Сәрсенбі, 11 Ақпан 2026
Ұсыныс 115 0 пікір 11 Ақпан, 2026 сағат 13:51

Преамбулаға әлі де бірдеңе жетпей тұрған секілді...

Сурет: ҚР Конституциялық сотының телеграм арнасынан алынды.

Қазақстан Республикасы
Конституциялық Сотының
Төрағасы,
Конституциялық комиссияның
төрағасы Э.Ә. Әзімова ханыға!

Құрметті Эльвира Әбілхасымқызы!

Жаңа Конституция жобасының Преамбуласындағы «Ұлы даланың мың жылдық тарихының сабақтастығын сақтап» деген сөздер «Ұлы даланың мыңдаған жылдық» деп өзгертілгенін естіп, осы ұсынысты берген адамға да, ол ұсынысты бірден Сіздерге дән риза болдым!

Енді дұрыс болды!

Құтты болсын!

Құрметті Эльвира Әбілхасымқызы!

Шынымды айтсам, Преамбулаға әлі де бірдеңе жетпей тұрған секілді!

Ол – «ДЕМОКРАТИЯ» деген сөз!

Менің бұл ұсынысымды естісе, Ерлан Қарин інім Комиссияның келесі отырысында мінбеге шығып, «Жобаның 1 бабында «Қазақстан Республикасы – демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет...»-деп тұр ғой, одан өзге баптарда да осы ДЕМОКРАТИЯ ұғымының аясына кіретін қаншама сөздер мен нормалар қамтылған жоқ па?! Тіпті, сол «азаматтардың құқықтары мен бостандықтары мүлтіксіз сақталатынын мәлімдеп» деген сөздің өзі сол ДЕМОКРАТИЯ деген сөздің баламасы емес пе?!!»,-деуі әбден мүмін.

Иә, Ерлан Тынымбайұлы осылай деп жатса, мен оны мойындаймын, «ДЕМОКРАТИЯ» деген сөздің 1 бапта тұрғаны анық. Анау «азаматтардың құқықтары мен бостандықтары мүлтіксіз сақталатынын мәлімдеп» деген сөйлемнің де ДЕМОКРАТИЯНЫҢ ауылынан екені рас!

Тіпті, Еркең: «Көзің соқыр ма, тұр ғой әне!» демегенімен, сол сөздің көмейіне тығылып тұрарын да іштей сезіп тұрмын…

Бірақ, «ДЕМОКРАТИЯ» деген сөздің Преамбулада өзінің Құдай берген, «азан шақырып» қойған атымен тұрғаны — Қазақстан үшін өте маңызды!

Біріншіден, ағаларым ренжісе де тағы қайталамасқа амалым жоқ, ардақты екі ағам айтып отырған «ақырзаман» іргемізден ғана төніп тұрған мәңгілік емес, уақытша, өткінші жағдай!

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев не үшін Орта Азияның төрт президентін дедектетіп ертіп алып, «С5+1 форматындағы саммит» деп, Батыс пен Шығысқа шақпылап жүр?!

Әрине, ардақты екі ағам төндіріп отырған «ақырзаманнан» тезірек құтылу үшін!

«ДЕМОКРАТИЯ» деген сөздің Конституциямыздың Преамбуласында ҚАСҚАЙЫП тұруы – «ақырзаман» тудырып отырған Елге барғанда айбар, өзге жұртқа барғанда бетжүздік болары анық;

Екіншіден, иә, «ДЕМОКРАТИЯ» деген сөздің Жобаның 1 бабында тұрғаны рас!

Бірақ, «ДЕМОКРАТИЯ» деген бұл сөз «Қытай Халық Республикасы - жұмысшы табы басқаратын және жұмысшылар мен шаруалар одағына негізделген халықтық-демократиялық диктатурадағы социалистік мемлекет.»,деп, Қытай Халық Республикасының Конституциясының да 1 бабында жазулы тұр!

Ал, «Қытай Халық Республикасындағы барлық билік халыққа тиесілі.»,-деп, 2 бабына жазып қойған!

«ДЕМОКРАТИЯ» құндылықтары мен талаптарын сақтауға келгенде, әрине, Қазақстанды Қытаймен салыстыру – кешірілмес күнә!

Бірақ, көріп отырсыздар, Қытайдың Конституциясының осы екі бабы біздікіненен еш кем соғып тұрған жоқ, ұп-ұқсас!

Ал, адам құқығын таптауда дүние жүзін есінен тандырып отырған Сотүстік Корея, «ДЕМОКРАТИЯ» сөзін «қастерлеуге» келгенде, Қазақстанды қойып, «Демократияның атасы» атанған АҚШ-тың өзін шаң қаптырып келеді.

«ДЕМОКРАТИЯ» деген сөзді корейлер мемлекетінің атауына кіргізіп тастаған!

Өздеріңіз жақсы білесіздер, Сотүстік Кореяның шын аты – «Корей Халық Демократиялық Республикасы»...

Құрметті Эльвира Әбілхасымқызы!

Өзіңіз де күнде естіп, біліп отырсыз ғой, арғысын айтпағанда, соңғы бес-алты жылдың көлемінде Freedom House (АҚШ‑тағы тәуелсіз ұйым), International IDEA (халықаралық демократия индексі), Human Rights Report (АҚШ мемлекеттік есебі), Reporters Without Borders (RSF) секілді халықаралық ұйымдар мен аналитикалық орталықтар Қазақстанда адам құқықтары мен демократия саласында маңызды мәселелер бар екенін ауыз жаппай айтып келеді.

Біз мойындамағанымызбен, өзге мемлекеттер Қазақстанды осы халықаралық ұйымдар мен аналитикалық орталықтардың көрсеткіші бойынша бағалайтынын ешкім жоққа шығармаса керек!

Оның үстіне, қолданыстағы Конституцияның 24-бабының 3 тармағы былай болатын:

- Ереуіл жасау құқығын қоса алғанда, заңмен белгіленген тәсілдерді қолдана отырып, жеке және ұжымдық еңбек дауларын шешу құқығы мойындалады.

Өкінішке орай, Конституцияның жаңа жобасында бұл норма былай өзгертіліпті:

- Заңда белгіленген тәсiлдерді қолдана отырып, жеке және ұжымдық еңбек дауларын шешу құқығы танылады (27-баптың 3 тармағы).

Ата Заңдағы ЕРЕУІЛ сөзі ең алдымен өзіміз үшін керек!

Айтыңызшы, кілең құқық қорғау органдарына сүйеніп ӘДІЛЕТТІЛІК орнатуға бола ма?!

«Бәрін біз жасап береміз, сендер ауыздарыңды жауып, арттарыңды қысып тыныш жүріңдер!» - Муаммар Каддафи мен Саддам Хусейн ұстанған қағидат!

Олардың соңғы немен аяқталғанын мынадау жақсы күнде айтуға ауыз бармайды екен...

Таразының екінші басында тәуелсіз БАҚ пен азаматтық қауым тұрмаса, атқарушы билік пен құқық қорғау органдары білгенін істемей ме?!

Істеп те жатқан жоқ па?!!

Міне, ЕРЕУІЛ дәл осы жерде керек!

Қысқасы, демократия мен сөз бостандығының ең бір нақты көрінісі – осы ЕРЕУІЛ еді!

Міне, ол да келмеске кетіп барады...

Ол аз болғандай, 35-баптағы «Бұл құқықты пайдалану конституциялық құрылыс негіздерін, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысын сақтау мақсатында шектелуі мүмкін.» деген шектеу – адам құқығын қорғаудың бүкіл әлем бойынша кепілі болып келген «азаматтарының бейбiт жиналыс, митинг, демонстрация өткізуге құқығы бар» норманың аяғына тұсау салып келеді.

Сондықтан, ардақты екі ағам маған ренжісе, ренжи берсін, тағы қайталап айтам, Ермұрат Бапи мен Қазыбек Иса айтты екен деп, жаңа Конституцияны тек бүгінгі күннің талабымен қабылданбау керек!

Ата Заң елу жыл болмаса да, кемінде отыз жыл өзгермейтін етіліп жасалуы тиіс!

«ДЕМОКРАТИЯ» деген сөз күндердің күнінде, айлардың айында, жылдардың жылында керек болады.

Ол «Тоқаев конституциясының» маңдайында қасқайып тұруы керек!

Құрметті Эльвира Әбілхасымқызы!

«Мешел» деген қай бір оңған сөз дейсіз.

Сол секілді, «авторитарлы мемлекет» деген «Қоңырау» да құлаққа түрпідей тиеді екен…

Сол үшін Сізден жаңа Конституцияның Преамбуласына «Әділетті Қазақстан идеясын және Заң мен Тәртіп қағидатын ұстанып» деген сөйлемнің алдына «ШЫН МӘНІНДЕГІ ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІ ҚҰРУҒА КІРІСКЕНІМІЗДІ ДӘЛЕЛДЕП»,- деген сөйлемді қосуға ықпал етуіңізді сұраймын.

Ескерту: Салыстырмалық кесте қоса тіркелді.

Құрметпен,

Ауыт Мұқибек,

«Құрмет» орденінің иегері

Abai.kz

0 пікір