Header Banner
Сенбі, 14 Наурыз 2026
1986 0 пікір 14 Наурыз, 2026 сағат 18:54

Астанада «Nauryz Sale» жәрмеңкесі: Наурыз қарсаңындағы берекелі сауда алаңы

Сурет: Шара ұйымдастырушыларынан алынды.

Астанада Наурыз мерекесі қарсаңында «Nauryz Sale» атты ауқымды азық-түлік жәрмеңкесі өтіп жатыр. 14-15 наурыз күндері ұйымдастырылған сауда алаңында қала тұрғындары мен қонақтары Қазақстанның түрлі өңірлерінен жеткізілген табиғи әрі сапалы өнімдерді тиімді бағамен сатып алуға мүмкіндік алуда. Жәрмеңке отандық ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдауға және тұрғындарды қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз етуге бағытталған. Мұнда ет, сүт өнімдері, көкөніс, бал, ұн және басқа да азық-түлік тауарлары ұсынылған.

Сурет: Шара ұйымдастырушыларынан алынды.

Жәрмеңке атмосферасы: халық көп, сауда қызу

Таң атқаннан жәрмеңке алаңында адам қарасы көбейді. Қала тұрғындары азық-түлік салынған сөмкелерін ұстап, сөрелерді аралап жүр. Бір жерде жаңа піскен ет өнімдері сатылып жатса, енді бір жерде ауылдан жеткізілген сүт, қаймақ, ірімшік, құрт сияқты тағамдар ұсынылған. Ал көкөніс пен жеміс-жидек толы жәшіктердің жанында сатып алушылар кезекке тұрғанын көруге болады.

Жәрмеңкеде ет және ет өнімдері, сүт тағамдары, көкөніс пен жеміс -жидек, ұн мен түрлі жармалар, наубайханалық өнімдер, табиғи шырындар, бал мен тосап, сондай-ақ үй жағдайында дайындалған ұлттық тағамдар ұсынылып жатыр. Өнімдердің басым бөлігі фермерлік шаруашылықтарда өндірілген табиғи әрі экологиялық таза өнімдер.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, «Nauryz Sale» биыл алғаш рет өткізіліп отыр. Оған 70-тен астам фермерлік шаруашылық пен жергілікті өндірушілер қатысуда. Сауда сөрелеріне ондаған тонна  ауыл шаруашылығы өнімі шығарылған.

  Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жәрмеңкелердің негізгі мақсаты - халыққа әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін қолжетімді бағамен ұсыну және фермерлерге өнімдерін делдалсыз өткізуге мүмкіндік беру.

"Фермерлер өнімдеріне -70% дейін жеңілдік ұсынады"

«Наурыз - жаңару мен берекенің мерекесі. Осы күндері қала тұрғындары дастарқанын молынан жайғысы келеді. Сондықтан біз жәрмеңкеде сапалы әрі табиғи өнімдерді қолжетімді бағамен ұсынуды көздедік. Сонымен қатар бұл - фермерлерге өз өнімін тікелей тұтынушыға сатуға мүмкіндік беретін алаң», - дейді жәрмеңкенің әлеуметтік маңызы туралы Астана қаласы әкімдігінің Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жаңабаев.  Оның айтуынша, жәрмеңке аясында тұрғындар ауыл шаруашылығы өнімдерін нарықтағы бағадан 70 пайызға дейін жеңілдікпен сатып ала алады.

Мұндай шаралар, әсіресе, мереке қарсаңында халықтың азық-түлікке деген сұранысын қамтамасыз етуге бағытталған. "Сонымен қатар жәрмеңке жергілікті өндірушілерге өз өнімдерін тікелей сатуға мүмкіндік береді. Жалпы қала бойынша мұндай жәрмеңкелер тұрақты өткізіледі. Бірақ, «Nauryz Sale» ауқымы жағынан ірі жәрмеңкелердің бірі болады деп күтілуде. Себебі Наурыз мерекесіне орайластырылғандықтан, халық тарапынан әсіресе, ауылшаруашылық өнімдеріне деген сұраныс көп екенін байқадық" дейді ұйымдастырушылар.

Жәрмеңке өтетін алаңды ұсынған «Керуен Жолы» сауда орталығының өкілдері де бұл бастаманың маңызын атап өтті. Сауда орталығының коммерциялық директоры Айтуған Түзелбаевтың айтуынша, мұндай шаралар фермерлер үшін де, тұрғындар үшін де тиімді. Оның сөзінше, орталықта былтырғы жылдың қараша айынан бастап ай сайын ет жәрмеңкелері ұйымдастырылып келеді.

"Бұл жәрмеңкелерге еліміздің 7-8 өңірінен фермерлер тұрақты түрде қатысады. Нәтижесінде тұрғындар ет өнімдерін тікелей өндірушіден сатып алып, нарықтағы бағамен салыстырғанда келісіне 700–800 теңгеге дейін арзан ала алады. Мұндай жәрмеңкелерге деген сұраныс жоғары. Бүгін міне, өздеріңіз көріп отырғандай, таңертеңнен халық қарасы қалың. Әдетте орталыққа күніне 1000-1500 адам келіп, сауда жасаса, жәрмеңкелерде ол көрсеткіш тіпті 10 мың келушіден асып жығылады. Бұл біздің сауда орнының ашылғанына көп уақыт бола қоймағанына қарамастан болып отырған жағдай" дейді сауда орнының басшылығы.

Фермерлер үшін де тиімді сауда алаңы

Ұйымдастырушылар мұндай жәрмеңкелер ауыл шаруашылығы өнімдерінің өткізілуіне оң әсер етіп, отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған.

Мәселен, жәрмеңкеге еліміздің бірқатар аймағынан өнімдерін алып келген фермерлер бар. Солардың бірі Абай облысынан келген Назым Жаппарова. Мал шаруашылығымен айналысқанына он жылға жуықтапты. Ол мұндай сауда алаңдары өнімді тікелей сатып, тұрақты тұтынушы табуға мүмкіндік беретінін айтады.

Фермердің айтуынша, жәрмеңкеде ет бағасы базардағыдан айтарлықтай төмен. "Қазіргі таңда қой, сиыр және жылқы етін бағасы 3200–3600 теңге аралығында саудалап жатырмыз. Бұл нарықтағыдан әлдеқайда төмен. Бұл - халыққа тиімді. Бізге де мал өсіруге кеткен шығынды өтеп, пайда табу керек, сол себепті делдалдарға өткізгеннен осылай жәрмеңкелерге әкелген пайдалы" дейді ол.

Алайда шаруалардың айтуынша, соңғы жылдары етке деген сұраныс біршама төмендеген. Бұған ең алдымен бағаның қымбаттауы әсер етіп отыр. Соған қарамастан, жәрмеңке арқылы өнімді тиімді өткізуге мүмкіндік бар көрінеді.

Жәрмеңкеге қатысушы Ақмола облысынан келген фермер жәрмеңкеге ет және сүт өнімдерін әкелгенін айтты.

«Біз өз шаруашылығымызда өндірілген ет, сүт, қаймақ, ірімшік сияқты өнімдерді әкелдік. Мұндай жәрмеңкелер біз үшін өте пайдалы. Өнімімізді делдалсыз тікелей сатып алушыға ұсынамыз. Ал тұрғындар жаңа әрі сапалы өнімді тиімді бағамен сатып алады».

Ал Түркістан облысынан келген кәсіпкерлер көкөніс пен жеміс -жидек әкелген.

Біз сұхбаттасқан сатып алушылардың дені ауылдан келген өнімдердің сапасына көңіл бөлетіндерін айтты. "Бастысы табиғи, таза, өз өніміміз" дейді олар.

Тұрғындар: бағасы қолжетімді, өнім сапалы

Жәрмеңкеге келген тұрғындар да мұндай сауда алаңдарының тиімді екенін айтады. Астана тұрғыны Гүлшат сол жағалаудан арнайы келіп, ет сатып алыпты.

Оның айтуынша, қаланың сол жағалауындағы дүкендерде ет бағасы әлдеқайда қымбат.

«Сол жағалаудағы дүкендерде баға кейде екі есе қымбат болады. Ал мұнда фермерлер тікелей әкелгендіктен, ет әлдеқайда арзан. Бағасы қолжетімді, әрі балғын өнімді өзің таңдап аласың» дейді ол.

Тағы бір қала тұрғыны Дәркен де жәрмеңкеде ет пен көкөніс сатып алып жүргенін айтты. Оның пікірінше, мұндай жәрмеңкелер әсіресе көпбалалы отбасылар мен зейнеткерлер үшін маңызды.

«Бағасы қолжетімді, өнімдері жаңа. Етті де, көкөністі де таңдап алуға болады. Әрине, орталықтан сәл алыстау орналасқан, бірақ демалыс күндері қоғамдық көліктер кептеліссіз тез қатынайды. Сондықтан келіп, тиімді бағамен азық-түлік алғанға тұрарлық», - дейді тұрғын.

Жәрмеңке - фермер мен тұтынушыны тікелей байланыстыратын алаң

Сарапшылардың пікірінше, мұндай жәрмеңкелер ауыл шаруашылығы өнімдерінің қолжетімділігін арттыруға көмектеседі. Себебі фермерлер өнімдерін делдалсыз сатса, тұрғындар сапалы азық-түлікті нарық бағасынан төмен бағада сатып ала алады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Наурыз мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған бұл жәрмеңке бірнеше күнге жалғасады. Ал алдағы уақытта мұндай сауда алаңдарын тұрақты түрде өткізу жоспарланып отыр.

Осылайша, «Nauryz Sale» жәрмеңкесі бір жағынан отандық өндірушілерді қолдаса, екінші жағынан қала тұрғындарына азық -түлік өнімдерін тиімді бағамен сатып алуға мүмкіндік беріп отыр.

Фермерлер мұндай жәрмеңкелер ауыл шаруашылығы өнімдерін қолдаудың тиімді тәсілдерінің бірі деп санайды.

Ұйымдастырушылар «Nauryz Sale» жәрмеңкесі екі күнге жалғасады. Осы уақыт ішінде қала тұрғындары мен қонақтары мерекелік дастарқанға қажетті өнімдерді сатып алып қана қоймай, еліміздің түрлі өңірлерінен келген фермерлердің өнімдерімен жақынырақ таныса алады.

Наурыз мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған бұл жәрмеңке елордада берекелі сауданың, ауыл мен қала арасындағы экономикалық байланыстың айқын көрінісіне айналмақ.

Abai.kz

0 пікір