Ресейдегі төбелес: Үш Қазақстан азаматы тергелуде...
Ресейдегі жаппай төбелестен кейін Қазақстанның үш азаматына қатысты тергеу амалдары жалғасуда. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев мәлімдеді.
Вице-министр бұл мәселе ведомствоның бақылауында екенін атап өтті.
«Өздеріңіз білетіндей, жаппай тәртіпсіздік орын алды. Сіздер мұны желіде тараған бейнематериалдардан көрдіңіздер. Біздің мәліметіміз бойынша, консулдарымыз Қазақстан азаматтарына барлық қажетті консулдық-құқықтық көмекті көрсетіп жатыр. Бірнеше ондаған адам ұсталды. Олардың көбі босатылды. Бірқатар азамат әкімшілік қамауда отыр. Ал Қазақстанның үш азаматына қатысты тергеу амалдары жүргізілуде», — деді Ержан Ашықбаев.
Вице-министр қақтығыстың тек тұрмыстық негізде туындағанын айтты. Сондай-ақ ол отандастарымыздың нақты түрме жазасына кесілу-кесілмеуін тергеу қорытындысы бойынша құзырлы органдар анықтайтынын жеткізді.
ЗАРДАП ШЕККЕНДЕР БАР МА?
Ержан Ашықбаев ҚР СІМ ақпараты бойынша, зардап шеккен Қазақстан азаматтары жоқ екенін айтты. Дегенмен, журналистер екі адамның жараланғаны туралы ақпарат берген тұрғындармен сөйлескендерін алға тартты.
«Мен қолымызда бар ресми ақпаратты айтып отырмын. Біздің деректер бойынша, Қазақстан азаматтарының арасында зардап шеккендер жоқ... Бәлкім, олар тиісті медициналық мекемелерге жүгінбеген болар», — деп түсіндірді вице-министр.
Қазақстан азаматтары шетелде қақтығыстарға тартылған кезде, олар бейтаныс құқықтық жүйеге, тілдік кедергілерге және өз құқықтарын қорғаудың шектеулі мүмкіндіктеріне тап болуы мүмкін. Мұндай жағдайларда СІМ арқылы мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шешуші рөл атқарады. Бұл әділ тергеуді, адвокаттардың көмегін және базалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көмектеседі.
26 наурызда Ленинград облысының Усть-Луга вахталық кентінде «Газпромның» мердігеріне тиесілі құрылыс нысанында жұмысшылар мен күзетшілер арасында жаппай қақтығыс болды. Оған Қазақстан азаматтары да қатысқан. Қазақстанның Санкт-Петербургтегі Бас консулдығы жаппай төбелестен кейін ел азаматтарының 10 тәулікке қамауға алынғанын хабарлады. Бастапқыда тәртіпсіздікке бірнеше жүз адам қатысқан. Оқиғадан кейін бірден әртүрлі елдің 30-дан астам азаматы ұсталды. Қазіргі уақытта үш қазақстандық тергеу астында қалып отыр.
Abai.kz