Сенбі, 20 Қыркүйек 2025
Айқай 113 0 пікір 20 Қыркүйек, 2025 сағат 13:13

Үкіметтің неліктен мемлекеттік тілдегі жұмысы кемшін!?

Сурет: BAQ.kz сайтынан алынды

Премьер-Министрдің назарына!

 Қазақстан Республикасының Конституциясы бойынша қазақ тілі – мемлекеттiк тіл. Бұл – елдің тәуелсіздігінің, ұлттық бірегейлігінің, мәдени ерекшелігінің айқын көрінісі. Алайда практикада мемлекеттік органдарда, қызмет көрсетуде, іс‑қағаздарда, заңнамалық мәтіндерде қазақ тілінің қолданылуы әлі де толық, жүйелі емес. Қоғамда “мемлекеттік тілде жұмыс жасамайды” деген сындар, сұрақтар көп. Бұл мақаламызда сол сындардан шығатын себептерді терең талдап, ұсыныстар білдіруге тырысамыз.

Төменде мемлекеттік тілдің кең қолданысына кедергі болып тұрған негізгі себептер мен факторлар талданады:

Заңнамалық және нормативтік базаның жеткіліксіздігі

«Тілдер туралы» заң (1997) бір жағынан мемлекеттік тілге мәртебе бергенімен, өзгелерге қарағанда үстемдік пен практикалық қолданысын қамтамасыз ететін құқықтық нормалардың айқын болмауы жиі сыналып жүр.

Жоғарыдағы заңның кейбір баптарында “мемлекеттік тілде және орыс тілінде” қатар қолдану туралы тұжырымдар бар, дегенмен, олар мемлекеттік тілдің үстемдігін қамтамасыз ететін нақты талаптарды көрсетпей келеді.

Кейбір мемлекеттік бағдарламалар мен жарлықтар қабылданғанымен, олардың орындалуын қадағалау, бақылау механизмі өте әлсіз. Мысалы, “Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011‑2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы” осындай бағдарлама.

Мемлекеттік қызметкерлердің, әсіресе орта және жоғары деңгейдегі шенеуніктердің кей бөлігі қазақ тілінде жеткілікті деңгейде сөйлей алмауы, сондай-ақ, қазіргі күндері құжаттар дайындауда, заң мәтіндерін түсіндіруде көп қиындықтар туындауда. Қазақ тіліндегі білім ұсыну мен оқыту жүйесінің әр өңірде, әсіресе аудандарда, қалаларда біркелкі дамымағандығы.

Мемлекеттік тілді қолданған кезде қосымша шығындар болуы мүмкін: аударма, екі тілде құжат дайындау, қызметкерлерге қазақ тілін үйрету, т.б. Сол себепті кейбір мемлекеттік органдар сөзбе-сөз “оңай жолды” таңдап, орысшаны немесе аралас қолдануды жалғастырып келеді. Қазақша сөйлегенде қоғамда “қыңырлық” немесе ыңғайсыздық сезімдері болуы мүмкін, әсіресе орыс тілді ортада өскендер үшін.

Қазақ тілін “ауызекі тіл” немесе тек мәдени, әдеби тіл ретінде ғана қарастыру кейбір салаларда қалыптасқан менталитет. Заң, ғылым, техника, ақпараттық технология, бизнес сияқты “қатал” салаларда тілдің терминологиясы, стилі, нормативтері жеткілікті дамымағандықтан, мемлекеттік тілдің қолданысы әлі күнге дейін әдейі шектеліп келеді.

Тіл саясатын жүргізуде саяси ерік‑жігердің жеткіліксіздігі

Президентіміз мемлекеттік тілдің қолданылуын кеңейту туралы сөзді көп айтқанымен, Қазақ Үкіметі іс жүзінде нақты жоспар жасап жұмыс жүргізбей келеді. Бұған, Премьер-Министрден бастап, идеология саласына жауап беретін адамдар кінәлі.   

Жауапкершілік: мемлекеттік тілдің қолданылмауы үшін нақты жазалау, әсер ету механизмдері жоқ. Кей кезде заң нормалары болса да, оларды орындамау салдарлары жетерлік.

Қазақ тіліндегі құжаттарды, заң мәтіндерін, нормативтік актілерді дайындау, аудару, екі тілде түпнұсқалық сапада ұсыну үшін аудармашылар, редакторлар, заңгер‑тіл мамандары жеткіліксіз.

Мемлекеттік органдарда қазақ тіліндегі компьютерлік жүйелер, бағдарламалар, форма‑бланктер, электрондық құжат айналымы, қаріптер, трансформация құралдары толық дамымаған. Кейбір бөлімдерде қазақша интерфейс, қазақша бағдарламалау құралдары немесе автоматты аударма қызметтері жоқ. Мемлекеттік қызмет және әкімшілік: қызметкерлердің мемлекеттік тілде сөйлемеуі, құжаттарды орыс тілінде дайындау кең тараған.

Қоғамдық қызмет көрсету (әскер, денсаулық сақтау, жер қатынастары, құқық қорғау органдары): тілдік құқықтар сақталмаған жағдайлар жиі орын алады. Сауалнамаларда “мемлекеттік мекемелерден қазақша қызмет алған кезде қиындықтар бар” деген жауаптар көп.

Қоғамдық пікір мен жария деректер

Жүргізген сауалнамамыздың қорытындысы бойынша, “мемлекеттік тілде сөйлейтін азамат ретінде тілдік құқыңыз қаншалықты сақталып жүр?” деген сұраққа халықтың тек 19,75 %-ы “құқығым сақталып жатыр” деп жауап беріпті.

Тағы бір сұрағымызда мемлекеттік мекемелерден қазақша қызмет немесе ақпарат алу мүмкіндігі туралы сұралғанда, 1 500‑ге жуық адамнан 544‑і “жоқ” деп жауап берді, 119 адам “қанша талап еткенде де қызмет көрсетілмейді” деп жауап қайтарды.

                                                Шешу жолдары

Мемлекеттік тілді қолданылуын арттыру үшін бірнеше ұсыныстарымыз бар. Құқықтық нормаларды нақтылау, толықтыру
– Заңнаманы, нормативтерді мемлекеттік тілдің қолданылуын міндеттейтін талаптармен және бұзған жағдайда нақты жауапкершілікпен толықтыру. Мемлекеттік бағдарламаларда тіл саясатын орындау бойынша нақты индикаторлар, жоспарлар және есеп беру жүйесін енгізу. Мемлекеттік қызметшілерді даярлау – қазақ тілін білмейтін, жеткілікті меңгермеген қызметкерлерге міндетті курстар, тілдік тесттер, сертификаттар талап ету. Мемлекеттік қызметке іріктеу кезінде тіл білімін міндетті талап ету. Агенттіктер мен әкімдіктер деңгейінде саяси еріктілікті арттыру – жергілікті билік пен мемлекеттік органдар, қазақ тілін қолданғаны үшін марапаттау, бонустық жүйелер енгізу. Қазақ тілінде қызмет көрсету орталықтарын кеңейту, тілдік орталар қалыптастыру. Қазақ тілінде аударма, құқықтық‑терминологиялық база қалып тастыру, заң, білім, ғылым саласында терминологияны жүйелеу. Электронды қызметтерде қазақша интерфейстердің сапасын көтеру, электронды үкімет порталдарындағы қазақ тілінің қолжетімді болуын қамтамасыз ету. Халық арасында тіл мәдениетін дамыту, мотивацияны ұлғайту – БАҚ, теледидар, радио, интернет ресурстарында қазақ тілін қолдануды кеңейту. Мемлекеттік тілде сапалы білім ұсыну, әдебиет, медиа өнім шығару.
Қазақ тілінде сөйлеген адамдарды қолдау, тілдік қауымдастықтар құру. Мемлекеттік органдарда тіл саясатын орындауды бақылауды күшейту. Қоғамдық есеп беру: министрліктер, әкімдіктер мемлекеттік тілдің қолданылуы жөнінде халық алдында есеп беруі тиіс. Тіл құқықтарының бұзылуын анықтап, шара қолдану.

Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бері мемлекеттік тілге қатысты көптеген заңдар, бағдарламалар қабылданды. Бірақ солардың барлығының жүзеге асуы, әсері әрқилы, толық емес. Мемлекеттік тіл – тек құқықтық мәртебе емес, ол күнделікті өмірде, билікте, қызмет көрсету саласында, заң мен білімде нақты қолданылатын құрал болуы керек. Елдің тұтастығы мен ұлттық сана, мәдени бірегейлік үшін осының маңызы зор.

Егер үкімет, мемлекеттік органдар, қоғам, бірлескен күш салса, ұлттық тілдің қоғамдағы орны артып, мемлекеттік тілде жұмыс жасау қалыпты тәжірибеге айналады. Қазақстанның болашағы – мемлекеттік тіл, қазақ тілінде.

Бейсенғазы Ұлықбек Қазақастан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

0 пікір