Сәрсенбі, 21 Қаңтар 2026
Ақмылтық 384 0 пікір 21 Қаңтар, 2026 сағат 13:57

«Желтоқсан көтерілісі» - Ұлттық мерекеге айналуы тиіс!

Суреттер: halyqline.kz және qazdauiri.kz сайттарынан алынды.

«Желтоқсан көтерілісі» - Францияның «Бастилияны алған күні» немесе Ресейдің «Ұлы октябрь революциясы күні» сияқты Қазақстанның ұлттық мерекесіне айналуы тиіс!

Биыл Желтоқсан оқиғасының 40 жылдығы аталып өтілетін жыл. Бірден ескертейін, бүгін мен Желтоқсан мәселелсін билік пен қоғамның арасындағы бұрынғы теке-тірестің тақырыбы етуден аулақпын.

Дегенмен бір ақиқатты мойындау керек: халықаралық дәрежеде әбден мойындалған бұл тақырыпқа біз 40 жылдың ішінде ұлттық деңгейде нүкте қойып болмадық. Бұрынғы «одақтас республикалар» посткеңестік формациядан әлдеқашан өтіп болғанын ескерсек, біздегі Желтоқсан мәселесі бітеу жара сияқты әлі күнге дейін сыздап тұр.

Сондықтан Ұлттық Құрылтай мүшелері алдында Желтоқсан мәселесін «Жаңа Қазақстан» танымы бойынша жаңа саяси түйсік және жасампаз азаматтық пайым деңгейінде бірлесіп ақылдасуды ұсынамын!

1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі кеңестік тотолитаризмнің сеңін сөгудің бастамасы болғаны бүгінде біздің елге ғана емес, бүкіл әлемге мәлім. Балтық жағалауы елдеріндегі қасаң коммунистік идеяларға қарсы ұлт-азаттық қозғалысқа да, 1990 жылғы Әзірбайжан астанасы Бакудегі Қара қаңтар оқиғасына да біздің Желтоқсан бастамашы болды.

Тіпті, бір Германияны екіге бөлген Берлин қабырғасының құлауы мен поляк кәсіподақтарының «Солидарность» қозғалысының бастамасымен Польша мемлекетінің социалистік лагерьден бөлініп шығуы да 1989 жылы – Желтоқсаннын кейін болды.

Әлемнің жаңа тарихында адамзаттың дамуына қозғаушы құбылыс болған бұл ұлы оқиғалардың барлығы бүгінде аталған елдердің ұлттық мерекесі саналады. Бұл даталар демократиялық дамудың және тотолитаризмге қарсылықтың ұлттық символизміне айналған.

1917 жылғы Октябрь революциясы да тоталитарлық жүйеге қарсы шыққан Желтоқсан сияқты, партшалық монархиялық билікке қарсы көтеріліс болды. Осыдан 35 жыл бұрын біз бүкіл Совет Одағының халқы болып, «РСФСР-мен» бірге тойлайтын 7-ші қараша күні бүгінде Ресейдің жалпы федеральдық мерекесі ретінде аталып өтеді.

Арыға барсақ, 1798 жылы королдік абсолютизмге қарсы шыққан көтерілісшілер Бастилияны алған 14 шілде (День взятие Бастилии) бүгінде Еуропадағы өзгерістердің бастауы ретінде Францияның ұлы мерекелік датасына айналған.

Ендеше, біз қай мұрадан бас тартамыз? Біз неге Желтоқсанның тарихи мұрасын мемлекеттік мәндегі жалпыұлттық мереке күніне айналдыра алмай жүрміз? Қазақ халқының тарихындағы бұл тарихи датаны жыл сайын неге желтоқсаншылар ғана тойлауы тиіс?

Өмірдің заңы солай – енді 40-50 жылдан кейін, Желтоқсан көтерілісіне қатысушылар бұл өмірден кетіп бітеді. Бірақ Қазақстанның тарихында Желтоқсан мәңгілік қалады. Бүгінгі біздер қаласақ та, қаламасақ та, бұл көтеріліс Франциядағы «Бастилияны алған күн» сияқты Ұлттық датаға айналады.

Сондықтан, биылғы Желтоқсанның 40 жылдығы қарсаңында біз бұл тарихи датаға жаңаша және жасампаз көзқарас қалыптастырып, 17 желтоқсанды Ұлттық мерекеге айналдыруды қолға алуымыз керек деп ойлаймын. Және бұл көзқарарасты «Жаңа Қазақстан» идеясын, тиісінше елдің жаңа тарихының бетін ашқан Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттік құзіреті (каденциясы) кезінде бастауымыз керек. Бұл символикалық тұрғыда дұрыс және ішкі және сыртқы барша жұртшылыққа түсінікті бастама болар еді.

Иә, әлемде және елдің төңірегінде геосаяси жағдай толқып тұрған бүгінгі кезде әлдекімдердің «ескі қотырын» тырнау қажет пе деген сұрақ тууы мүмкін? Бірақ Мемлекет басшысының Біріккен Ұлттар Ұйымының жарғысына сәйкес сыртқы дипломатиялық саясаты берік қалыптасып, бұл бейбіт саясат әріптес елдер арасында әлдеқашан мойындалған жағдайда, тәуелсіз мемлекет ретінде біздің ешкімге жалтақтайтын жөніміз жоқ. Ұлттық мәселелер санатындағы біздің ішкі мемлекеттік саясатымызға ешкімнің араласу құқығы болмауы керек.

Осы орайда Желтоқсанның 40 жылдығын атап өтуге дайындық мәселелері төңірегінде ақылдасу, кеңесу, ойласу мақсатында мен өткен жыл бойы елде құрылған 19 бірдей Желтоқсан ұйымының жетекшілерімен кездестім. Еске сала кетейін, Желтоқсанға деген бірегей ұлттық көзқарастың болмауы салдарынан бүгінде бір Желтоқсан 21 бөлшек қоғамдық ұйымға бөлініп кеткен. Ескі билік кезіндегі бұл бөлшектеудің «бөліп алып билеу» формуласының себеп-салдарын бәріміз білеміз!

Міне, сол 21 Желтоқсан ұйымы біріккен қауымдастық (ассоциация) құрып, 40 жылдық қарсаңында Үкіметпен бірлесіп, конструктивті әзірлік шараларын бастауға дайын отыр. Бүгінде олар бұрынғы жік-жапар қоғамдық қозғалыс тұрғысында емес, партиялық немесе басқа да саяси күштерден де жоғары тұратын, Ұлттық рух қалыптастырудың саналы және рухани деңгейіне жетті.

Үкімет осы бастаманы қолдап (қажет болған жағдайда, Мәжілістегі депутаттар тобы бұл бастамаға дәнекер бола алады), осы жасампаз көзқарасты қолдауға мұрындық болуы керек деп санаймын! Қазіргі түрлі тәуекелдер қалтыратқан әлемдегі Қазақстанның тұтастығы мен тәуелсіздігі билік пен жалпы қоғам үшін басты ортақ мемлекеттік мүддеге айналды. Бүгінде желтоқсаншылар бұрынғыдай күйкіл тұрмыстық тірліктің шешімін, пәтер беруді немесе өздерінің ерлігі үшін өтемақы төлеуді сұрамайды. Бір әулеттің атасы мен әжесі болған, алды шөбере сүйіп отырған желтоқсаншыларға ел іргесінің тыныштығы мен Ұлттың мемлекеттілік мәселелері бәрінен де қымбат.

Міне, осы бастаманы жетелеп кету үшін, Үкімет 21 ұйымның қоғамдық басқосуымен «Біріккен Желтоқсан қауымдастығы» платформасын құрып, олардың жетекшілерімен дөңгелек үстел форматында кездесу өткізіп, «Желтоқсанның 40 жылдығы» мемлекеттік медалін тағайындап, мерейлі жылға бірлескен дайындық шараларын белгілеуі қажет деп ойлаймын. Қоғамды елдік бірлікке жұмылдыруға ықпал ететін бұл мейірбан ықылас кезінде қуғын-сүргін көрген желтоқсаншыларға тегіс реаблитация жасаудан басталғаны жөн болады.

Бүкіл ел болып, Желтоқсанның 40 жылдығына бастайық! Қазақстанымыздың тұтастығы мен теңселіп тұрған әлемдегі біздің елдің тұрақтылығына, қоғамның бірлігіне ұйтқы болатын бастаманы қолдайық!

Ермұрат Бапи

Abai.kz

0 пікір