Тәңіршілдік пен Ислам алауыздығы...

Абай іліміндегі тәңіршілдік пен ислам алауыздығының негізгі себептері
Бүгінгі күндері ислам мен тәңіршілдіктің арасында елімізге аса қауыпты алауыздық өрши бастады. Бұл алауыздықтың алдын ала отырып, оларды біріктіре білу керек. Оларды біріктірудің қандай жолдары бар? Біріктіру жолын табу үшін әуелі бұл алауыздықтың негізгі себебіне келейік. Алауыздықтың негізгі себебі: Болмыстың біртұтастығына көңіл аудармай, оны бөліп қабылдаудан болып отыр. Осылай біртұтас Болмысты ислам мен тәңіршілдікке бөлген екі ағым пайда болып, олардың арасында бір ымыраға келе алмайтын қайшылықтар туды.
Абайдың отыз сегізінші сөзіндегі «Ғалам Алла тағаланың ішінде» деген сөзі Болмыстың пантеистік бірлігін білдіреді. Пантеизм дегеніміз Алла тағала мен табиғатты біртұтас қабылдап, оларды бірлікте қарастыратын ілім. Ғалам Алла тағаланың ішінде болғандықтан, ол Алланың бір көрінісі, сонымен бірге, біртұтас Болмыс. Болмыстың рухани және материалдық бөліктері бар. Бұлар Болмыстың, сонымен бірге, өркениеттің екі қанаты. Олар екеуі де жақсы жетілген және үйлесімді болулары керек. Бұл шарт әлемнің барлық бөліктеріне, сонымен бірге, әрбір жан иесі, қоғамдар мен халықтарға да ортақ. Бұл негізгі шарт бұзылғанда адам азып, қоғамдар құлдырау жолына түсіп, халықтар бөлініп, діндер арасында алауыздық туып, өзара қақтығыстан арыла алмай қалады. Бүгінгі еліміздегі қалыптасқан жағдай Болмыстың бірлігі бұзылып, үйлесімдіктің болмауынан болып отыр.
Еліміздің рухани болмысының тірегі ислам болса, ал ұлттық салттың, яғни, материалдық болмысының тірегі тәңіршілдік. Ислам адам өмірінің түпкі мақсатын берсе, ал тәңіршілдік сол мақсатқа жету жолын мен әдіс-құралын береді. Қандай мақсат болса да жолсыз жетуге болмайтыны тәрізді, халқымызға ислам мен тәңіршілдіктің үйлесімдігі болмай мақсатқа жету қиынға соғады. Себебі, ислам Болмыс бірлігіне сенімді берсе, ал тәңіршілдік Оның заңдылықтарын тануды береді. Таным сенімді, яғни, иманды өсіреді. Абай сөзімен айтқанда, «Пендеге иман өзі ашады жол». Ал жол ашатын ол иманға қоршаған дүниені танымай жету мүмкін емес. Осылай ислам мен тәңіршілдік бір бірін қолдап, жетілдіріп отырады.
Бүгінгі ислам мен тәңіршілдіктің арасындағы алауыздықтың себебі осы екі жолдың, яғни сенім мен танымның арасындағы қайшылықта болып отыр. Алланы тануға түрлі жолдармен: тәңіршілер Болмыстың әлемдік көрінісін тану арқылы, ал исламшылар Алланың тұлғалық қасиеттеріне сену арқылы жеткілері келеді. Таным мен сенімді бөлектеп, оларды біріктіре алмай, арасында қайшылық туып, бір халық екіге бөліне бастады.
Екі ағым арасындағы алауыздықтың тағы бір себебі – олардың арасындағы қатынастың қиянатты болуы. Қиянат күнәға батырып, имандылыққа кері әсер етеді. Осылай бұл ағымдар арасындағы текетірес халықты екіге бөліп қана қоймайды, сонымен бірге, иманды өшіріп, діннің негізгі міндетін, Құдай жолымен жүруге үлкен кедергі жасайды. Олар өзара келісудің орнына, бірін бірі жеңіп, өздеріне көндіріп, бағындырғысы келеді. Ал бұл зорлық, қиянат болып табылады. Рухани жолда зорлық емес, толық еркіндік болу керек. Бұл туралы данышпан бабамыз былай деп анықтап кеткен:
Алла тағала Өзі – хақиқат, растықтың жолы. Қиянат – хақиқат пен растықтың дұшпаны. Дұшпаны арқылы шақыртқанға дос келе ме?
Алла тағала растықтың жолы болғандықтан, қиянат рухани жолдағы ең үлкен дұшпан. Рухани даму үшін бұл үлкен дұшпаннан аулақ болу керек. Алла тағала шексіз рахымды, әділетті болғандықтан, Ол қиянатты мүлде қабылдамайды. Керісінше, қиянат әділетке қарсы әрекет болғандықтан, ол күнәлі іс болып табылады. Ал күнәлі іс имандылыққа қарсы, оны төмендетіп, адамзат азғындық жолға түседі. Осының өзі қандай алауыздық болса да, оның үлкен зияндығын көрсетеді. Еліміздегі ислам мен тәңіршілдік бірін бірі зорламай, өзара бір түсінікке келгенде ғана бұл қиянаттан, күнәлі істерден құтылуға болады.
Қиянаттан құтылу жолы – демократиялық принцип болып табылады. Яғни, еркіндік пен жауапкершілік үйлесімділігі. Бұлардың бірі болмаса демократия да жоқ. Демократия еркіндік күш алғанда анархияға, ал еркіндікті тұншықтырып, жалаң жауапкершілік үшін қатаң тәртіпті орнатқанда тоталитаризмге айналып кететіні белгілі. Сондықтан, ислам мен тәңіршілдікті үйлестіру жолында ғана емес, қоғамның басқа салаларында да істің еркіндігі мен оның жауапкершілігіне бірдей көңіл бөліп, оларды үйлесімлі ұстау керек. Ал тұтас халықты жікке бөлудің жауапкершілігі өте үлкен. Оның келешегін болжау мүмкін емес. Демократия негіздері рухани болмыста жатқандықтан, бұл ақиқат діни адамдардың, тіпті, әрбір азаматтың есінде болуы табиғи міндет.
Сонымен, еліміздің бірлігін сақтап, бейбіт өмір орнату үшін Болмыстың рухани және материалдық бөліктерін сәйкестеу керек. Ол үшін Болмыс бірлігін мойындай отырып, демократиялық принциптер негізінде қиянатты істерге жол бермей, үйлесімді өмірге ұмтылуымыз керек.
Досым Омаров,
Абайтанушы, философия ғылымдарының докторы, теолог
Abai.kz