Бейсенбі, 5 Наурыз 2026
Билік 2098 0 пікір 5 Наурыз, 2026 сағат 18:06

Жаңа Конституция: Өзгерістердің өзегі – ғылым, білім және инновация!

Cурет: автордың жеке мұрағатынан алынды

Бүгінгі таңда еліміз дамудың мүлдем жаңа кезеңіне қадам басып отыр. Бұл өзгерістердің өзегі – Ата Заң деңгейінде бекітілетін ғылым, білім және инновация басымдықтары.

Жаңа Конституция жобасында бұл салалар жай ғана әлеуметтік міндеттеме емес, мемлекеттің стратегиялық тірегі ретінде айқындалған. Преамбулада ғылым мен білімнің ұлттық құндылықтар қатарына қосылуы – еліміздің табиғи ресурстарға емес, адами капиталға иек артатын зияткерлік мемлекетке айналуының айқын белгісі.

Конституцияның 23-бабы ғылыми және техникалық шығармашылық еркіндігіне кепілдік бере отырып, академиялық еркіндіктің құқықтық негізін қалайды. Бұл ғылымды қаржыландыруды кезең-кезеңімен арттыруға, ұзақ мерзімді зерттеу бағдарламаларын қалыптастыруға және ғылыми шығыстарды бюджеттік қысқартулардан қорғауға заңдық кепіл береді. Енді ғалымдар мен зерттеушілер өз жобаларын 5-10 жылға дейін сенімді жоспарлай алатын болжамды ортаға ие болады.

Білім беру жүйесі де Конституциялық кепілдікпен нығайтыла түспек. 33-бап азаматтардың тегін орта білім алуын және конкурстық негізде жоғары білімге қол жеткізуін бекітеді. Соңғы жылдары білім саласына инвестицияның бес есе өсуі арқасында 89 жаңа мектеп салынып, мыңдаған заманауи STEM-кабинеттері жабдықталды. Колледждердің 25%-ы дуальді оқытуға көшіп, білім мен нақты экономика арасындағы алтын көпір орнатылды. Бакалавриат гранттарының 1,5 есеге, стипендиялардың екі есеге өсуі – жастардың ғылыми мансапқа деген ынтасын оятты.

Бүгінде елімізде 23 мыңға жуық ғылым адамы еңбек етіп жүр. Мемлекет ғалымдардың әлеуметтік жағдайын жақсартуды басты орынға қойды: жалақы екі есе өсіп, жас мамандарға пәтер кілттері табысталуда. Осындай жүйелі қолдаудың арқасында ғылымдағы жастардың үлесі 46%-ға жетті. Зияткерлік меншіктің қорғалуы (23.4-бап) ғылымды практикалық арнаға бұрып, ғылыми жобалардың 27%-ын коммерцияландыруға мүмкіндік берді.Бұл – ғылымның экономикаға қосқан нақты 118,4 млрд теңгелік үлесі.

Қорыта айтқанда, жаңа Конституция мектеп табалдырығынан бастап, зерттеу орталықтары мен жоғары технологиялық бизнеске дейінгі біртұтас «білім вертикалін» құруда. Бұл – Қазақстанның әлемдік бәсекеде оза шауып, орнықты ғылыми орта тапты қалыптастыруына берілген мүмкіндік.

Нурхат Ораш
Abai.kz
0 пікір