алдыңда миллиондаған адам отыр, халық тыңдап отыр, соларға ойды дұрыс жеткізе білуің керек» деп ескертіп, дикторлық оқудың сырын ашып беретін.

Әнағаң ауылда өскендіктен ауыл өмірін жақсы білетін. Табиғат көріністерін жеткізгенде де көз алдына келтіріп, ерекше сезіммен оқушы еді.

Жазушы Сәбит Мұқанов «Әнуарбек оқыса солғын шығарманың өзі торғын жібектей құлпырады» десе, ақын Тайыр Жароков «Әнуарбек ініме өте ризамын, өлең оқығанда айызыңды қандырып, елді сілтідей тындырады» деуі бекер емес.

Әнағаң, әсіресе әдеби, музыкалық хабарларды оқығанда жан салып оқушы еді. Ол кісінің оқуындағы әуе толқынынан берілетін осындай хабарларды тыңдап отырғанда көз алдыңа фильмді көріп отырғандай көрініс пайда болатын. Соған елтіп, әсемдік әлеміне саяхат жасап, қиял құшағына берілетінсің. Әрине бұл – көркемсөз өнері, атақты диктордың табиғи дарыны, оқу барысындағы өзіндік ерекшелігі болса керек.

Мен ауыл баласымын. Менің кішкене кезімде үйде сары радио болатын. Бәріміздің тыңдайтынымыз – Қазақ радиосы еді.

Теледидар 1966 жылы ауылға келді, бір-ақ үйде болды. Ауыл болып, сол үйдің мазасын алатынбыз. Көбіне радиодан керегімізді тыңдайтын едік.

Кішкене кезімізде балаларға арналған небір хабарлар болатын. Әсіресе «Ерден атайдың», «Жұмбақбай атайдың» ертегілерін тыңдайтынбыз. Ес біле жақсы хабарларға ден қоя бастадық. Арнайы берілетін концерттерге құлақ түріп, бір-екі естігенде сол әндерді үйреніп алуға тырысатынбыз.

Әкем, жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаев пен анам Кәмеш Байқасқызы өнерге жақын болатын. Әкем домбыраға қосылып ән салса, анам қосылып ән айтатын. Біздің үйдің балалары рухани дүниеге жақын болды. Сондай ортада өскендіктен көзіміз ашық, көкірегіміз ояу болып бойжеттік. Сол шақтарда Әнуарбек ағамыздың оқуындағы небір хабарларды тыңдап, рухани азық алушы едік. Үнемі радиодан дауысын тыңдаған мен үшін 1987 жылы дастархандас болған біртүрлі қызық көрінді. Менің кіші інім Зейнұр Алматының қызы Жаннаға үйленді. Келіннің анасы Мәдина Әбілқызы бала кезінде Әнуарбек ағаның әйелі Ғайни апамен, Жаппар Өмірбековтың әйелі Зәуреш апамен бір үйде өсіпті. Сірә, нағашы-жиен болса керек. Сәті түсіп, Мәдина апай мені сол кісілермен қосып қонаққа шақырған. Дастархан басында отырмыз. Әнуарбек аға сөйлеген сайын аузына қарай беріппін. Маған радио сөйлеп тұрғандай әсер етті. Әйтеуір отырыс аяқталғанға дейін жаңағыдай әсерде болдым. Шындығында да радиодан ғана дауысын естіген адаммен қатар отыру – мен үшін ерекше қуаныш еді.

«Ат тұяғын тай басар» демекші, Әнекеңнің көзі, туған баласы Арыс Әнуарбекұлы он жеті жасынан Қазақ радиосымен біте қайнасып келеді.

Текті атаның өсиетін орындап, өзін әрдайым бірқалыпты ұстауға дағдыланған Арыстың бір дауыс көтергенін көргенім жоқ. Үнемі өз ісін жете меңгеріп, концерттік студияда оператор, дыбыстық студияда оператор, кейін оқу бітіріп, инженерлық мамандықты меңгергенін білеміз. Ең бастысы – өмірге келгендегі адам болып қалуды қағида тұтқан, өз ортасында сыйлы азамат бола білген Арыс та бір кезде диктор болуды армандаған. Бірақ бұйырмаған мамандыққа айналыпты, оған да адамдардың пендешілігі әсер еткен екен. Әнағаңның өзі болмаса да ұрпағымен бір ұжымда еңбек етіп, сыйлас бола білдік.

Әнағаңның ісін жалғастырған Мәмбет Сержанов, Мырзабек Қуатбеков, Аманжан Серіков, Болат Біжібаев, Сайлау Нұрғазин, Бүркіт Бекмағанбетов, Раиса Аманбаева, Ұлжан Пармашқызы, Зияда Бекетова, Шолпан Байғабылқызы, Шолпан Ахметова, Әмина Сыздыққызы, Құрманғазы Дінасылов сынды дикторларымыздың да Қазақ радиосына сіңірген еңбектері орасан зор.

Қазақстанның халық әртісі Әнуарбек Байжанбаев Қазақ радиосының тарихында есімі алтын әріппен жазылған қайталанбайтын дарын иесі. Дикторлар көп, қазіргі жастар арасында да дарындылары бар. Бірақ Әнағаңның биігіне көтерілген дикторлар жоқтың қасы. Ол кісі мың жылда біртуар қайталанбайтын ерекше дауыс иесі еді. Ол – дара тұлға.

Өкініштісі, Қазақ радиосының бетке ұстар дарынды да атақты дикторы, Қазақстанның халық әртісі Әнуарбек Байжанбаевтың туғанына 100 жыл толған кезде Мәдениет министрлігі, одан қалды «Қазақстан» телерадиокорпорациясы тойын өткізуге қаражат та бөлмеді, тіпті ескермеді десек те болады.  Бұл енді мәдениетті, телеарнаны басқарып отырған жандарға үлкен сын дегім келеді. Биылғы жылы көп болып естелік жазып, Әнекеңнің өмірі мен шығармашылығы жайлы «Қазақтың Байжанбаевы» деген жинақ шығып, ұжымның қолдауымен ас берілді. Одан да шүкіршілік. Кітаптың демеушісі – «Атамұра» корпорациясының президенті Рахымғали Құл-Мұхаммед.

Шыңғыстаудың баурайында дүниеге келіп, әуе толқыны арқылы қазақ даласына үнін жаңғыртқан, халқымыздың біртуар дарыны, бәріміздің мақтанышымыз –  Қазақстанның халық әртісі Әнуарбек Байжанбаев Қазақ радиосының бағына жаралған жарық жұлдыз еді...

Алтын Иманбаева,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Abai.kz

0 пікір