Сәрсенбі, 22 Шілде 2026
Әне, көрдің бе? 145 0 пікір 22 Шілде, 2026 сағат 13:07

Мегаполис экологиялық сауаттылықтан жұрдай ма?

Суреттер: Автордың жеке мұрағатынан алынды.

Биік мінберлерден «Табиғат – біздің анамыз. Табиғаты алайық, қорғайық!» деп көкігенде алдымызға жан салмаймыз. Іс жүзіне келгенде, осы табиғатты қорғау, сондай ақ экологиялық нормаларды сақтау туралы халық арасында ешқандай насихат жұмыстары жүріп жатқан жоқ. Қала берсе, «экологияны ластады» деп шағым айтқандардың сөзін құлаққа іліп, тиісті шараларды қолдануда да сараңдық танытып жатырмыз.

Шымкент қаласының басым бөлігі жеке үйлерден тұратыны белгілі. Жеке үйдің кейбір иелері «өз учаскемде өз еркім өзімде, ойыма келгенді істей аламын» деген қағидамен өмір сүреді. Сөйтеді де, орған шөпті, жинаған қоқысты өртей бастайды. Тіпті әрқайсысы өз үйлерінің алдына қоқыс өртеуге арналған темір бөшкелер қойып қойған. Қоқыс өртеу барысында жанында шлангамен су жатса болғаны деген ешжерде жоқ ережені ұстанады.  Онысы өрт қауіпсіздігін сақтаған боп есептеледі екен.

Ақылға сыймайтыны, осылай есік алдына қоқыс жағуға болады деп жергілікті полиция өкілдері рұқсат еткен ұқсайды.

Сонда, немене, ауладағы ауа да жекеменшік болғаны ма, ол ауа желмен ұшып көршілерді, экологияны уламайды ма? Ауадағы қара түтін аймақты ыс сасытып, аппақ жуып жайылған киімдерге қонбай ма? Адамдардың өкпесіне барып, басын ауыртпай ма? Озон қабатын жұқартпайды ма?!

Шымкент – бүгінгі таңда үлкен мегаполис. Халық көп шоғырланған жер. Қала әкімшілігі тұрғындарға, ең алдымен, қаланың ауасын таза ұстауға зор талап қойса деймін. Күнімен, түнімен бақылауда ұстау үшін дрондарды ұшырса. Әйтпесе, кейбір жеке үй тұрғындары күндіз де, түнде де от жағып, ашық та, жасырынып та қоқыс өртеп, ауаны ластайды.

Әрбір адамның азаматтық позициясы қоршаған ортаны қорғау деп жиі айтқансимыз. Алайда, арамызда көптеген жандар азаматтық таныту дегеннің не екенін ұқпайтын сияқты. Сондықтан, заң нормаларында көрсетілген қатаң шараларды қолдану қажет. Ұқпайтындарға заң арқылы ұқтыруға барымызды салсақ, өстіп-өстіп экологиялық сауаттылығымызды аша түсерміз деп үміт етемін.

Шынтуайтында, өзіміз жұтатын ауа, өзіміз тұтынатын табиғат байлығын ешкім келіп, біз үшін тазартып, біз үшін дұрыс кәдеге жаратып бермесі анық қой. Ендеше, ел болып есімізді жиып, етек-жеңімізді түріп, өзіміздің экологиямызды өзіміз қорғап алайық!

Ізтай Гүлжан, журналист, жазушы, педагог

Abai.kz

0 пікір