Дүйсенбі, 8 Қыркүйек 2025
Аласапыран 194 0 пікір 8 Қыркүйек, 2025 сағат 11:29

АҚШ сарбаздары КХДР аумағына қалай кірді?

Сурет: tsn.ua сайтынан алынды.

The New York Times басылымында журналист Дейв Филлипс пен Мэтью Коулдың эксклюзивті мақаласы жарық көрді. Мақалада АҚШ-тың  SEAL Team 6 арнайы жасағының КХДР аумағында құпия операция өткізбек болған әрекеті жайлы жазылған. Бұл туралы Mezgil.kz ақпараттық порталы жазды

2019 жылы АҚШ-тың арнайы жасағы КХДР аумағына кіріп, тыңдайтын құрылғы орнатуға тырысты. Операцияны Трамп әкімшілігі мақұлдаған болатын. Арнайы жасақ сарбаздары теңіз арқылы Солтүстік Кореяның аумағына жетіп, тасты жағалауға тоқтайды. Бұл аса құпия миссия еді.

Операция қарсаңында Солтүстік Корея мен АҚШ тарапы Пхеньянның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөз жүргізіп жатқан болатын. Келіссөздер тым күрделі форматта өтті және кез келген сәтте жағдай ушығып, кикілжің қақтығыс форматына ауысуы ықтимал еді. Сол үшін АҚШ тарапы Солтүстік Корея аумағына тыңдайтын құрылғы орнатып, ақпарат жинауды ойластырды.

2019 жылы Трамп Ким Чен Ынға ядролық бағдарлама мәселесін реттеу бойынша ұсыныс жасады. Себебі, 2018 жылы КХДР бірнеше мәрте зымыран сынағын өткізіп, ядролық оқтұмсықты алып ұшуға қабілетті зымыран шығаратынын айтты. АҚШ бұл әрекет Оңтүстік Корея мен Жапония үшін аса қауіпті деп санады және мәселені дипломатиялық жолмен шешуге тырысты.

Дегенмен, екі елдің келіссөз қарсаңында АҚШ-тың барлау қызметінің өкілдері Солтүстік Корея басшылығын тыңдайтын құрылғы қажет екенін айтты. Құрылғы Солтүстік Корея аумағына орнатылуы тиіс еді.

Миссияны орындауға SEAL Team 6 арнайы жасағы таңдалып алынды. Аталған жасақ атышулы лаңкес Усама бен Ладенді жойған операцияға қатысқан болатын. Миссияны орындау өте қиын еді. Себебі КХДР аумағында АҚШ-тың арнайы тыңшылары болған жоқ және арнайы жасақ сарбаздары қауіпті аймаққа жеңіл қаруды асынып ғана кіру шешімі қабылданды.

2005 жылы SEAL жасағының сарбаздары Солтүстік Корея аумағына бір мәрте кірген болатын. Буштың бұйрығы бойынша арнайы жасақ өкілдері Солтүстік Корея жағалауына кіші сүңгуір қайықпен жетіп, КХДР аумағына өтті. Аталған миссия барысында арнайы жасақ қандай тапсырманы орындағаны әскери құпия саналады, алайда «миссия сәтті орындалды» дейді сарапшылар. Араға 14 жыл салып, арнайы жасақ сол миссияны қайталауға тырысты.

SEAL сарбаздарын Солтүстік Корея жағалауына сүңгуір қайық апаруы тиіс еді. Артынша олар үлкендігі китпен бірдей кіші сүңгуір қайықтарға отырып, КХДР жағалауына жақын тұстан түсіп қалды да, екі сағатқа жуық уақыт аквалангтың көмегімен жүзіп, жағалауға жетті.

Миссия аса құпия болғандықтан, дрондар қолданылмады. Сарбаздарға ақпарат спутниктік түсірілім арқылы беріліп отырды. Операция таң қылаң берген сәтте басталды, ал cарбаздар түнде көретін көзілдірік киген болатын.

Гидрокостюм киген сарбаздар Солтүстік Корея жағалауына жетіп, тыңдайтын құрылғыны ел аумағына өтіп, орнатуды ойластырған сәтте, күтпеген тұстан белгісіз қайық көрінді. Арнайы жасақ өкілдері қайыққа оқ жаудыра кетті. Қайықтағы үш адам да өлтірілді. Алайда олар сарбаздар емес, жағалау маңында заңсыз балық аулап жүрген КХДР-дің балықшылары еді. Балықшылардың денесін Солтүстік Корея сарбаздары тауып, сараптама жүргізбеуі үшін, арнайы жасақ өкілдері олардың денелерін суға батырып жіберді. Арнайы жасақ құрылғыны орнату идеясынан бас тартты. Себебі атылған оқтың даусын КХДР шекарашылар естуі мүмкін еді. Сол үшін де жылдам арада КХДР жағалауынан эвакуацияланды.

Миссияға SEAL жасағының 8 сарбазы қатысты. Кейін олардың барлығы дерлік марапатқа ие болды. Ал операцияға қатысты ақпараттар құпияландырылды. Байден билігі аталған операцияға қатысты бірнеше тексеру жұмыстарын өткізді. Тексеріс нәтижелері де құпияландырылған болатын.

Abai.kz

0 пікір