Дүйсенбі, 8 Желтоқсан 2025
Жаңалықтар 126 0 пікір 4 Қазан, 2025 сағат 21:27

Еңбек адамы 2025 - Жунусова Еркеш Казтаевна

Еркеш Жүнісова 1961 жылы 17 тамызда Көкшетау қаласында дүниеге келді. Ол шығармашылыққа толы отбасында өскен: анасы ән айтса, әкесі домбыра тартып, өлең жазатын өнерлі жан еді. Сол орта Еркештің бойына өнерге деген сүйіспеншілік пен шығармашылыққа құштарлықты ерте қалыптастырды.

 

Жас кезінен өнерге қызығып, Мәдениет сарайында әдіскер-нұсқаушы болып қызмет атқарған Еркеш сол кезде театр институттары мен консерваториядан ұстаздар жас таланттарды іздеген іріктеулерге қатысып, Абай атындағы институт жанындағы вокалды-хор студиясына қабылданды. Бұл оның сахнаға алғашқы қадамы, өнерге деген шынайы махаббатының дәлелі болды.

1983 жылы тағдыр оған жаңа мүмкіндікті сыйлады: Республикалық (қазіргі Мемлекеттік) қуыршақ театрының режиссері Ишмуратов оны актриса ретінде шақырып, сол сәттен бастап Еркештің таланты сахнада жарқырай бастады. Кейін Театр институтында «драма және кино актері» мамандығы бойынша білімін тереңдетіп, профессор Маман Басиркеновтен тәлім алған Еркеш оқуды аяқтап, қайтадан өз театрына оралып, 42–43 жыл бойы қуыршақ театрының сахнасында үздіксіз еңбек етті.

Қуыршақ театры – қарапайым өнер емес, бұл жан мен дауыстың үйлесімі, кейіпкердің мінезін қуыршаққа жеткізу, сахнадағы әр қимылды сезімге толтыру. Еркеш әр қойылымда көрерменді баурап, кішкентай көрермендердің жүрегін қуанышқа бөледі. Ол 500-ден астам қойылымда өнер көрсетіп, мыңдаған балалардың күлкісін жинаған.

Гастрольдік сапарлар мен ауыл-аймақтарды аралау – ол үшін тек жұмыс емес, шынайы өнер мерекесі болды. Көрермендердің күлкісі мен қуанышы – актер үшін ең үлкен марапат. Кейде сөзді ұмытып қалса да, кейде қуыршақ шерманың астына түсіп кетсе де, ұстаздарының берген тәжірибесі арқасында бәрін әсемдікпен орындай білген.

Еркеш Жүнісова тек қуыршақ театрына ғана емес, кинода да өз ізін қалдырды: 8 фильмде ерекше рөлдерде өнер көрсетті, оның ішінде «Жаралы сезім», «Менің де атым Қожа», «Айша», «Қалалық аңыздар», «Болашақ» бар. Оның сахнадан түлеп ұшқан шәкірттері қазір еліміздің танымал актерлері қатарында.

Еркеш апай сахнада әр кейіпкерге жан бітіреді, дауыс береді, би билеп, ән айтып, көрерменді өз өнерімен баурайды. Қуыршақ театры арқылы ол балаларға мейірім, ізгілік пен адалдықты 40 жылдан астам жеткізеді.

Ел тарапынан да оның еңбегі лайықты бағаланды: 2022 жылы 21 мамырда Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің бұйрығымен театрды дамытудағы елеулі еңбегі үшін «Мәдениеттің үздігі» төсбелгісімен марапатталды, ал 2023 жылдың 29 наурызында «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.

Қазір Еркеш Жүнісова 64 жаста болса да, әр сахнадағы қадамы көрерменді таңғалдыруға, балалардың шат күлкісін көруге бағытталған. Ол үшін бұл – энергия алмасу, рухани қанағат және өмір бойғы миссия.

Қуыршақ театрының сахнасында 42 жыл бойы еңбек етіп, кино мен театрдағы жетістіктерімен Қазақстан өнерінің айнасына айналған Еркеш Жүнісова – шын мәнінде дарын мен адал еңбектің символы, болашақ көрерменді тәрбиелейтін қасиетті өнер адамы.

 

Abai.kz

0 пікір