Сәрсенбі, 28 Қаңтар 2026
Жаңалықтар 153 0 пікір 28 Қаңтар, 2026 сағат 14:21

ҰҚК Қуат Ақшабаевқа қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын растады

Сурет: BAQ.KZ сайтынан алынды

Алматы облысы Іле ауданы әкімінің бұрынғы орынбасары Қуат Ақшабаевқа қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл ақпаратты Ұлттық қауіпсіздік комитеті растады.

Әлеуметтік желіде бұған дейін Қуат Ақшабаевты ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің қызметкерлері ұстағаны туралы ақпарат тараған еді.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі Kazinform агенттігі тілшісіне бұл ақпаратты растады.

– Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес жария етілмейді, - делінген жауапта.

Айта кетейік, Қуат Ақшабаев Алматы облысы Іле ауданы әкімінің орынбасары қызметіне 2025 жылы ақпан айында тағайындалған. Ол мұның алдында Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің орынбасары, Рахат ауылдық округінің әкімі және Есік қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

Алматы облысы Іле ауданы әкімдігі Куат Ақшабаевтың ұсталғанға дейін өз еркімен қызметінен кету туралы өтініш бергенін хабарлады.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, ол аудан әкімінің орынбасары лауазымынан босатылған және қазіргі таңда бұл қызметті атқармайды.

— Аталған жағдай құқық қорғау органдарының құзыретіне жатады. Уәкілетті мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл қолданыстағы заңнама аясында жүзеге асырылып жатыр, - деп хабарлады әкімдік.

Abai.kz

0 пікір