Сейсенбі, 23 Маусым 2026
Билік 129 0 пікір 23 Маусым, 2026 сағат 17:18

Қазақстан мен Еуропа: Энергетикадан жасанды интеллектке дейін...

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Брюссельге жасаған ресми сапары Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы стратегиялық серіктестіктің жаңа кезеңін айқындап берді. Мемлекет басшысын Бельгия астанасының әуежайында Құрмет қарауылы сап түзеп қарсы алды. Президентті Еуропа Одағының Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Эдуардс Стипрайс бастаған ресми тұлғалар күтіп алды. Бұл сапар екіжақты қарым-қатынастың бұрынғыдан да маңызды сипатқа ие болғанын және оны одан әрі нығайтудың қажеттігін көрсетеді.

Сапар аясында Еуропалық кеңестің штаб-пәтерінде Еуропалық кеңес Президенті Антониу Коштамен бейресми кездесу өтті. Бұл кездесу ертеңгі келіссөздердің бағытын айқындап, маңызды мәселелерді егжей-тегжейлі талқылауға мүмкіндік берді. Мемлекет басшысының алдағы кестесінде Еуропалық кеңес басшыларымен, сондай-ақ Еуропа комиссиясының төрайымы Урсула фон дер Ляйенмен және Бельгия премьер-министрі Барт де Вевермен маңызды келіссөздер жүргізу жоспарланған. Сапардың қорытындысы бойынша бірқатар маңызды бірлескен құжаттарға қол қойылады деп күтілуде.

Сапардың басты бағыттарының бірі – көлік-логистика саласындағы өзара іс-қимылды арттыру. Брюссельде «Қазақстан темір жолы» ұлттық операторы мен Қазақстанның Бельгиядағы елшілігінің ұйымдастыруымен Транскаспий халықаралық көлік бағытын, яғни Орта коридорды дамытуға арналған халықаралық бизнес-конференция өтті. Шараға Еуропалық парламент депутаттары, Еурокомиссия өкілдері, халықаралық қаржы институттары мен DHL Global Forwarding, DB Cargo, HHLA International, Rhenus, Hellmann Worldwide Logistics, A.P. Moller – Maersk секілді әлемдік деңгейдегі ірі логистикалық компаниялардан 100-ден астам өкіл қатысты.

Конференция аясында жалпы сомасы 462 миллион долларды құрайтын бірқатар келісімге қол қойылды. Аталған қаражат көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға және бағыттың өткізу қабілетін арттыруға жұмсалады. Мәселен, Қазақстанның Көлік министрлігі SITA компаниясымен мемлекеттік аэропорттарды цифрландыру және биометриялық идентификацияны енгізу туралы меморандумға қол қойды. Сонымен қатар «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы мен Еуропа қайта құру және даму банкі арасында «Ақтөбе – Ұлғайсын» жобасы бойынша несиелік келісім бекітілді. Одан бөлек, КТЖ-ның еншілес ұйымы KTZ Express Румынияның Мидия портындағы жобаны іске асыру бойынша Midia Marine Terminal компаниясымен, ал A.P. Moller – Maersk компаниясымен контейнерлік тасымалдарды ұлғайту бойынша келісімдер жасасты. Тараптар Орта коридорды Еуропаның Global Gateway бастамасымен интеграциялау және логистиканы цифрландыру мәселелеріне ерекше назар аударды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Euronews басылымына жазған авторлық мақаласында Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы әріптестіктің стратегиялық мәніне тоқталды. 2015 жылы қол қойылған кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімнен бері Еуропа одағы Қазақстанның негізгі сауда және инвестициялық серіктесіне айналды. Елімізде мыңдаған еуропалық компаниялар жұмыс істеп, Қазақстан экономикасын модернизациялау мен әртараптандыруға өз үлестерін қосуда.

Мемлекет басшысының пайымдауынша, қазіргі тез өзгеріп жатқан әлемде қолда бар жетістіктермен тоқмейілсуге болмайды. Ол серіктестікті жаңа деңгейге көтеру үшін энергетикалық қауіпсіздіктен бастап, жасанды интеллект, цифрлық басқару және технологиялық экосистемаларды дамытуға дейінгі ауқымды бағыттарды қамту қажет екенін атап өтті. Бұл бастамалар Қазақстанның транзиттік әлеуетін нығайтып қана қоймай, Еуропа мен Азия арасындағы тұрақты көпір ретіндегі рөлін бекіте түспек. Қазақстанның Орта коридорды дамытуға деген белсенділігіне еуропалық бизнес пен халықаралық қаржы институттарының қызығушылығының артуы – екі тараптың да ортақ мүддесінің айқын көрінісі.

Аяна Қазтай

Abai.kz

0 пікір