Әрбір баланың өмірін сақтап қалу үшін бірігіп әрекет ету керекпіз!

Жасырары жоқ, бүгіндгідей жаһандану процестерінен туындаған ақпараттар легінің еселеп өсуіне байланысты, елімізде кәмелетке толмағандар арасындағы суицид проблемасы өткір де өзекті мәселеге айналып отыр.
Бұл термин бүгінде - жасөспірімдер арасында аутодеструктивті мінез-құлықтын алдын-алу мәселелері деп аталады. Мемлекет тарапынан жасөспірімдер арасында аутодеструктивті мінез-құлықтын алдын-алу бойынша бірқатар шаралар қолға алынған.
Десе де, Қазақстанның Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева: «Мұндай қасіретті оқиғаларға себеп болатын негізгі мәселелердің қатарына: жалғыздықты, ата-аналарымен, туыстарымен, құрдастарымен қарым-қатынастың күрделілігін, буллингті, қорқытып-үркітуді және әлеуметтік желінің ауқымды ақпараттар легін жатқызамыз», – дейді.
Біз осы мәселе жөнінде маман пікірін білу үшін мектеп психологы Жамилия Ходжаева ханымға хабарластық...
Жамилия Ходжаева, мектеп психологы:
– Қазіргі қоғамда балалар мен жасөспірімдер арасындағы аутодеструктивті мінез-құлық мәселесі алаңдатарлық деңгейге жетіп отыр. Бұл құбылыстың артында көбіне жалғыздық сезімі, түсінбеушілік, ата-анамен немесе қатарластарымен қарым-қатынастың бұзылуы сияқты психологиялық және әлеуметтік себептер жатады.
Жасөспірім кезең – тұлғаның өзін іздеу, өзін-өзі тану кезеңі. Осы уақытта кез келген сөз, қылық немесе назарсыздық бала психикасына ауыр әсер етуі мүмкін. Сол себепті мектеп психологтары, мұғалімдер және ата-аналар баланың ішкі дүниесін түсінуге тырысып, оған сенім мен қолдау көрсетуі қажет.
Қайғылы жағдайдың алдын алу шараларына мыналар жатады:
- Оқушылардың эмоционалдық жағдайын тұрақты бақылау;
- Мектепте психологиялық тренингтер өткізу;
- «Сенім телефоны» мен «Сенім жәшігін» ұйымдастыру;
- Әр баламен жеке әңгіме жүргізу және отбасы мен мектептің бірлескен әрекеті.
Балаға махаббат пен қамқорлық көрсету – ең тиімді профилактика. Егер бала өзін қажет екенін сезінсе, қиындықты жеңуге күші де артады. Суицидтің алдын алу – тек психологтың немесе мұғалімнің ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті. Әрбір баланың өмірі — баға жетпес қазына, оны сақтап қалу үшін бәріміз бірігіп әрекет етуіміз керек.
Abai.kz