Қапал батыр... ол қай батыр?
«...Қапал батыр бұрынғы Талдықорған облысының Қапал ауданындағы Ешкіөлмес тауындағы Қарамола деген жерде жерленген.(?) Жау келетін жолда(?) айбат шегіп жатқандай. Қапал батыр қабірін тауып, анықтауға Ш. Уәлихановтың «Жоңғария очерктері» жазбаларындағы: «Қапал стансасы Қапал батырдың есімімен аталған» деген пікірі түрткі болды» деп жазады жазушы, журналист Көпбосын Панзабеков ақсақал өзінің «Ел қорғаны – Қапал батыр» атты мақаласында. («Егемен Қазақстан» 25 қаңтар, 2013 жыл)
Біріншіден, көзге ұратыны: автордың өзі жазып отырған нысанынан мүлдем бейхабарлығы! Себебі, «Қапал» деген станса өмірде болған емес. Ал Түрксіб теміржолының 1930 жылдан іске қосылғанын бүгінде көзіқарақты жұрттың бәрі біледі. Демек, Шоқанның Жоңғарияға сапары кезінде (1858 жылы) ондай атау мүлдем болмаған. Қапал атты станса әлі де жоқ! Себебі, Қапал қайда, теміржол қайда?! Көпбосын ақсақал бұл жағына көп бас қатырып жатпаған болуы керек. Әлде Қопалыны Молалы стансасымен шатастырып алды ма екен?..
Екіншіден, автордың: «Қарамола деген жерде жерленген» деп жазуына еш негіз де, дәлел де жоқ. Оны келтіре де алмайды. Ал автордың тырнақшаның ішіне алып тұрып, ғалымның « пікірі» деп берген сөзі (цитата) ол жазбада мүлдем жоқ! Сөзіміз дәлелді болуы үшін Шоқанның «Жоңғария очерктері» жазбасының К. Панзабеков келтіріп отырған Қарамолаға қатысты тұсынан үзінді келтірейік:
«Путешествие мое началось 28 мая 1858 г. В этот день я присоединился к торговому каравану, который тогда стоял лагерем в урочище Карамула, в 30 верстах от города Капала; караван вышел из города Семипалатинска и принадлежал кокандским и бухарским купцам...».
( Чокан Валиханов. Собрание сочинений. Том 3-й. 337 стр. ИПК «Алатау» 2014 г.)
Міне, түпнұсқаның қай жерінен «Қапал батыр жерленген» деген сөзді көріп отырсыз? Демек, автордың түрткі болды деп отырған жазбасы қып-қызыл өтірік! Атақты ғалымның атын жамылып, ұлы тұлғаның асыл мұрасына қиянат жасау, айтпағанды айтты деп, жазбағанды жазды деу – қылмыспен пара-пар күнә емес пе, ағайын?!. Ғалымның асыл мұрасы – кейінгі ұрпағына қалдырған ардақты аманаты. «Аманатқа қиянат жүрмейді» деген ата-бабамыздың ұлы өсиеті қайда?
Бұдан әрі де автор «Шоқанның Қапал батыр туралы зерттеулері» деген сынды пікірлерді келтіреді. Шоқанның молалар туралы еңбегінде бір-ақ жерде Қапал батыр моласы және есімі берілген бекініс пен өзенше жайлы сөйлем кездеседі. Бірақ нақты қай бекініс, қай өзен екені және ол қай елдің батыры екені айтылмайды. Қай жерге жерленгені жайлы да сөз жоқ. Басқа мақалаларында батыр есімі мүлдем кездеспейді. Қапал батыр есімін Қопалы шатқалы мен Қопалы өзенімен шатастырып жүргендер көп. Ол қазіргі Қапал елді-мекені тұрған жер.
Бекініс салынған кезде (1845-47жылдары) бұзылып кеткен молалар болғанын Н.А. Абрамов секілді орыс археолог- зерттеушілері жазады. Бірақ ол молалар монғол билеушісінікі деп дәлелдейді.
Ал Комокашинев: «Қапал атауы сол жердегі Қопалы өзенінің атымен қойылған. Ал оның Қапал болып өзгеруі орыс тілінің әсерінен», – деп түйіндейді. Біздіңше, осы пікір көкейге қонымды әрі қазақы дәстүрімізге жақын. Олай дейтініміз, ата-бабаларымыз бұрын (отаршылар келмей тұрып), жер-су атауларын кісі есімімен атамаған. Керісінше, қазақы атаулар орналасқан жеріне, не табиғи байлығына қарай Теректі, Қарағайлы, Қарағанды, Жыланды, Ойтоған, Қайыңды, Қоғалы, Молалы, Қопалы, Шұбарағаш, Ақтөбе, Үштөбе, Қаратал, Көксу, Ақсу, Қызылағаш, Сарыағаш, Қараағаш деп кете береді.
Содан кейін жоғарыдағы мақала авторы ел қорғаны деп отырған батырдың нақты қай өңірде, қай жерде шайқасқа қатысқанын да, қандай қолды басқарғанын да түстеп айта алмайды. Тек Есім ханның қолбасшысы болғанын ғана жазады, қара қытай мен жоңғар жауларынан қорғады деген жалпылама ақпар берген болады. Қапал батыр он алтыншы, он жетінші ғасырда өмір сүрген батыр болса, біз білетін алғашқы жоңғар шапқыншылығы 1640 жылғы Батур тайшы бастаған шапқыншылық болуы мүмкін. Яғни, әйгілі Орбұлақ шайқасы! Бірақ онда Есім ханның ұлы Салқам Жәңгір, Жалаңтөс баһадүрлермен бірге аты неге аталмайды? Әлде одан да ертеректе өткен батыр ма екен?.. Осыдан төрт ғасыр бұрын өмір сүрген Қарасай батырдың есімі ұранға айналған. Және Банжұрдай жоңғар ноянын жекпе-жекте жеңгенін тарихшы емес, қарапайым қаламгер біз де білеміз. Сол сияқты қалың найманның ортақ рухты ұранына айналған Қаптағай батырдың 1456 жылы Әбілқайыр ханнан қазақ ұлыстарын бөліп әкеткені, содан ХV ғасырдың аяғына таман қазақтың Тайыр (Таһир) ханы мен ұйғыр ханы Қабдырәшиттің арасында болған алапат шайқаста қаза тапқаны мәлім. Ал, ол тұлғалардан бірер ғасыр беріректе ел қорғаған батыр жайлы ешқандай бір нақты дереккөзінің болмауы күдік, күмәнымызды арттыра түсері сөзсіз.
Автор Көпбосын ақсақал марқұм ақын Әбілда Аймақтың дастанындағы Қапал батырдың Баянжүрек тауынан аң аулайтын тұстарынан үзінді келтіреді. Үзіндіден аңдағанымыз: Батырға өштесіп, ізін аңдып жүрген Дөсі деген сібе-солаң ба, қалмақ па, қара қытай ма – бір жауы бар. Соған қарағанда, «қазасы түбі сол дұшпанынан келе ме екен?» деген де күдікті ойға қаласыз. Негізі сол өңірдің тумасы ретінде біздің білетініміз – Баянжүрек тауының атауы жайлы ел аузындағы аңыздар көп және сан алуан. Бір емес, оның бірнеше нұсқасы кездеседі. Бірақ солардың бәрінде басты кейіпкер қалмақ қонтайшысы болып келеді. Атақты Қора жайлауындағы бір биік «Қоңтәжі тауы» деп аталады. Себебі сол таудың ұшар басында «Қоңтәжінің моласы» аталатын тас оба бар.
Дастан авторының көздегені – Баянжүректі тілге тиек ету арқылы Қапал батырды қалайда Қапал елді-мекеніне жақындата түсу сияқты. Қапал батыр бұл өңірде туып-өсіп, ел қорғаған ер, саяткер болса, жергілікті ақын-жыршыларымыздың назарынан қалайша қалыс қалар еді?
Кезінде әйгілі ақын Әсет Найманбаев:
«Жер қайда Күреңбелдің салқынындай,
Ел қайда Қалқабайдың алты ұлындай?!. –
деп жырлаған киелі Қапал ғой бұл. Иә, Әсет әспеттеп жырға қосқан Күреңбел – осы Қапал. Ал атақты Қалқабайдың алты ұлы: Маман, Толқын, Медетбек, Қуатбек, Айнабек, Қасабек. Бұлардың бәрі де тарихта болған, еліне ардақты адамдар. Бір ғана «Мамания» мектебін айтсақ, «Қазақтың Нобелі» атанған Маманның және оның ұрпақтарының кім болғанын пайымдау қиын емес шығар?.. Мұны бұл күнде көзіқарақты күллі қазақ біледі.
Ал, сонда осы өңірде «өткен» Қапал батыр неге аталмайды?.. Қапал батыр есімінің не ел аузында, не ақындарымыздың туындыларында кездеспеуі күмән туғызбай қоя ма!
Осындай күдік-күмәні көп, нақты дәлелі жоқ Батырдың бюстін күре жолдың бойындағы Қапал ауылына бұрылатын көрсеткіштің жанына әкеліп орнатудың өзі қаншалықты заңды, қаншалықты әділ? Біздің пайымдауымызша, бұл тарихты бұрмалап, жұртты көпе-көрнеу шатастыру! Мұны көрген кез келген жолаушының: «Е-е, бұл батыр осы өңірдің тумасы екен ғой!» деген ойға қалары даусыз ғой! Бұл бастама иелерінің көздегені де осы екені Айдан анық. Сонда бұл не? Тарихты жаңғырту ма, әлде шаңғыту ма?! Бұл сауалдың жауабын берер жан табылар ма екен?
Бізге салса, дәл осы ара қолбасшысы Қабанбай батырдың тапсыруымен Сарыөзектен Алакөлге дейінгі аймақты жоңғардың соңғы шапқыншыларынан азат еткен (бұл жайлы толық мәліметті ютубтағы «АК-79» каналынан алуларыңызға болады) түменбасы, атақты Шоңай батырдың ескерткіші тұратын-ақ жер. Бұл сөзімізді Құлагер ақын Ілияс Жансүгіровтың :
«Қалмақты, Қонтәжіні Жөңкесінен
Үркітіп, Абылай мен Шоңай шауып,
Жөңкенің асырыпты желкесінен!» -
деген өлең жолдары нақтылай түседі.
Негізі, кез келген тарихи тұжырым осындай дәлме-дәл, айқын дереккөздерімен түйінделіп отыруы міндет.
Бұған бүгінгі қазақ тарихшылары не дер екен? Біздің білмегіміз де – осы.
Арасанбай Естен,
Қазақстанның Құрметтті жазушысы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, республикалық Кемел Тоқаев, Сайын Мұратбеков атындағы әдеби сыйлықтардың лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері
Abai.kz