Сейсенбі, 21 Қазан 2025
Әдебиет 199 0 пікір 21 Қазан, 2025 сағат 14:31

Қуат Адис поэзиясының бала тәрбиесіндегі рөлі 

Сурет: автордың архивінен алынды

 

 

 Қазақ руханияты - халықпен бірге жасай беретін мәңгілік құндылықтар құбылысы. Халық бар жерде оның руханияты өшпек емес. Бұл құндылық ұрпақ тәрбиесіндегі негізгі рөл атқарар басты темірқазық екені даусыз. Кемеңгер М.Әуезовтің «Ел боламын десең бесігіңді түзе» деген қанатты сөзі жоғарыда айтылған пікірімізді дәлелдейтін қазақ халқының елдігін танытар, ұлт руханиятының көрсеткіші деп білеміз. Ұлттық рухтан, ұлттық болмыстан туындайтын – ұлттық мүдде, ұлттық сана, ұлттық белсенділік қасиеттерін жас ұрпақ бойына сіңіре білу мәселесі бүгінгі күннің басты қажеттіліктерінің бірі. Ұлттық құндылықтар мұратын негізгі темірқазық ретінде ұстана отырып отаншыл, адамгершілік қасиеттерді жоғары қоя білетін ұрпақ тәрбиелеу ісі күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелер. Осындай ұлы мұрат жолына өз үлестерін қосып кеткен, қосып келе жатқан ұлт қамын, оның келешегін ойлар ұлтжанды тұлғалардың бүгінгі күнде атқарып жатқан игілікті істері орасан зор.

Ұлт келешегіне өзінің еңбегін арнаған сөз зергерінің бірі – ақын, жазушы, публицист, Қазақстан Журналистер одағының, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қуат Адис. Қазақ әдебиетіне өзіндік қолтаңбасымен, үнімен, позициясымен келген Қ.Адис нені жырласа да толыққанды етіп, шашау шығармай, жарасымды жыр жазуға ұмтылады. Аталмыш ақынның жырлайтын тақырып ауқымы да кең және әртүрлі. Қоғамдағы болып жатқан әртүрлі жағдайлар, өмір шындығы, түйткілді, өзекті мәселелер ақын назарынан тыс қалған емес. Бұл мәселелелерге Қ.Адис қалыптасқан ақындық ұстанымы негізінде үн қатып отырады. Автордың ақындық талантының тағы бір ерекшелігі, бір қыры – көп қаламгерлер бара бермейтін жанр – балалар әдебиеті. Балалар әдебиеті нәзік писхологиялық иірімді, көрегенділікті, амал-тәсілді қажет ететін күрделі жанрдың бірі. Туындыны балалардың жас ерекшелігін ескере отырып, жазу өте маңызды әрі күрделі, шетін мәселе. Бұл орайда Қ.Адис жоғарыда тілге тиек еткен шеберлікті, психологиялық қабілетті меңгерген сөз шебері. Сөз зергерінің “Көңіл керуені” (2014); “Қоңырбек пен Содырбек” (2015); “Кемпірқосақ” (2018); “Дәрумендер дауасы” (2021); “Сөйлеп үйренеміз” (QR код арқылы дыбысталатын заманауи кітапшалар) (2021) атты балаларға арналған кітаптары жарық көрген. Сонымен қатар ақынның өлеңдері “Жыр маржаны” қазақ ақындарының Х томдық антологиясы  /ІХ томына туындылары енген/ (2014); “Тәтті алма” /екі томдық/ (2015); “Бәсіре” /екі томдық/ (2015); “Менің елім – бейбіт өмір бесігі” (2019); “Балалар поэзияының антологиясы” (2022) сияқты жинақтарға енген. Автордың біраз өлеңдері орыс, татар тілдеріне аударылып,“Современная литература стран СНГ” /Проза. Поэзия. Детская литература. Антология. ІІІ т. /ТМД елдерінің қазіргі әдебиеті. 3-томдық антологиялық жинақтың “Балалар әдебиеті” атты 3-томы. Орыс тілінде/ (Мәскеу, 2022); “Хәзерге заман казакъ шигърияте антологиясе” /Қазіргі заман қазақ поэзиясының антологиясы. Татар тілінде/ (Қазан, 2024) тәрізді антологиялық жинақтарда жарияланған.

Балалар ақыны Қ.Адис шығармашылығы туралы ғалым, зерттеуші, ақын, замандастарының білдірген пікірлерін беріп өтсек:

1.“Қуат Қадыр мен Өтепберген бағытындағы ақын. Жақсы ақын! Қадырға қарағанда да табиғи. Балаға не керек екенін, балаға ойды қалай айтуды жақсы меңгерген. Өлеңдері бала бойына сіңімді” (Құлбек Ергөбек,  әдебиет зерттеуші, сыншы, филиология ғылымының докторы, профессор).

2.“Қуат жақсы балалар ақыны ғана емес, жақсы суреткер лирик ақын” (Аманхан Әлімұлы ақын).

3.“Қуат Адис талантты ақын. Қазіргі балалар әдебиетінің белді өкілі. Қуатты әдеби орта балалар ақыны ретінде жақсы таныды. Бірақ оның қос қанатының топшысы бекігелі қашан?! Аз уақыттың ішінде үлкен поэзияда да тәп-тәуір табысқа жеткен қаламгерге айналды. Бұйырса, ол өзін барша қазаққа нағыз ақын ретінде көрсететін күн де келеді...” (Байбота Қошым-Ноғай, ақын).

4.“Қуаттың қуатты өлеңдері, шуақты жырлары бәріміздің жүрегіміздің төрінен орын алған. Қуаттың әсіресе, балаларға арнап жазып жүрген тәтті жырлары ерекше. Содан да болар кеңінен таралып, балғын оқырмандардың аузында жүр. Өйткені, ең ұлы әдебиет – балалар әдебиеті. Ендеше, осы тұрғыдан Қуаттың қазақ поэзиясына қосқан үлесі бар...”                                                (Қалқаман Сарин, ақын).

5.“Балалар әдебиетіне өзінің қолтаңбасымен келген Қуаттың балаларға арнап жазған өлеңдері өз ерекшелігімен көңіл аударады, қуантады” (Есей Жеңісұлы, ақын).

6.“Қуат Адис – қазіргі қазақ әдебиетіндегі жаңа есім. Алдымен үлкен поэзияға өз өлең өрнегімен келген Қуатты біз балалар ақыны ретінде де жақсы білеміз және оның балаларға арналған өлеңдерінің оқырмандары қалың. Мен Қуаттың балалар тақырыбына арналған дүниелерін жоғары бағалаймын” (Саят Қамшыгер, ақын, «Серпер» жастар сыйлығының иегері).

7.“Қуат Адис қазақ әдебиетіне терең таныммен, үлкен дайындықпен келген қаламгер. Әсіресе, оның балаларға арналған өлеңдерін ерекше бөліп алып қарауға болады. Балаша ойлайды, олармен балаша сырласады. Балалардың мөлдір, кіршіксіз әлеміне ене біледі. Қуаттың қаламынан туған жырлардың оқырманын баурап алатын сиқыры да осында болса керек” (Дәурен Мұхамадиев, әдебиет зерттеуші, филология ғылымының кандитаты, Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі).

  1. “Қуат Адис – балалар әдебиетіне сүбелі үлес қосып, үлкен еңбек сіңіріп жүрген ақын” (Серікбол Хасан, балалар ақыны).

Қазіргі қазақ балалар әдебиетінің өкілі Қ.Адисұлы туындылары ұлттық құндылықты жас буынның бойына сіңіруге қызмет ететін тағылым құралы. Ұлттық рух, ұлттық сана, ұлттық болмыс мәселелерін қаламгерлік миссиясының негізгі темірқазығы ретінде ұстанған ақынның қазақ руханиятына қосып жүрген үлесі зор. Қандай шығарма жазса да өз халқының ұлттық құндылығын арқау етіп, өлеңдері арқылы жас буынның жүрегіне, санасына, болмысына ізгілік дәнін дарытуды мақсат ретінде ұстанады. Қаламгердің шығармаларымен таныс зерттеушілер, оқырман қауым автордың қамтыған тақырыбының әр алуан екеніне көз жеткізеді. Мысалы, Елді, жерді, ана тілді сүю, рәміздерімізді құрметтеу тәрізді  патриоттық құндылықты дәріптейтін: «Мен қазақпын», «Ана тілім», «Отан», «Елдігімнің белгісі», «Менің елім – бейбіт өмір бесігі»;  «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» қағидасына құрылған: «Бір үйде бар қос батыр», «Бақыттымыз анамен», «Жауаптымын бәріне» өлеңдерінің дидактикалық мәні зор деп білеміз. «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» ұстанымын насихаттаған «Қоңырбек пен Содырбек» өлеңіндегі мінез-құлқы бір-біріне қарама-қарсы кейіпкерлер арқылы еңбекқорлық, тәртіп, тән мен жанның тазалығы сияқты құндылықтар көркем тіл арқылы жеткізіледі. Мұнда дидактикалық элементтер көркемдік құрылыммен үйлесіп, жас оқырмандардың моральдық-этикалық тәрбиесін нығайтады.

«Шынықсаң шымыр боласың», «Таңат бала...» атты туындыларындағы кейіпкерлер галереясы, олардың мінез-құлық, іс-әрекеттері арқылы жас бүлдіршіндерді әдептілік, еңбекқорлық, тәннің және жанның тазалығы тәрізді ізгілік әлеміне бағыттайтын рухани тәрбие құралы. Оқу-білім тақырыбына арналған: «Мен мектепке барамын», «Әріптер сыры» өлеңдері дана бабаларымыздың «Білімдінің күні жарық, білімсіздің күні ғаріп» тағылымын бойына дарытуға арналған шығармалар.

Ұлттық этнографиялық құндылық мәселелерін арқау еткен: «Кел, ұлттық киімдерді түгендейік», «Асықтарым көп менің» өлеңдерінің танымдық-тағылымдық мәні зор. Балалардың ұлттық мәдениет пен дәстүрге деген қызығушылығын арттыратын танымдық-мәдени және тәрбиелік мәнге ие. Ауыз әдебиетімізден бастау алатын бесік жыры, санамақ, жаңылпташ, жұмбақтар (табиғат-ғалам, өсімдіктер, жан-жануарлар, құстар, тұрмыстық заттар туралы жұмбақтар) ақын Қ.Адис туындыларында қазіргі заманауи бағытта түрленіп, трансформацияланып берілуі, қазіргі «Alpha», «Бета» ұрпақтарының психологиялық, когнитивтік, менталдылық ерекшелігін, қабілет-қарымын, дүниетанымын басшылыққа ала, ескере отырып, контекстуализациялық принципте ұсынылуы бұл қаламгердің шығармашылық шеберлігі деп білеміз. Сонымен қатар бала қиялын шыңдайтын, танымдық қабілетін арттыруға қызмет ететін метаграммалық /әріптер жұмбағы/ өлеңдердің де тұлға тәрбиелеу мақсатында атқаратын рөлі айрықша деп санаймыз. Шығармаларда табиғатқа деген сүйіспеншілік пен экологиялық сана мәселесі де ерекше орын алады. Жыл мезгілдеріне арналған өлеңдері («Көктем», «Жаз», «Күз», «Қыс») жас оқырмандарға табиғатқа жауапкершілікпен қарауды, қамқор болуды, оның сұлулығын бағалауды үйретеді. Мұндай туындылар балалардың когнитивтік қабілеттерін, табиғатты тану және сезіну мүмкіндіктерін дамытып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді. Осы тұрғыдан, ақынның шығармалары экологиялық тәрбие мен эстетикалық білімді біріктіретін интегративті білім беру құралы ретінде қарастырылады. Сонымен қатар жылдың төрт мезгілін бала түйсігіне, түсінігіне сай өлеңге өріп, адам баласы мен табиғат арасындағы байланыс, табиғатты аялауға, экологиялық тазалық мәселелерін жас буынның санасына сіңіруге бағыттайды.

Ақын өлеңдері логикалық ойлау, есте сақтау және тілдік дағдыларды дамытуға ықпал етеді, яғни когнитивтік тәрбиенің элементтері көркем шығармашылықпен сабақтастықта ұсынылады. Мұнда дидактикалық аспектілер мен тарихи-мәдени ақпараттар интеграцияланып, жас оқырмандардың білімін жетілдіріп, танымын кеңейтіп, мәдени тұрғыдан дамуына ықпал етеді. Балалар ақыны Қ.Адистың шығармашылығы жоғарыда тілге тиек еткен тұжырымымызға мысал болатын құндылық деп білеміз. Оның өлеңдері жай ғана көркем мәтін емес, ұлттық, гуманистік, эстетикалық мұраттарды арқау еткен рухани тәрбие құралы. Ақын өмірдің мәні, жақсылық пен жамандық, Отанға, туған тілге деген сүйіспеншілік туралы диалог құрып, баламен тең құқылы әңгімелесуші ретінде рөлге кіреді. Бұл тәсіл оның шығармашылық әлеуетінің жоғары екенін айқындайды.

К.Адистің аксиологиялық жүйесінің негізгі нысаны – Отан тақырыбы. Оның «Отан» атты өлеңінде туған ел, жерді сүю идеясы адам болмысының басты құндылығы болып белгіленген:

«Отан – сенің түп қазығың, тұғырың,

Отан – сенің келешегің-ғұмырың.

Отан – сенің бақытың һәм байлығың,

Отан барда болмады еш қайғы, мұң», - деп, ақын сакральды «Отан» ұғымының құндылығын дәріптеп, насихаттап оқырманына, жас буынның жүрегіне отаншылдық сезімді, пассионарлық рухты дарытуға тырысады. Патриотизм – елін, жерін құрметтеу, сүю, қызмет ету арқылы көрініс беретін ішкі сезімнің жемісі, нәтижесі. Қ.Адис өлеңдерінен Отан мен перзент, туған жер, табиғат әлемінің ерекше байланысын байқауға болады. Ақын үшін дала жай ғана пейзаж емес, ата-баба аманаты мен халықтың сол аманатқа адал болу жауапкершілігін танытатын құндылық.

«Ана тілі» атты өлеңінде:

«Ана тілім сенсіз атпай таң мүлдем,

Жалғандың сен сан ғасырмен, сан жылмен.

Ана тілім – ұлттың алтын тамыры,

Сен бар болсаң, жұмыр жерде бармын мен», - деп ана тілі рухани сабақтастықтың белгісі ретінде айшықталады. Ақын үшін тіл – жадтың, салт-дәстүрдің, мәдениеттің сақтаушысы, өткен мен болашақтың дәнекері. Ол ана тілін көздің қарашығындай сақтауды әр адамның қасиетті борышы деп санап, туындысының негізгі тақырыбына айналдырады. Сөз зергері тіл арқылы ұлттық мақтаныш пен жауапкершілік сезімін ұялатады. Бұл мотивтің аксиологиялық қызметі балалардың бойында ана тілінің коммуникациялық құрал ғана емес, халықтың ділі, жаны екенін ұғындыру.

Қ.Адис поэзиясында ана тақырыбы айрықша орын алады. «Бақыттымыз анамен» шығармасында ана – махаббат, мейірім, нұр, бақыт бейнесі, баламасы ретінде сипатталады.

«Шуақ шашқан өмірге,

Күнісің сен әлемнің.

Жанарыңнан төгілген,

Мейірімге бөлендім...

Қосайықшы ән-жырға,

Бақыттымыз Анамен.

Ана сенің алдыңда,

Бас иеді бар әлем». Мұнда ананы барша тіршілік иесіне өмір беретін күнге теңейді. Осылайша, Қ.Адис туындысындағы ана бейнесі әмбебап аксиологиялық құндылық құбылысы саналады. Ақын ана бейнесі арқылы балалардың бойына ата-әжесін, ата-анасын, отбасын құрметтеу идеясын дарытуды мақсат етеді.

Қ.Адистың поэтикалық жүйесінде табиғаттың алатын орны ерекше.

«Хайуанаттар бағында» атты шығармасында:

«Мәселе көп алаңдар,

Дамығанмен қарыштап.

Табиғаттан адамдар,

Бара жатыр алыстап...».

Ақын шығармаларына арқау болған табиғат жай пейзаждық фон ғана емес, адам мен табиғат әлемі арасындағы сабақтастық, қарым-қатынас, адамгершілік, қамқорлық сезімі және экологиялық сана, тәрбиенің маңызды қызметін атқаратын құбылыс ретінде қызмет етеді. Ақынның туындылары символдық, құнды мәнге ие. Күн – жарық, жылу символы. Қ.Адис поэзиясындағы «жарық», «нұр» ұғымдары жақсылық, білім, мейіріммен астасып жатады. Ал «қараңғылық» – надандық пен енжарлықты бейнелейді. Осылайша «жарық–қараңғы» дихотомиясы баланың этикалық категориялар туралы түсінігін дамыта отырып, моральдық-философиялық қызмет атқарады.

Қ.Адис өз шығармашылығында баланы адамгершілік, ізгілік сынды құндылықтардың құндағына бөленіп, сол игілікті болмысына сіңіріп өскен азамат болуын мақсат етеді, сол мұратқа жетуіне тілектес болады. Оның өлеңдерінде балалар дүниені ой елегінен өткізеді, сұрақ қояды, бақылайды, қуанады, белгілі бір жетістікке жететін оптимизмге толы тұлға. Ақын балалық шақ – адамгершілік қасиеттердің іргетасы қаланатын тазалық пен шынайылықтың кезеңі екенін көрсетуге ұмтылады. Осы мақсатта Қ.Адис өлеңерінде ойнақы стильді, жеңіл ырғақты, юморлық элементтерді жиі пайдаланады. Алайда бұл қарапайым сөздердің астарында терең философиялық ой, мағына жатыр. Сөз зергері Қ.Адис өз шығармашылығында жас буынның елдік, ерлік, отаншылдық сезімін қалыптастыра отырып, ұлттық рәміздерге деген құрметін арттыру құндылығын басты орынға қояды.

«Елдігімнің белгісі» өлеңіне Әнұран, Ту, Елтаңбаны арқау етіп, оларды ар-намыс ұғымымен байланыстырады:

«Егемен елмін енші алған,

Бар әлем танып, қарасын!

Әнұран, Көк Ту, Елтаңбам –

Ұлтымның анықтамасын.

Әнұраным шырқалып,

Көк Туым тұр көгімде.

Нышанынан нұр тамып,

Елтаңбам тұр төрімде.

Әнұраным – айбарым,

Елтаңбам – ұлт нышаны.

Намысым – Көк байрағым,

Қазақтың кең құшағы», - деп жас ұрпақты елдік санаға, ерлікке және отаншылдыққа тәрбиелеу, сондай-ақ ұлттық рәміздерді құрметтеуге үндейді. Әнұран, Ту, Елтаңба сияқты мемлекеттік рәміздерді тек визуалды немесе формалды нышан ретінде емес, оларды ұлттық ар-намыс пен тарихи сананың маңызды көрсеткіші ретінде сипаттайды. Өлең арқылы рәміздерді ұлтымыздың айбары мен бірегейлігін, халықтың намысын айшықтайтын құндылық құбылысы ретінде бейнелейді. Мұны жас буынның ұлттық санасын қалыптастыруға ықпал ететін фактор деп білеміз.

Ақын Қ.Адис балаларға таныс образдар арқылы қазақ менталитетінің мәдени кодтарын насихаттайды. Мысалы, «Мен қазақпын» өлеңінде «...Домбыра ішегінде өмірім бар...» деп домбыраны халықтың өмірі, тарихы, жады мен үнінің нышаны ретінде насихаттайды. Осылайша көркем бейнелеу арқылы жас буынға мәдени сабақтастықты дәріптеп, олардың жүрегіне ұлттық болмыс, рухтың дәнін егеді.

Балалар ақыны Қ.Адис поэзиясы құндылықтарды насихаттайтын дидактикалық, аксиологиялық мәні зор тәрбие құралы деп пайымдаймыз. Ізгілік, сүйіспеншілік, адалдық, достық, кішіпейілдік, еңбекқорлық, үлкенді сыйлау, адамгершілік, қасиеттер сөз зергері шығармашылығының алтын арқауы, негізгі жүлгесі.

Қорытындылай келе, балалар ақыны Қуат Адис поэзиясы ұлттық құндылықтарды арқау еткен көп қатпарлы аксиологиялық, дидактикалық жүйеге құрылған тәрбие құралы. Оның шығармашылығы балаларды тек оқырман ретінде ғана емес, азамат және жеке тұлға ретінде тәрбиелеуде үлкен рөл атқаратын құндылық деп бағалаймыз. Ақын халық ауыз әдебиетінің дәстүрін қазіргі гуманистік мұраттармен сабақтастырған, өзектілігін жоғалтпайтын шоқтығы биік шығармалар жазып жүрген туындыгер. Оның поэзиясы Отан, туған ел, жер, ата-ана, отбасы, тіл, әдебиет, тарих, мәдениет, табиғат әлемі, қоршаған ортаға деген құрмет, сүйіспеншілікті қалыптастыратын, мәңгілік құндылықтарды арқау еткен өміршең туындылар деп тұжырымдаймыз.

Дәурен Бақдәулетұлы

әдебиет зерттеуші

Abai.kz

.

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Профилактика бытового насилия

Алмаз Ещанов 1017
Қауіп еткеннен айтамын

Жау жоқ деме – жар астында...

Қуат Қайранбаев 10345