Дүйсенбі, 8 Желтоқсан 2025
Жаңалықтар 179 0 пікір 11 Қазан, 2025 сағат 23:47

Еңбек адамы 2025 - Машорина Оксана Анатольевна

Ол 1971 жылы Алматы қаласында дүниеге келді. Мектеп бітірген соң жүрек қалауымен Алматы қалалық медициналық училищесіне түсіп, фельдшер мамандығын меңгерді. Оқуды аяқтағаннан кейін жас маман ретінде 4-подстанцияға жұмысқа орналасып, алғашқы тәжірибесін жинақтады. Сол сәттен бастап өзінің бар саналы ғұмырын жедел жәрдем қызметіне арнап келеді. Биыл, міне, осы саладағы еңбек өтілі 34 жылға толып отыр. Бұл – үлкен табандылық пен адалдықтың айқын көрінісі.

 

Медеу ауданындағы 4-подстанцияда бригадаларды шақыруға бағыттап, жүздеген адамның тағдырына араша түсіп келе жатқан ол, Алматы қаласының ішкі саясат басқармасының қолдауымен, әрбір қоңырауды бір адамның үміті деп қабылдайды. Соңғы 10 жылда оның араласуымен 1000-нан астам науқасқа шұғыл көмек көрсетіліп, өмірін сақтап қалу мүмкіндігі берілді.

Жас кезінен-ақ ол өз мамандығына бар ынтасымен беріліп, тек кәсібилігімен ғана емес, жанашырлығымен де ерекшеленді. Кей кездері кадр тапшылығына байланысты түрлі бөлімшелерде жұмыс істеуге тура келді. Ол заправка бөлімінде де, диспетчерлік орында да, тіпті аға фельдшердің орнында да өз міндетін адал атқарды. Қай жерде жүрсе де, өзіне сеніп тапсырылған іске барын салды.

Компьютерді еркін меңгергендігінің арқасында бір кезеңде диспетчерлік бөлімге ауыстырылып, сол жерде де зор жауапкершілікпен еңбек етті. Қазір ол Медеу ауданындағы 4-подстанциядағы бригадаларды басқарып, жыл сайын 500-ден астам адамға жедел жәрдем көрсетуге үлес қосып келеді.

Фельдшер мамандығы – ерлікке пара-пар іс. Әсіресе күтпеген жағдайлар орын алғанда адамның сабырын жоғалтпай, жылдам әрі дұрыс шешім қабылдай білуі аса маңызды. Оксана Анатольевна осындай қасиеттерімен көзге түсіп келеді. Оның есінде ерекше сақталған оқиғалардың бірі – ішінің ауырсынуына шағымданған науқасқа бара жатқан жолда автобус аялдамасында бірнеше адамның көлік апатына ұшырағанын көруі. Абыр-сабыр болып жатқан сәтте ол саспай, бірден ең ауыр жарақат алғандарға алғашқы көмек көрсете бастады. Қосымша жедел жәрдем бригадалары жеткенше, адамдардың өмірін сақтап қалуға бар күшін салды. Кейін ғана өз-өзіне келіп, сол сәттің салмағын сезінген. Мұндай ерлікті екінің бірі жасай бермейтіні анық.

Оксана Анатольевна – әріптестерінің арасында да зор беделге ие. Әрдайым біліктілігін арттырып, заманауи талаптарға сай болуға тырысады. Оның айтуынша, фельдшер мамандығы тек кәсіби шеберлікті ғана емес, сонымен бірге жүрек жылуын, мейірімділікті, төзімділікті талап етеді. «Адам өмірін сақтап қалудан асқан миссия жоқ» деген өмірлік ұстанымы оның бар еңбегінің айғағы.

Бүгінгі таңда ол – нағыз тәжірибелі маман, сан жылдар бойы 1500-ден астам адамның тағдырын сақтап қалған ақ халатты абзал жан. Оның 34 жылдық қажырлы еңбегі – ерлікке пара-пар. Осындай жандардың арқасында қоғамда үміт пен сенім жоғалмайды. Машорина Оксана Анатольевна – жай ғана фельдшер емес, ол – адам өмірінің шынайы сақшысы.

 

Abai.kz

0 пікір