Бейсенбі, 18 Желтоқсан 2025
Білгенге маржан 153 0 пікір 18 Желтоқсан, 2025 сағат 13:18

Асан Қайғы жайлы аңыз бен ақиқат...

Сурет: massaget.kz сайтынан алынды.

Қазақтың жыраулық поэзиясының түп бастауында Қазтуған жырау мен Асан қайғы есімі аталады. Қазақ аңыздарының көпшілігінде Жиренше шешен мен Асан қайғы есімдері жүреді. Жиренше шешеннің тарихи тұлғасы дегенде біз Жиренше шешенді Алтын Орда ханы әз-Жәнібектің заманына апарып тірейміз.

Ал, Асан қайғыны ше?!…

Асан қайғының тарихи тұлғасы туралы не айтуға болады?! Жыраулар поэзиясына қатысты «Қобыз сарыны» монографиясын, «Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет» оқулығын жазған марқұм Мұхтар Мағауиннен бастап, барлық зерттеушілер оның дәуірі, заманы туралы айтып, жазып қалдырған жоқ па?!

Мұхаңа, Мұхтар Мағауинге сөз берейік: «Алтын Орда әміршілерінің бірі Ұлық-Мұхамед ХV ғасырдың 20-жылдарында Сарайдан қуылып, Витовты паналаған да, кейінірек Қазанда хандық құрған. Біздің назар аударатынымыз – Асан өмірінің біраз уағы осы Ұлығ-Мұхамед ханның төңірегінде өтеді. Асан қайғының алдымен Сарайда, кейінірек Қазанда ханның оң тізесін басқан ықпалды бектерінің бірі болғандығы байқалады. Бұдан соңғы жерде Асанды қазақ хандығында, Жәнібек ханның маңынан көреміз» (Мағауин М. Ғасырлар бедері: әдеби зерттеулер. – Алматы: Жазушы, 1991. – 432 бет. 21 бет)

Әдебиет тарихының білгірі, жазушы М.Мағауин Асан қайғыны Қазақ ханы Ұлұғ-Мұхамедтің, кейінірек қазақ ханы Жәнібектің тұсында, яғни ХV ғасырда өмір сүрген деп жазып отыр. Енді бір зерттеушілер Асан қайғыны ХIV ғасырдың соңына, Алтын Орда ханы Тоқтамыстың заманына апарып, сол кезде жас жігіт Асан қайғы өзінің билігін осы хан сарайында бастаған дейді.

Тіпті баз бір зерттеушілер Асан қайғыны сонау ХІV ғасырдың ортасында билік құрған Алтын Орда ханы әз Жәнібекпен замандас қып, кейінгі ғұмыры қазақ ханы Жәнібектің тұсында өтті деп жырауды бір ғасырдан асыра өмір сүргізіп қояды. Бұған қалай сенесің?! Жырау ғұмырына келгенде әйтеуір бір екіұштылық бар сияқты көріне береді…

Асан қайғының тарихи тұлғасына келгенде өз басыма күмән, күдік туғыза беретін бір жағдай бар. Ол: Асан қайғының Жәнібек ханға айтты делінетін «Қырыңда киік жайлаған», «Әй, хан мен айтпасам білмейсің», «Алты атанға қос артып» дейтін үш толғауы.

«Қырында киік жайлаған» толғауына қатысты Мұхтар Мағауин былай деп жазады: «Ата-мекеннен безуге Асан тіпті де риза емес. Сондықтан Жәнібек, Керей хандардың Моғолстандағы Иса-Бұғыханға беттеп көшкен ұзақ сапар жүрісі Асанға мәнсіз де, қажетсіз де көрінеді». «Нәлет біздің жүріске!» - дейді ыза болған ақын.

Елін қимаған ақын артта қалып бара жатқан қоныстарының артықшылығын айтып босқан жұртты қайырып, Жәнібек көшін тоқтатпақ болады.

«Еділ менен Жайықтың

Бірін жазға жайласаң,

Бірін қысқа қыстасаң,

Ал қолыңды маларсың,

Алтын менен күміске?»

(Мағауин М. Ғасырлар бедері: Әдеби зерттеулер. – Алматы: Жазушы, 1991. 30 бет)

Бізді күдікке әкелген осы толғаудағы географиялық кеңістікке тоқталсақ. Алтын Орданың бөліктері Ақ Орда мен Көк Орданы біріктірген Әбілқайыр ханның Көшпелі Өзбек Ордасының сол кездердегі мекен-жайы. Сарыарқа, одан төменгі жақтағы Сыр өңірі болса керек. Ал Моғолстан ханы Исан бұғы Шу бойындағы Қозыбасы деген өңірден жер берген соң сол жерде болашақ Қазақ Ордасының туы тігілмей ме?. Көшпелі Көк Орда жұрты Сыр бойындағы қалаларын, мекендерін тастап, Жетісуға қарай көшеді. Ал Асанның аузынан айтылатын Еділ мен Жайықты қайда қоямыз?! Біздің күдігімізді қоюлататын да осы сөздер.

Қазақтар Жетісуға, Шу бойындағы Қозыбасы деген жерге Сыр бойынан көшеді. Ақ Орда мен Көк Орданың бұдан басқа жұрты Сарыарқа, Ұлытау, Торғай өңірі, одан да жоғарырақ Оңтүстік Сібір жерлері, Тобыл, Түменге қарайғы жерлер болса керек. Қазақ хандығының батысында Әбілхайырдың Көшпелі Өзбек Ордасы, одан әрі батыста, теріскей батыста Ноғай Ордасы болса керек. Ал жырдағы Асан қайғы Жәнібекке ханға Еділ мен Жайыққа көш дейді. Ордаңды сол жерге тік дейді. Сонда Көшпелі Өзбек хандығын, Ноғай Ордасын көктей өтіп, неге ел шетіндегі батыс өңіріне көш деп отыр. Осы жері түсініксіздеу.

Біздің күдігімізге май құйған бір фактіге тоқтала кетсек. Ол – Асан қайғының жырында айтылатын Жәнібек ханның тұлғасына, есіміне қатысты жайт. Біздің тарихымызда үш түрлі Жәнібек хан өтіпті. Сонда Асан қайғы абыз осы үш Жәнібектің қайсысына қарата жыр арнаған. Осы мәселеге алғаш рет сәуле түсірген әйгілі әдебиеттанушы ғалым, түрколог, фольклоршы, тарихшы Әуелбек Қоңыратбаев болыпты. Алайда көп әдебиетші, тарихшы ағайындар бұған ерекше мән бере қарамапты. Үш түрлі Жәнібекке қатысты Ә.Қоңыратбаев былай деп жазады: «Тарихта үш түрлі Жәнібектің болғаны мәлім. Бірі Алтынорданың соңғы билеушісі Өзбек ханның баласы – Жәнібек (1348-1357). Өзі Батыр ханның тұқымы, Тоқтамыстың алдында Алтынордаға хан болған. Жәнібек Москваны Иван Калитаның баласы Семенге береді. Тұңғыш рет Сарай Беркеде ислам дінін қабылдап, өз сарайында молда, қожа, шығыс сюжеттерін жырлайтын ақындар ұстаған.

Екінші Жәнібек 1456 жылы өзбек ханы Әбілқайырдан бөлініп, Моғолстан ханы Иса Бұқаны барып сағалайтын қазақтың тұңғыш ханы (1460-1480). Моғолстанда үйсін, дулат, қаңлы, найман, қыпшақ рулары тұрған. Иса Бұқа Жәнібек пен Керейге Қозыбасы жерін берген. Керей Жәнібектің інісі еді. Бұлар Орысханның Барақ дейтін баласынан туған.

...Мұхамед Хайдар Дулати 1541-1546 жылдары қазақ пен өзбектердің бүліншілігін көзімен көріп жазған. Оның «Тарихи Рашиди» атты еңбегін Моғолстан тарихы дейміз. Бірақ Дулатида Асан қайғы аты жоқ.

...Үшінші Жәнібектің есімі Бұхар хандарымен байланысты. 1556 жылы Иван Грозный Астраханды алған соң, бұрын сол жерді билеп-төстеп келген Жәнібек тұқымдары Шейбаниді сағалап, Бұқарға барады. Әбілқайырдың Шабадақ, Қожым тентек дейтін ұлдары болған. Шабадақтың баласы Мұхамед Шейбани (1468-1510) Ферғананы, Махмұт, оның баласы Ғабдолла Бұқарды билеген. Қожым тентектің қызынан туған бала ақылсыз Жәнібек атанған. 1556 жылға дейін Астраханды осы Жәнібек билеген. Асан қайғы сөздерінде Жәнібек сұлу сүйіп, құладынға қу ілдірген, Низаш жырларында Баһрам Гүрдей патша болған. Бұдан көретініміз, «әз» сөзі екі адамға қолданылған. Олай болса Асан қайғыны үш Жәнібектің қайсысына телиміз?

Асан қайғы аңыздарын Алтынорданы билеген Жәнібек тұсына жіберсек, ХІV ғасырда өмір сүрген болады. Асылы Асан қайғы Қазан-Астрахан оқиғалары тұсында құрғақ Сарайға ие болып, Астраханда қалған Қожым тентек баласы Жәнібекті айтып отырса керек. Бұл тұста елдің басым көпшілігі Шейбан, Ормамбет, қазақ Жәнібегі жағына көшіп кеткен-ді. Орда баққан Жәнібекке ешкім тимеген» (Қоңыратбаев Ә. Қазақ фольклорының тарихы. А., 1991 93-97 б.б).

Ә.Қоңыратбаев келтірген фактілерде кейбір тарихи дәлсіздіктер кездессе де, ғалым Асан жырларындағы Жәнібек ханның қай Жәнібек екенін дәл айтып отырған сияқты.

Ойлап қарасақ Қазақ Ордасының туын тігіп, ішкі-сыртқы жаулармен алысып, үнемі ат үстінде жүріп, күні-түні ел қамын ойлап, тізе бүкпей, ұйқы көрмей жүрген, ел қамқоры, қайраткер жан Жәнібек ханға Асан қайғы:

Қымыз ішіп, қызарып,

Мастанып қызып терлейсің,

Өзіңнен басқа хан жоқтай,

Елеуреп неге сөйлейсің? -

деген сөзді айтпайтын сияқты. Біз білетін қазақ ханы Жәнібекте жоғары жырдағы кездесетін мінез-құлық жоқ сияқты еді ғой?! Сонда не болғаны?! Гәп басқада сияқты...

Асанның айыптап, сынға алып отырғаны ХVІ ғасырда өмір сүрген Астрахан ханы Жәнібекке келеді. Осы жайында тағы да проф. Ә.Қоңыратбаев былай дейді: «Қырында киік ойнаған» деп келетін толғауында Асан Жәнібекке ең алдымен Еділ бойындағы қоныстың тарылғанын айтады. Елді Жем, Сағыз, Ойыл бойынан Еділге көшірдің, «шабылып жатқан елің бар, оны неге көрмейсің» - деп, 1556 жылғы Астрахан соғысынан да хабар береді. 1557 жылы Еділ бойында жұт болады. «Қарадан қатын алып, құладынға қу ілдірдің, Астраханнан орда салдырып, үш рет той жасадың», - деп, Асан Жәнібекке өкпе айтады. Орданы қыз-қырқынға толтырып, көз алдыңдағыдан басқаны көрмейсің деп, оның ойына бармай қалады (Қоңыратбаев Ә. Қазақ фольклорының тарихы. А., 1991 91-92б.б). Міне Астрахан ханы Жәнібек қандай адам болған?! Қазақ айтатын «қызшыл да қызықшыл да» (Абай) әумесер, телі-телі тентек адам болған сияқты.

Онда неге «Әз-Жәнібек» аталған деген сауал туады?!

Революцияға дейінгі И.Ягелло деген ғалымның сөздігіне қарасаң, «әз» сөзі – қызқұмар, ақылсыз, дарақы деген ұғымды да білдірсе керек (Ягелло И.Д. Полный персидско-арабско-руский словарь. Т., 1910).

Ә.Қоңыратбаев келтіріп отырған Астрахан ханы Жәнібекте қазақ хандары сияқты Жошының Тоқай Темір әулетінен тарайды.

Алтын Орда ыдырағаннан кейін оның ата жұрты Үлкен Ордада хан болған Сейітмұхамед бауыры Сейіт Ахметпен жанжалдасып, одан жеңіліп, Еділдің сағасындағы Астрахан Хаджы-Тархан (Астрахан) шаһарында жаңа хандық құрады. Сейітмұхамед те Сейітахмет те Кішік Мұхамедтің балалары.

Сейітмұхамед жаңа хандықты 1459 жылы құрады. 1476 жылға дейін хан болады. Одан кейін Сейітмұхамедтің балалары Қасым 1 (1476-1496), Абдул-Керім (1495-1515) билік құрады. Бұлардан кейін тағы да Сейітмұхамедтің Жәнібек деген баласы хандық құрады. Бірақ ол Ә.Қоңыратбаев жазғандай 1556 жылға дейін хандық құрмайды. Асан қайғы жырында сөз болатын Жәнібек 1515-1521 жылдары хандық құрады. Одан кейін оның баласы Хусейн (1521-1527) жылдары билік құрады. Қазақ арасындағы аңыз-әңгімелерде Усейн немесе Үсен делінеді. Ал Астрахан хандығын Иван Грозный жаулап алғанға дейін Сейіт Ахметтен тарайтын Дервиш-Али деген хан (1554-1556) 1556 жылға дейін билейді. Міне, осы хан Хаджы-Тарханның Астраханның соңғы ханы боп есептеледі.

Міне, бар гәп осы...

Біздің Асан қайғының жылдарындағы сынға алынып отырған ханымыз Астраханды 1515-1521 жылдары билеген делқұлы, әумесер атанған Жәнібек болса керек! Екінші бір осы Асан жырларындағы Жәнібек ханның кім екендігіне байланысты назар аударған тағы бір еңбек – Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Сабыр Қозыбайұлының 2004 жылы баспадан шыққан ХV-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиетіі (Жыраулар поэзиясы) деген оқу құралы.

Автор біз тоқталған Ә.Қоңыратбаевтың Асан қайғы жырларындағы Жәнібек ханға қатысты пікірлеріне тоқталып, сілтеме жасапты. Бірақ біз тоқталып отырған ақылсыз, Астрахан ханы әз-Жәнібектің билік құрған жылдары нақтыланбапты. Қалай айтсақ та жүзге дейін ұзақ жасаған Асан қайғы Қазан ханы Ұлұғ-Мұхамедтің, одан кейін Астрахан ханы Жәнібектің, жанында болып Ноғайлы Ордасы, Жем, Сағыз, Ойыл, Еділ мен Жайықты мекен еткен.

Осы себептерден де тарихы Асанның ХV ғасыр ортасындағы қазақ ханы Жәнібектің жанында болуы мүмкін емес сияқты. Ал қазақ аңыздарындағы Асан қайғының жөні бөлек. Ол таза халық қиялынан туындаған. Халық оны қазақ ханы Жәнібектің жанынан көргісі келді. Сондықтан білу керек, біздің әдебиет тарихшылары да тарихи Асанды қазақ ханы Жәнібектің ақылшысы, кеңесшісі, басты жырауы, уәзірі деп тұжырымдайды.

Біздің мұрат – алдағы уақыттарда осындай кейбір тарихи жаңсақтықтардан арылсақ дейміз!

Сәбит Жәмбек

Abai.kz

0 пікір