Дүйсенбі, 25 Тамыз 2025
Саңлақ 119 0 пікір 25 Тамыз, 2025 сағат 14:01

Қазақ спортының халі қалай? Министр не дейді?

Сурет: primeminister.kz сайтынан алынды.

Қазақстан ірі халықаралық спорттық жарыстарды қабылдайтын орталық ретіндегі мәртебесін барған сайын нықтай түсуде.

Жыл сайын елімізде беделді жарыстардың саны артуда. Бұл әлемдік спорт қауымдастығының сенімін және республикамыздың жаһандық деңгейдегі беделін мойындаудың айқын көрінісіне айналуда. 2025–2028 жылдар аралығында Қазақстан ондаған әлем чемпионаттары мен кубоктарын, сондай-ақ түрлі спорт түрлерінен бірқатар ірі халықаралық турнирлерді өткізеді.

Мұндай нәтижеге Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігінің жүйелі жұмысының арқасында қол жеткізілді. Ел Президенті спорттың ұлттық рухты нығайтуда, жастарды қолдауда, салауатты ұлт қалыптастыруда, сондай-ақ елдің әлемдік аренадағы оң имиджін ілгерілетуде шешуші рөл атқаратынын бірнеше рет атап өткен.

2025 жылдың алғашқы жартысында Қазақстан бірқатар маңызды жарыстарды қабылдады. Атап айтатын болсақ, Алматыда фристайл-акробатика мен могулдан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты, Астанада дзюдодан «Qazaqstan Barysy Grand Slam» халықаралық турнирі, World Boxing аясындағы бокстан Әлем кубогы, таеквондодан рейтингтік «Kazakhstan Open» турнирі және басқа да жарыстар. Жыл соңына дейін елімізде тағы онға жуық ірі халықаралық додалар өтеді.

2026 жылы спорт күнтізбесіне енген Шымкенттегі стенд атудан ISSF әлем Кубогы, Астанадағы жүзуден әлем кубогының кезеңі және Алматыдағы таеквондодан Финалдық Гран-при өтеді. Ал 2027 жыл ерекше мәнге ие болмақ. Себебі, Қазақстан дзюдо, бокс, үстел теннисі және стенд атудан әлем чемпионаттарын өткізеді. Бұл отандық спортты дамытудың жаңа кезеңі әрі халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың маңызды қадамы болмақ. 2028 жылы еліміз тағы да өз мәртебесін айқындап, Астанада ауыр атлетикадан әлем чемпионатын және Алматыда фристайлдан әлем Кубогының кезеңін қабылдайды.

«Мемлекет басшысының спорт саласындағы дәйекті саясаты Қазақстанға ірі әлемдік турнирлерді қабылдау мүмкіндігін беріп отыр. Әлем чемпионаттары мен Кубоктарының халықаралық федерациялар аясында өтуі, бұл біздің күш-жігеріміздің мойындалуы, спорттық инфрақұрылымды дамыту, жаңа буын спортшыларды тәрбиелеу және елдің халықаралық имиджін нығайту. Біз алдағы уақытта да Қазақстанның әлемдік спорттағы көшбасшылар қатарынан нық орын алуы үшін еңбек ете береміз», – деді Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.

Айта кету керек, халықаралық жарыстар тек спорттық жетістіктердің артуына ғана емес, ел үшін кең мүмкіндіктер ашуға да ықпал етеді. Олар өңірлік инфрақұрылымды дамытуға серпін береді, сондай-ақ туристерді тартады, жаңа экономикалық мүмкіндіктер туғызады және жастардың спортқа деген тұрақты қызығушылығын қалыптастырады. Осылайша, өткізілген әр чемпионат спорт саласына ғана емес, Қазақстанның әлеуметтік және мәдени дамуына да қосылған үлес болып табылады.

Abai.kz

0 пікір