Аятолла Мәскеуге қашуды жоспарлап қойған...
Екінші аптаға жалғасып жатқан Ирандағы толқулар бүгінде ушыққан үстіне ушыға түсті. Иранның жүздеген қаласында наразылықтар, күштік құрылымдармен қақтығыстар өтуде.
Әсіресе кеше толқулар күшті болды. Ең ауқымдысы Теһеранда өтті. Жарты миллионға жуық адам көшеге шықты. Қазір наразылар мен күштік құрылымдар арасында қаза тапқандар саны көбеюде. Ресми 45 адам өлді дегенмен, одан әлдеқайда көп болуы мүмкін.
КСИР (Сақшылар корпусы) наразыларға қарсы ұрыс қаруларын қолдана бастағаны айтылады.
Халық: «Аятоллаға өлім», «Диктаторды құлату керек», «Бізге Газа мен Ливан емес, Иранның мәселесін шешу маңызды», «Пахлеви бізге бостандық сыйлайды», - деп ұрандауда.
Шеруге Ирандағы күрдтер мен әзібайжандар да қосылуда. Иран оппозициясы жаппай наразылықты күшейтуге шақырды. Ирандағы Күрдістан ұйымдары да халықты наразылыққа шығуға шақырған.
Иран билігі интернетті өшірді. Ал Иран оппозициясы Үкімет ғимараттарын күшпен басып алуға шақыруда.
Трамп: «Егер Иранда наразы халық қырылатын болса, АҚШ Теһеренға соққы жасайды», - деді.
АҚШ президенті Дональд Трамп «Fox News» тілшісіне берген сұхбатында: «Иранның Жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменей елден кетуді жоспарлап отыр», - деп мәлімдеді.
Хаменей Ресейге қашуға ниетті деген ақпаратқа түсінік бере отырып: «Ол (Хаменей) әйтеуір бір жерге кетуді жоспарлап отыр», - деді Трамп.
Бұған дейін британдық «The Times» газеті барлау баяндамасына сілтеме жасай отырып, Иранда аятолла Әли Хаменейдің қауіпсіздік күштері наразылықтарды баса алмай, дағдырса немесе қаруларын тастаса, ондай жағдайда Хаменейдің Мәскеуге кетуіне арналған қосалқы жоспары әзірленгенін хабарлаған еді.
«The Times» газетіне барлау дереккөздері: «Осы қосалқы жоспар Хаменей мен оның айналасына, оның ішінде ұлы мен болжамды мұрагері Моджтабуға да арналған», - деген ақпар таратты.
Жоспар бойынша Хаменей өзі ғана кетпей, активтерін, шетелдегі жылжымайтын мүлікі мен қолма-қол ақшасын ала кетпек.
Америкалық саясаттанушылар: Ирандағы бұлғақтық ахуалға және жалпыұлттық наразылықтардың кең қанат жаюына сілтеме жасай отырып, Ислам республикасының басшыларының шипалары әбден бітіп, тек бас сауғалап елден кетуді соңғы мүмкіндік көріп отырғанын айтады.
Abai.kz