Дәурен ҚУАТ. Пермедегі Пигмалион
(әңгіме)
Ерепейсіз ұзын емес, бірақ, рас, бойшаң. Оны өзгелерден сырықтай етіп көрсететін, сірә, дене тұрқының сидаңдығы болса керек. Құрдастары «қыз шымшитын қырым етің жоқ» деп әзілдейтін. «Қыз» демекші, бұл ауылда қыз тұрмайды. Мектепті бітірген соң қаракөз қалқатайлар қалаға қайқайып кете барады. Сонысы қиын, әйтпесе, ауыл көңілді-ақ. Ертелі-кеш өз қызығы өзінде – түгесіліп бітпейтін тіршілігі бұрқ-сарқ қайнайды да жатады. Қақ-соқта шаруасы кем. Әйтсе де, дүбірлі дүниеден мүлде бейхабар дей алмайсыз. Саясатты сапырады. Кино көреді. Кітап оқиды. Жылқышысы мен қойшысының қонышында – мұқабасы тозып, ақжемделген бір-бір кітап. Ақын, жазушыларды құрмет тұтады. «Біздің ауылға келсе ғой солар» деп армандайды. Баяғыда бұл ауылға Мұқағали келіп кеткен екен. Ұлы ақынды ортаға алып түскен сурет әрбір үйде сақтаулы. Сарғыш тартқан сол суретті сипап қойып, ауылдың кәрі-жасы әлі күнге: «По, шіркін, Мұқағали!» – деседі. Шайырдың шарапаты тиген бе, әлде, тамылжыған табиғат аясында жүрген соң солай ма, Тұщыбұлақтың тұрғындары әдемі дүниеге әсерленгіш-ақ. Әрі шетінен сөзге шешен: табан астынан суырып салып, өлең ұйқастырып та жібереді. «Осы күні оқырман қалмады ғой», – деп салы суға кетіп отыратын ақын я жазушы жазған дүниесін арқалап, алты қырдың ар жағындағы әлгі ауылға барса болар еді. Сонда олардың алдынан аңқылдап Ұзынтұра Қареке шығар еді. «Тоқтаңыз, – дейді ол мейманды сәтке кідіртіп қойып, – естелік үшін сізді суретке тартып алайын». Қарекеде суретке түсіретін аппарат болған емес, бірақ ол салалы саусақтарын ыңғайлап, таспаға тартатын құралға ұқсатып алады да, «нысананы» көздеп тұрып, басып қалады. Қжы-ық.
– Алаңдамаңыз, «потоңыз» ертең дайын болады.
Расында, ертеңгісін Қареке қарындашпен айнытпай салған бейнеңізді әкеліп тұрады. «Мархаббат». Ұзынтұра Қарекенің бұндай өнеріне Тұщыбұлақ ауылының тұрғындары таңданып, тамсанудан қалғалы қашан. Бірақ әркез риза, хош. Сыйлайды, бағалайды. Жиі-жиі өтініш жасап қолқалайды.
«Қареке, балам ертең мектепке баратын еді, есейіп ер жеткен кезінде қарап, есіне ала жүрсін, суретке «түсіріп» берші».
«Қареке қайным, отағасымен отасқанымыздың 40 жылдығын ағайын-туыс, дос-жаранның ортасында атап өтіп, той жасамақ едік, табанымыздан таусылып сол үшін қаланы шарлап қайтеміз, өзің бірдеңе қылшы. Былай, бүйтіп, басымызды түйістіріп түсетін суретті айтамын».
«Ау, Қареке құрдас, Наурыз мерекесінде үйге соғып кетсейші, бұрынғы суреттер ескіріп қалған сияқты...».
Осындай өтініштер мен қолқалаулардан қолы босай бермейтін Қарекеге кейде: «Пашпырттағы суретіңді жаңала» дейді өкімет», – дегенді айтып, ауылдың шал-кемпірлері де келіп тұрады. Қарекең қариялардың сөзін екі етіп көрмеген жан: «Қане, мында, мына керегедегі ақ жайманың алдына кеп жайғасыңыз», – дейді де, сарт еткізеді. Тұщыбұлақ ауылының тума таланты Қайыркелдінің 3х4; 4х5 форматында салған суретін төлқұжат беретін мекеме қызметкерлері көріп, талай рет таңдай қаққан-ды. «Апыр-ай, мына жігіт ауылдан неге ұзап шықпады екен?» – десетін олар бас шайқап. Амал нешік, Қареке ауылдан шырқап-ақ кетер еді алысқа, апасы жібермей қойды ғой. «Жалғыз жарығымсың, қаласы құрысын, қалқайып көз алдымда жүрші, әйтеуір», – деп, кәрі шеше көз жасын сығымдай берген соң, «әйгілі суретші атансам» деген арманына амалсыз қол бұлғаған-ды бұл. Бірақ қарындашы әркез қалтасында: оқушы дәптерінің жыртылған беті, мейлі, қант-кәмпиттен босаған қағаз жәшіктің қорабы, ақ кездеме – қайсысы кездессе, сонысының бетіне қалаған суретін түсіріп, қас-қағым сәттің көрінісін көшіре қояды. Ауыл жұрты «перме» атап кеткен бұрынғы кеңшар бөлімшесінде Ұзынтұра Қарекенің қаламұшына ілінбеген дүние қалмаған шығар... Сынған соқа, күн астында күңсіген тырма, есігіне құлып салынбайтын ұстахана, мұржасын түтін түтіп бітірген тас монша, заңғар көкке бойлап өскен алып шынарлар, соноу сайдың табанындағы көлшікте улап-шулаған қаз-үйрек, ойнақтаған құлын-тай, арғы жағаға тұмсығы ғана ілінген қисық көпір, қабырға жолдар, сүрлеулер, қыр басына қылт етіп шыға келген салт атты, тіпті төбесі қаңылтырмен жабылған қоралардың құс саңғырып айғыздаған ақ жолағына дейін Қарекенің қолына тиген қағаз бетіне көшкелі көп жылдың жүзі болды.
Қареке төрт мезгілді де түгендеп отырады. Міне, мынау – былтырғы қыс. Қар жұқа ғана жауыпты. Қырбық, қатқақ. Перме жүдеу. Суықсайдың аңғарынан үзілмей соғатын суық желдің ызғары байқалады. Көшедегі жүргіншілер бүрсеңдей басып барады. Енесінің бауырына тығылған қасқа бұзаудың өлі жүні үрпиіп, дір-дір етеді. Әуеде қалбаңдаған қарғалар қара ноқатқа айналып, қатып қалған сияқты. Қырды қырман қылған қызыл шұнақ аяздың шапаны батқан күннің шапағына боялып, жайыла түсіпті. Аспан көгіне биіктеп алған Үркердің бозамық сәулесі аңғарылады.
Ал, мынау – биылғы қыс: аппақ қар, маужыраған ауыл түні. Құс жолы жұлдыздар шоғырын қақ жарып, терістік пен түстіктің арасында көсіліп жатыр. Сеңсең ішігінің омырауы мен жағасы ақ қырауға көмілген шаналы жолаушы жегіндегі аттың танауынан буын бұрқыратып, ауылға кіріп келеді. Қареке «Қаңтарды жырлаймын» деп ат қойған картинаның етегін ала төрт жол өлең жазыпты:
Жұлдыздарда сырлар бардай тұңғиық,
Мынау әлем тұрғандай бір әнге ұйып.
Ауыл түні Ай астында мүлгиді,
Ақ көрпесін қымтай жауып бұйығып.
Келесі картиналардан көктем, жаз, күз айлары көрініс тапқан. Қареке туған өлкесінің бар бояуына қаламұшын малып отырып салған ғажап дүниелер. Ол – бояудан бояу тудыратын шебердің нақ өзі. «Көлдария көктем» картинасында, мысалы, көк бояқтың сан алуан түсін қалай ашқан десеңізші. Көк, қою көк, қара көк, тұнжыр көк, шағи көк, сия көк, селдір көк, селеу көк, бөрте көк, көгілдір, көгілжім... осынша көк бояқ «Көлдария көктемнің» келбетінде тұнып-ақ тұр. «Мен мұнда көктің 47 түсін қолдандым, – дейді Қареке, – асығыстау болды, асықпай тау-тасымды шарлап шықсам, тағы он шақтысын табар едім».
Тұщыбұлақтың тұрғындары өздері көп мән бермейтін ауылдың ұсақ-түйегі мен айнала табиғаттың кереметтігін Қарекенің суреттерінен көргенде сөз таппай дағдарып: «Пәлі, сынық соқаны қараңдар!», «Қисық көпірді қараңдар!», «Ұстахананы қараңдар!», «Өй, мынау өткен қыс қой?!.», «Мынау биылғы көктем ғой, айнымайды, ей, айнымайды!» – деседі. Қарекенің бұдан өзге де суреттері бар. Бірақ ол суреттерді Қареке ауылдастарына көрсетуден ұялады. Ұзынтұра Қареке – ұялшақтау жігіт. Құрдастары қыз-қырқын турасында әнтек әңгімелер айтуға кіріскенде, әсіресе, қатты ұялып, жасып қалатыны бар. Өйткені жасы отыздан өтіңкіресе де отау құра алмай жүр. «Әй, Қареке, қу тізеңді құшақтап қашанғы жатасың, қатын алсаңшы», – дейді құрдастары. «Бұйырғаны болар», – деп сөзден қашады Қареке. «Қареке, қызды біз айналдырайық, сен тек алам деші». «Е-е, көнетін қыз болса, неге алмасқа?» «Давай, ендеше, әкел қолыңды, саған осы жұмадан қалдырмай қалыңдық тауып береміз».
Құрдастары Қарекені жасандырып көрші ауылдарға талай сапар шекті. Қайда бұралып өскен бойжеткен бар, қайда оң босағада отырыңқырап қалған әтей қыз бар – Қареке құрдастарының жетелеуімен сонда барып, бәрімен жүздесті. Әйтсе де солардың бірімен де тіл табыса алмады. Тіл табыса алмайтын себебі: біріншіден, қызға қыры жоқ. Екіншіден, Қарекең – кітап тілінде сөйлейтін адам. Сөз арасында, «әлбетте», «о не дегеніңіз?», «бәлки», «ғафу етерсіз», «япыр-ау», «келіспеске не шара?», «абзал болған екен», «қадари-халімізше», «мархаббат» деп қойып отырады. Онысы бір жұртқа инабатты адам болып көрінейін дегендіктен емес, әдеті солай: Қареке – Қареке болғалы солай сөйлейді. Бойжеткенмен оңаша қалғанда Қарекең кітап тіліне біржола көшеді.
– Қарындас, – дейді ол, – түн қатып, түс қашып жүрген бұ кім еді деп көңіліңізге алаң кірмесін. Біз бір бейбақ сыңарын іздеген. – Мұндай сөзді өмір-ғұмырында естімеген ойға шолақ, тілге молақ, сезімге сараң қыз шоршып түспегенде қайтсін:
– Не дейсіз? Нені іздеген дейсіз?
Қареке қара жаяулап көреді:
– Өмірлік серігін деймін, жұбын.
– А-а... Кім болып істейсіз?
– Қолдан келгеннің бәрін істейміз. «Таңғы нәсіп – Тәңірден» деп, таңмен таласа тұрамыз да, күнделікті өмірдің күрмеуіне түсіп, күйбең тіршілікке кірісеміз.
– Ағай, сіз өзі біртүрлі сөйлейді екенсіз?
– Мен тегі осылай сөйлеймін, қалқам.
– «Қалқам», – дейсіз бе? – Қарындас бетін басып, күлкіге көмілген күйі екі иығы селкілдеп тұра қашады. Сосын, Қарекені ертіп келген жылмаңтөс жігіттің құлағына жабысып отырып айтады: «Ана кісі қызық, шалдар сияқты сөйлейді екен. Өзі не, қияли ма, ақын ба, немене тегі?»
Жігіт-желең, қыз-қырқынды ортада «отты судан» ептеп ұрттап, қызыңқыраған Қарекенің ән салып жібергісі келетін. Соны білетін әрі әлгіндей кездесуден тұра қашқан қарындасқа құрдасының тағы бір қырын аша кетуге бекінген қу жігіт: «Қайыркелді, «әу» деші, «әу» дейтінің бар еді ғой?» – деп жата-жабысады. «Отты судың» қызуы бойына шапқан Қареке ондайда тартынбайды. «Қыз емеееес» деп қылғынып қоя береді.
«Қыз емес, қыздың аты – қызыл қыршын,
Менімен әзілдескен түрің құрсын.
Уәдеңнен күндіз берген түнде тайып,
Қойдың ғой сипалатып, ойбай-ай, жүктің бұрышын-ай-ай.
Ой-гөк, иги-ай-иги-ай, иги-ай-ай!».
Ауылға қайтар жолда құрдасы: «Құдай тілеуіңді бергір, Қареке-ай, «қыз қайдалап» қызды ауылға барғанда, «Қыз емееес» деп қатырдың-ау! Осы сенің «Қызыл асықтан» басқа әнің жоқ па? Аузымыз аппақ болып құр қайттық қой!» – дейтін қарқ-қарқ күліп.
***
Жо-оқ, Қареке құр қайтпайды, бірер ауыз тілдескен қарындастың бейнесін көкейіне қондырып, көңіліне біржола көшіріп қайтады. Үйіне келген бетте ол кәрі шешесін оятып алмайын деп, аяғының ұшымен еппен басып өз бөлмесіне өтеді де, ақ парақты сыбдырсыз жайып, әлгінде жүздескен бойжеткеннің суретін салуға кіріседі. Суретшінің құрдастарына көрсетуге қымсынатын картинасы – көрші ауылдарға жігітшілік жасап оралған сапарлардан соң салынатын.
Жалаңаш арулар... Мүлде лыпасыз емес. Бірақ үлбіреген сусымалы жібек көйлекті төгілдіре киген әйел мүсіні құбыла толқып, көрген жанның ындынын құрта ынтықтырып бітеді. Қарекенің қайсыбір картинасында сол аруды бұлықсытып бауырына басқан сал жігіттің сұлбасы байқалатын. Бұл – өзі. Сұлба кейде жырақтап кетіп, сұлуға ынтызар жанның тілегін үнсіз білдіріп қана тұрған кейіпте аңғарылады. Тәкаппар сұлу ғашық жігітті көрмей, көрсе де елемей алысқа телміріп қалған. Суреттің артық-кем тұсын өшіріп, бояуын қандырып алған соң Қареке күрсініп салады: «Жарығым, сәулем, жан жарым болшы менің!» О, Қареке өзі салған арулардың бейнесін құшып, Тәңірге қанша жалбарынды екен... «Келші, – дейді ол, – жансыз сурет болып қалмай, ыстық деміңмен тәнімді өртеп, дүниені нұрға толтырып, ғайыптан жетші маған, аяулым. Шықшы ана ақ қағаздың бетінен. Шырайлым-ау, шыға келіп, шырағымды жандыршы менің!» Қатыгез сұлу тіл қатпайды. Сосын Қареке жүрегі атқақтай соғып, қалтыраған қолдарын суреттегі арудың ал көкірегіне, алма мойнына, сүйіс тілеген етті ерніне, тоят аңсаған тоты кеудесіне, қиылған қыпша беліне, ыңғайы ытырылып кетуді аңғартып, діріл сездіретін балғын балтырына апарып, көзін жұма ләззатты күй кешетін.
Ымырт үйіріліп, сам жамыраған бір кеште ол теледидардан шымқай қара көйлекке малынған қызды көріп отырды. Атысып-шабысып ала топалаң болған Сүрия деген елде жүр. Қазақ қызы. Қазақ қызы жәудір көзінен жас боталап тәлкекке ұшыраған тағдырын баян еткен. Ұққаны: бойжеткен әлдебір құрбысының жетелеуімен діни жат ағымның жамағатына айналып, ата-анасынан, туған-туысынан безіп кетіпті. Жоғары оқу орынын мектеп оқушыларына ағылшын тілінен сабақ беретін маман ретінде тәмамдап, диполамға қол жеткізген күні құрбысы оны бейтаныс ортаның жігіттерімен таныстырған. Таныстық сол ортадағы аса беделді азаматпен арадағы сырластыққа, жақындыққа, жақындық махаббатқа жалғасып, аз уақыттың ішінде бір-бірін құлай сүйген қыз-жігіттің отау құруына ұласады. «Біздің қауымның дәстүр-салты өзгеше, біз Аллахтың ақ жолынан адасқан жахилдер сияқты беташар жасап, ас та төк той қылмаймыз, екі жақтың құда-құдандалығы есепке мүлде жүрмейді. Некемізге Саудиядағы шейх-Омар ризалығын білдірді. Енді сен менің некелі жарымсың», – дейді сүйгені. Соны айтады да, жалғыз түнде әйелдікке көндіріп, құмардан шыққан соң: «Менің шетелде жұмысым бар, біраз уақыт алыста бола тұрамын», – деп табанын жалтыратады. Бұл шамада жамағаттың мүшелігіне толық қабылданған қыз өткен өмірін тәрк етіп, бәріне қолын бір-ақ сілтеген көрінеді. Сондай күндердің бірінде ұялы телефонына сұмдық қорқынышты бейнехат келеді. Бейнехатта күйеуі: «Ахилар қолыңа мол ақша ұстатады, ақшаны ал да Түркияға тез жет. Мен бір пәлеге ұшырадым», – деп зар қағады. Бұл Түркияға, бейнехатта меңзелген мекенге алып-ұшып жетеді. Жетсе, қарсы алғандар: «Күйеуің Сүрияда, оны сол елден табасың», – дегенді айтып, бар ақшасын сыпырып алады да, жолға салады. Ал, Сүрияда ұлы сүргін, қан-қасап майдан. Некелескен жарының қайда екенін білмейді, байқұс қыз қазір күнде бір еркектің бауырынан өтіп... ары қарай тұтқындағы сорлы сөзден қалып, солқылдап жылай берген. Кешке мал қоралап келіп, теледидардың алдына тізе бүккен Қареке қара көйлекті қызды көрген бетте қатты да қалды. «Неткен көз, Құдай-ау, не деген көз мынау?» – дейді күбірлеп. Суретшіні қыздың тәлкекке түскен тағдырынан бұрын, мөлтілдеп аққан көз жасы, мөлт қара көзі толғандырып, естен тандырған. Шымқай қара көйлек, бет-ауызы тұтас тұмшаланған. Тек, көзі, жас жуған нәркес жанары ғана ашық. Қареке қарандашын сертке ұстап, ақ қағаздың бетіне төнген. Әдетінше шымқай қара көйлектен қас сұлуды суырып алмақ еді, келіспеді. Қыз бейнесі қысылып, қара кенептен шықпай қойды. «Шығарамын, – деп ышқынды суретші, – қалқатай, қасарыса берме, шығасың. Шығасың да менің анау «кәнизактарымның» қатарына қосыласың».
Алдымен қарашығы мойыл қара, кіріпіктеріне кіреукеленіп мұң тұнған көздің бейнесін келтірген. Енді осы көзге әйелдің бет пішінін әлпеттеуі керек. Ат жақты, ашаң жүзді болатын шығар. Иә, солай...бірақ, иегін тым сүйірлеп жібергенге ұқсайды. Бұндай ұсқын сұлуды сұп-суық, сезімге селт етпейтін, жылусыз жан етіп көрсетеді. Әлде, шырайын шыр айналдырып, дөңгелете сомдағаны жөн бе? Мүлде қате. Дөңгелек жүз бүйрек беттеніп, әдемі көзбен үйлеспей, дымын құртты. Азап кешіп, қасырет шеккен әйел келбетін әдіптеп байқаса қайтеді? Бет сүйегі шығыңқы, жағы солғын, қуқыл тартқан реңінде мәңгі арылмас қайғының табы қалған. Бұндай әйел кім-кімнің де жүрегінде аяныш тудырып, қапаландырар еді, бірақ, соншалықты сұлу көздер «мені мүсіркеме, менімен бірге қайғырма, қайғының қара тереңіне бойлама, мені ұқ, маған үміт сыйла» деп үздігетін секілді. Қара көздерді қара шілтер, қара көйлекпен тұтастырып, қара бояқтар паллитрасынан тосын шешім іздеген, тағы да болмады. Қара көйлек, қара шілтер қара көзден аққан жасты жұтып алып, меңіреу халде мелшиіп тұра берді. «Уа, көз! – деді сонда Қареке ах ұрып, – Сені қайтсем екен?» Осы түннен бастап ол: «Жәудір көз», «нәркес көз», «сұқсыр көз», «әзәзіл көз» деп, түсініксіз күбірлеп жүретін әдет тапқан. Кәрі шешенің күтімі, күнде оралып тұрмасаң, кетеуі кетіп, кежегесі кері тартып шыға келетін қара шаруаның қамы жайына қалды. Кейде Қарекенің қорасынан малы да өрмей маңырап, мөңіреп тұратын болған. От уақытында жағылмайды, отын жарылып, су әкелінбейді. Отын мен суға кирелеңдей басып кәрі шеше кетіп бара жатады. Кәрі шеше сонда көршілеріне мұң шағатын: «Қарашығыма көз тиген-ау, білем. «Көз», «көз» деп түн баласы аласұрады. Күндіз де мелшиіп «көз», «көз» дейді де отырады. Көзіккен-ау құлыным...».
Қарекенің басындағы хал Тұщыбұлақтың ақжарқын, мейірімді, бауырмал жұртының қабырғасын қайыстырды. «Арда туған азамат-ай, Құдай қор қылайын десе, қор қыла салады екен ғой, – деді олар. – Енді қайтпек керек?». «Енді қайтпек керектен» кейін көпшілік кеңес құрып: «Қарекені емдеткен жөн. Емдетпесе болмайды. Бұл жазған мына түрімен жынданып тынар», – десті.
Көп ұзамай «Қареке жынданыпты, – деген сұмдық сөз тарады, – үйінің ішін қап-қара көйлек киген әйелдің, қап-қара құбыжықтардың қорқынышты суретіне толтырып тастапты. Астапыралла, көрсең, жаныңнан түңілесің».
Бұл сөз ептеп шындыққа саятын еді. Өйткені, шымқай қара көйлекке малынып, мойыл қара көзін жас жуған зипа бойлы, бейтаныс жан теледидардан көрінгелі бері Қареке бірыңғай қара бояққа ғана кистісінің ұшын былғап отырып сурет сала беретін болған.
Қара түн: қара түннің түнегінен үрейлі көз шығып келеді; қара тау: қара таудың басында аспанға қарап, мінәжат оқыған көз жатыр; қара орман: қара орманның алабын қап-қара көздің көлеңкесі жапқан; қара бұлт: қара бұлттың бауырынан қара көздің жасы саулайды; қара айна: қара айнаға қадалған қара көз; тағы да қара түн: қара түнде тұнжырап аққан қара су, қара судың тобықтай толқындары тегіс көзге айналған; қара тас: қара тасты қақ жарып шыққан қара көз; әйел көзді қара арғымақ; әйел көзінің сиқыры сіңген көз жапырақ қайыңдар; қара қазанның шытынаған бүйірінде шашылған көздің қарашығы... бірі қабырғаға ілініп, бірі терезенің, бірі есіктің жақтауынан орын сайлапты. Ыбырсып, шашылып, еденде жатқаны қаншама. Төрт-бес көз төбеден төніп тұр. Қайсыбірі Қарекенің бөлмесін тастап, ауыз үйге барып қалған. Көз, көз, көздер... көздердің көптігінен аяқ алып жүру мүмкін емес. Ал, еркін адымдап, төрге озуға ұмтылғандар табан астында төгілген көздерді езіп-жаншып жүре беруден тартынып, шоқ басқандай шоршып-шоршып кетісті. Сосын жұрт шулап-шұрқырап абыз ақсақал, жасы тоғыз мүшелді қайырған қарт баба Ағымсалының алдына барған. Ағымсалы аппақ бешпетінің омырауын жапқан аппақ сақалын саумалап, үлкен, саналы көздерін жұмып отырды да: «Баяғының бақсылары жоқ қой қазір, баяғының бақсылары болса, Қарекені өздері-ақ іздеп келер еді. Бірақ осы дәупірім бақсылардың шалығы тиген Қаракеней бақсының бойында бірдеңе қалса керек, соны алдырыңдар», – деді. Қарт бабаның сөзін ести сала жүрдек көліктеріне мінген жігіттер Шынжылы өзенінің бойын жалғыз өзі мекен етіп, саяқ жүретін, жалаң басты жалқы жан Қарекенейге жөнеген. Содан екі күн өткеннен кейін бесін ауа Тұщыбұлаққа селкілдеп бақсы келді. Бақсымен бірге:
– «Ойпыр-ой, бақсыны әрең таптық. Шынжылының арнасын бір күн, бір түн әрі қуалап, бері қуалап кездестіре алмаған соң, қайтамыз ба, енді қайтеміз деп тұрғанымызда, сізге – өтірік, бізге – шын, көлемі шаңырақтай қара тасты жұтып жатқан иірімнен бақсымыздың ақырып шыға келгені. Құдая тоба, сонда да бойына тамшы су жұқпапты...».
– «Бақсының сөзін адам ұғып бола ма, жол бойы: «Дарияның түбін кештім. Су перісі Үмменің салтанатын көріп, сайран салдым» деген түсініксіз бірдеңелерді әңгіме қылды. Біз Қарекені айтып едік, «Оттамай жайларыңа отырыңдар, өзім де білемін» деді».
– «Қарекенің ертелі-кеш көздің суретін сала беретінін білдіріп, соның жөнін сұрамақ болғанымызда, басын машинаның терезесінен шығарып алып, қарғаша қарқылдап, дал ұрды да қалды. Бақсы қарқылға басқанда бір қарға пайда бола кеткен, сол қарға бізге ілескеннен ілесіп, осында бірге ұшып жетті...» деп басталатын қилы-қилы сөздер бірге ере келді.
– Жә, бақсы не дейді?
– «Меңсіз қара қойды қандаңдар», – дейді.
– Меңсіз қара қой табыла қояр ма екен?
Жігіттер қылжаққа көшті:
– Табылмаса, Қареке бар ғой, қап-қара қылып бояп бере салады. Мұндай қалжыңды үлкендер жағы жаратпай, қабақ шытқан:
– Біреудің жаны қиналып, жынмен арпалысып жатқанда, бұ не қылжақ? Көрші ауылдан болса да іздеп табыңдар.
Меңсіз қара қой басқа емес, Қарекенің өз қорасынан табылды. Мұны жұрт жақсы ырымға балап қуанысқан. Бақсы қара қойды бауыздатты. Сосын қаңылтыр шөмішті отқа тосып қыздырды. Шөміштің ішіне қара қойдың іш майын ерітіп құйды да, үстіне көк шүберек тастады. Сөйтіп, Қареке отырған бөлмеге еніп кеткен. Жұрт аяқ тартып, сыртта іркілді. Арада сүт пісірімдей уақыт өткенде бақсы түтінге қақалып-шашалып атып шықты. «Қара қойдың бауырын әкеліңдер. Бауырмен қағып емдеймін». Бақсы бауырды ұстап Қарекенің бөлмесіне қайта кірді де дүбірді салды кеп, салды кеп. Бақсының ойынын тұмшаланған терезенің жыртық саңлауынан, сыртқы есіктің көздей ойығынан көріп қалғандар кейін: «Ойбай, сұмдық болды», – деп айтып жүретін.
«Ойбай, атамаңыз, сұмдық болды. Қара бауырды қолына алып, Қарекенің бөлмесіне кіріп барған бақсы алып қара бураға айналып, аузынан жын атып, шабынды. Сол кезде Қареке ысқырынған қара айдаһар бола қалды. Бақсы қара найза болып атылғанда, Қареке қара қалқан болып тосты. Бақсы қара мысық болып дұға оқығанда, Қареке қара жылан болып мысықты арбады. Бақсы қара дойыр қамшы болып сабағанда, Қареке қара сойыл болып қағынды. Кенет, бақсы шымқай қара көйлек киген қыз болып бұлғақтағанда, Қареке оған қолын созып құлап түсті. Бірақ бақсы қара қарғаға айналып ұшып кетті, Қарекеге емі жүрмеді».
Жер басып келіп, көкке ұшып кеткен бақсыдан соң Тұщыбұлақ ауылына ғұлама молда ат басын тіреген. «Құранның сөзін жатқа судырататын қаридың өзі екен, Қарекенің бойындағы дерттің бетін бір қайтарса, осы қайтаратын шығар», – десті суретшінің ауылындағы алаң көңіл жұрт. Молда қабындап қалың өскен сақалын кіндік тұсына дейін құлатқан мосқал кісі көрінгенімен, қысқа балағының етегін делең қақтырып, аяғын ширақ басатын, жас шамасы қырықтан жаңа асқан жігіт ағасы болып шықты. Өзі шәмкөстеу жан екен. «Қарекенің ата-бабасының рухына арнап құран оқып жіберсеңіз...» деген ұсынысқа шарт кетті: «Мен мұнда ауру аруаққа емес, дертті адамға дем салайын деп келдім». «Е-е, тақсыреке, сіз білесіз ғой, білгеніңізді білдіре беріңіз», – деді Қарекенің басындағы халден шошынып, қосүрейленген ел. Молда бөлмесінде меңірейіп, ақ қағазды алдына өңгерген Қарекені жетелеп алып шықты. Байқұс Қареке... өңнен – өң, түстен – түс жоқ. Шашы сөлбірейген иығын жауып, сақал-мұрты алқымын қауыпты. Көзі шүңірейіп, жақ ұрты солып, ішіне кіріп кеткен. Тырнақтары сояудай. Былай да артық еттен ада, сыйдиған бойы сырықтай боп созыла түсіпті. Молда:
– Басың қысып ауыра ма? – деп сұрады. Қареке басын шайқады. Молда:
– Ауырады екен, – деді Қарекенің бас шайқасына қарап. Сосын сұлу мақаммен сүре оқыды. Қареке айнала алқа-қотан жұртқа қарап күлген. Молда берік байлам жасады:
– Көрдіңдер ме, күліп отыр. Ішіне жын кіріп кеткен мұның. Оқимын, үш күн, үш түн оқимын.
Молда үзбей үш күн, үш түн оқыды. Үш түн, үш күн Тұщыбұлақ ауылының тұрғындары Құран бетін аударып, сүрелер мен аяттарды әндете оқыған молданың әуезді үніне елітіп, егіле тыңдады. Ал, бұл кезде Қареке жан шыдатпай шабатын шабыт тұлпарына мықтап мінген еді. Ол үш күннің ішінде ғажайып үлкен көздің аясына шөгіп келе жатқан Аспанның бейнесін жасады. Масқара! Көз Аспанды арбап алыпты...
– Айыпқа бұйыра көрме, жамағат, – деді үш күннен соң молда, – менің шамамның жеткені осы болды. – Молданың алғашқыдағы арыны басылып, мүлде жуасып қалыпты. – Ішін жайлап алған жын күшті екен, – дегенді қосты ол сөзінің аяғына момын, жуас қалпын сақтап. – Бірақ қара пәленің бетін ептеп қайтарған сияқтымын. Үміт, қайыр бар. Дертті пенде нихап киген әйел затына ынтық. Ин ша Алла, сондай бір тақуа әйел затымен бас құрап, некесін қидырса, Аллахтың қалауымен тура жолға түссе, толайым қаріп-қасіретінен арылып, қатарға қосылып кетер еді. Сондықтан Қарекені біздің қолға беріңдер. Ол жігіттің орны – біздің қауымда.
– Молдеке, – десті жақынын жан баласына қимайтын Тұщыбұлақтың бауырмал тұрғындары өтініп, – пейіл-ниетіңізге мың да бір рақмет! Қайтесіз, Қареке қасымызда қала берсін.
– Мейілдеріңіз, – деді молда да Қарекеден құтылған өз басының қарекетін құптап. Молда аттанып кеткен соң Қарекенің құрдастары кеңес қылған-ды.
– Әлгі адам, – деді суретшіні сүйреп, қызды ауылдарды қыдырыстайтын қу жігіттің бірі, – дұрыс ақыл айтты. Бұ немені қайтсек те аяқтандырып тынайық. «Не қап киген?» – деп еді молдекеміз? Қандай қап кисе де бұған қатын керек.
– «Не қап» емес, «нихап», – деп түзетті оны біреуі. Құрдастары сол күннен бастап Қарекеге нихап киетін қыз іздеп, ауылдан ауыл қоймай шарлады. Қырсық қылғанда, ондай қыз қырдан табылмай, табандап іздегендер салып-ұрып қала барған. Қалада «қара жамылып», қараға малынғандар көп-ақ екен, бірақ, әншейінде ұрғашы атаулының тілін тауып, іші-бауырына кіріп кететін Қарекенің құрдастары ортасы оқшау, тұрмыс-салты бөлек жандармен жақындаса алмай қор болды. Бірер ауыз тілге келгендері: «Жігітіңіз тура жолда ма?» деп, Тұщыбұлақтың азаматтарын тұсап, шарасыз халге түсіретін сұрақ қоятын. Содан талабы қайтып, тауы шағылуға таяған жігіттер біреуден біреу сұрастырып, панасыз бір қызға ұшырасқан. Бойжеткен – әке-шешеден тұлдыр, жетім өскен бейбақ екен. Барар жері, басар тауы жоқ, жарты кем күннің алданышымен уақыт өткеріп, өлімшінің күнін кешіп жүрген байқұс қыз, задында, зердесіз болмаса керек, аңқылдаған ауыл жігіттерінің Қареке турасындағы сөзіне қанып, сырына әбден бойлады. Жігіттердің «алақанымызда ұстаймыз» деген уәдесіне де иланды, нихап киюге де келісті. Осылайша істің мәнісін оңдап алған Қарекенің құрдастары өздерінен бұрын ауылға алып-ұшқан қуанышты хабар жіберген еді.
– Сүйінші, ағайын, сүйінші! Ауылымызға Қареке теледидардан көрген шымқай қара көйлекті хас сұлудың өзі келе жатыр! Келін келе жатыр! Қарекені ынтық қылған қаракөзайым келе жатыр!
Естіген жан түгіл тау мен тасты тебірентіп жеткен сүйіншіге Қареке де елең еткен. Кәрі шешеде ес қалмады. Кәрі шеше дал ұрып болып-ақ жүр. Ақ сандықтың аузын ашып, ішіндегісін ақтарып тастаған. «Апа-ау!» – деп үйге бас сұққан келін-кепшіктің қолына бар асыл бұйымын ұстатып: «Абысын-ау, таңың атып, Күнің шықты ғой», – деп кемсеңдескен кейуаналарды көне сандықтың түбінде сақтаған кәде-сыйымен жарылқап, жадырап сала берген. Қареке де мәз. «Әй, менің құрдастарым-ай, аспандағыны арбап, жердегіні жалмайсыңдар ғой», – дейді ол ыржалақтап. Қарттар да әлденелерді еске алысып қауқылдасқан. Әйткенмен де, аңқылдаған ауылдың қуанышы аңсап күткен қаракөзайым албардан аттағанда су сепкендей басылған. Өйткені... шымқай қара көйлекке малынған қалқаны көрген бетте-ақ Қареке: «Ол емес! – деп бір-ақ кесті. – Жігіттер, сендердің мына ертіп келгендерің мен көрген жанға ұқсамайды». «Жоқ, бұл – сол, соның өзі. Көзіңді ашып, дұрыстап қара! – деді Қайыркелді үшін табанынан тозып, нән қаланың көшесін таптап, діңкелеген дос-құрдастың бірі жанұшыра айқайлап. – Дұрыстап қара, оның қарақат көзін сенің шел басқан көзің көрмей тұр ма, не?» Жігіт осыны айтты да, қыздың жүзін жапқан қара шілтерді серпіп жіберген. Шілтер түрілгенде уылжыған жас сұлу аялы көзін төңкеріп тастап, Қарекеге имене қарап тұрды.
***
Арада ай аунап, жылдар жылжыған. Жоңғар Алатауының ұшпа шыңдарынан ала бас атан бұлттар көшіп өтеді. Ауыл өмірі ырғақты күйімен қайта қауышқан. Өзгерген ештеңе жоқ. Өзгермеген Қареке ғана. Иә, ол бұрынғыдай «көз-көз» деп аласұрмайды. Бірақ, бір мұңлы, тұйық жанның кейпіне еніп, көкжиекке қадалады да жүреді. Қазір оны құрдастары көп іздемейді, «суретімізді салып берші» деп, қолқалауды да қойған. Қареке бар жерде ауыл жұрты сурет туралы сөзді мүлде ауызға алмайтын болды. «Көксоқанның кәрі жыны қайтадан қозып шыға келмесін» деп қорқады. Сондай күндердің бірінде «Қареке Тұщыбұлақтың бастауындағы Тамшыбұлақтың басына түнеп қалатынды шығарыпты» деген сөз тарады. Қарекенің өзі де кей ортада: «Тамшыбұлақ, Тамшыбұлақтан таптым іздегенімді», – деп жүрді де бір күні ауылдан қарасын батырған. Жоқ. Қайда кеткені белгісіз. Кәрі шеше зар қағып, запыран құсты. «Қартайып қаусағанда қарабаққа тап болдым. Қарекені жын айдап, сайтан жетелеп кетті ме, білмеймін, міне, аптадан асып, айға жуықтады, орынын сипап отырмын. Ағайын, елім-оу, қарайлассаңдаршы, Қареке құлынымның тым құрыса сүйегін тауып берсеңдерші».
Тұщыбұлақ қайта дүрлікті. Ауылды үрей биледі. Жоқтауы асқан Қарекенің артынан ауылды қасырет басып, қайғы жамылардай зәре-құты қашқан жұрт жан-жаққа ат шаптырып, Қарекені іздеуге кіріскен. Алайда, Қареке зарықтырмай тез табылды. Тамшыбұлақтың басынан. Тамшыбұлақ – Құдайдың бір кереметі еді. Арқасын Сарытаудың ну жынысына тіреген алып жартас. Алып жартастың қас бетінен тебініп жұп тамшы қысы-жазы бір үзілмей, сорғалап ағады да тұрады: мөлдіреп аққан көз жасындай. Сол қос тамшы, о, Құдірет, көзге, кәдімгі айнамкөзге айналыпты. Айнамкөздің қарашығынан моншақ тамшылар көз жасындай саулап, төгіліп тұр. Мына ғажапқа кездескен ауыл адамдары Тамшыбұлақтың суын уыстап ұрттап, бас иді.
***
Сарша тамыз аяқталып, күз мезгілі таяған. Тамшыбұлақтың қас бетіне ойып салған Қарекенің «көзі» жайындағы сөз ауыл-ауылды аралап, алыстағы шахарларды кезіп кеткен кезде Тұщыбұлақ ауылындағы мектепке ағылшын тілінен сабақ беретін жас мұғалім Гүлтұнық келді...
... Алматы кеші. Даңғаза шудан оңаша мейрамханада жазушы ағаларын ортаға алып, Тұщыбұлақтың жігіттері кеу-кеулесіп отыр. Ауылдың үлкен- кішісін түгендеп шыққан соң әңгіме ауаны Тамшыбұлақтың «көзіне» ауған.
– Қареке қалай, тынышталды ма? – деп сұрады жазушы аға.
– Ой, Қареке қатқан жігіт болды, – деді жазушы ағаға емен-жарқын, еркелей сөйлейтін інілердің бірі. – Шаруасына тастай. Орнықты отағасы.
– А-а, ол бас құрады ма? Әлгі, өздерің жетелеп апарған қаракөзайыммен отасты ма?
– Жоқ, аға. Ол қаракөзайымның есімі – Гүлбаршын ғой. Қарекенің қарындасы. Қареке ақ жүрек азамат, білесіз, панасыз жетімді жетелеп жүріп, барша мұратына жеткізген. Үлде мен бүлдеге орап, өз қолынан ұзатты. Ал өзі баяғыда теледидардан көрген ғашығымен табысқан.
– Атамаңыз, аты да бір керім, – деп іліп әкетті әңгімені Тұщыбұлақтың сөзге епті тағы бір жігіті. – Гүлтұнық. Адасып тағдыр кешкен жан екен. Сүрінсе де, күрмеуі қиын күрделі өмірде көресіні көрсе де, қайыспай, қайтпай бақытын іздеп тапты. Бақыты, бағы біздің ауылдан – пермеден табылды.
– Қареке Гүлтұнықты көрген бетте баяғы Тамшыбұлақтың басына апарып өзі салған «көзді» – Тамшыбұлақтың «көзін» көрсетіпті де, «мынау – сенің көзің» депті. Екеуі Тамшыбұлақтың басында табысып, серттескен көрінеді. Ол – осы күні Қайыркелді ініңіздің жары, екі сәбидің анасы. Кәрі шешеміздің алқауына кенеліп, мейіріміне бөленіп, мерейін тасытып, суретші досымыздың шаңырағын шалқытып, шырағын жақты.
Жан толқытар сүйінішті сөзді естіген жазушы әдемі жымиып:
– Пигмалион, – деді, – біздің перменің Пигмалионына махаббат Құдайы Афродитаның шапағаты тиген екен ғой.
«Перме» – ауызекі тілде айтыла беретін бұрынғы кеңшарлардың шаруашылық бөлімшесі. – Ферма.
Пигмалион – Грек әфсанасындағы қылқалам шебері. Мүсінші.
Дереккөзі: Қазақ Әдебиеті гәзеті
Abai.kz