Дүйсенбі, 29 Қыркүйек 2025
Саңлақ 152 0 пікір 29 Қыркүйек, 2025 сағат 13:35

«Реалдың» кілегейге не қатысы бар?

Коллаж: ulysmedia.kz сайтынан алынды.

Ертең, яғни 30 қыркүйекте Алматының Орталық стадионында Чемпиондар лигасының кезекті матчы өтеді. «Қайрат» футбол командасы атақты «Реал» (Мадрид, Испания) футболшыларымен кездеседі. Қонақтар кеше түн ортасында Алматыға ұшып келіп, стадионға таяу орналасқан InterContinental Almaty қонақүйіне орналасты.

Испан клубын «атақты» деуіміз жай сөз емес, олардың даңқ-дәрежесі расында да таңқаларлықтай. Сонау 1902 жылы құрылған команда – расында да әлемдегі ең танымал, ең жеңімпаз, ең жүлдесі көп футбол ұжымы. «Реал» 36 рет Испания чемпионы атанған, 20 рет ел кубогын, 13 рет ел суперкубогын жеңіп алған. УЕФА Чемпиондар лигасының 15 дүркін жеңімпазы (1956, 1957, 1968, 1959, 1960, 1966, 1998, 2000, 2002, 2014, 2016, 2017, 2018, 2022, 2024). ФИФА  мадридтік суперклубты «ХХ ғасырдың үздік командасы» деп таныды. «Реал» қазір де УЕФА рейтингінде 1-орында тұр.

Сурет: fondoruso.ru сайтынан алынды.

Әрине, мұндай қарсыластан ұпай жырып алудың өзі «Қайрат» командасына оңайға соқпасы анық. Тіпті қазақ жанкүйерлерінің арасында «әйтеуір масқара болмай, абыроймен жеңілсек те жаман болмас еді» деген көңіл күйдің басым екені де жасырын емес.

«Реалды» әлем баспасөзі түрлі атаумен атай береді. Соның ішінде «Кілегейлілер» (орысша «Сливочные», испанша «Los Merengues») деген атау жиі кездеседі. Мұның сыры неде?

Алдымен жалпы испан футбол командаларының лақап аттарына шолу жасап көрейік.

Испания құрамасының лақап аты «Фурия роха» (La Furia Roja) екенінен хабардар шығарсыздар. Яғни «Қызыл фурия». Фурия – көне рим мифологиясындағы кек тәңіриясы (богиня мести). Испан футбол командасының «мінезіне» орай солай аталып кеткен.

«Барселонаны» киімінің түсіне қарай «Блаугранас» (каталонша) немесе «Асульгранас» (испанша) деп атайды: каталонша «блау» және испанша «асуль» – «көк» деген сөз, ал «грана» – «анар» жемісінің (гранат) түсін білдіретін ұғым.

«Валенсия» командасын «Murcielagos» (Mурсьелагос), яғни «Жарқанаттар» (Летучие мыши) дейтін себебі – бұл түнгі құс команданың гербінде бар. Жарқанат жалпы Валенсия аймағының символы саналады. Аңыз бойынша, ХІІІ ғасырда кезекті шайқас алдында Валенсия мен Каталония өңірін араб жаулаушыларынан қорғаған І Хайме қолбасшының дулығасына бір жарқанат кеп жарбиып қона қалыпты. Сол шайқас бұлар үшін табысты өтіп, Хайменің әскері жаулаушыларды ойсырата жеңген екен. «Бізге осы жарқанат сәттілік әкелді» деп ұғынған жұрт содан бері жарқанатты әулие тұтпаса да, кәдімгідей әспеттейтін болыпты.

Бильбаоның «Атлетик» командасын жұрт «Арыстандар» деп атайды. Себебі – баск халқының батыры Маместі христиан дініне өткені үшін радикал мәжусилер қазылған ордағы аш арыстандардың аузына тастап өлтірген. Оны жұрт «Арыстан жүректі Мамес» деп пір тұтқан. Бильбаодағы стадион қазір «Сан Мамес» (Әулие Мамес) деп аталады.

«Атлетико Мадридтің» екі лақап аты бар. Бірі – «Матрасшылар» (немесе «Матрас киюшілер»). Өйткені ХХ ғасырдың басында біраз уақыт қаржылық қиындыққа ұшыраған команда қожайындары футболшыларға форманы ең арзан матадан – былайғы жұрт төсек-орындарын (матрастарын) қаптайтын ақ-қызыл түсті матадан тігіпті. Содан Los Colchoneros (матрасшылар) деген ат бұларға күйедей жабысқан. Әйтпесе Испанияда «Атлетиконы» Rojiblancos, яғни «қызыл-ақ киімділер» («рохо» – «қызыл», «бланко» – «ақ») деп те атай береді.

«Атлетиконың» тағы бір лақап аты – «Үндістер» (индейцы, indios). Бірақ бұлай атайтындар «атлеттердің» ата жауы – «реалдықтар». 1973 жылы «Атлетико» Аргентинаның үш легионерін сатып алды – Рубен Диас, Рубен Айяла және Рамон Эредиа. Бір қызығы, үшеуі де үндіс тайпаларының ұрпақтары болса керек, түрлері баяғы Чингачгук пен Оцеоладан аумайтындар екен. Содан «Реал» жанкүйерлері бұл командаға «Үндістер» деген лақап ат тақты. Қазір де «Атлетикода» Оңтүстік Америкадан шыққан ойыншылар аз емес.

«Вильярреал» командасын жұрттың бәрі Submarino Amarillo («Сары сүңгуір қайық», «Желтая субмарина») деп атайды. Бірақ бұл атау әу баста «Кадис» командасының лақап аты болған. 1966 жылы әйгілі «Битлз» тобының «Yellow Submarine» атты әні сұмдық хит болғаны белгілі. Әлемнің бүкіл елін аралаған «Битлз» Испанияға да гастрольмен келіп, Кадис қаласында біраз аялдап, концерт берген. «Кадистің» формасы да сары түсті болған соң, жергілікті жанкүйерлер өздерінің сүйікті футбол командасын әйгілі әннің атауымен атай бастаған. Кейін, ХХІ ғасырда «Кадистен» гөрі сары формалы тағы бір клуб – «Вильярреалдың» аты шығып кетті де, «Submarino Amarillo» атауы осы командаға жабысты. «Кадис» тілеулестері бұл атауды «Вильярреалдан» әлі де қызғанатын көрінеді.

Сурет: sport25.pro сайтынан алынды.

Ал «Реал Мадридті» – неге «Кілегейлілер» (орысша «Сливочные», испанша «Los Merengues») дейді? «Эль меренгэ» (El merengue) дегеніміз – қант пен жұмыртқаның ағын қосып жасайтын көпіршіген ақ кілегей. Испандықтардың сүйікті асының бірі. «Реалдың» формасы – тұтастай ақ болғасын сол кілегейге теңеп, солай атап кеткен. «Los blancos» деп те атайтыны сондықтан («бланко» – жоғарыда айтқанымыздай, испанша «ақ» деген сөз).

«Реал» деген атаудың өзі, кейбіріміз ойлағандай, «реалды» («реальный») дегеннен шықпаған. Испанша rey (рей) – «король» деген сөз. Испан королінің қамқорлығымен құрылған команда болғасын солай атаған. Испанияда бұл даңқты команданы, негізі, ешкім де «Реал» демейді, «Мадрид» дейді. Өйткені бұл елде «Реал» дегендер жетіп артылады: «Реал Бетис», «Реал Сарагоса», «Реал Сосьедад», т.б. Бір-бірінен ажырату үшін көбінесе қала аттарымен атайды.

«Қайрат» ертең «көпіршіген ақ кілегейге» мелдектеп тоя ма, әлде сол «кілегейдің ортасында малтыға батпақтап», масқара бола ма?

Футбол көрейік.

Сурет: Қазспорт арнасынан алынды.

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

0 пікір