Блогерлер мен таксистердің табысы қалай есептеледі?

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті блогерлер мен таксистердің шоттары қалай тексерілетінін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Блогерлер мен инфлюенсерлердің, таксистердің шоттары қалай тексеріледі? – деп редакциямыз салық органдарына ресми сауал жолдаған болатын.
Комитеттің түсіндіруінше, салық органдарының негізгі міндеті – салық заңнамасының сақталуын, салықтар мен міндетті төлемдердің уақытылы әрі толық түсуін бақылау. Сонымен қатар әлеуметтік төлемдерді есептеу мен аударудың да заңға сәйкес жүргізілуін қамтамасыз ету.
Бұл мақсатта салық органдары камералдық бақылау жүргізеді. Ол салық төлеушінің есептілігін, мемлекеттік органдардың мәліметтерін және басқа да құжаттарды талдау негізінде жүзеге асырылады. Егер бұзушылықтар анықталса, салық төлеуші оларды өз бетінше түзетуге міндеттеледі, - деп жауап берді комитет.
МКК атап өткендей, бақылау шаралары тек блогерлерге ғана емес, кіріс табатын барлық жеке тұлғаларға қолданылады. Яғни, блогерлер, такси жүргізушілері немесе өзге де азаматтар табыс алса, олардың салықтық міндеттемелері бірдей тексеріледі.
Комитеттің айтуынша, басты мақсат – салық төлемдерін толық және уақтылы орындауды қамтамасыз ету, ал белгілі бір кәсіп өкілдерін арнайы бақылауға алу көзделмеген.
Abai.kz