Сәрсенбі, 10 Желтоқсан 2025
Жаңалықтар 223 0 пікір 9 Желтоқсан, 2025 сағат 16:45

Енді несие адамның табысына қарай беріледі

Сурет: egemen.kz сайтынан алынды.

Иә, қаржы нарығында «қарыз коэффициенті» деген ұғымды бұдан былай жиі еститін боламыз. Ресми тілде ол «коэффициент долга к доходу заемщика» болса, мемлекеттік тілде бекітілген баламасы — «қарыз алушының кірісіне қарыз коэффициенті». Бұл туралы Қаржылық сауаттылық телеграм арнасы жазды.

Қазір Ұлттық банк осыған қатысты міндетті норматив енгізу мәселесін қарастырып жатыр. Естігенде — құлаққа, оқығанда — көзге ауыр тиетіні рас. Бірақ, шошымаңыз, қазір оны барынша түсінікті тілде жеткізіп көрейік. Қысқартып алғанда, «қарыз коэффициенті» деген — адамның табысына қарағанда қарызы қаншалықты көп екенін көрсететін өлшем.

Яғни, мынадай мысал: Біз кредит алуымыз керек. Банкке барамыз. Кредитор бізге қарыз бермес бұрын мойнымыздағы қарыз бен табысымызды есептейді. Егер тап қазір біздің мойнымызда кредит/ипотека/рассрочка тұрса, оның үстіне тағы кредит алғымыз келсе, қаржы ұйымдары ойлануға міндет алады — табысымыз оның бәрін уақытында жауып отыруға жете ме, жетпей ме?

Міне, банктер бұдан былай осыған қатты мән беретін болады. Мұндағы мақсат — халықты қарызға батырып жібермеу. Мойнына артық жүктеме артпау. Себебі соңғы жылдары халықтың несие алу қарқыны өте жоғары. Кредит көп, табыс аз. Соның салдарынан адамдар қарызға батып, уақытында өтей алмай жатыр.

Яғни, жалпақ тілмен айтқанда, бұл жаңа бастаманың мәні — «табысы аз адамға көп несие бермейік, халықты да, банкті де қорғап қалайық» деген саясат. Бұл саланы осылай реттемесе, халық қарыздан қарызға батып, банктердің портфелі бұзылып, тұтас экономикаға қауіп төнуі мүмкін.

Бұл әңгіме негізі былтыр тамыздан бастап айтыла бастаған-ды. Мемлекет «қарыз коэффициенті» бойынша көрсеткішті тек бақылап қана отыр. Әзірше ешқандай шектеу жоқ. Тек халықтың қарызы мен табысы туралы мәлімет жиналып жатыр. Кейін нақты шектеу қою үшін дұрыс статистика қалыптастырғысы келеді.

Бұл жерде қаржы реттеушілерінің позициясын былай түсіндік: «кредитті қалай болса солай таратпай, адамның табысына қарап беру керек». Айта кетсек, реттеушілерден — Ұлттық банк — бұл жерде тек норманы әзірлеуші, есептеуші. Ал, оны енгізіп, талап қою жағы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің құзырында болуға тиіс. Сол кезде:

жұрт «әліне қарап», яғни қарызды табысына шақтап алады, демек, кейін төлей алмай қиналмайды — өзі үшін жақсы.

банктер де ойланбай бере салмайды — кредит портфелін сақтайды.

елде қаржы жүйесі әлдеқайда тұрақты болады — халық жаппай банкрот болудан аман қалады, қауіп сейіледі.

Тақырыпқа «тұздық»:  FinTech компаниялар Қазақстанда зерттеу жүргізген екен. Ол туралы ақпаратты TENGENOMIKA каналынан көрдім. Сол мәліметке сүйенсек, қазақстандық әрбір төртінші азамат саудадағы «скидкаларға» ілігу үшін қарыз алыпты. Яғни, халықтың 25%-тен көбі «арзан кезде алып қалайын» деп несие рәсімдеген. Сондағы негізгі себеп:

айлыққа дейін ақшаның жетпеуі — 30%

отбасына қажет заттарды алу керек болған — 16,7%

«скидкадан» құр қалмайын» деген ой, яғни «жомарт жұма» деген секілді акциялардың «құрбаны» — 31,4%

Осы несие алғандардың 55,9%-ті кейін қиындыққа тап болған. Ақшасы жетпегесін қарызды уақытында жаба алмаған.

Abai.kz

0 пікір