Райымбек батыр туралы екі томды қалай жаздым?!
I
Құрметті оқырман қауым, сіздердің қолдарыңызға ұсынылып отырған «Райымбек батырдың ақ атаны»( тарих роман),« Арғы атам Райымбек қол бастаған»( монография) атты екі кітап ұзақ жылғы ізденістің жемісі.
Сонау 1970 жылдардың орта шенінде, бала кезімде ел ішінде шешен, шежіреші аталған атам Сәрсенбайдың сенің әкең-Тоқтасын, оның әкесі-Сәрсенбай, Сәрсенбайдың әкесі-Байсал, оның әкесі-Әбдүшкір, оның әкесі-Малқара, Малқараның әкесі-Әжі. Ол кісі қазаққа аты аңызға айналған Райымбек батырдың баласы деп шұбырта айтқан ататек шежіренің бір үзігі есімде мықтап сақталып қалған еді. Енді ойласам атамның маған айтқан «жеті атаны» үйретудің алғашқы дәстүрлі тәрбиесі екен. Менің бала кездегі шежірелік сауатым осыдан басталды. Осыдан кейін бірталай жыл өтті, ат жалын тартып, азамат болып қатарға қосылғаннан кейін ел ішінде айтылған Райымбек батыр туралы аңыз-әңгімелерді құмарта тыңдайтын болдым.
Халқымыздың тарихының тамыры тым тереңде жатыр. Сан ғасыр қойнауынан сыр шерткен тарих парағына зер салар болсақ қазақ халқы сан-санақсыз жойқын ұрыстарды, қан кешкен зар заманды, табиғат тарту еткен алуан түрлі апат салдарынан қатыгез тағдырдың тәлкегіне тап болып, кер заманның кесірінен тарихымызға көп жамау-жасқау түсіп, халық өзінің тілін, шежіресін, мәдениетін, салт-дәстүрін, әдебиетін «басы аман, бауыры бүтін» кейінгі ұрпақтарға жеткізе алған жоқ. Бұған біздің ата-бабаларымыз жазықты емес, қайта қаласы мен даласын қанға бояған, шаңырақтарын ортасына түсіріп ойрандаған, күлін көкке ұшырып, отын өшірген, аласапыран замандағы кешегі тарих өзі жауапты.
Талай қанды оқиғаларды бастан кешірген қазақ халқы XV ғасырдың орта мезгіліне келгенде Керей сұлтан мен Жәнібек сұлтанның бастауында қазақ тайпаларының басын қосып Жетісу жерінде Қазақ хандығын құрды. Алғаш Керей хандық таққа отырса, одан кейін Әз-Жәнібек хан болып, Қазақ хандығының билік тізгінін қолына алды.
Арада үш ғасыр өтіп XVIII ғасырға келгенде қазақ халқы аса ауыр тағдырды бастан кешірді. Сол аумалы-төкпелі қасіретті заманда бір бөлім ел тізгінін ұстаған хан, сұлтандардың ел басқаруда әлсіздік көрсеткендіктен ата жау жоңғарлар қазақтың шұрайлы жерін басып алып, атамекенімізді ат тұяғымен таптады. Халқымыздың тағдыры қыл үстінде тұрған қиын-қыстау кездерде Ұлы жүзден Төле би, Орта жүзден Қаз дауысты Қазыбек би, Кіші жүзден Әйтеке би тұтас қазақтың басын қосып жоңғарларға қарсы соғыс ашу шешімін жасады. Ел тағдыры үшін күрескен Қангелді, Қабанбай, Бөгенбай, Райымбек, Наурызбай, Бердіқожа, Өтеген, Керей Жәнібек, Байсейіт, Малай т. б. батырлар көкірек керіп алға шығып, ата жау жоңғарды тас талқан етіп жеңіп, елдік пен ерліктің айбатын асырды.
Халық басына ауыр күн туған кезеңде «Арғымақ аттың жалында, бура түйенің қомында» күй кешіп, ата жауымен ерлікпен шайқас жасаған хас батырдың бірі– Райымбек Түкеұлы. Райымбек бір тайпа елдің батыры ғана емес, тұтас Алаштық мәртебеге көтерілген биік тұлға. Райымбек Түкеұлын тануда мынандай екі түйінге назар аударған жөн. Бірі– Бас қолбасшының жорық жолындағы ерен ерлігі оның қазақ халқына даңқы тараған баһадүр батыр екенін дәлелдейді. Екінші– Райымбек Алланың нұры түскен көріпкел, әулие, аты аңызға айналған қайталанбас тұлға.
Райымбек батыр туралы ел арасында кеңінен таралған аңыз-әңгімелер, өлең-жырлар, батырлық эпостар, шежірелік деректер менің екі томдық шығарма жазуыма үлкен негіз қалады.
Мен 1990 жылдардан бастап халқымыздан шыққан атақты ақындардан Асан Бәрменбекұлы, Көдек Маралбаев, Қойдым Дарубайқызы, Шарғын Алғазыұлы т.б. мұраларын жинау барысында әйгілі адамдардың тарихына қатысты материалдарды да қоса жинай бастадым. Қолда бар материалдар мен деректерден пайдаланып Қангелді, Райымбек, Тазабек, Саурық, Бөден секілді жау жүрек батырлар туралы мақалалар жазып газет-журналдарда жарияладым.
2004 жылы қаңтар айынан бастап Іле Қазақ автономиялы облыстық саяси-маслихат кеңесінің тарихи материалдар комитетіне қызметке келгеннен кейін «Іле тарихи материалдары» (Қытай қазақтарына арналған тарихи материалдар) атты жылына бір рет шығатын қазақша кітаптың жауапты редактор болған кездерімде бір дәуірдің тарих-шежіресін жатқа айта алатын талай-талай ел мен жер тарихына жүйрік білермен, абыз қарттармен сұхбатта болып, көптеген құнды деректер қолыма түсті. Әсіресе, 2007 жылы қаңтар айының басында Іле Қазақ автономиялы облысының әкімі Қызайжан Сейілқожаұлы ағамыздың тапсырмасы бойынша «Албан шежіресі» (Әбдісәмет Тоқтасынұлы құрастырған) атты көлемді кітапқа жауапты редактор болдым. Бұл кітапты бірнеше ай оқып шыққаннан кейін жалаң ататек тізбесі жазылғанын байқадым. Кітапты түзету және толықтыру барысында өзім жинаған материалдардан сұрыптап әйгілі адамдардан Райымбек Түкеұлы, Қожеке Назарұлы, Тазабек Мүсылманбайұлы, Бұқа Қабанбайұлы, Көдек Маралбаев, Шарғын Алғазыұлы, Құрманәлі Оспанұлы т. б. арнайы бір бөлімге бөліп «Тарихи тұлғалар» деген айдармен кітапқа кіргіздім. «Албан шежіресі» баспадан шыққаннан кейін ел ішінде жақсы аңыс қозғады.
«Ел іші–алтын қазына», - дейді дана халқымыз. 2008 жылы «Ататек жалғаған– Алтын шынжыр» атты тарих-шежіреге байланысты көлемді кітабымды жазу үшін Моңғолкүре, Текес, Шапшал, Тоғызтарау, Нылқы, Күнес, Қорғас аудандарын аралап, ел ішіндегі тарих-шежіреші, шешен ақсақалдармен, зиялы қауыммен топтық және жекелей 300-ден астам адаммен шежіре туралы әңгімеде болдым. Осы жолғы сапарымда 400-ден астам үлкенді-кішілі қолжазба шежіре жинадым. Бұл қолжазбаларда жалаң ататек тізбелер ғана емес, Сырымбет, Қангелді, Райымбек, Диқанбай, Асан, Жанғабыл, Иса, Тәтібай, Сыбанқұл, Егінбай т. б. тұлғалар туралы көптеген құнды деректер мен аңыз-әңгімелер бар еді.
II
Мен арғы бетте жүрген кезде ел ішін көп араладым, бір талай қазыналы қарттарға кездесіп әңгімеде болдым. 2009 жылы тамыз айының бас кезінде әкем Тоқтасын Байсалов айтқан дерек бойынша Текес ауданының Шиліөзек ауылында тұратын 83 жасқа келген атақты қиссагер Бекдайыр Сыдықұлы ақсақалдан еш басылымда жарық көрмеген «Райымбек батыр» атты көне тарихи қиссаны жазып алдым. Міне, осындай аңыз-әңгіме, өлең-жыр, қиссалардың әлі де халық ішінен молдап табылатынын байқадым.
Мен өмір бойы ақша жинамасам да, кітапты көп жиған адаммын. «Райымбек батырдың ақ атаны», « Арғы атам Райымбек қол бастаған» атты екі томдық еңбегімді жазу үшін 200-ден астам тарихи, шежіреге қатысты кітаптарды түгелдей оқып шықтым.
Ата-бабаларымыздың «Халықсыз – тарих жоқ, тарихсыз – халық жоқ» деген кемеңгерлік сөзін тектен-тек айтпаған. Халқымыздың ата тарихы талай-талай ғасырды артқа тастап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан аңыз-әңгімелер өз желісін бұзбай ауызша тарих айту дәстүрі арқылы бізге жеткен. Халқымыздан шыққан білікті тарихшы, оқымысты, шежіреші, ақын-жазушылар ілгері-кейінді ізденіс жасап, аңыз-әңгімелерді тарихи дереккөз ретінде пайдаланып, бірталай сүбелі еңбектер жазды. Мысалы, Сабдалы жыраудың «Райымбегім, асылым» (дастан), Мөкен Болысұлының «Райымбек батыр» (дастан), Қабылбек Сауранбаевтың «Райымбек батырдың шайқастары» (шежірелік қолжазба), Мұқағали Мақатаевтың «Райымбек! Райымбек!» (поэма) т. б. тарихи шығармалардан Райымбек батыр туралы роман жазу барысында тарихи оқиғалардан, батырлардың жорық жолындағы ерліктерін, адам аттарын, жер-су аттарын белгілі дәрежеде пайдаландым. Десе де, тарихи оқиғаларды сұрыптап сүзгіден өткізіп, жүйеге келтіріп, көмескі жатқан көп тарихтың көздерін аршып, тың ізденіс жасап, көркем шығарма деңгейіне көтеріп, қайталай жаңғыртып жазып шықтым.
Райымбек Түкеұлы – XVIII ғасырда өмір сүрген ешкім орнын қайталай алмайтын Алашқа аты аңызға айналған біртуар қолбасшы, әулие-абыз, шоқтығы биік батыр. Қасиетті ұлы тарихи тұлға туралы ең алғашқы беташар мақалам «Іле жастары» журналының 1994 жылғы 4-санында «Райымбек туралы аз аял» деген атпен жарияланды.
Содан бері уақыт аттай желіп отыз екі жыл сырғып өте шығыпты. Мен де Райымбек батыр туралы ізденісімді тынбай жалғастыра бердім. Бұл менің ұзақ жылғы еңбегімнің жемісі болған «Арғы атам Райымбек қол бастаған» атты екінші кітабым. Жинақ жалпы «Құпиясы мол тарих», «Аты аңызға айналған адам», «Аңыз бен ақиқат», «Алтын сандық», «Шежіре және дәстүр», «Қайраткерлер», «Шежіре шерткен сыр» секілді жеті бөлекке бөлінген. Аталған еңбекте ежелгі Үйсін елі мен қазақтың Ұлы жүз-Үйсіннің байланысын, ертедегі Юебән елі мен Албан тайпасының қатысы бар екендігі туралы тарихи жазба құжаттар және шежірелік деректерге сүйене отырып салыстыру арқылы ішкерлей зерттеу жүргіздім.
Сондай-ақ кітапта Албан тайпасының Алжан руынан шыққан аты әйгілі Сырымбет би, Қангелді батыр, ел ұранына айналған Райымбек, ел тізгінін ұстаған Диқанбай болыс, «Екінші Асан Қайғы» аталған Асан ақын, тіліне сөз асылы ұйыған Жанғабыл шешен, қазақ поэзиясының алтын тізгінін ұстаған Мұқағали, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Алтынбек т. б. тарихи тұлғалар туралы молынан мағлұмат берілді.
Райымбек Түкеұлы қара көктің тұқымы. Бабасы Сырымбет биден тартып батырлық, байлық, мансап, ақындық үзілмеген. Райымбек көзі тірісінде-ақ атағы дүркіреп халық арасында алуан түрлі аңыз-әңгіменің арқауына айналған баһадүр батыр, Алашқа даңқы кеткен ардақты аты мәшҺүр тархи тұлға.
Жинақтап айтқанда, «Райымбек батырдың ақ атаны», «Арғы атам Райымбек қол бастаған» атты екі томдық еңбек жазу барысында халық ішінде кеңінен таралған аңыз-әңгіме, өлең-жыр, батырлық эпос, шежірелік деректерді арқау ете отырып, аумалы-төкпелі заманда жасаған Райымбек батырдың елін, жерін қорғаған ерліктерінің қыры-сырын ашуға құлшыныс жасадым.
Қазақ ұлты өз тарих-шежіресін ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып, жоғалтпай, өшірмей қымбат мұра ретінде сақтап келген өркениетті халық. Халық қазынасы– қатпары қалың, әлі толық зерттелмеген көзі ашылмаған кен секілді. Шынымды айтсам, Райымбек батыр туралы еңбек жазуда халықтан жинап алған қазынаны кәдеге жаратып, халықтың баға жетпес қазынасын жаңғыртып жазып қайта халықтың өзіне тарту етіп отырмын.
Нұрлан Сәрсенбаев,
Жазушы, этнограф, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
Abai.kz