Жетісудың сандуғашы

Өнер деген екінің біріне қона бермейтін бақ десек, ән мен күй тыңдап, адам баласы көңіл-күйін реттейді. Өмірге құштарлығы артады, жан сергітеді. Бала кезден рухани байлығымыз – халық музыкасына құмар болып өскен әр бала әнші, күйші болуды армандайды, үлкендерге қарап бой түзейді, ой түзейді.
Әрине жер әсемі – Жетісу өңірінде сұлу табиғатқа тамсанып, даланың самал желі мен әсем гүлдеріне, мүлгіген тау көрінісіне қарап өскен бала сұлулыққа құштар болады.
Алматы облысы Жамбыл ауданына қарасты Тұрар ауылында дүниеге келген Биғайша Іңкәрбекова ата-ананың тәрбиесі мен қоса мектеп жасындағы ұстаздардың ықпалынан осы бір қиын да қызықты өнер жолын таңдап алған еді. Бұлбұлдай сайрап ән шырқаған шынашақтай қыз өз кезінде талайларды тамсандырған. Тіпті еш жерде арнайы музыкалық білім алмаса да Алматыдағы Қазақтың Жамбыл атындағы мемлекеттік филармониясына бірден әншілікке алынған. Кейін 1968 жылы П.Чайковский атындағы музыка училищесін бітірген соң Қазақтың Бақытжан Байқадамов атындағы хор капелласына жеке орындаушы ретінде қабылданған. Бұл істің басы-қасында сол кездегі филармония директоры Еркеғали Рахмадиев болған еді. Ол кісі жас әншілерге аса қамқорлық танытатын.
1970 жылдан 1992 жылы зейнетке шыққанша Қазақтың мемлекеттік «Қазақконцерт» гастрольдік-концерт бірлестігінде әнші болып жұмыс істейді.
Биғайша Іңкәрбековаға өнер жолында алғаш қамқор болған Қазақстанның халық әртісі Жамал Омарова еді. Өз үйіне тұрғызып, тегін тамақтандырып, өнер жолына баулып, филармонияға қызметке тұруға да аналық қамқорлығын көрсеткен осы апай болатын. «Жақсыдан шарапат» демекші, әнші Сара Тыныштығұловаға да дәл осындай қамқорлық танытқан Жамал апамыз еді. Әсіресе сахнаға шығар алдында «Биғайша, өзіңді өзің ұста, сахнаға шыққанда қысылма! Көрермені жоқ табиғат аясында ән салғандай еркін шырқа! Өнер екінің біріне беріле бермейді. Өнердің соңына түсіңдер!» деуші еді.
ҚСРО халық әртісі Роза Бағланова «Биғайша, сенде әншіге тән қасиет бар, тек ерінбей ізден, еңбек ет!» деуші еді.
Сол кездегі «Самал» ансамблінің домбырашысы Нұрқасым Әбжанов «Биғайша Іңкәрбекова көп жыл «Қазақконцерт» бірлестігінде әншілік етті. Мінезі жібектей есілген үлкен адамгершілік иесі еді. Қай жерге концерт қойсақ көрермен Биғайшаның әніне елтіп, аса қошемет көрсететін. Әншінің ән бағдарламасы да бай болатын. Оның орындауындағы әндер: Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов, Нұрғиса Тілендиев, Әблахат Еспаев сынды композиторлардың жаңа шыққан әндері болатын. Жаңалыққа құмар халық Биғайша ән орындап тұрғанда бірге қосылып отыратын» деп еске алады.
Әншінің өзі өнері жайлы көзі тірісінде былай деген екен:
«Әнші болу оңай емес. Оған арнайы біліммен қоса көп іздену керек. Көпшілікті жалықтырып алмау үшін ән бағдарламасын жаңартып отыру керек. Маған Манарбек Ержанов ағамыздың еңбекқорлығы мен ізденімпаздығы қатты ұнайды. Ол кісі жанынан да ән шығарады. Сахнаға жараулы аттай сәнімен шығады. Әрі Жүсіпбек Елебеков, Жамал Омаровалардың өнерге ерекше құрметі көңіл қуантады. Олар өздерін тәрбиелей отырып, өзгені де тәрбиелей біледі» деп еске алатын.
Жүсіпбек Елебековтың өнер бригадасында өнер көрсететіндіктен Биғайша Іңкәрбекова темірдей тәртіппен сахна сырына қаныға, әндерін, дауысын жетілдіре берді. Гастрольдан келіп, «Қазақконцертте» өткізген жиынында Жүсекең Биғайшаның өнеріне ерекше баға беріп, «Биғайша Іңкәрбекова әнді жүрегінен өткізіп, түсініп орындайтын шебер әнші. Ол қандай атаққа болсын лайықты» деп атаққа ұсынуға басшыларға кеңес берген еді. Сол сөзге Биғайша қатты ұялып қалыпты.
Әнші Биғайша Іңкәрбекова Әсет Бейсеуовтың әндерін тамылжыта орындайтын. Әсет радиоға берген сұхбатында «Қазақстанның әнші-күйшілерімен көп сапарлас болдым. Әсіресе әнші Биғайша Іңкәрбекованы халық жылы қабылдап, әдемі дауысына елтіп отырады. Бір совхозда әнін тыңдай алмай қалғандар ертеңгі басқа ауылда болатын концертіне тайлы-тұяғымен баратын. Халықтың көңілінен шығу – зор бақыт» деген болатын.
Жалпы, әнші Биғайша Іңкәрбекованың табаны тимеген қазақ даласы кемде кем шығар. Жылына тоғыз айлап дала кезіп, ән салған әншілеріміз бен күйшілеріміз «Қазақконцерт» бірлестігінде баршылық еді. Солардың көбі атақ-даңқсыз, ескерусіз қалды. Тіпті Қазақ радиосының алтын қорына бір ән не бір күй жазып қалдырмаған қаншама өнер иелері болды.
Биғайша Іңкәрбековмен қазақ елін аралаған Ләззат Сүйіндікова, Хафиза Әбуғалиева, Зәуреш Есбергенова, Сара Мамытова, Биғали Әбдірахманов сынды апа-ағаларымыз ерен еңбектің үлгісін көрсеткенімен атақ-даңқсыз дүниеден өтті. Қазір кейінгі жастар есімін де атай бермейді. Нағыз қазақ өнерін қарапайым халыққа жеткізген, киелі өнердің ыстық-суығына көнген осы кісілер еді. Олар баянның, ансамбльдің сүйемелдеуімен, кейбірі домбыраға қосылып әндерін орындады. Өз дауыстарымен, шын өнердің үлгісін көрсетті. Қазіргідей фонограммаға сүйеніп, ауыздарын жыбырлатып елді алдаған жоқ. Бәрі таза өнер, таза еңбек еді.
Әншінің бақыты – орындап тұрған әнінің мағынасын ашып, шебер орындауы, тыңдаушының жүрегіне жеткізе шырқай білуі десек, Биғайша апамыз халықтың ортасынан шығып, өз елі үшін тер төккен, әнші болам деген арманының орындалған сәті – еш қуанышқа айырбастай алмайтын құндылығымен ерекше болды.
Әрине, ұл-қызы бар ана үшін напақасын түзді кезіп табу оңай болған жоқ. Жаздың аптабы мен қыстың қаһары денсаулығына да әсер етті. Ол кезде қанша концерт қоясың, сонша жалақы түсетін кез. Дала кезбесең дайын жалақы жоқ. Жолдың да азабын тартқан кездері көп болды.
Әрдайым ән қанатында жүретін тамаша әншінің дауысы Роза Бағланованың дауысына өте ұқсас. Ол кісінің Қазақ радиосының әуе толқынынан берілетін көптеген әндері құлақтан кіріп бойды алар әсерлілігімен ерекше еді. Табиғатынан тембрі жағымды, бояуы қанық сопрано дауысы бар әншіге Л.Хамиди, Ш.Қалдаяқов, Ә.Еспаев, Ә.Бейсеуов, Н.Тілендиев сияқты көрнекті композиторларымыз ән жазды.
Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, дыбыс режиссері Мақсат Мұхитденов: «Шіркін, бұл кісілердің орындаған әндері алдымен халықтың құлағына жетіп, артынан өзін көруге зар болған халықпен қауышқан нағыз әртістер еді ғой. 70-80-ші жылдары күнде Қазақ радиосынан үзбей беріліп тұратын. Биғайша апайдың күйтабағының дизайнын өзім жасадым. Күйтабаққа репертуарындағы 100-ден аса әннің 23-і кірді. Соңынан әрбір әнін 5-6 реттен тыңдадым. Тоймай тыңдадым. Не деген жаныңды мезі етпейтін ағып жатқан мөлдір бұлақтай тап-таза дауыс. Тыңдаған сайын тыңдағың келе береді, келе береді» депті.
Мен Қазақ радиосының музыка редакциясында редактор, Бас редактор, соңғы оншақты жылда Алтынқор бөлімінің жетекшісі болдым.
Бір күні бізге Биғайша Іңкәрбекова апамыз келді. Көп әңгімелестік. Ол кісіге осы үнтаспаларын дискіге шығаруын өтіндік. Сонымен қатар шығармашылық кешіңізді ұйымдастырайық деп қолқа салдық. Ол кісі қала әкіміне барып өтініш жасады. Көпшіліктің қолдауымен «Қазақконцерттің» концерт залында Биғайша апамыздың кешінің куәсі болып, шәйіне қатысқанбыз. Апай одан кейін де хабарласып тұратын. Ертеректе ұлы қайтыс болған екен, кештен соң біраз уақыттан кейін қызы қайтыс болыпты. Осыдан кейін апай да о дүниелік болды.
Қазақ радиосының алтын қорына Биғайша Іңкәрбекова 82 ән жазыпты. Көп әндері фортепианоның, баянның сүйемелдеуімен, біразы эстрадалық оркестрінің сүйемелдеуімен жазылыпты. Әсет Бейсеуовтың «Көксудың толқындары», «Аққу әні», «Жеңеше», «Жайықтан қайтқан тырналар», «Жамбылдан жанған жұлдыздар», «Армандастар», «Алматым деп ән салам», «Ауылдың адамдары-ай», «Сырласу вальсі», «Оралды көктем», Нұрғиса Тілендиевтің «Елім жомарт», «Жүрегім менің», Шәмші Қалдаяқовтың «Тамды аруы», «Мойынқұмда», «Менің Қазақстаным», Мыңжасар Маңғытаевтың «Іздедім сені», «Алматының ақ түні», Кенжебек Күмісбековтың «Алғашқы әнім-арманым», Әблахат Еспаевтың «Маржан қыз», «Сағыныш екен бала кез», Ілия Жақановтың «Балқантау баурайында», «Анар», Әшірхан Телғозиевтың «Назерке», «Арманым», Бекен Жамақаевтың «Бақыт таңы», сонымен қатар халық әндері «Сәулем-ай», «Құдаша», «Бипыл» сынды әндері келер ғасырға мирас болар құндылығымен ерекше.
Өмір бойы сахнада ән салып, күш-қайратын өнерге арнаған тамаша әнші өз кезінде үкімет тарапынан еңбегі бағаланбай қоңырқай күй кешті, еңбегі еш болды десе де болады. Өкініш те, өкпе де ол кісіде бар еді. Бір жылдың тоғыз айы жолда өтті. Бала-шағаны бағуға да уақыт жетпеді. Енді, міне, ұл-қызын баурына алып, өмірмен қоштасып, үн-түнсіз қалды. Іздеушісі де жоқ.
Алтын Иманбаева,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Abai.kz