Жұма, 19 Маусым 2026
Ақмылтық 426 0 пікір 19 Маусым, 2026 сағат 14:11

Қазақстан босқындар ағынына жол бере ме? СІМ не дейді?

Сурет: ЖИ арқылы жасалды.

Жаңа Қазақстан әлемнің көптеген елдері үшін туристік және еңбек миграциясына, тұрақты көшіп келуге қолайлы мемлекетке айналып келе жатыр: елімізде құжат рәсімдеудің цифрлық жүйесін ендіру ‑ шет елдерден ағылған туристер мен еңбек мигранттарының келу қарқынын артыра түсті.

Осы тұрғыда елдегі ресми дерекөздер мұны «жетістік» деп атап, мақтанышты жасырмайды ‑ иә, мемлекеттк тұрғыда әлемдік туризмді елімізге бұру, оның пайдасын көру – өте қажет.

Алайда, осы мәселеде күнгей мен көлеңке тұстар бар екенін ескереміз бе? Қазір бұл сұрақ қоғамды алаңдата бастады, әсіресе, еліміздегі ірі мегаполистердегі жағдай назарға ілігуде...

Деректер:

Қазақстаннан шет елдерге:

2025 жылы Қазақстан паспорты халықаралық аренада өз позициясын айтарлықтай нығайтып, өңірдегі ең «күшті» құжаттардың біріне айналды. Отандастарымыз бүгінде 79 мемлекетке визасыз сапарлай алады. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Көші-қон қызметі комитетінің төрағасы Аслан Аталықов мәлімдеді, деп хабарлайды Егемен Қазақстан газеті. (2025 ж. 24‑желтоқсан).

Шет елдерден Қазақстанға:

Ал, кері бағытты алсақ: Қазақстанға 80-нен астам елдің азаматтарына визасыз кіруге рұқсат берілген. Елдердің тізімі мен елімізде болу мерзімі екі санатқа бөлінеді: 80-нен астам мемлекеттің азаматтары (туристік және іскерлік мақсатта) және аймақтық/құқықтық келісімдері бар елдер.

30 күнге дейін визасыз кіре алатын елдер:

Қазақстанның көші-қон саясатына сәйкес, әлемнің 80-нен астам мемлекетінің азаматтары (оның ішінде Еуропа Одағының барлық елдері, АҚШ, Ұлыбритания, Жапония және т.б.) Қазақстан аумағында визасыз 30 күнге дейін жүре алады.

Екіжақты келісімдер бойынша шектеусіз немесе ұзақ мерзімге визасыз кіретін елдер:

Кейбір елдердің азаматтары үшін визасыз болу мерзімі екіжақты келісімдер арқылы реттеледі: Грузия — 365 күнге дейін. Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Украина — 90 күнге дейін. Әзербайжан, Молдова, Моңғолия, Түркия — 90 күнге дейін. Өзбекстан — 30 күнге дейін. 

Миграциялық алаңдаушылықты тудырушы факторлар:

Қазақта «қара қазан» деген киелі ұғым бар...

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, Қазақстан Эрмитажда сақталған қазақтың тайқазанын кері қайтарып, Түркістандағы қасиетті орнына қондырды. Яғни, қазақ айтатын «Отың өшпесін, қазаның төңкерілмесін» деген ниет мемлекеттік деңгейде жүзеге асырылды.  Иә, бәрі дұрыс, қазан мен ошақ ұғымы әрбір әулетке, отбасына да қатысты айтылады.

Бірақ, қазір біздің мемлекетіміз бен халқымыз күрт көбейген туристерді, одан өзге – еңбек мигранттарын, одан өзге – шегарадан өтіп, жасырынып тұрып жатқан заңсыз мигранттарын қабылдауға еш зиянсыз жағдайда ұстауға дайын ба?

Қазір осы сұрақтың қайта көтерілуі – бұл мәселеде үлкен проблема бар екенін білдіріп тұр десе болады:

Біріншісі, Ресей мен Украина соғысы салдарынан елімізге оғыстан қашқан ресейліктер дендеп еніп жатыр. Ал, Ресей билігінің соғысты тоқтатуға ниетті еместігін көрсетуде. Тіптен, күзге қарай Ресейде жаппай мобилизация орын алуы мүмкін деген сыбыс – ресейліктердің зәресін алуда. Байқап отырсақ, еліміздегі әр қалада ресейліктердің саны артып барады. Иә, бұрынғыдай емес, тұрақты ыхтиярхат алуға қазақ тілінен емтихан тапсыру міндеттелді. Бірақ, тіліміз ағылған көштен елді қорғай ала ма? Осы күмән тудырады... Және, осыған шегарадан бастап, емтихан алушы комиссияда орын алатын «қазақ аяушылық», «қонақжайлық» дегенді қоссақ – тіл қорған бола алмайтын сияқты... Одан бөлек, коррупция деген қызылкөз пәле әлі де өлген жоқ...

Екіншісі, еліміз индустрия мен өндірісті дамытуда Қытайға басымдық берді. Бізде осыған дейін «Қытай тәжірибесін» бастан өткерген Ақтөбе облысы бар. Солардан сұрайық, қытайлардың миграциялық және басқа заңдарымызды қалай сақтайтынын... Қазір олар жаппай ену үстінде!

Үшіншісі, әлемде демографиясы реттеусіз өсіп жатқан, халқы кедей елдер жеткілікті ‑ олардың көбі Африка мен Шығыс Азия елдері. Міне, осы елдерден қазір заңды‑заңсыз мигранттар ену қарқыны арта бастады. Мысалы, оған Бангладеш, Үнді, Пәкістан, бірқатар Африка елдері жатады.

Төртінші, көршілеріміз қырғыздар, өзбектер, тәжіктер де олардан кем қалып жатқан жоқ...

Миграция бағаның өсуін үдете түсті

Біз шет елдік қонақтардан түсетін пайданы ғана есептемеуіміз керек. Мүмкін, одан бюджетке көп қаржы келіп жатқан болар. Бірақ, оның қызығын жеке кәсіпкерлер көрмесе, зардабын қарапайым халық тартуда.

Мысалы, Алматыдағы «Рахат» кондитер фабрикасы маңында орналасқан бір не бірнеше қонақүй иелері туристерден миллиондап пайда тапса, оларға азық‑түлік бағасының күн санап өсуі аса маңызды емес. Ал, сол маңайда тұратын жүздеген мың жәй халық енді «Рахат» фабрикасының тәттілерін жей алмайтын болды: баға аспанға ұшты, кейбірін туристер қораптап тасып әкетуде..

Дәл осындай жағдай жұмыс беру нарығында да орын алып отыр...

Дәл осындай жағдай өзге де салаларда көрініс бере бастады...

Яғни, бұдан «Біздің үкіметіміз туристер мен еңбек мигранттары ағынының өсуін Қазақстан халқының ұлттық және мемлекеттік мүддесі тұрғысынан ойластырмаған ба» деген сұрақты қоюға тура келеді болады...

Қазақстан босқындар ағынына жол бере ме?

Сыртқы істер министрлігі не дейді?

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев елге босқындардың жаппай келуі мүмкін деген азаматтардың алаңдаушылығына қатысты пікір білдірген.

Жуырда батыстық БАҚ-та Еуропалық одақ елдері мигранттарды депортациялау үшін Қазақстан мен Өзбекстан аумағында экстерриториялық лагерьлер салуды жоспарлап отыр деген ақпарат тараған болатын.

Алайда бұл мәліметті еліміздің сыртқы саяси ведомствосы жедел түрде жоққа шығарды. 1 маусым күні Қазақстан СІМ Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Ерлан Жетібаев мұндай сипаттағы келіссөздердің дипломаттар деңгейінде жүргізілмегенін мәлімдеді.

Ал СІМ басшысы бүгін Шенген аймағына кіретін елдердің заңсыз көші-қонға байланысты шекаралық бақылауды күшейтуге құқығы бар екенін атап өтті. Қазақстан да заңсыз иммиграцияны қысқарту мәселесімен айналысып жатқанын айтты. Көшербаевтың сөзінше, егер азаматтарда алаңдаушылық болса, Сыртқы істер министрлігі өз ұстанымын қосымша түсіндіруге дайын.

Әрине, қарапайым жұрт СІМ‑ігі немен айналысып жатқанын емес, заңсыз «туристердің» саны күрт артып бара жатқанын көзбен көріп, жағымсыз жағын өзінің аздаған зейнетақысымен, пәтерақысымен, тіптен,  «асқазанымен» сезіп отыр десек – шындықты айтқан болар едік...

Тәуелсіздікті қорғаймыз десек, шегарамызға мығым болағанымыз дұрыс шығар!

Әбдірашит Бәкірұлы, публицист‑философ

Abai.kz

0 пікір