Қазақстан Халық Ассамблеясы тарихқа кетті...
Елдегі саяси реформалар мен Конституциялық өзгерістер тағы бір маңызды құрылымның тамырына қан жүгіртті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Халық Кеңесінің кейбір мәселелері туралы» тарихи Жарлыққа қол қойды.
Бұл — жылдар бойы ішкі саясаттың басты тірегі болып келген «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заңның күшін жойып, мүлдем жаңа институттың дүниеге келгенін білдіреді!
Не өзгерді? Жаңадан құрылған Қазақстан Халық Кеңесі бұрынғы форматтан айтарлықтай ерекшеленбек. Ол Мемлекет басшысының жанындағы жалпыұлттық тұрақты диалог алаңына айналады. Ең бастысы, бұл қадам қоғамның мемлекеттік басқару ісіне тікелей араласуына мүмкіндік беретін жаңартылған Конституциялық нормалар аясында жүзеге асырылып отыр.
Кеңес құрамында кімдер болады? Бұрын Ассамблея негізінен этномәдени бірлестіктердің басын қосса, жаңа Кеңестің ауқымы кеңеймек. Оның құрамына:
- Азаматтық қоғам өкілдері,
- Аймақтардан келген белсенділер,
- Этномәдени бірлестіктер мен кәсіби сарапшылар кіреді.
Жаңа органның негізгі міндеті — ішкі саясатқа қатысты ұсыныстар әзірлеу, қоғамдық келісімді нығайту және елдің стратегиялық дамуына ықпал ету.
Интрига неде? Бұл жай ғана атын өзгерту ме, әлде шынайы реформа ма? Осыған дейін түрлі сынға ұшырап келген Ассамблеяның орнын басатын «Халық Кеңесі» қоғам мен билік арасындағы нақты көпір бола ала ма? Ең бастысы, бұл құрылым елдегі ұлтаралық қатынастар мен ішкі тұрақтылыққа қандай жаңа серпін әкелмек? Мемлекет басшысы Кеңес құрамы осы жылдың қыркүйек айында жасақталатынын мәлімдеді. Демек, күзде саяси сахнада жаңа есімдер пайда болмақ.
Abai.kz