Соғыс пен келіссөзде шыңдалған Иран билігі...
«Америка Құрама Штаттары мен Израильдің қуатты әскери шабуылынан Иранның Жоғарғы Көшбасшысы мен көптеген жоғары лауазымды шенеуніктері қаза тапты, бірақ Иран Ислам Республикасының билік құрылымы құлаған жоқ. Керісінше, жаңа басшылық құрылымы пайда болып, соғыс пен келіссөздердің екі жақты қысымымен сынақтан өтуде» деп жазады Франспрес.
21 сәуірде Трамп мерзімі аяқталатын Иранмен атысты тоқтатуды белгісіз мерзімге ұзартатынын мәлімдеді. Ол «бұл қадам Тегеранмен келіссөздерді жалғастыруға мүмкіндік беру үшін жасалды» деді. Дегенмен, Иран Вашингтонның теңіздегі құрсауына жауап беретінін ескертіп, оны «соғыс актісі» деп атады.
Иранның Жоғарғы Көшбасшысы ұзақ уақыт бойы бірнеше орталықтар арасындағы билік тепе-теңдігін сақтап, қарсыластарды тежеп, қарама-қайшы пікірлерді де ескеріп, жалпы жағдайды бақылауда ұстап келген. Дегенмен, бұл орталықтандырылған билік бұрынғы Жоғарғы Көшбасшы өлтірілгеннен кейін бос қалды. Оның мұрагері Моджтаба Хаменеи номиналды түрде жоғарғы билікті қолына алғанымен, оның нақты ықпалы мен басқару әдістері шабуылда алған жарақаттары мен көпшілік назарынан тыс қалуына байланысты әлі күнге дейін түсініксіз болып келеді.
Қазіргі уақытта саяси бюроға ұқсас институт - Иранның Жоғарғы Ұлттық Қауіпсіздік Кеңесі - біртіндеп елдегі биліктің өзегіне айналды. Бұл кеңес Иранның ең маңызды азаматтық және әскери қайраткерлерін біріктіріп, соғыс жағдайында билікті одан әрі орталықтандырады. Иран Парламентінің Төрағасы Мохаммад Багер Галибаф бұл жүйеде маңызды тұлғаға айналды, әртүрлі фракциялар арасындағы кең байланыстарды сақтап қана қоймай, сонымен қатар Америка Құрама Штаттарымен келіссөздерде маңызды рөл атқарды.
Комитеттің ішінде әртүрлі саяси ұстанымдар мен ұзақ уақыт бойы бәсекелестік айқын көзге ұрады: қатал ұстанымды ұстанатын - Америка Құрама Штаттарымен келісімге қарсылар, сондай-ақ реформашылдар мен екі аралықта қалғандар да бар. Революциялық гвардияның ұйым ішіндегі ықпалы артқан, оның жаңа қолбасшысы және бірнеше негізгі мүшелері маңызды лауазымдарды иеленді. Бұл көп орталықты, бір-бірімен шырма-шату билік құрылымы Иранның жоғары басшылығына шабуылдардан кейін де билікті жалғастыруға мүмкіндік берді, бірақ бөлшектену қаупі де жоқ емес.
Соғыс жалғасқан сайын Иран басшылығының алдында тұрған негізгі мәселе: Америка Құрама Штаттарымен келісімге қол жеткізуге бола ма, болса қай деңгейде, деген сұрақ. АҚШ Ираннан ядролық бағдарламасынан үзілді-кесілді бас тартуды талап етеді; ал Иран ядролық бағдарламасының бейбіт сипатта екенін, өзге елдер қатарлы уран байыту құқығы бар екенін алға тартады.
Бұл күрделі жағдайда Иран парламентінің спикері Мохаммад Галибафтың беделі алға шығып келеді. Ол Революциялық гвардиядан шыққан, консерваторлармен, реформаторлармен және аралық ұстанымдағылармен тіл табыса алады әрі мемлекеттік құрылымдарда сөзі өтімді. Бұл фракцияаралық қолдау оған ішкі позицияларын нығайтуға және ықтимал сыртқы келісімдерде де ішкі қолдауға ие болуға мүмкіндік береді.
Мейлі қатаң майдан, әлде жұмсақ позиция болсын, оның бәрі соғыс жағдайында саяси режимнің үзілмеуі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуді өзек етеді.
Есбол Үсенұлы
Abai.kz