Сәрсенбі, 17 Желтоқсан 2025
Жаңалықтар 704 0 пікір 17 Желтоқсан, 2025 сағат 20:16

«Құқықтық тәртіп әліппесі»: қарағандылықтарға облыстық басқармалардың қызметі таныстырылды

Сурет: Қарағанды облысы әкімдігінен алынды.

Қарағанды облысында «Заң және тәртіп» идеологемасы аясында тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Құқықтық тәртіп әліппесі» акциясы жүйелі түрде жалғасуда. 

Іс-шара барысында мәслихат депутаттары, қоғамдық белсенділер, жастар көшбасшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен блогерлер облыстық деңгейдегі басқармалардың қызметімен ішкі форматта танысты. Аталған кездесу облыстық прокуратура жанындағы жобалық офис жүргізіп отырған кешенді жұмыстың бір бөлігі болып табылады. Бұл алаңда күн сайын халыққа арналған ақпараттық іс-шаралар, дәрістер мен профилактикалық кездесулер өткізіледі.

– Бүгін біз «Құқықтық тәртіп әліппесі» акциясын облыс әкімдігінің алаңында жалғастырып отырмыз. Бұл бастама «Заң және тәртіп» тұжырымдамасының негізгі мақсаттарын жүзеге асыруға бағытталған. Атап айтқанда, заң үстемдігін нығайту, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету және азаматтардың билікке деген сенімін арттыру, – деді Қарағанды облысы прокурорының орынбасары Еділ Жұбанов.

Қатысушыларға құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей акцияның қоғам арасында кең қолдау тауып келе жатқанын атап өтті.

– Әлеуметтік желілерде жарияланған материалдарда құқық қорғау органдарының азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудағы нақты жұмысы көрініс тауып, бұл өз кезегінде халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімінің артуына ықпал етті, – деді ол.

Акция аясында келушілер үшін алты басқарманың есігі ашылды. Атап айтқанда, құрылыс және сәулет, кәсіпкерлік және өнеркәсіп, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және энергетика, ауыл шаруашылығы, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, сондай-ақ денсаулық сақтау басқармалары.

Шығу форматындағы іс-шаралар барысында мемлекеттік органдардың халықпен өзара іс-қимылы нақты көрсетілді. Қатысушылар қалалық Мансап орталығының жұмысымен танысып, грант иегерлерімен және мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде қолдау алған тұрғындармен пікір алмасты.

Емханалар мен жедел жәрдем қызметтеріне барып, медициналық қызмет көрсету жүйесінің қалай жұмыс істейтінін көзбен көрді.

Бағдарлама мазмұны жағынан ауқымды болды. Акцияға қатысушылар білім беру нысандарының құрылысы мен мемлекеттік архив ғимаратын қайта жаңғырту барысын бақылады.

Сонымен қатар өнеркәсіп және сауда саласындағы бірқатар нысандарға барды. Атап айтқанда, резеңке-техникалық бұйымдар өндіретін зауытқа, «TEEZ» электронды маркетплейсінің алаңына, сондай-ақ тұрақтандыру қорына сатып алынған азық-түлік сақталатын «Сарыарқа» ӘКК» АҚ-ның қойма кешеніне экскурсиялар ұйымдастырылды.

Қоғам өкілдерінің пікірінше, мұндай ашық формат мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.

Бұл азаматтар мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтып қана қоймай, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және заңға бағыну қағидаттарын қоғамда орнықтыруға ықпал етеді.

Abai.kz

0 пікір